Алматы жақын болашақта Қазақстанның туристік орталығына айналмақ

27 Декабря, 2017, 17:29 9779
Алматы жақын болашақта Қазақстанның туристік орталығына айналмақ | Аналитика | BNews.kz

Биыл Алматыда оң өзгерістер көп. Қаланы дамытуға арналған «Алматы-2020» бағдарламасы қабылданғалы бері мегаполисті жан-жақты дамыту жұмыстары қолға алынды. Енді алдағы үш жылда «оңтүстік астана» бірнеше бағыт бойынша дамымақ.

Атап айтқанда, қалаға «Smart city» («ақылды қала») жүйесі енгізіледі. Бұл бағытта жұмыстар қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұдан бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де бірқатар шаралар жолға қойылды: антитеррорлық қауіпсіздік пен сейсмоқауіпсіздік солардың қатарында. Сондай-ақ, Алматы әкімдігі биылдан бастап туризм саласын дамытуды ерекше қолға алып отыр. Өйткені, туристер есебінен қала бюджетін тағы бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік мол. «Оңтүстік астананың» бұл тұрғыда потенциалы әлдеқайда жоғары.

Алдымен биыл жыл басынан бері осынау саланы дамыту үшін не істелді, соған қысқаша тоқталып өтсек...

Ең алдымен, қаңтар айының соңында басталған қысқы Универсиада ойындарын айтуымыз керек. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан спортшылар мен мыңдаған спорт жанкүйерінің басын Алматыда қосқан осынау байрақты бәсеке 8 ақпанға дейін жалғасқан болатын. Осы уақыт аралығында шаһарға барлығы 2 мың спортшы, 3 мың волонтер және 30 мың жанкүйер келген. Оларды күтіп алып, жатын орындармен жайғастыру үшін Алматыда «Универсиада ауылы» мен қосымша қонақ үйлер салынды.

Бұдан бөлек, Қазақстанға шетелден келетін туристердің жартысына жуығы Алматыға ат басын бұрады. Мұндағы Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғы базасы, Шарын шатқалы сынды туристік нысандар шетелдік саяхатшылардың сүйікті демалыс орындарына айналып келеді.

Ал, кешегі қазан айында Алматыда туристік ақпараттық орталық ашылды. Қаланың Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай визит орталықтың Алматы тұрғындары мен қонақтарына мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес, жол карталары мен тау бағыттарының атластарын, туроператорлар брошюраларын, мәдени-бұқаралық шаралардың анонстарын беретіндігін айтты. Сонымен қатар экскурсияға, сувенир бұйымдарға тапсырыс алатындығы,ең бастысы туристер үшін мобильді байланыс операторының SIM-картасын бейімдеуді жүзеге асыратындығы аталып өтті. Қазіргі кезде барынша танымал локацияларда ақпараттық туристік киоскілер ашу мәселесі қарастырылуда. Басқарма басшысы өзінің сөзінде мұндай орталықты ашу Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сынды туризм саласы дамыған қалалар тәжірибесінен алынғандығын жеткізді.

Орталық директоры Әсел Нұркебаеваның айтуынша, орталық ашылған санаулы күннің ішінде оған шетелден туристер хабарласып үлгерген.

«Қазірдің өзінде www.visitalmaty.kz ресми сайты жұмыс істеуде, кейін ол жеті тілді қамтитын болады. Сайтта қаланың танымал көрнекі орындары, ұлттық мәзір дайындайтын мейрамханалары, оқиғалалар тізбегі туралы толық ақпараттар жарияланады. Визит орталықта кеңес беру, сувенир, сөйлесу, түрлі шаралар өткізудің интерактивті аймақтары қамтамасыз етілген. Техникалық тұрғыда ашылғалы бері 109 турист хабарласты», - дейді орталық директоры Әсел Нұркебаева.

Оның айтуынша, жалпы туристердің Алматыға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді екен. Мәселен, әлемге танымал Tripadvisor туристік порталының «Алматы» парақшасына 2017 жылы 748 250 адам кіріп, қаламен онлайн танысып көрген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 200 мың адамға көп екен.

Tripadvisor порталы өкілдерінің мәліметінше, «оңтүстік астанаға» келушілердің көшін Ресей азаматтары бастайды. Екінші орында АҚШ, үшінші және төртінші орындарды Үндістан мен Қытай азаматтары өзара бөліскен.

Мұның бәрі әрине жақсы! Алайда, мамандардың айтуынша, Алматыдағы туризмнен түсетін қаражат бюджеттің болмашы ғана бір бөлігін құрайды екен. Мұны Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай да мойындап отыр.

