Үш тұғырлы тіл: ағылшын тілі неге үйренеміз?

Үш тұғырлы тіл: ағылшын тілі неге үйренеміз?

08 желтоқсан, 15:29 592

London is the capital of Great Britain... Сағымдай бұлдыраған бала кезден мен мұндалап сәлем берген осы бір етене ескі сөйлем КСРО атты алып мемлекеттің мектептерінде ағылшынша алғаш тіл сындырған баршаға таныс, ыстық шығар, сірә. Кеңестік кезеңнің сарқыншағының бірі «Оқы, оқы және оқы» сөзі болса, екіншісі әлгі Лондонның британ астанасы екенін меңзейтін жазыла жауыр, айтыла ақжем болған осы тіркес шамасы. Соның әсерінен бесінші сыныптан бергі 6 жыл бойы ағылшын тілі орта оқу орындарында үздіксіз оқытылғанда едәуір тіл сындырмаса да әйтеуір, Лондонның Британия астанасы екенін жас буын санасына әбден сіңіріп өсті. Одан бері не заман өтті

Еліміз егемендігін алған жылдары Қазақстанға күллі жаһанның терезесі бір-ақ сәтте ашылып сала берді. Айқара ашылған тереземен бірге, қазақ жерінде ағылшын тілінің маңызы ондаған есе артқанына куә болдық. Сөйтсек, ағылшын тілі біріккен ұлттар ұйымының алты тілінің бірі болуымен қатар, әлемдегі кең таралған жаһанданудың тілі екен.

Ең көп халық шүйіркелесетін тілдер қатарында алдыңғы орында қытай мен испан тілі, одан кейін ғана ағылшын тілі қасқайып тұр. Десе де, таралуы жөнінен, бизнес, экономика, ғылым тілі тұрғысынан бәрібір британ жұртының тілі оқ бойы озық тұратынын аңғардық. Аңғарып қана қоймай, ағылшын тілін үйренуге бұрындары естіп-білмеген қарқынмен ден қоя бастадық. Қазақстанда ағылшын тілін оқытатын курстардың неше түрі ашылды. Орта мектептерде жаһандану тілінің сағаттары көбейді. Бірнеше жылдан бері бірінші сыныптан бастап, ағылшынша оқытуды жолға қоя бастадық. Кеңес уақытында шетелден тек Мәскеу, Тәшкент көрген қазақтың баласы ендігіде берісі қарт құрлық – Еуропада орын тепкен Британияда, арысы Америкада білім нәрінен сусындап, ағылшын тілінің тұңғиығынан сарқып ішпекке ұмтылды. Түйіндей айтсақ, бабамыздың қаны тимеген жерге, баласының қаламын тигізе бастадық осылай. Алаш баласы Лондонның Британ астанасы екенін кітаптан ғана біліп қоймай, сол астананың белді оқу орындарында оқи бастады. Елбасының сонау 1993 жылы қабылдаған «болашақ» бағдарламасы арқасында ғаламдық тілде оқу тауысу алғашында таңсық көрінгенмен, қазірде үйреншікті үрдіске айналғаны тағы рас. Алаш баласы бастапқыда ағылшынша оқытатын оқу орнының кез-келгеніне қолы жетсе, бүгінде университеттердің рейтингінде алғашқы жүздігінде тұратын беделділерін ғана таңдап-талғап бара бастады. Тәуелсіздіктің арқасы демей немене?!                                       

    Шетелге шыққан журналистер көбіне таң қалу сезімінен аса алмай қалатыны бар. Әдеттегі әңгіме "оларда керемет, неге бізде олай емес, қайран  жұртым" деген сарында бастау алады. Бүкіл әлемге адуын әскері, қарымды қаруы билік жүргізген британ империясы күшіне мініп тұрған 19 ғасырда қандай еді?! Кей сарыауыз сарапшылар "империяның құлдырауы, баяғы алпауыт ағылшын елі бүгінде жоқ" деп тым келте данышпансып жатады. Біздің пайымда, британ жұрты бүгінде күллі әлемге өзгесін айтпағанда, ағылшын тілі арқылы бұрынғысынша билік жүргізіп келеді. Билік жүргізуге қауқар беріп отырған Британияның жоғары білімі, сол білімді беріп отырған ғаламдық тілі. Жыл сайын әлемнің әр қиырынан жиылған миллиондаған студенттер британияда білім алып, тіл үйреніп, миллиардттаған қыруар қаражатын  тұманды альбионға құйып кетеді. Қаржы қалдырғаны өз алдына, әрі осы елдің дайындаған кітаптары арқылы британия туралы молынан мағлұматтанады. Осылайша білім арқылы бір тараптан ағылшынның идеологиясын, салт-санасын сіңіреді. Білім дегеннің зор инвестиция екенінен бөлек, идеологияның алпауыт құралы екенін ежелден түсінген мемлекет осы. Қазақы пайымдағы Британияның бір қыры бұл.

