Келесі жылдан бастап азаматтар техникалық мамандықты тегін оқи алады – БҒМ

Келесі жылдан бастап азаматтар техникалық мамандықты тегін оқи алады – БҒМ

13 желтоқсан, 14:28 429 Астана
Келесі жылдан бастап азаматтар техникалық мамандықты тегін оқи алады – БҒМ

ҚР Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім беруді тегін оқытуды көздейтін жаңа механизмді іске қосуды жоспарлап отыр. 2017 жылдан бастап азаматтар техникалық мамандықтарды тегін меңгере алады. Жаңа модель бойынша 142 мың адам білім алады деп болжанып отыр. Осылайша, жұмысшы мамандығын оқыту 2 есеге артпақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылыми вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

«Азаматтар 2017 жылдан бастап жұмысшы мамандығы бойынша тегін білім ала алады. Біз техникалық және кәсіптік білім беруді тегін оқытуды көздейтін жаңа механизмді іске қостық. Бұрын мектеп түлегі орта кәсіби білім үшін колледжге жеке түсетін. Яғни ол жұмысшы мамандығын немесе кәсіптік мамандықты тегін және ақылы түрде меңгере алатын. Енді жаңа механизм бойынша мектеп түлегі жұмысшы мамандығы арқылы кәсіптік мамандықта білімін шыңдай алады. Кейін бірден жұмыс істеуге мүмкіндігі бар», - деді ол.

Бибігүл Асылованың айтуынша, жаңа модель бойынша 142 мың азамат білімін шыңдамақ.

«Біздің болжам бойынша, аталған модель негізінде 142 мың азамат білім ала алады. Оның 40 мыңы жұмысшы мамандығы, 54 мыңы – орташа жұмысшы мамандығы, 32 мыңы – медицина және өнер мамандығы , 16 мыңы – экономика және заң мамандықтары. Біз жұмысшы мамандығын оқытуды 2 есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдан бастап оған әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Оған стипендия, жолақысы, бір реттік ыстық тамақпен қамту кіреді. Ол жергілікті бюджеттің есебінен жүргізіледі. Яғни мединица мен өнер мамандықтарына мемлекет тарапынан грант жартылай бөлінеді. Ал экономика және заң мамандықтар ақылы түрде оқытылады», - деді маман.

Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым вице-министрі колледждерде оқып жатқан жастарға тоқталды.

«Елімізде 807 колледж, 29 оқу-өндірістік комбинаты, 58 өндірістік оқу орталығы, ҚР Қорғаныс министрлігінің базасындағы 15 әскери-техникалық мектептің филиалы жұмыс істейді. Оқу процесі 183 мамандық пен 400-ден астам білікті арттыру курсын қамтиды. Қазіргі таңда колледждерде 499 000 азамат оқып жатыр. Оның 98 мыңы жұмысшы мамандығы бойынша білім алуда. Бұл жалпы контингенттің 20 %-ын құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 242 мың азамат білімін шыңдауда. Бұл жалпы контингенттің 48%-ы. Ал ақылы түрде 257 мың адам оқып жатыр. Бұл – 52%. Ақылы бөлімде көбінесе гуманитарлық пән бойынша білім алатын азаматтар оқиды. Жыл сайын арнайы мамандығы жоқ болса да 21 мың адам жұмысқа тұрады», - деді Бибігүл Асылова.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «БҒМ»