«Егер қарапайым сандарды сөйлетсек, туризмнің қаланың жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 1,5% ғана құрайды. Ал, республикалық туризм елдің ЖІӨ-нің 1% ғана құрап келеді. Ал, әлемдік деңгейде бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Өткен жылы бүкіл әлемде 1,2 млрд. адам шетелге саяхаттаған. Егер біз осындай сандарды алып қарайтын болсақ, онда әлі де өте көп жұмыс істеуіміз керектігін түсінеміз. 2016 жылы Алматыда 400 мың шетелдік келген. Бірақ ресми деректер бойынша, олардың ішінде тек 56 мыңы ғана туристер. Қалғандары өзге мақсатта біздің қалаға ат басын бұрып отыр», - деп мәлімдеді Ерлан Жайлаубай.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Алматыға жиі келетін Ресей, Иран, Қытай және Үндістаннан туристердің қатарын арттыру жоспарланып отыр екен. Алайда, шетелдіктердің көбі Алматыға арнайы келмейтін көрінеді.

«Біз Tripadvisor ұсынған талдауды зерттедік, олар 20 мыңға жуық адамнан тұратын сауалнама жүргізген болатын. Одан ұққанымыз, шетелдіктердің Орта Азияға деген қызығушылығы әлі де болса төмен, біз күткендей емес. Қазір енді біз Дүниежүзілік туристік ұйыммен бірге «Жібек жолы» туристік бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Туристік маршрут Алматыда басталып, Алматыда аяқталады. Экспедиция барысында туристер Өзбекстан мен Қырғызстанның қалаларына барады. Мұндай жұмыс халықаралық сарапшылармен бірлесіп жүргізіледі», - деді Ерлан Жайлаубай.

Сондай-ақ, Басқарма басшысы Алматының шетелдік туристер үшін несімен тартымды болатынын атап өтті.

«Біріншіден, Алматының табиғаты керемет. Екіншіден, мұнда ЮНЕСКО қорғауындағы нысандар бар. Үшіншіден, Жібек жолының бойында орналасқан. Төртіншіден, гастрономиялық туризм қалыптасқан. Яғни, әлемдің тағамдардың сан-алуан түрі әзірленеді және барлығы да туристер үшін қолжетімді бағада. Сонымен қатар, Алматыда туристерді қызықтыратындай шығармашылық театрлар мен мәдени бірлестіктер бар. Көптеген халықаралық конференциялар өтіп жатыр. Өткен жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің әр екіншісі Алматыға соққан. Біз оларға та туризм мен медициналық туризмді ұсына аламыз. Қазір осынау екі саланы жаңа деңгейге шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы елдің оң беделін, оның ішінде туристік имиджді қалыптастыру және шетелге тартымды туристік бағыт ретінде Алматы қаласын насихаттау үшін 2017 жылы 122,9 млн теңге бөлінген екен.

Ал, енді күні кеше қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыда 2020 жылға дейін туризмді дамытудың Кешенді бағдарламасын жасау бастамасын көтерді. Ол осынау салаға жауапты мамандардың басын қосып, жинақталған барлық ұсыныстарды ескеруді тапсырды. Шаһар басшысы сондай-ақ, бүгінгі күні туризмнің әлемдік ІЖӨ-нің 10 пайызын құрайтынын, бұл трендтің одан әрі өсе беретінін, сондықтан «Алматы-2020» бағдарламасында туризмнің қала экономикасының әлеуетті салаларын дамытуда жаңа драйвер болатынын айтты.

«Қазірдің өзінде Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік қонақ Алматыда болады, дегенмен қаланың ІЖӨ-де туризмнің үлесі төмен, небәрі 1,5%-ды құрайды. Туризмді дамытуға қатысты 10 бәсекеге қабілетті және басқа елдерде жүргізілген сараптама барысында Алматыда туризмді өрістетудің драйверіне айналатын басымдықтар бар екені анықталды. Олардың арасында Ұлы Жібек жолындағы қаламыздың мың жылдық тарихын, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік ескерткіштерінің қатарын, дамыған инфрақұрылым мен табиғаттың алғашқы көріністеріне жақындығын келтіруге болады. Алматы Орталық Азияның туристік астанасы болуға қабілетті», - деп атап өтті Б.Байбек.

Мәселен, алматылық турөнімнің бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі 25 ел мен қалалар рейтингі бойынша жүргізілген сараптама Қазақстан мен Алматының 22 рейтингте сенімді позицияларда тұрғанын көрсетіп отыр.

Bloom Consulting зерттеулеріне сәйкес, ел танымдылығы бренді бойынша біз 193 елдің арасында 98-ші орындамыз, ал, Doing Business рейтингінде 190 елдің ішінен 36-шы орынды иелендік, құн мен Mercer өмірінің сапасы бойынша 400 елдің ішінен 178 орынға шықтық. Бұлар жайлы өмір сүурмен қатар бизнесті жүргізуге қолайлы нормативті орта мен мүмкіндіктің бар екенін көрсетеді.

