Мұнайшылар заман талабына сай аурухана салып берді
mod kz

Мұнайшылар заман талабына сай аурухана салып берді

16 желтоқсан, 11:40 545 Атырау облысы
Мұнайшылар заман талабына сай аурухана салып берді

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Атырау қаласының «Жерұйық» ықшам ауданында жұқпалы ауруларды емдеуге арналған жаңа  аурухана пайдалануға берілді. Медициналық мекеме бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жобасы аясында Солтүстік Каспий қайраңын игеруші компаниялар тобының қаржылай қолдауымен салынды деп хабарлайды Bnews.kz мұнайлы өлкедегі тілшісі. 

 

Табиғат қойнауын игеруші инвесторлар өңірдің әлеуметтік саласының дамуына тұрақты түрде атсалысып келеді. Соның бірі – заман талабына сай аурухана салып берді. Мұнайшылар тек қана ғимарат емес оған қажетті заманауи медициналық қондырғылармен толықтай қамтамасыз етті. Ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метр. Дәрігерлер қазірдің өзінде алғашқы науқастарды қабылдап үлгерді.

«Жаңа заманғы технологиялармен жабдықталған аурухана 180 адамға, оның 150 орны балаларға арналған. Сәбилердің денсаулығын енді білікті дәрігерлер қарайтын болады. Медицина саласының мамандары бар тәжірибесін бала денсаулығын жақсартуға арнайды деген сенімдемін», - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Ғұмар Дүйсембаев 

Фото: автор

Жұқпалы аурулардың алдын алу бағытындағы аурухана микробиологиялық және клиникалық зертханалармен, науқастарды оқшаулауға арналған арнайы бөлімшелер мен де жабдықталған. 

«Әрбір тұрғын  барлық жағдайы жасалған жерде ем алуға құқылы. Біздің бұрынғы ғимарат аурухана деп атауға келмейтін. Әбден ескірген ғимарат мен құрал-жабдықтарымыз ешқандай сын көтермейтін еді. Жаңа үлгідегі аурухана науқастардың тез жазылып кетуіне де септігін тигізеді. Демеуші  компаниямен байланысымыз бұнымен үзілмейді. Олар болашақта біздің аурухананы сапалы жабдықтармен толықтырып отыруды міндетіне алды»,  - дейді жаңа аурухананың бас дәрігері Мұрат Құлбасов

Фото: автор

Аталған медициналық мекеме құрылысы мен оған қажетті аппараттарды алу үшін демеуші компания 2,7 миллиард теңге бөлген. Каспий теңізіндегі «Қашаған» кенішін игеруші компаниялар тобы облыс аумағында бұдан өзге де әлеуметтік маңызды нысандар құрылысын қолға алып жатыр. Мәселен  Индер ауданы Көктоғай ауылындағы дәрігерлік амбулатория,   Мақат ауданының Доссор кентіндегі науқас балаларға арналған 100 орындық шипажай тектес балабақша және Құрманғазы ауданы орталығындағы 75 орындық аурухана ғимараттарының құрылысын бастау 2017 жылға жоспарланып отыр.

 

тақырыпты жалғастыруға «Атырау облысы»