Мүгедектерге арналған арнайы жолдар талапқа сай емес

Мүгедектерге арналған арнайы жолдар талапқа сай емес

22 желтоқсан, 19:57 186 Ақмола облысы
Мүгедектерге арналған арнайы жолдар талапқа сай емес

Ақмолада мүгедектерге арналған арнайы жолдар талапқа сай емес. Бұл туралы облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында мәлім болды, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алтын Ақбарованың айтуынша, облыста 28380 мүгедек адам бар. Оның 12 мыңнан астамы бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 11 мыңға жуығы үшінші топқа жататындар, ал қалғандары балалар. Кембағал жандардың жеті мыңнан астамы кедергісіз орта қалыптастыруды қажет етеді. Мәселен, 1046 адам арбаға таңылған, сол сияқты 2918 мүгедектің тірек-қозғалу аппараты бұзылған. Сонымен қатар, 2598 адам зағиптар қатарына жатса, мыңға жуығы құлағының мүкісі бар, есту қабілеттері нашар адамдар екен. 

«Облыста мүгедектер баратын мемлекеттік мекемелер мен оларға арнайы қызмет көрсету орталықтарының жалпы саны шамамен 1672 нысанды құрап отыр. Облыс бойынша 561 нысанда мүгедектерге кедергісіз жүріп-тұру жағдайы қарастырылған. Дегенмен, мүгедектердің жүріп-тұруларына ыңғайлы болатындай жағдай жасауды қажет ететін әлі де мың жарымға жуық нысан бар. Олардың басым көпшілігі Көкшетау қаласында орналасқан. Сол сияқты Бурабай, Есіл, Бұланды, Атбасар аудандарында да халықтың тығыз орналасуына байланысты осындай кедергісіз орта қалыптастыруды қажет ететін әлеуметтік мекемелер жетіп артылады», – дейді А.Ақбарова.


Комиссияның кестесіне сай, ағымдағы жылдың шілде айында жұмыс тобы Атбасар, Бурабай аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларындағы әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізген. Көкшетау қаласы бойынша «Алтын ғасыр» сауда үйінде мүгедектер көтерілетін орынға шықпас бұрын үш баспалдақты аттау керектігі, арбалардың жүруіне қиындық туғызатын жерлердің көптігі, пандустарды қар басса, уақытында тазаланбайтындығы, кіре берісінде тағы бірқатар кедергілер кездесетіні анықталған. Ал, жоғары қабатқа көтерілетін лифт мүлде істемейді. Сол сияқты, «Бисквит» дүкенінің алдында екі пандус болса да, қызметкерді шақыратын тетік пен «Мүгедектер үшін қолжетімді» деген белгі жоқ. Сонымен бірге, қаладағы кейбір банкоматтарда мүгедектердің көтерілуіне арналған пандустар да қарастырылмапты.

«Облыстағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтарды жоспардан тыс тексеру барысында бірқатар олқылықтар, ережеге сай жасалмаған кемшіліктер көптеп орын алды. Көкшетаудағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүгедектердің көлігін қоятын тұрақ қарастырылмаған. Сол сияқты Атбасар ауданында «Авиценна» дәріханасында, «Цесна банкте», аудандық орталық ауруханада, мәдениет үйінде, «Славянка» дүкенінде де осындай олқылықтар орын алған. Ескертулер әлі де шешімін таппаған. Келесі жылдың еншісіне қалдырылған. Зеренді ауданында мүгедектердің көлік қоятын тұрағы мүлде қарастырылмаған», – дейді А.Ақбарова. 

Сондай-ақ, Жақсы ауданындағы «Нұр Отан» партиясының филиалында пандус мүлде орнатылмаған. Комиссия мүшелерінің мәлімдеуінше, әлеуметтік нысандардың кей басшылары аудандағы мүгедек жандарға кедергісіз орта қалыптастыру жағдайына қатысты кейбір мәліметтерді білмейді екен. 
2016 жылдың қорытындысына сай, 557 нысан бейімделген, яғни, негізге алынған жоспар толығымен орындалыпты. Басшылыққа алынған нысандарды комиссия мүшелері мен мүдделі мекемелер тексерген. Сонда кейбір аудандардың прокуратура, сот, әділет органдарында, мүгедектердің жүріп-тұруына арналған пандустар талапқа сай орнатылмаған немесе мүлде қарастырылмаған, бар болған күннің өзінде қиындықтар туғызуда. 

тақырыпты жалғастыруға «»