Балалар не үшін суицидке барады?

Балалар не үшін суицидке барады?

13 қазан, 13:25 1320 Астана
Балалар не үшін суицидке барады?

Әлемде әрбір 40 секунд сайын бір адам өзіне қол салып қайтыс болады. Жаға ұстатарлық статистка! Ал, сіз бұл жағдайда әр өлімнің бір себебі бар деп ойларсыз. Бірақ, олай емес екен. Өзіне қол жұмсау деректерін зерттеген мамандар еш себепсіз асылып қалатындардың әлдеқайда көп екенін айтып отыр. Турасын айтқанда, суицид жасайтындардың 41 пайызы бұл қадамға ешқандай себепсіз-ақ барады екен. Яғни, қарны тоқ, киімі көк, ешкімнен қарызы жоқ, ешкіммен жанжалдаспаған, еш жері ауырмайтын адамның өзіне қол салуы бүгінде жаңалық емес дейді ғалымдар. Сондықтан бұл кесел бүгінде психологиялық ауытқушылыққа жатқызылып отыр. Ал, қазақта мұны «аспа ауруы» дейтінін білетін боларсыз...

Атам қазақтың наным-сеніміне, ырым-жоралғыларына көз жүгіртер болсақ, көптеген тыйымдарды кездестіреміз. Әсіресе, кішкентайымызда «судың бетін ашық қалдырма», «тамақтың бетін жауып жат» деген тыйымдарды өте көп еститінбіз. Әке-шешеміз де, ата-әжеміз де осыны құлағымызға сіңдіріп өсірді. Бірақ, «не үшін?» деп біз де сұрамаппыз. Олар да өздігімен айтпайтын.

Қазақ қазақ болғалы бері ислам дінін берік ұстанғанын тарихтан жақсы білеміз. Ата-бабаларымыз көшпенді өмір салтын ұстанғандықтан дінді дәстүрімізге сіңіріп кетті. Яғни, қазақтың кез келген дәстүрінің астына үңіліп қарасаңыз исламға барып тірелесіз. Ырым-тыйымдары да дәл сондай, Құран мен хадистерден алынған.

Енді жаңағы ата-әжелеріміздің «тамақ пен судың бетін жауып жүр» деп неге жиі айтатынын өзімізше саралап көрсек. Исламда «жын» деген ұғымның барын жақсы білеміз. Егер ата-бабаларымыздың ырым-жоралғыларына сенер болсақ, түнде беті ашық қалған су мен тамақты сол жын аралап кетеді екен. Оны пайдаланған адам түрлі түсініксіз кеселдерге шалдығуы мүмкін. Олардың арасында «аспа ауруы» да бар. Тіпті, жынданып кетуі де ғажап емес. Қазақта «жынданған», «жынды» «жын ұрған» деген сөздердің пайда болуы осыдан.

Бұл енді «аспа ауруының» ғылыми дәлелденбеген себебі. Өйткені, ғалым атаулы дінді мойындай бермейтінін жақсы білеміз. Дей тұра, суицидтің нақты себебін сол ғалымдарыңыздың өзі әлі таба алған жоқ. Таба алмағандықтан психикалық ауытқушылыққа жатқызып қойды.

Мұның бәрін неге айтып отыр деп ойларсыз. Өкінішке орай, дәл қазір Қазақстан осы асылып қайтыс болатындардың саны жағынан әлемдегі көшбасшы елдердің бірі, турасын айтқанда төртінші орында тұр. Былтыр елімізде 3942 адам өзіне қол салып қайтыс болған екен. Олардың дені 19-44 жас аралығындағы азаматтар. Тағы 6047 адам суицидке әрекет жасап, бірақ тірі қалған. Сондай-ақ, балалар суициді бойынша да Қазақстан әлем елдерінің арасында көш бастап тұр. Бұл Бас прокуратураның мәліметі.

Айта кетерлігі, суицид жағдайларының 41 пайызының себебі белгісіз. Жоғарыда атап өткеніміздей, еш себепсіз, айдың-күннің аманында асылып қалатын жандардың саны Қазақстанда да жыл санап артып келеді. Біздің бұл сөзімізді ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетін басқаратын Бағдат Мусин де растап отыр. Оның айтуынша, 2016 жылы жасалған суицид деректерінің 1756-сы себепсіз күйде қала берген. Сондай-ақ, елімізде суицид жасайтындардың дені ер азаматтар екенін де Комитет төрағасы айтып өтті. Әйелдерге қарағанда олардың саны 4 есеге көп екен.

