Үкiмет: 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасында өсiм болады
mod kz

Үкiмет: 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасында өсiм болады

20 желтоқсан, 11:24 225 Астана
Үкiмет: 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасында өсiм болады

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша IЖӨ өсiмi 1 пайыз деңгейiнде болады деп күтiлуде. Бұл туралы бүгiн 11 айдағы елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындыларына арналған үкiмет отырысында ҚР ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев хабарлады, деп хабарлайды BNews.kz.

 

«Биылғы жылдың 11 айында экономика өсiмi 0,8 пайызға дейiн жеделдетiлгенi байқалады. Тауар өндiрiсiнiң өсiмi 0,9, көрсетiлетiн қызметтер 0,6 өнiмдерге салынатын салық 2,4 пайызды құрады. Бұл оң үрдiс экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды, кәсiпкерлiк пен агроөнеркәсiп кешенiн дамыту жөнiндгi бағдарламалар мен жоспарларды, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларын iске асыру арқылы қамтамасыз етiлдi», - деп баяндады Қ.Бишiмбаев.

Министр атап өткендей, елiмiзде iскерлiк және инвестициялық белсендiлiк сақталуда, қаржы нарығындағы ахуал тұрақты. Экономиканың құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлiк және өңдеу салаларында өсiм бар.

«11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсiп тауарларының өсiмi 11 өңiрде байқалады, ал өткен жылдың сәйкес кезеңiнде өсiм 8 өңiрде тiркелген едi. Құрылыс жұмыстарының көлемi «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 7,5 пайызға артты. Бұл саладағы өсiм 8 өңiрде қамтамасыз етiлдi. Биылғы жылдың 11 айында тұрғын үйлердi пайдалануға беру 16,1 пайызға 8,9 млн шаршы метрге дейiн өстi. Мемлекеттiк қаражат есебiнен жыл басынан берi 671,5 шаршы метр баспана тапсырылды», - дедi ол.

Экономиканы кредиттеу бағытында да өсiм бар. Ұзақ мерзiмдi кредиттер 10,5 трлн теңгеге, қысқа мерзiмдi кредиттер 2,2 трлн теңгеге дейiн өскен.

11 айда инвестиция көлемi 4,7 пайызға 6 трлн теңгеге артқан. Сыртқы сауда да жағдай жаман емес. Сауда айналымы 10 айда 49,3 млрд долларға жеткен.

«1 желтоқсандағы жағдай бойынша Ұлттық банктiң алтын-валюта қоры жыл басынан берi 7 пайызға 29,8 млрд долларға дейiн өстi. Ұлттық банктiң шетел валютасындағы активi 61 млрд долларды құрайды. Жалпы ұлттық қордағы активтердi қоса алғанда елдiң халықаралық қоры 90,9 млрд долларды құрайды», - дедi министр.

Жыл басынан берi инфляция 7,5 пайызды құраған. Жұмыссыздық деңгейi 5 пайыз шамасында.

«11 айдағы экономика дамуының қарқыны 2016 жылдың қорытындысы бойынша мақсатты параметрлердiң өсiмiн қамтамасыз етедi деп күтiлуде. Жалпы алғанда IЖӨ өсiмiндегi негiзгi үлес «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Үкiмет пен Ұлттық банктiң дағдарысқа қарсы жоспарына тиесiлi. Қаржыландырудың жалпы көлемi 1,7 трлн теңгеге жуықтайды», - деп атап өттi министр.

Қ.Бишiмбаевтың айтуынша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша IЖӨ өсiмi 1 пайыз деңгейiнде болады.

тақырыпты жалғастыруға «Үкімет отырысы»