Қысқы ертегі қайта жаңғырады…

Қысқы ертегі қайта жаңғырады…

21 желтоқсан, 12:11 312 Астана
Қысқы ертегі қайта жаңғырады…

Немістің романтик-жазушысы Эрнст-Теодор Амадей Гофманның рождестволық ертегісінің желісімен қойылған П.И. Чайковскийдің «Жаңғақ шаққыш» балеті «Астана Опера» театрында үлкен сұранысқа ие. Бұл елордалық театр репертуарында билет таптырмайтын спектакльдердің бірі, деп хабарлайды BNews.kz

Өткен жылдары балетке билет тапшы болғандықтан, IV  маусымда қойылым саны арттырылып, желтоқсан айының соңы мен қаңтардың басында 14 спектакль (!) ұсынылады. 27, 28, 29, 30, 31 желтоқсанда көрермен қойылымды кешке тамашаласа, 27, 28, 30 желтоқсанда жас көрермен үшін спектакльдің сюжеттік мағынасы сақталған қысқа нұсқасы қойылады. 3, 4, 5, 6 және 8 қаңтарда көрермен спектакльді тағы тамашалай алады, ал, 4 және 7 қаңтарда күндізгі уақытта балалар үшін арнайы қайталанады. 

Спектакль аты аңызға айналған хореограф Юрий Григоровичтің қойылымында орындалатынын естеріңізге салайық, 2017 жылдың 2 қаңтарында ол 90 жасқа толады. Хореограф әлі күнге дейін жоғары сұранысқа ие, ол күні бүгінге дейін спектакль қойып жүр. «Астана Опера» балеттік труппасы мэтрмен бірге жұмыс істеген кезді тебіреніспен еске алады.

Басты партияларда: Мари – Мәдина Баспаева, Гауһар Усина, Әйгерім Бекетаева. Ханзада – Бақтияр Адамжан, Тайыр Гатауов, Еркін Рахметоллаев.

Еркін Рахметоллаев Ханзада партиясын алғаш орындамақшы. Дроссельмейер – Бауыржан Мекембаев, Елдар Шәкірзянов.

Жаңа жыл – таңғажайыпқа толы мереке! Сондықтан театрдың фойесінде Аяз ата, Ақшақар және басқа да ертегі кейіпкерлері кішкентай көрерменнің көңілін көтереді. Ал, содан кейін оларды ғажап балет әлемімен кездесу күтіп тұр.   

Спектакльде балаларды жан бітетін ойыншықтар, жарқыраған мерекелік шырша, құпияға толы сиқыршы, бәрі-бәрі еліктіріп әкететіні сөзсіз. Үлкендер жағы Чайковскийдің тамаша үйлескен керемет музыкасынан сусындап қана қоймай, Юрий Григоровичтің композиторға, оның партитурасына сенім арта отырып, әдемі ертегіні бақыттың мінсіз болмайтыны жайлы философиялық ойға айналдыратын шығармасын тамашалайды. Сондай-ақ, бұл жанның есеюі, махаббатты сезіну жайлы поэзиялық әңгіме.

Балеттің орнына музыкалық спектакльді қалайтындарға, кішкентай Балақайдың Жаңа жыл түні ойыншықтармен Ханшайым балына барар жолда түрлі кедергілерге тап болатыны жайлы баяндайтын «Ханшайымда қонақта» атты қызық оқиғаларға толы ертегісі ұсынылады. Режиссер Наталья Кагадийдің қойылымындағы «Астана Опера» балалар студиясының бұл спектаклі Беларусь Республикасында өткен «Куршинале-2015» Халықаралық өнер олимпиадасында І дәрежелі дипломды иеленген. Ол 2017 жылдың 5, 6 қаңтарында (12.00) «Астана Опера» театрының Үлкен сахнасында қойылады.

Спектакльдің басталуы және билет жайлы толық ақпаратты театрдың сайтынан алуға болады.

тақырыпты жалғастыруға «»