Павлодар облысының шаруасы 4 жетім балаға пәтер сыйға тартты
mod kz

Павлодар облысының шаруасы 4 жетім балаға пәтер сыйға тартты

15 желтоқсан, 12:38 423 Павлодар облысы
Павлодар облысының шаруасы 4 жетім балаға пәтер сыйға тартты

Павлодар жұртшылығы арасында құрметке ие «Победа» ЖШС-нің басшысы Александр Поляков «Жас ұрпақ» жастар үйінің төрт түлегіне төрт бөлмелі пәтерді сыйға тартты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

 

 

Пәтерге ие болған Иван Агеев, Ілияс Кенин, Ислам Қазықов және Ильдар Шолохов енді алаңсыз еңбек етіп, жоғары білім алады. Аумағы 80 шаршы метрден асатын төрт бөлмелі пәтер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бой көтерген шағын ауданда орын тепкен. Тәрбиеленушілер өз күштерімен, сондай-ақ «Жас ұрпақ» жастар үйінің көмегімен ағымдық жөндеу жүргізіп, үйге қажет жиһаз, техника құралдарын өздері таңдады. Бұл тұрғыда Павлодар мұнай-химиялық зауыты тәрбиеленушілерге жұмсақ жиһаз сыйлады. Төрт жігіт - экскаваторшы, аспаз, монтажшы, техник-металлург мамандықтарының иелері.

Фото: автор

«Балаларға көмек қолын созып, пәтерді тарту еткен азаматқа айтар алғысымыз шексіз. Енді жастар үйінің түлектері Тәуелсіздік күнін жаңа баспанада қарсы алады. Алдағы уақытта баспанасы жоқ қыз балалардың да тұрғын үй мәселесін шешпекпіз»  - дейді өңірдегі білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова

Фото: автор

Ведомствоның мәліметінше, Павлодар облысында ата-ана құқығынан айырылған және жетім балаларға арналған мекемелердің қатары азаюда. Осыдан бес жыл бұрын 19 мекеме болса, бүгінде бес мекемеге қысқарған. 2010 жылы осындай білім беру нысандарында 810 жеткіншек тәрбиеленсе, бүгінде олардың қатары 323-ке азайыпты. Мамандар бұл оң үрдіс балаларды отбасыларға тәрбиеге беру, патронаттық жанұя мектебінің дамуына байланысты қалыптасуда.

Фото: автор

Жастар пәтерде мемлекеттік тұрғын қорыннан пәтер алғанға дейін тек коммуналдық қызметтерді өтейтін болады. Айта кетейік, қазіргі таңда Павлодар облысындағы жастар үйлерінде 100-ге жуық ұл-қыз тұрып жатыр. Олардың барлығы мемлекет қорынан берілетін пәтер кезегіне қойылған.