Мемлекетке жеке меншік кәсіпті қолдау не үшін қажет?

Мемлекетке жеке меншік кәсіпті қолдау не үшін қажет?

10 желтоқсан, 18:23 774

Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қ. Бишімбаев биыл шағын және орта бизнестің ел экономикасының ішкі жалпы өніміне үлесі кемігенін мәлім етті. Кез-келген ел экономикасының күретамыры кәсіпкерлік екенін қаперде ұстасақ, үкімет мүшесінің аузынан шыққан жаңалықтың қай тұрғыдан алсақ та көңіл көншітпесі анық. Атап айтқанда, ішкі жалпы өнімге бизнестің қосқан үлесі былтыр 26,2% болса, биыл ол 25,6% көрсетіп отыр. Яки, бір пайызға кеміп отыр. Басты себеп әлбетте ғаламдық экономикадағы факторлардың ушығуы мен екінші деңгейлі банктер тарапынан саланы несиелендіруді қысқартуы аталады.  

Таратыңқырап айтсақ, кәсіпкерліктің тасы өрге емес, ылдиға қарай ығысуына себеп қаржыландырудың жетімсіздігі, кепіл болатын ликвидтті мүліктің жоқтығы, банктердің несие беруді азайтуы, өткізу нарқына барар жолдың тарлығы. Соған қарамастан осы жылы шағын және орта бизнес нысандары 1,3% артыпты. Мәселенің парадокстығы да сонда. Экономикаға қосқан үлесі кемігенмен, кәсіпкерлердің саны артқан. Демек, сан бар да сапаның кемшіндігі көпе-көрнеу.  

Тек қазақ елін емес, әлем мемлекеттерін қыспаққа алған дағдарыс кезеңінде шағын және орта бизнес мемлекеттің қолдауына зәрулігі арта түсетіні заңды. Бұл тарапта Қазақстанда әсіресе, іс адамдарына қолдау көрсетуде «Атамекен» және «Бәйтерек» сынды мекемелердің қызметі аса қажеттігі айтпаса да ұғынықты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы екі компания басшыларының сөз алысында көңіл тоқайтар мәліметтер келтірілді. Алдымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасы Абылай Мырзахметовтың сөзіне жүгінсек. Палата басшысы кәсіпкерлерді қолдау үшін жұмысы бірнеше жылдан бері жолға қойылған кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Осы күнде еліміздің әр қиырында, облыс орталығы, аудан орталығы, моноқалалар мен кіші шаһарларда 188 орталықтың бар екен. Бұған дейін бұл орталықтар  ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге ғана қолдау көрсетіп келсе, ендігіде инвестор-кәсіпкерлерге де салық пен кедендік мәселелер бойынша кеңес беріледі екен. Өңірді дамытуға қаржы салғысы келетін инвесторлардың көп жағдайда қайда барып, кімге жолығуды білмей дағдаратынын ескерсек, бұл бастаманың қайтарымы мол болатыны қазірден күмәнсіз.

Мырзахметовтың селекторлық отырыста айтқан тағы бір жағымды жаңалығы – аймақтарда агроқұзыреттілік орталықтарын ашу. Мырзахметовтың пікіріне сүйенсек,  мұндай орталықтар ауылдағы ағайынның ауыл шаруашылығымен айналысуына сеп болмақ. Әсіресе, соңғы жер реформасы аясында жерден нәпақасын айырғысы келетін шаруалар үшін бұл бастаманың игілігі мол болары шүбәсіз.

Отырыстың күн тәртібі аясында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бизнесті дамыту және қолдау мәселесі жөнінде баяндамасынан көп мән-жайдың басы ашылды. Шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылғанның саны өскен. Нақты айтқанда 2015 жылғы статистика арғы жылғысымен салыстырғанда 2,8 % пайызға артық. Отандық   кәсіпкерлер 15 трлн 858 млрд. теңге сомасына өнім өндіріпті.

