Анатолий Рябцев: «Арал келмеске кетті, енді Балқаштан да айырылуымыз мүмкін»

02 қараша, 2017, 17:37 4335
Анатолий Рябцев: «Арал келмеске кетті, енді Балқаштан да айырылуымыз мүмкін»

Қарт Аралдың құрдымға кетіп, енді арнасына қайта оралмайтынын эколог ғалымдардың барлығына жуығы айтып жүр. Тек Солтүстік Арал атанып кеткен кішкентай көл ғана өлместің күнін кешуде. Қызылорда облысының аумағындағы теңіз қалдығында бүгінде балықтың бірнеше түрі бар. Оның суы тартылуын тоқтатқан. Ал жағасында балық өнімдерін өндіретін бірнеше зауыт ашылып, жергілікті  тұрғындарды жұмыспен қамтып келеді. 

Арнасына сыймай тасып жататын бұрынғы теңіз расымен де енді келмеске кеткендей. Аралдан қалғаны осы ғана. Алайда, ресейлік ғалым Николай Аладин бұл пікірмен келіспейді. Ол болашақта қарт Арал қайта «тіріледі» деген сенімде. 30 жыл өмірін осынау теңізді зерттеуге арнаған ғалым тіпті, Аралды құтқарып, Нобель сыйлығын иемденемін деп те бірнеше рет батыл пікірін айтқан еді.

«Әрине, Аралды енді бұрынғы қалпына қайтару мүмкін емес шығар. Теңіздің Өзбекстандық және Батыс бөліктеріне енді тіршілік ешқашан оралмайды, олар бу болып ұшып кетпесе тұзды және өлі күйінде қала бермек. Ал, Қазақстандағы Солтүстік Аралды жандандыруға негіз бар. Мұндағы су тұщы, онда балық бар. Жуырда осы балықтар қоректенетін шаяндардың пайда болғанын естіп қатты қуандым. Демек, тіршілік жанданады. Бірақ, өкінішке қарай, Ресейге қазір Арал керек болмай қалды. Менің зерттеуіме де тыйым салмақшы. Бірақ, осыдан қараңдар, мен Аралды бәрібір құтқарамын. Тіпті, сол үшін Нобель сыйлығын да иемденемін!» - дейді Ресей ғылым академиясының профессоры.

Айта кететін тағы бір жайт, 2004-2010 жылдар аралығында тартылып кеткен теңіздің орнында ғалымдар экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді. Бұл өз кезегінде орын алып жатқан проблемаларды анықтауға, онымен күресуге, келтірілген залал мөлшерін өлшеуге мүмкіндік беретін. Алайда, соңғы жеті жылда Аралды зерттеу жұмыстары мүлдем тоқтап қалды. Мұны биыл мамыр айында Петерборда өткен халықаралық жиында РФ Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы Ғылыми-ақпараттық орталығының директоры Виктор Духовный айтты. Егер ғалымдар осылай қол қусырып қарап отыра берсе Аралдың орнында қалған шағын көлдерден де көп ұзамай айрылып қаламыз дейді ол.

«Арал әлі тірі, онда өмір бар. Бірақ, басқа бағытта. Теңіздің орнында қазір топырақтың қайта түзілу процесі және өсімдіктердің өздігімен өсу процесі жүріп жатыр. Бұл таң қаларлық құбылыс. Оның үстіне, қазір Аралдың орнына сексеуіл және өзге де шөлге төзімді ағаштар мен өсімдіктер егіле бастады. Барлығы 272 мың гектарға егілген. Бұл да таң қалуға болатын құбылыс. Өйткені, жердің астында әлі де болса су бар. Табиғатты адам әлі толық зерттеп, түсініп болған жоқ. Ертең біраз жылдан кейін Аралдың орнында не боларын тағы білмейміз. Дәл Аралдың тағдырын қазір АҚШ-тың Юта штатындағы Тұзды көл мен Африкадағы Чад көлі бастан өткеріп жатыр. Қысқасы, Аралды зерттеуімізді еш тоқтатуға болмайды, жыл сайын экспедициялар онда жұмыс істеуі керек», - дейді Духовный.

