Сатылай кешенді оқыту – үш тілді үйренудің төте жолы

Сатылай кешенді оқыту – үш тілді үйренудің төте жолы

12 желтоқсан, 16:48 252 Астана
Сатылай кешенді оқыту – үш тілді үйренудің төте жолы

Астанадағы №66 мектеп-лицейді сатылай кешенді оқытудың тиімділігі және Алаш арыстарының білім беру технологиясы жөніндегі конференция болып өтті. Әр сыныптың оқушылары осы технология бойынша алған білімдерін көрсетті. Оқушылар осы технология арқылы қазақ тілін ғана емес, өзге тілдерді, тіпті жаратылыстану пәндерін де еркін меңгеріп алғандарына куә болдық, деп хабарлайды BAQ.kz.

1-4-5-8-9 сынып оқушылары осы конференция барысында жасындай жарқылдап, өз білімдерін көрсетті. Бастауыш сынып оқушылары әр әріптің дыбысталуына байланысты, қандай өзгерістерге ұшырайтыны немесе еркін айтылатыны туралы тақылдап тұрып айтып тұр. Сәл жоғары сыныптар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін осы сатылай кешенді оқыту әдісі бойынша мүдірмейді. Тіпті, 8-9 сынып оқушылары геометрия, физика, химия пәндерінің өзін осы технологияның көмегімен еш қиындықсыз игеріп алғанына куә болдық.

«Біз әрбір пәннің алгоритімін жасадық. Сол алгоритм арқылы әрбір балаға пәннің мазмұнын бердік. Осы мазмұн бойынша балалар ары қарай өздерін дамытып, оқып кетті. Ал енді бұның нәтижесін қайдан көрдік дегенде, ол мына Ұлттық тест кезінде көрінді. Балаларымыз әр пәннен 25 баллдан кем алған жоқ. Жүсіпбек Аймауытов өз еңбегінде айтады, балаға білім бергенде, көзімен көргендей, құлағымен тыңдағандай, қолымен ұстағандай етіп беру керек дейді», - сатылай оқыту кешенінің авторы, педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Оразақынова.

Қазір Астанада 6 мектеп, 2 балабақша осы сатылай кешенді оқыту әдістемесі бойынша оқып жатыр. Нәтижесі автордың өзі айтқандай болғасын, республикамыздың өзге өңірлері де бұл тәжірибені өздеріне енгізген. Алматы облысы бойынша 3 мектеп, қаласында да бірнеше білім ошағы осы әдістемемен білім береді. Бұдан бөлек, былтырдан бастап Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстары да осы технологияны қолға алды. Неге? Өйткені, негізсіз емес. Бұл Алаш қайраткерлерінің оқу жүйесі, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Ұлылардың оқыту әдістемесі, қазақи ұғымға сай. Баланы әуелі өз ана тілінде біліммен сусындатып алып, кейін өзге тілдерді, тіпті, өзге пәндерді де осы технологияның қалыбына салып, біліммен қанықтыра беруге болады.

«Біз, ұрпағымыз үш тілді жетік меңгерсін десек, ең бірінші кезекте қазақ тілін оқытуымыз керек. Қазақстанның бүкіл мектептері мен балабақшалары тек қазақ тілінде болуы керек. Бізде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деп жатыр, бұл түбірімен дұрыс емес. Қазақстанда өсетін өсімдікті, жануарлар әлемін, тек Қазақстанда ғана болатын тіршілікті қазақтың баласына ағылшын тілінде оқыту деген не сұмдық? Біз оны өзінің тамырынан айырып отырмыз ғой. Міне, мына бүгінгі осы әдіс, кезіндегі Алаштың арыстары, А.Байтұрсыновтар жаратылыстануды қалай оқытты? Бәрін жазып қойған. Жаңадан ештеңе ойлап табудың керегі жоқ», - деді осы шараға арнайы шақырылған қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы.

Осы салтанатты шеру-сабағына сонау Алматы облысының Талғар ауданынан арнайы шақырылған оқушылар келіп қатысты. Жалпы, сатылай кешенді оқыту әдістемесінің жемісі аз емес. Астанадағы №66-шы мектеп-лицейінің директоры Айтжан Шаяхметова осы әдістемелікті қолдап, оның жүзеге асуына толық мүмкіндік жасап отыр. Осы мектеп-лицей сатылай кешенді оқыту технологиясының негізгі базасы болып отыр. №66 мектеп-лицей еліміздегі ғылым докторы, профессор жұмыс істейтін бәлки жалғыз орта білім беру ошағы болуы да мүмкін. Өйткені, ғылым кандидатының өзі берісі колледжде, әйтпесе институт, университеттерде қызмет істегенді жөн көреді.

Loading...
тақырыпты жалғастыруға «білім»