Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын не үшін құрғанын түсіндірі
mod kz

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын не үшін құрғанын түсіндірі

09 желтоқсан, 14:32 265 Астана

«Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивальде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын не үшін құрғанын түсіндірді, деп хабарлайды BNews.kz

«Қазақстанда тұру, оқу, жұмыс істеу, балаларды тәрбиелеу қолайлы. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қол жеткізген асыл қазынамыз – бейбітшілік пен тұрақтылық. Мемлекет үнемі барлық этномәдени бірлестіктерге қолдау білдіріп, мектептерді қаржыландырып келеді. Балалар өз ана тілдерін үйренуде», - деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын не себепті Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғандығын түсіндірді.

«Бүгін осы фестивальге менің қызметтес әріптестерімнің балалары қатысуда. Біз олармен осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатынбыз. Менің осы жерде отырған жастарға айтарым бар. Біздің қолға алған игі істер сіздер үшін жасалды. Себебі, сендер жақсы өмір сүрсін, ал балаларың одан да жақсы өмір сүргенін қаладық. Біз осыны көздедік», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивалі өтуде.

Маңызды жиынға 10 мыңнан астам адам қатысып жатыр.

Фестивальде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» және «Қайырымдылық керуені» атты жалпы республикалық жобалардың қорытындысы шығарылды. Қазақстанның барлық өңірінен келген этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз өнерлерін ортаға салады деп күтілуде.

Іс-шараға Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ-дың басшылары, ЖОО-ның ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, қоғам қайраткерлері, зиялы және студенттер қауымы, Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, барлық өңірлерден келген республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері қатысуда.