Аралды құтқару жұмыстары тоқсаныншы жылдардың басынан бері жүріп жатқанын айттық. Теңізді құтқару үшін құрылған қордың қарауына сол уақыттан бері 72 ғылыми жоба келіп түсіпті. Оның 12-сі бүгінде жүзеге асырылған. Бірақ, олардың ешбірі су деңгейін қайта көтеруге мүмкіндік бере алмады. Өйткені, көбі ғылыми жобадан гөрі әлеуметтік жобаларға жақынырақ. Мәселен, жергілікті халықтың мәдени деңгейін көтеріп, браконьерлікке жол бермеу, автошеру ұйымдастыру, дәрілік өсімдіктерді өсіруді қайта қалыптастыру сынды жобалар жоғарыда айтқан 12 идеяның қатарында. Сондай-ақ, көктемгі тасқын суларды Аралға айдау идеясы да қазіргі таңда қаралып жатыр екен.

Аралды «өлдіге» санайтын ғалымдардың бірі - Анатолий Рябцев. «Казгипроводхоз» жобалау институтының директоры су ресурстарын бөлуде аса сұранысқа ие мамандардың бірі. Оның пікірін сұрау үшін Қазақстанға Ресей мен Қытайдан, Орта Азия елдерінен өкілдері келіп жатады. Сол Рябцевтің айтуынша, қарт Арал енді ешқашан қалпына келмейді. Біз одан айрылып қалдық.

«Әмудария мен Сырдарияны өзбектер мен қазақтар алпысыншы жылдардан бастап белсенді пайдалана бастады. Бұл өз кезегінде Аралдың құрдымға кетуіне алып келді. Сексенінші жылдардың ортасына дейін Аралды құтқаруға болатын еді. Ол үшін аталған қос өзеннің жағасындағы күріш пен мақта алқаптарын қысқартып, суғару жүйесіне бақылау орнату керек-тін. Немесе Сібір өзендерін бұрып, Аралға тарту идеясы да теңізді тірілтуге мүмкіндік берді. Алайда, Горбачевтің қайта құруы мен КСРО-ның құлауы бұл идеяны жұтып жіберді. Егер солтүстіктегі суы мол өзендерді Аралға қарай бұрғанда қазіргі жағдай мүлдем басқа болар еді. Ал, қазір енді мүмкін емес. Ең алдымен суға ақшаны кім төлейді деген көлденең сауал алдымыздан шығады. Оның үстіне, өзендерді бұрсақ экологияға да кері әсер етуі мүмкін. Бірақ, кезінде бұл жобамен 20 ғылыми-зерттеу институты айналысты. Олар өзендерді бұрудың Қазақстанға, соның ішінде Аралға тек пайда келтіретінін дәлелдеп кетті», - дейді Рябцев.

Маманның пікірінше, қазір Аралды жоқтап отыратын кез емес, қолда бар қос қазынамыз - Балқаш пен Зайсанды аман алып қалуымыз керек. Өйткені, жақын болашақта қос көл де Аралдың кейпін киюі мүмкін.

«Қытайдың суды тым көп пайдалануынан Балқаш жақын болашақта мүлдем тартылып, жоқ болып кетуі мүмкін. Қазіргі таңда көрші мемлекет Қазақстанмен шекараласатын аймағында инфрақұрылымын барынша дамытып, жаңа нысандар салып жатыр. Сондай-ақ, егістік алқаптарын кеңейтіп отыр. Яғни, Ертіс пен Іле өзендерінің суын барынша молынан пайдалануда. Салдарынан Балқаш пен Зайсаңға су жетпей, қазір екеуі де тартыла бастаған. Сенесіздер ме, қазір Шыңжаң-Ұйғыр автономиясындағы егістік алқабы 4,6 миллион гектарды құрайды. Бүкіл Қазақстандағы егістік алқабынан бұл үш есеге үлкен. Біздегі егістік алқабы 1,3 миллион ғана. КСРО кезінде 2,3 миллион болған. Колхоздар мен совхоздар тараған соң 1 миллион гектар бос қалды пайдаланылмай», - дейді маман.