Бауыржан Байбектің төрағалығымен өткен Іскерлік кеңеске қатысушылар Алматыда туризмді дамытуға қолайлы ортаның қалыптасқанын, қала келбетінің тартымдылығын, туристік дестинацияның дамуына спорттық, этно-мәдени, медициналық және оқиғалы туризмнің оң ықпал ететінін айтып отыр.

Дегенмен, орталықтан шешетін бірқатар мәселелер баршылық. Олардың қатарына туризм статистикасын жетілдіруді, тік бағыттар бойынша авиа билеттерін қолжетімді етуді, виза алуды оңтайландыруды және басқаларын жатқызуға болады. Басқа да бірқатар мәселелер сөз болды. Мысалы, бюджеттік орналастыру барынша танымал болғанына қарамастан, заңнамада хостел ұғымы мүлдем жоқ, бұл осы бағыттың дамуына кедергі келтіруде. Алматыда соңғы жылдары хостелдер саны екі есеге артып, 60-тан 120-ға жетті.

Қысқасы, қазір Алматының туризм саласын дамыту үшін жергілікті билік білек сыбана жұмысқа кірісті. Жуырда тағы сол Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы шетелдік туроператорларға ақпараттық тур ұйымдастырды. Оған әлемнің 9 елінен (Қытай, Польша, Түркия, Ресей, Үндістан, Сингапур, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстан) ірі 33 өкіл қатысқан. Делегаттарға қала бойынша экскурсия өтіп, шетелдіктер «Олимпиада ауылын», Ұлттық музей мен Ұлттық аспаптар музейін аралап, бірнеше қонақ үйдің стандарттарға сай екенін тексеріп көрді. Басқарма өкілдері қонақтарды Көктөбеге, Медеу мен Шымбұлаққа, Ақбұлаққа алып барды. Сондай-ақ, «Ғұндар» этноауылында арнайы шоу ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар әзірлеудің мастер-класы өткізілді.

Шара соңында ұйымдастырушылар шетелдік туроператорларға Алматыда туризмнің барлық түрін дамытуға жағдайдың бар екенін мәлімеді. Атап айтқанда, экотуризм, тарихи туризм, белсенді демалыс, гастрономиялық туризм, іскерлік және VIP-туризм. Тек инвестиция тартылса болғаны.

«Бізді дамушы елдер қоршап тұр. Онда саяхатты жақсы көретін тұрғындар өте көп. Ал, біздің оларға көрсетер қызығымыз жетіп артылады. Қазақстан Еуразияның кіндігі болғандықтан, бұнда еуропалық және азиялық мәдениет ерекше үйлесім тапқан. Яғни, біздің елде туризмды дамытудың барлық мүмкіндігі бар. Алматы мен Астана заманауи қала болса да, мұнда келетін туристер ежелгі көшпенділердің өмір сүру салтымен, мәдениетімен таныса алады», - дейді басқарма басшысы Ерлан Жайлаубай.

Ресейлік «Колумб» турагенттігінің өкілі Наталья Можарованың айтуынша, қазақстандық туриндустрияның болашағы зор. Егер әрине, бұл салаға қаржы бөліп, оны дамытуды қолға алса.

«Біз өз клиенттерімізге тек жоғары сервис пен тарихи-мәдени бағдарламаларды ғана ұсынып қоймаймыз. Сонымен қатар, олардың көңілді уақыт өткізулері үшін де жауаптымыз. Бұл тұрғыда Қазақстан біздің қызығушылығымызды арттырып отыр. Мұнда тек әсем табиғат, тарихи орындар, адам аяғы баспаған жерлер ғана емес, керемет қонақжай халқы да бар. Ресейде Еуропа мен Азиянығ өзге де құрлықтарды аралап келген туристер саны аз емес. Олар енді жаңа жерлерді көргісі келеді. Біз оларға енді Қазақстанды ұсынатын боламыз, соңғы 25 жылда бұл ел қатты өзгеріпті. Бұрынғы КСРО дәуірінің ескерткіштері де әлі сақталған. Бұл өз кезегінде посткеңестік елдердің туристері үшін қызық», - дейді Наталья Можарова.

Жалпы, Алматыға келген шетелдік туроператорлар қаланың потенциалы бар екенін айтып, өздерінің оғ бағаларын берді. Алайда, әкімдік қызметкерлерінің өзі қазір шешілмеген проблемалардың бар екенін айтып отыр. Ол ең алдымен виза алу мен әуе қатынасының қиындығы, қаланың экологиялық жағдайы, ұсқынсыз ескі көпқабатты үйлер, қоғамдық орындарда дәретханалардың болмауы және тағысын тағы.

Бұл проблемалар кешегі Іскерлік кеңестің отырысында да әңгіме болған. Қала әкімі Бауыржан Байбек болса осы проблемаларды шешудің жолдарын табуды құзырлы сала мамандарына тапсырды.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости