Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-айналымы 240 млн долларды құрайды – «KAZNEX INVEST»
mod kz

Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-айналымы 240 млн долларды құрайды – «KAZNEX INVEST»

14 желтоқсан, 11:31 180 Астана
Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда-айналымы 240 млн долларды құрайды – «KAZNEX INVEST»

Қазақстан израильдік жоғары технологиялы компанияларды ел экономикасына тартпақ. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қос ел арасындағы сауда-айналымы 230-240 млн АҚШ долларын құрап отыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Израиль бизнес форумында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Борисбий Жанқоразов мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Қазақстан мен Израиль сауда-саттық саласында тығыз қарым-қатынас орнатқан. 2005 жылдан бастап 2016 жылға дейін Израильден Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 214 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл – қаржы, кепілдендіру, медициналық қызмет көрсету және т.б. салалар. Біз израильдік жоғары технологиялы компанияларды Қазақстан экономикасына тартпақпыз. Себебі, Израиль – әлемдегі инновациялық технологияларды жетік меңгерген елдердің бірі. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлерге бұл сала қызықты деп ойлаймын», - деді ол.

Бизнес форум барысында Борисбий Жанқоразов израильдік жоғары технологиялы компанияларды Қазақстан экономикасына тарту маңызды екендігін атап өтті.

«Қос ел арасындағы сауда айналымы 2011 жылдан бастап 2016 жылға дейін 6,3 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы уақытты сауда айналымының көрсеткіші біршама төмендеді. Бірақ, бұл жағдай уақытша деп ойлаймын. Соңғы уақытта Қазақстан мен Израиль арасындағы сауда айналымы шамамен 230-240 млн АҚШ долларын құрап отыр. Еліміз Израильге көбінісе мұнай өнімдерін, түрлі шикізаттарды, танталды экпорттайды. Ал Израильден Қазақстанға ұялы телефондар, навигация жүйлері және жоғары технологиялы өнімдер жеткізіледі», - деді төраға.

Сөз соңында басқарма төрағасы елімізді инновациялық мемлекетке айналдыру жолында тиісті шаралар жүргізіліп жатқандығын айтты.

«Үкімет 6 жыл бойы индустриялды инновация бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Бағдарлама бойынша 6 негізгі сала анықталды. Олар – металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерін шығару. Үкіметтің пікірінше, жоғарыда аталған салаларда кәсіпкерлер арасында бәсекелестік болады», - деді Борисбий Жангузаров.

Айта кетейік, Қазақстан-Израиль бизнес форумының жұмысына қос елдің бизнес және үкіметтік емес ұйымдарының 400-ден астам өкілі қатысып жатыр. 2016 жылдың 1 қарашасына дейінгі мәліметке сәйкес, Қазақстанда израильдік капиталдың қатысуымен 254 кәсіпорын тіркелген. Оның 112-сі жұмыс істеуде.

тақырыпты жалғастыруға ««KAZNEX INVEST»»