Қазіргі таңда Қытай тарабы Ертіс суын тым көп пайдаланғандықтан онда кемелер де жүруін тоқтатыпты. Мәселен, он шақты жыл бұрын Ертіс бойымен паромдар мен кемелер көрші Ресейге Қазақстаннан түрлі шикізат тасумен айналысқан екен. Қазір су көліктерін бірен-сараң көресің. Олар шикізаттың жоқтығынан емес, Ертіс арнасының тартылуынан жүруін тоқтатқан.

«Ертіс суының азаюына Қытай ғана емес, өзіміздің Астана да үлес қосып отыр. Қала жыл сайын үлкейіп, оның маңайы ауылшаруашылық кәсіпорындарымен толығып жатқаны белгілі. Яғни, өзеннің суына деген сұраныс еселеп артқан. Ертіс қайда, Астана қайда дерсіз. Ертіс-Қарағанды деген су арнасының бар екенін білетін боларсыздар? Сол арнаның суын астаналықтар да пайдаланып отыр. Қарағандыдан Елордаға дейін су құбыры тартылып, сол құбырмен Ертістің суы ағады», - дейді Рябцев.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан мен Қытай Ертістің суын пайдалану туралы келісімге қол жеткізген болатын. Сол келісімге сәйкес, қытайлық тарап жылына Ертістен тек 2 текше шақырым ғана су алуы тиіс. Алайда, көрші елдің Қара Ертістен алатын суы 3 текше шақырымнан асып кетеді. Яғни, құжатқа қарап, оның талаптарын сақтап отырған Қытай жоқ.

«Иә, келісімнің бар екені рас. Алайда, Қытай қазір Қазақстанмен шекарада инфрақұрылымды дамытып жатыр, көптеген нысан салып тастады. Енді соларды ұстап тұру үшін көп мөлшерде су керек. Осы тұста келесімшарттағы талаптар оларға түк те болмай қалды. Мұның салдарын алғаш болып қазақстандықтар тартады. Ертістің деңгейі төмендегеннен кейін біздің шаруаларға ауыр соғатыны рас. Оның үстіне, Балқаш пен Зайсаңға су жетпей, олар да тартыла бастайды. Қос көл бүгінде қаншама қазақстандықты асырап отқанын жақсы білесіздер. Яғни, олар тартылса бізге өте ауыр соғады», - дейді «Казгипроводхоз» жобалау институтының директоры.

Ертістің игілігін Қытай мен Қазақстаннан бөлек Ресей де көріп келеді. Сондықтан, келіссөздер үш мемлекеттің арасында жүруі керек болатын. Алайда, Қытай үшжақты келісім жүргізуден бас тартып отырған көрінеді. Ресми Пекин «Бастысы қазақтармен келістік, енді қазақтар Ресеймен өздері келісім жүргізсін» деген ұстанымда отыр. Ал, мұндай салғырттықтың соңы ертең үш мемлекетке де ауыр салдарын алып келері сөзсіз.

Оның үстіне, әлемдік тәжірибеде Ертіс секілді трансшекаралық өзендерді пайдаланар кезде өзен аумағынан өтетін елдердің барлығы үстел басына жиналып, ортақ келісімге келіп жатады. Еуропада да, Азияда да осындай тәжірибе қалыптасқан. Алайда, Қытай жеке басының мүддесін ойлады ма, әлде басқа себептері бар ма, келісімге келуден қашқақтауда. Ал, Ертіс болса жыл сайын тартылып келеді.