Министрдің айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020 шеңберінде шағын және орта бизнесті ынталандыру көзделіп отыр. Бұл саланы субсидиялауға 200 миллиардқа жуықтайтын сома бөлініп отыр екен. Осы жылдың маусымның 1-дегі  санайғаққа сәйкес,  жаңартпалы орналастыру аясында 260 миллиард теңгеден жоғары сомаға татитын 1 300 жоба қаржылай көмек алған. Бұл қаражат 740 миллиард теңгенің сомасына өнім шығарып, 15 000 аса жұмыс орындарын ашып, 66 миллиард теңгенің көлеміндегі  мемлекет қазынасына түсетін салық сомасын түсіреді деп сендірді министр. Оның айтуынша, осы жылдың алғашқы бес айы көлемінде «бизнестің жол картасы -2020» бірыңғай бағдарламасы аясында шамамен 640 жоба субсидияланып, 64,8 млрд теңге несиелер сомасына 272 кепілдік беріліпті. Кәсіпкерліктің құзіретін арттыру мақсатында 7 000 астам кәсіпкер оқытылып, 600 астам кәсіпкерге 11 000 астам қызмет көрсетілген екен. Бишімбаев саланы дамытуда «Бизнестің жол картасына» зор мән беріп отырғаны байқалады. Өйткені, орта есепке сәйкес, министрліктің бағалауына сүйенсек, «БЖК-2020» бағдарламасымен салынған бюджет қаржысының 1 теңгесіне 1,5 теңге салық түсуі күтіліп отыр.

Осы  жылға арналған антидағдарыстық қосымша шараларға сәйкес, бизнестің айналым капиталына және қарыздарды қайта қаржыландыруға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен 200 миллиард теңге қарастырылып отырғаны да құптарлық. Бұған қоса, 65 млрд теңге көлеміндегі халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаттарын тартудың жоспарлануы да зор табыс. Бұл бағыт бойынша сөз алған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова мен «Атамекен» палатасының басшысы Абылай Мырзахметовтың ұстанымдары құнды.

Ал, мүлікті жария ету бағыты бойынша науқан барысы туралы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың  баяндамасы мазмұнды болды. Бір айта кетерлігі, осы елішілік науқан басталарда көпшіліктің көкейінде үміттен гөрі күдік басымырақ болғаны аян. Яғни, сарапшылар мүлікті жария ету шарасы еш нәтиже бермейтінін, өйткені, тыққан-пыққанын шетел асырып үлгерген пысықайлардың қымқырғанын заңдастырады дегенге иланудан гөрі қиналуымыз көбірек еді. Дегенмен, бұл секемді Бақыт Сұлтанов мүлікті жария еткісі келетіндердің өтініш сомасы 1,8 трлн теңгеге жеткенін айтып, сейілтті.  Бұл соманың қазірде 1,6 трлн теңгесі жария етілген екен. Ал, науқан басталғалыоған 91 мыңнан астам азамат қатысып үлгеріпті.  «Жұмыла жұдырық бола білгеннің арқасында, банк қызметкерлері мен комиссиялар тарапынан тиімді ақпараттық сүйемелдеуге мен жоғары қызмет көрсету сапасына қол жеткіздік» деген министрдің пікірі осы саладағы жақсы көрсеткішке қол жеткізілгенінің дәлелі.

Отырысты түйіндеген үкімет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді: 

Атап айтсақ, ұлттық қауіпсіздік комитеті құзырлы органдармен бірлесе Елбасының тапсырмасы бойынша бір айдың аясында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, қару айналымы, көші-қонды реттеу және т.б. салалардағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жасаудың қажеттігін мықтап тапсырды.

ҚР Денсаулық сақтау мен әлеуметтік даму министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдармен жұмыла бір айдың ішінде олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында проблемалы жастармен жұмыс бойынша тәсілдерді түбегейлі қайта қарау тапсырылып отыр.

Инвестициялар және даму министрлігіне ҰҚК, ІІМ және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе әуежайларды, автовокзалдарды және теміржол вокзалдарын заманға сай бақылау жүйелерімен жабдықтау бойынша бірыңғай техникалық талаптар бекіту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы жастарды еңбекпен қамту, әуежайларда, теміржол вокзалдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да өзекті мәселелер оның өңірлерге жұмыс сапарлары барысында қаралатынын айтып өтті. Елбасы тапсырды, үкімет орындауға әзір. Үкіметтің антидағдарыстық шаралары көп ұзамай нәтижесін береді деген сенім зор. 

тақырыпты жалғастыруға «»