Жүзу спорты тек теңізге шығар жолы бар елдерде дами ма?
mod kz

Жүзу спорты тек теңізге шығар жолы бар елдерде дами ма?

09 желтоқсан, 11:13 736

Қашанда әр салада тұңғыш жетістікке жеткендер ерекше құрметке ие ғой. Дмитрий Баландин турасында дәл солай болды. Рио олимпиадасы, 2016  жылдың 10 тамызы. Қазақстанның спорт тарихында алтын әріппен жазылған күн. Ел қалың ұйқыда жатқанда латын америкасы сынды жер шарының шалғай құрлығында қазақтар еркелетіп Димаш атайтын ұл айды аспаннан шығарып алтыннан алқа тағына салды. Алаш жұрты есінеп, ұйқыдан оянғанда жүзуден тұңғыш олимпиада чемпионына ие болғанына ұйқылы-ояу күйі сенер-сенбесін білмей дал болды. Димашымыз 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде үздік нәтиже (2:07:46) көрсетіпті.

Осылайша Баландинді ел тарихындағы жүзуден тұңғыш олимпиада чемпионы деп түртіп қойыңыз. Екінші келген АҚШ жүзгіші күміс, одан кейін сөреге жеткен ресейлік спортшы қоланы місе тұтты. Марапаттауда жеңімпаз елдің әнұраны ойналғанда АҚШ пен Ресей байрақтарынан құлаш созым биікте тұрған алаш туын көргенде кеудесін мақтаныш сезімі кернемегендер кемде-кем, сірә.         

 Бразилия астанасында АҚШ пен Ресей сынды алпауыт елдер жүзгіштерінің көзін бақырайтып қойып, алтынды олжалап кеткен Димашқа разы болғанда еске түскені бар. Өкініштісі сол, бұл спорт түрін біздің елде дамығандар қатарында дей алмайсың. Сол тұрғыдан алғанда Баландиннің алтыны расында да ерлікке бара-бар бағаланатыны заңдылық. Дамымағаны бекер-ақ. Жүзу дегеніңіз денсаулыққа аса пайдалы спорт десем жаңалық ашпайтыным рас. Суда адамның барлық дене мүшесі жұмыс істейді. Жүрек қағысы жиілеп, қан айналымы жақсарады. Дене жаттығуларының ішінде тәннің сұлулығына бірден-бір сеп болатыны да осы жүзу екен. Дененің тығыздығы судың тығыздығына өте жақын болатындықтан су денені демеп, сүйек пен буындарға түсетін салмақты азайтады екен. Сонысы үшін де түрлі жарақаттан соң қайта қалпына келтіру емшараларына және «мүмкіндігі ерекше» жандардың тән ширатуына суда жүзу мың да бір шипа деседі. 

Солай бола тұра, яки, еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жылдың жүзі болса да елімізде Баландинге дейін олимпиадада жүлдегер шықпағаны қалай? Осы сауал әлеуметтік желіде қойылғанда көпшілік себепті Қазақстанның теңізге шығар тікелей жолы жоқтығынан іздегенді құп көрді. Енді біреулер «бұл тек сыныққа сылтау ғана, оның теңізбен еш байланысы жоқ. Бассейнге түсіп-ақ, жүзуді дамытуға болады» деген уәж айтты. Екі уәждің де өмір сүруге хақы бар сияқты. Әрнені салыстырмалы түрде шетелдік тәжірибеге сүйеніп айтамыз ғой. Салыстыра айтсақ, жаһандық додаларда жүзу спортынан ең көп жеңімпаздар АҚШ, Қытай, Германия, Ресей, Аустралия, Ұлыбритания, Италия, Франция, Канада, Голландия, Венгрия елдерінен екен. Соңғы қырық жылда жаһандық додаларда жүлде алғандардың дені осы мемлекеттердің өкілдері, байқасақ, көбіне дамыған еуропалық елдер. Тиісінше, жан-жағын теңіз қоршап тұрғаны да осылар.