Тіл - білім, тіл - идеология, тіл әрі-беріден соң саясат. Жер-жаһанға әмірін жүргізіп, билік етуді аңсаған алып империялардың қай-қайсы болмасын отарлаған аумағына тілін, дінін жерсіндіруді көздейтіні ежелден. Заманында әлемнің 22% құрлығына иелік етіп, 480 миллионға жуық халыққа қапысыз билік-төстеген британ империясы жаһан жүзіне өз дінін жаппай енгізе алмаса да тілін дендеп енгізгені енгізген енді. Бір қызығы, ағылшын тілі  отарлаған мемлекеттерден  тыс ауқымда да бар әлемге құлашын сермеді. Сонау Ортағасырларда кельттер мекендеген Британ жұртына басып кірген герман тайпаларының бір бөлігі ретінде пайда болған ағылшын тілі бүгінде Азияға, Африкаға, Солтүстік Америкаға және әрісі Аустралияға, Жаңа Зеландияға кең қанат жайды. Британ империясының отарынан сытылып шыққан бертіндері де ағылшын бұрынғы колония мемлекеттердің негізгі, ресми тіліне айналып отыр.

Жаһан жұртын шырмауықша шырмаған құрығы ұзын тілдің қоғамның қай саласында болмасын қолданбайтын жері жоқ. Тіл – саясат тұжырымымыздың ендігі дәлелі осы. Жаһан жүзінде сенің тіліңде неғұрлым мол қауым ұғыныса алса, соғұрлым үстемдігің арта түседі, соғұрлым көп жұртшылықпен араласа-құраласа алуға мүмкіндік зор. «Жылқы кісініскенше, адам түсініскенше» дейтін қазақы ұлағаттың қисыны да осында. Ағылшын тілінің кең тарауы аядай ғана британ аралдарындағы мемлекеттің саясаты мен экономикасының, мәдениеті мен өнері аясының кең ауқымға даруының кепілі болып отырғаны даусыз.

Британияның Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінде оқып жүргенімде бір ағылшынмен ойталқы құрғаным бар еді. Әңгіме өзегі баяғы тіл, анығы компьютер пернетақтасында қолданылатын қаріптер туралы. Менің айтарым: «ағылшындар пернетақтада қаріп ауыстырып әуре болмайды. Тек бір ғана ағылшын тілінде жазады. Біз болса бірде қазақ, енді бірде орыс, келесіде қажетіне қарай латын қарпіне көшуге мәжбүрміз. Оның барлығы қиын болмағанымен, қосымша уақытты алады. Сол тұрғыдан алғанда барлығын тек латын қарпімен жазуға машықтанған ағылшындарға түк қиыны жоқ  қой». Бұл сөзіме ағылшынның уәжі мынау болды: «британдықтар жалқау. Ағылшын тілінен өзгені білуге ерінеді. Сіздер үш тілді білетін бақытты жансыздар». Әлбетте, қанша жұрттың тілін білсең, ой-өрісіңнің, таным көкжиегің де соншалық дамитыны заңдылық. Қазақтардың үш тіл білетін қыры әлемдегі көп ұлттардан айырмалап тұратын асыл қасиеті деп пайымдауға негіз бар. Ендеше бірнеше тіл білумен келетін пайым-парасатыңның кеңдігі тұрғанда пернетақтада қаріп ауыстырудың «машақаты» түк емес деген ойға қалғам сонда. «Қанша рет тіл білсең, сонша рет адамсың» деген қанатты сөз айтқан орыс жазушысы Антон Чехов тұжырымының мың жерден дұрыстығында күмән жоқ.

Тілдің таралу географиясы кеңейген сайын ол тіл кірме сөздермен байып, қоры молыға түсетіні заңды. Заманауи ағылшын тілінде 1,5 миллиард халық сөйлейтінін, тағы да 1 млрд. оны үйреніп жүргенін қаперге алсақ, ағылшын тілінің сөздік қоры қаншалық байып жатқанын елестуге болады.

Ағылшынның сөздік қорында бүгінде тұрақты қолданылатын сөздердің саны бір миллионға жетіпті. Орыс тілімен салыстырсақ, әйгілі Даль сөздігінде тек 200 млн. орыс сөзі бар көрінеді. Ана тілімізді айтар болсақ, тілі шұрайлы жазушымыз Мұхтар Әуезов өз шығармаларында 30 мыңнан аса сөз қолданған деседі. Бұдан шығатын түйін: тілдің қолданыс аясы кеңейген сайын оның лексиконы да зорая береді. Көл суы оған қосылатын арналардың көбейгені себепті молая беретіні сияқты тіл де тап солай, сөздік қоры арта бермек. Өйткені, тіл – тірі ағза. Ол дамуды, өрлеп-өсуді қажетсінеді. Оған құйылатын арна – кірме сөздер. Біз бай санап келген орыс тілінің қоры герман, грек, поляк, түркі, латын, нидерланд және ағылшын сөздерінен енген сөздерден тұратынын бірі білсе, бірі біле бермейді. Сол тұрғыдан алғанда қазақ тілінің де лексиконы бүгінде дамыған саналатын ағылшын, түркі, испан және өзге де шетел сөздерімен молықса меніңше, әбес емес.

Әлбетте, мен лингвист-ғалым емеспін. Алайда тілдер дамуының әлемдік тарихын зерттеп-зерделегенде ғаламдағы барлық тілдердің құрама кірме сөздерден құралып, дамығанын аңғару қиын емес. Мұны ұғыну үшін лингвист болудың да қажеті шамалы ендеше.

Ағылшын тілінің әрқашан ұпайы түгел болды дегенмен оның ренессансы, яки кең өріс алуы XX ғасырдың орта шенімен тұспа-тұс келді. Нақты аралықты айтсақ, II дүниежүзілік соғыстан кейін әлем сахнасында американың десі басым бола түскен кез. Ғаламдық ішкі жалпы өнімнің төрттен бір бөлігін беріп отырған алпауыттың саясатта, экономикада аузы дуалы, тиісінше құрығы ұзын болған сайын ағылшын тілінің қолданыс ареалының кеңейе бергені бесенеден белгілі. Демек, британ империясы құлдыраған соң, ағылшыншаның өріс алуына америкадай алпауыттың ықпалы зор болғаны айқын.

Ағылшын тілі бүгінде бір тараптан ағылшын тілдес елдерді барынша асырап отыр. Өзіміз оқыған Британ корольдігін мысалдап айтайық. Жыл сайын англосаксондар жеріне шартараптың 200 мемлекетінен 500 мыңдай жатжұрттық студент ағылады. Олар мұндағы сан түрлі мектеп, колледж, университеттерде оқу мақсатында келеді. Одан қалса тағы 600 000 адам ағылшын тілі курстарынан өту үшін табан тірейді. Бұған тағы британдық білімді өз елінде отырып-ақ онлайн жүйесінде немесе шетелдерде орналасқан британиялық кампустарда оқитын қосымша 500 000 студентті қосыңыз. Үшеуін қосқанда жыл сайын тек бір жарым миллионнан аса білімпаз тек британияда ағылшынша оқып, білім алуды көздейді. Тиісінше, бір жарым миллионнан аса жас жұмыр басты пенде Ұлыбританияға миллиардттаған қыруар қаржысын салып кете барады. Бұл тұманды альбионға ағылшын тілі арқасында білім саласынан түскен өте қомақты инвестиция. Ағылшын тілінде тек британияда емес, бүкіл әлемде миллиондаған таралыммен әдебиет пен баспасөз өнімдері шығатынын айтып өттік. Олардағы ақпарат та тұнып тұрған саясат. Неғұрлым жаһан жұртының көбін уысында ұстауды көздеген бұрынғы империалистердің түпкі діттегені енді түсінікті шығар: аясы кең тіл ықпал етудің сөзсіз тетігі.

Тілдің миллиондар жүрегін жаулайтын құдыреті туралы алаш арыстары да зор тебіреніспен айтып кеткен. Аты мәшһүр шығыс ойшылы, ақын Жүсіп Баласағұн  әйгілі «Құтты білік» дастанында: «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады», - дейді. Ғұлама сөзін ағылшын тіліне қатысты айтар болсақ, бір кездері империалистік саясаты күшімен жаһан жүзіне ағылшын тілінің ықпалын едәуір арттырғаны арқасында тіл тұтас британ жұртының даңқын асырып отыр. Ағылшындар сол арқылы мол бақытын, көл-көсір табысқа кенеліп отыр отыр десек қателеспейміз. Тіл саясатының маңызын алаштың асқар бел азаматтары ертебастан ұғынған.  XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы басты ағымдардың бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – мемлекеттік тіл саясаты екенін қадап айтып кеткені де сондықтан деп білеміз. Ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді», - деп шынайы толғанса, күнбатыс алашорданың бас идеологы Ғұмар Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деп ағынан жарылған. Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген құнды пікірін алға тартқан. Алаш және ағылшын жұртының өнегесінен сабақ алсақ, тіл саясаты қазірде, келешекте де еліміздің басты стратегиялық мұраттарының бірі болуы керектігі шүбәсіз.

Алаш пен ағылшынды салыстырар болсақ, екеуіне де ортақ тағылым – ұлт дамуында тілдің маңызды рөлін түсінуі деп білеміз. Қазірде жаһан жүрты ағылшын тілін үйренуге неліктен үйірсек? деген өзекті сауалға келесідегідей реттік санмен жауап қатуға ұйғардық:

  1. Халықаралық кездесу, көрме, мәдени шараның дені ағылшын тілінде өтеді. Жыл сайын миллиондаған кітап, деректі және көркем фильм осы тілде шығады.
  2. Ақпарат құралдарының, жарнаманың компьютерлік технологиялардың негізгі тілі. Кез-келген өзекті жаңалықты ағылшын тілінде табуға болады.
  3. Бизнес тілі. Еуропалық трансұлттық компаниялардың бәрінде ағылшын корпоративтік тіл. Өйткені, бұл мекемелерде әлемнің әр қиырынан келген қызметкерлер жұмыс істейді. Ондағы іскерлік келіссөздер, өзара жазбалар, телефонда сөйлесудің баршасы да тек осы тілде ғана.
  4.  Жер жүзіндегі студенттердің қатынас тілі.  Facebook, Twitter, Instagram желілері арқылы жастар танысып, ақпарат, сурет, хабарлама алмасып, видео бөліседі.
  5. Саяхат тілі. Бүгінде жұртшылық жаһанды жалпағынан басқан жиһанкез болып алды. Дүниенің төрт  тарабына да барады, көрем деген еліне сапарлай алады. Құрлықтың қайсына табан тіресе де өз еркі. Ғаламның қай бұрышына бармаңыз, Сізді ағылшын тілді гид қарсы алатыны анық. Тіпті, ағылшын тілінде сөйлемейтін елдердің өздерінде туристік тіл ағылшын тілі. Мәселен,  «ЭКСПО -2017» көрмесінде меймандарды қарсы алатын ағылшын тілді волотерлар дайындалды.

...London is the capital of Great Britain. Кеңес Одағы заманында  мектептегі ағылшынның әліппесін осы сөзден бастаған жас буынның сол тұста жиі қолданатын тағы бір тіркесі «good bye» (сау бол) еді. «Good bye» тіркесінің шыққан тегін таратып айтсақ, «God be with ye», яки сөзбе-сөз аударғанда «Құдай сенімен болсын !» мағынасын береді екен. Ал, Британия көрген біздің  қазақы пайымда Алла жар болсын ! дегенді білдіреді. Тоқетерін айтқанда, Алла алаш тіліне жар болсын ! Алла алаш тіліне ағылшын тілінің бағын берсін деп тілейік. Үш тұғырлы тілді қолдағанда ең алдымен қазақ тілін өз тұғырына қондырып, тілді дамытудың ағылшындық тәжірибесін пайдалану деп ұғынайық. Жаһан тілінің қажеттігін өзбасым осы қисынмен түсіндірген болар ем. 

Loading...