«Біз Аралдан сабақ алатын жағдайға жеттік деп ойлаймын. Дәл ондай қателікті Балқашпен немесе Зайсаңмен қайталамауымыз керек. Көлдерде су тартыла бастаған кезде оның таяздайтыны белгілі. Таяздаған сайын булану процесі де жылдам жүре бастайды. Буланып кеткен судың орнын толтыра алмаймыз. Бұл ретте тағы сол Аралды мысалға келтірер едім. Балқаштың тартылуы тек шаруаларды «нансыз» қалдырып қана қоймайды, ол бүкіл аумаққа экологиялық мәселе болады. Одан Қытай да, Қазақстан да, Ресей де ауыр зардап шегеді. Сондықтан, мемлекеттер Балқаштың мұндайға жеткізбейді деп үміттенемін», - дейді Анатолий Рябцев.

Оның айтуынша, экологиялық апаттың боларын қытайлықтардың өздері де өте жақсы біледі. Алайда, мемлекет қазір «алдымен экономика» деген саясатты ұстанып отыр. Яғни, экономикасын өсіріп, халықтың тұрмысын түзеу үшін ҚХР көптеген қателіктерге жол беруде.

Қытайдан бөлек Қазақстан мен Өзбекстанға өте үлкен мәселені ертең Ауғанстан тудыруы мүмкін. Ауған халқы қаруын тастап шаруашылықпен айналысса Сырдария да, Әмудария да сусыз қалады.

«Қазір мұздықтардың еру процесі тым тез жүре бастады. Бұл Сырдария өзенінің арнасының төмендеуіне алып келіп отыр. Дәл бүгін-ертең проблема бола қоймайды. Бірақ, дәл осылай жалғаса берсе Сыр суынан да, Аралдың қалдығынан түк қалмайды. Ал, ауғандар соғысты тоқтатып, егінмен айналысса жағдай қиындай түседі. Ол кезде Әмудария мен Сырдария өмір сүруін тоқтатады. Сондықтан біз қол қусырып қарап отыра бермей қарсы бағдарламалар әзірлеуіміз керек. тараптарды келісімге шақырып, проблеманы талқылауымыз керек. Бір мемлекет үшін өзге елдер зардап шекпеуі тиіс, мұның арты ешқашан жақсылыққа апарған емес. Сондықтан, бұл мүдделес елдердің билігі экологиялық апаттың болуына жол бермейді деп үміттенемін», - дейді елге танымал су маманы.

Осы ретте айта кету керек, жыл сайын көктемде Қазақстан тасқын судан зардап шегеді. Еріген қар суы талай су қоймасы мен өзенді арнасынан асырып, қаншама елдімекенді жыл сайын шайып кетеді. Әсіресе СҚО, ШҚО, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облыстарының тұрғындары қызыл судан айтарлықтай зардап шегіп келеді. Тіпті, жыл сайын адам шығыны да тіркеліп жатады. Табиғи апат жылда қайталана бергендіктен биыл Мемлекет басшысы Үкіметті қатаң сынға алып, мәселені шешуді тапсырған болатын. Атап айтқанда, ел аумағындағы су қоймаларының санын дереу арттыру керектігін айтты.

Жаңа су қоймаларына жиналған қар мен жаңбыр суы жаздыгүні шаруашылық үшін жұмсалмақ. Бұл өз кезегінде ірі өзендер мен көлдердің суын егістік алқаптары үшін қолдануды кемітеді. Яғни, табиғатқа тиетін залал да кемімек.

Су қоймаларының құрылысы биылдан бастап бірнеше облыста қатар жүргізіліп жатыр. Келер жылы қазақстандықтар тасқын судан азырақ зардап шегетін болады дейді үкімет мүшелері мен әкімдер. Ал, алдағы 5-6 жылдан кейін бұл проблемаға мүлдем нүкте қойылып, тасқын су керісінше халықтың пайдасына асатын көрінеді.

Бәріне уақыт төреші, билік өкілдері тек осы уәдесінде тұрып, «бір оқпен екі қоянды атып алса» құба құп!

 

С.Абайұлы

 

`