Мәселен, британ аралдарындағы Ұлыбритания. Осы статистиканы алға тартсақ, расында да жүзуден жүйрік шыққан елдің көбі маңайын теңіз қоршап жатқан мемлекеттер екен. Тек осы орайда бір ой келеді. Су спортынан топ жарған жүзгіштер жарысқа бару үшін тоғанда, көлде немесе теңізде жаттықпайтыны белгілі. Олардың барлығы да бассейнде дайындалады.

Демек, жүзу спортының дамуына өзен-көл, теңіздің қатысы жоқ деуге негіз бар. Ең бастысы, инфрақұрылым емес пе? Дегендей-ақ, өз басым Ұлыбританияда тұрғанда ондағы әрбір мектепте бассейін бар екеніне қатты таңғалғаным бар. Сөйтсем, Британ аралдарының тұрғындары үшін   суда жүзе білу аса маңызды болғандықтан жүзуді пән ретінде олар мектеп бағдарламасына енгізіп те қойыпты. Балалар аптасына бір рет міндетті түрде бірінші сыныптан бастап су процедураларымен айналысады. Суда жүзіп үйренген баланың дене бітімі де мықты болады.

Бұл орайда белгілі спорт комментаторы Ермұхаммед Мәуленнің пікірі маңызды: «Ең көп жүлде алатын да осы су спорты. Қараңызшы, АҚШ олимпиада құрамасы  алғашқы аптада ғана 24 алтын алса, соның тек 14 ғана су спортынан. Оның үстіне басқа спорт түрлерімен салыстырғанда аса қымбат та емес. Тек бассейн сал да, балаларды жүзуге бере бер. Әзірге елімізде жүзу спорты тек Тараз бен Теміртау, Алматы сынды қалаларда ғана дамыған. Аптасына бір рет бассейнге барса ол салауатты өмір салты үшін ғана. Ал кәсіби спортпен айналысу үшін аптасына 12 рет бару керек».

 Белгілі спорт комментаторы пікірінің  жаны бар, әрине. Су спорты өркендеген елдермен салыстырғанда біздегі бассейндердің санын емге таппайсыз. Ұлыбританияның өзінде әрбір орта мектепте балалар бассейні барын қаперге алсақ, бұл жәйттің өзі балалардың келешекте жүзуге құлшынысын оятатын факторлардың бірі екені әмбеге аян. Қанша дегенмен елорда десек те, Астананың өзінде көпшілікке арналған бес-алты ғана бассейн бар. Олардың барлығы да ақылы түрде қызмет етеді. Мұндай қарқынмен жүзу спортын өркендетеміз деудің өзі кейде қиялға айналып кететіні сондықтан. Қазақстанға жүзу спортын дамытатын бағдарлама керек. Жүзу бассейндері тек бірлі-жарым емес, әр жерде жиі салына беруі керек.

Бұл тарапта олимпиададағы жеңіс болжамдарының көбін дәл тапқан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, MMA мен каратэден әлем чемпионы Айдар Махметовтың пікірі де аса құнды: «Жүзудің бізде дамымағанының үлкен себебі оның көпшілік сипатының жоқтығында, әрі жүзу секцияларының бағасы кез келгеннің қалтасы көтерердей емес. Оның үстіне ел бойынша бассейндер өте аз. Тек Алматы мен Астанада ғана біршама бар. Ал, олимпиадада ең көп медаль саны осы жүзу спортынан түсетіні белгілі. Баландиннің жеңісі бұл спорт түрінің елімізде дамуына серпін береді деп үміттенейік. Балалардың мектептер арасындағы, ары қарай республика деңгейіндегі жарыстарды жолға қою керек. Ол жарыстарға  әдемі атау берген жөн. Мәселен, «Алтын дельфин» деп ат қойып, оның танымалдылығын арттыруға күш салған ләзім.  Өйткені, бұл көбіне мектеп жасындағы жасөспірімдердің спорты. Мен мұның табыс әкелетініне сенімдімін. Оның үстіне кәсіби өсу үшін спортшыларымызды барлық жаттығу жағдайлары жасалған АҚШ университеттеріне көбірек жіберу керек. Мәселен, Майкл Фэлпсті озып, өз елінің тұңғыш олимпиада чемпионы болған сингапурлық Джозеф Скулинг меселен, Техас университетінде оқып, АҚШ-та жаттығады. Америкада жүзуден көптеген жарыстар өтеді. Спортшыларымыз соларға қатысады, әрі олар шетелде білім алады. Елімізде балаларға арналған жүзу жүйесі дамымай, Баландиннің табысы тек сирек кездесер құбылыс ретінде қала бермек»

Инфрақұрылымнан бөлек, спорттың тасы өрге домалауы үшін сол елде спорттық дәстүр де болуы қажет екені келесі бір алғышарт. Өзім тұрған Ұлыбританияда мәселен, уикипедиядағы деректерге сүйенсек, бір жарым ғасыр дерлік уақыт бұрын, яки 1869 жылы жүзгіштердің алғашқы ұйымы пайда болған екен. Мұның ізін ала дәл осындай ұйымдар Швеция, Германия, Венгрия, Франция, Голландия, АҚШ, Жаңа Зеландия, Ресей, Италия, Аустрия сынды мемлекеттерде негізі қаланған екен. Ұйымдардың құрылғаны бертінде ғой, ал, алғашқы су спортынан жарыстың өткізілуі XV-XVI ғғ. бедеріне тиесілі екен. 1515 жылы мәселен, Италияның Венециясында алғашқы судағы дода өткізілген. Бұл кезең алаш даласында суда жарыс өткізу тұрмақ, Қазақ хандығының енді құрылып, аяққа тұра бастаған кезеңімен тұспа-тұс келеді. Яки, бұл қарт құрлық - Еуропа елдерінде су спортының байырғы дәстүрі берік деген сөзімізге дәлел. Спорттық жүзудің  халық арасында зор сұранысқа ие бола бастауы XIX ғасыр соңында жасанды бассейндердің салына бастауымен байланысты екен. Қазірде Англияда салауатты өмір салтына талпынған халықтың қарасы көп. Әрбір үшінші ересек британдық азамат ашық аспан астында, ал әрбір төртіншісі жабық залдарда спортпен тұрақты айналысады екен. Ең зор сұранысқа ие спорт түрлерінің тізімінде алғашқы орында жаяу жүру тұр. Ерлер арасында сүйікті спорттардың көш басында бильярд, дартс, жүзу мен футбол тұрса, әйелдер арасында аэробика мен футбол басты назарда екен. Байқағанымыздай, жүзу британиялық ерлер мен әйелдерге ортақ  сүйікті әуестігі екен. Британиядағы бассейндердің көптігі де өз алдына, соңғы жылдары ашық тоған, өзен-көлдерде жүзу жақсы дағдыға айналған екен. Ол мұнда «жабайы жүзу» деген де атпен белгілі. «Жабайы жүзу» деп аталуының сыры америкалық жазушылар Кейт Рю мен Даниэл Старттың «Жасырылған жағажайлар» (Hidden Beaches) бестсэллер кітабынғы жазбаларға байланысты. Жазбаларда авторлар Британияның әр қиырында адам аяғы баса бермейтін тұмса табиғатындағы көрікті тоғандар, өзен, көлшіктер туралы тәптіштеп суреттейді. Автор табиғат кереметін әспеттей отырып, оқырманын сол бір ғажап мекенге баруға шексіз ынтықтырады да . Ендеше британдықтар тек тән ширатып, дене қыздыруды тек жанға жайлы хауыздарда ғана емес, жабайы табиғаттың аясында да қалап тұрады екен.

...Түйіндей айтсақ, жүзу спортының елімізде дамуы теңізге шығар жолының бар-жоғына еш байланысы жоқ екен. Мұндағы алғышарт жүзуге қажетті инфрақұрылым мен жастарымыздың бойында салауатты өмір салтымен астасып жатқан жүзу мәдениетін қалыптастыруға тікелей тәуелді. Ендеше осы алғышарттар дамыса, Қазақстанда жүзу спортының Димаш Баландин сияқты әлемге әйгілі қазақстандықтар есімдерін жиі еститін кез де алыс емес.