«2016 жылы Қазақстанда суицид құрбандарының саны 5,5 пайызға артты (2016 жылы – 3942,  2015 жылы – 3735). Ал, суицидке әрекеттену деректері 2,1 пайызға төмендеп отыр (5922 – 6047). Бірақ, биыл өзіне қол салатындардың саны айтарлықтай азайғанын байқадық. Мәсеен, 2017 жылдың бірінші тосанында 850 адам өзіне қол салып қайтыс болды (2016 жылы – 931). Ал, суицидке әрекет жасау деректері 1563-тен 1010-ға дейін азайды», - дейді Комитет төрағасы.

Оның айтуынша, тек 700 жағдайда ғана өзіне қол жұмсаудың шынайы себептері белгілі болыпты. Мысал ретінде атап айтсақ:

- жалғыздық (175 дерек);

- материалдық қиындықтар (124);

- туған-туыстармен ұрыс-жанжал (117);

- әйелімен немесе күйеуімен ұрыс (114);

- ауыр сырқат (110);

- ажырасу (89);

- ауыр тұрмыстық жағдай (49).

 

«Қазақстанда ең жиі суицидке баратындардың жас ерекшелігі 35 пен 44 арасында. Былтыр бұл жастағы 899 адам өзіне қол салған (2015 жылы – 775). Олардың дені ер адамдар – 755 дерек (2015 жылы – 652 дерек). Сондай-ақ, осы жас аралығындағы 144 әйелдің суицид арқылы өмірмен қош айтысқаны анықталды (2015 жылы – 123). Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстандағы суицид оқиғаларының 75,5 пайызында адамдар сау күйінде болған. Тек 20,8 пайызында ғана алкогольді ішімдік ішіп өмірімен қош айтысқан. Қалған 3,3 пайызы жүйке жүйесінің ауруынан», - дейді Бағдат Мусин.

Шошытарлығы сол, елімізде «аспа ауруына» шалдыққандар қатарында 5-14 жас аралығындағы балалар да бар. 2013 жылы 29 жасөспірім осы кеселдің салдарынан өздеріне қол салып қайтыс болса, 2016 жылы олардың саны 18-ге кеміпті. Дегенмен, мұндай деректің тіркелгенінің өзі дабыл қағатын жағдай.

Әдетте мұндай себепсіз суицид жасайтын жасөспірімдер болсын, ересектер болсын, ешқандай белгі бермейді. Егер берсе қазіргі заманда ондай өлім-жітімнің алдын алуға болар еді дейді психолог Данияр Үркінбаев.

«Қазіргі таңда, ғылым қаншалық дамыды десек те, ешқандай маман суицид дертінің белгісі мынадай деп дөп басып айта алмайды. Олай болса, ондай белгі берген адамдарды тездетіп есепке алып, тиісті мамандар емдеген болар еді. Дегенмен, кейбір белгілерін байқауға болады, ондайда уақыт өткізбей, тиісті психолог-маман шақырылса, дерттің алдын алуға болады. Кейбір қыз балалар істің орындалуына бір-екі күн қалғанда, өзіне қымбат заттарын құрбыларына сыйлайды және әңгіме арасында «мен ол кезде болмаймын», кейде, «өмір сүргім келмейді» деген сынды сөздер айтып қалады. Ал ұл балалардың кейбірі тұйықтала бастайды, дегенмен көпшілігі ешқандай белгі нышан сездірмейді. Ал қоғамда, бірі тұйықтыққа кетсе, бірі, керісінше, өте белсенділік танытады. Екі жағдайда да, халық мұны «өздерінің мінезі» деп, байқамай қалады. Құрбы-құрдастары байқағанның өзінде, «жаман ырым жасамайын» деп, айтуға қорқады, тіпті сол сәтті ойынан шығаруға әрекет жасайды. Бұл қазірге сыры ашылмаған, атын атауға қорқатын «аспа» деген аурудың сыртқы көрінісіне шошына қараудың әсері. Суицид – бұл дерттің бір сұмдығы, жасты да, жағдайды да талғамайды», - дейді отандық психолог-маман.

Оның айтуынша, «аспа ауруының» себебін ғылым әліге дейін анықтай алмағандықтан, себепсіз жасалған суицидті не дәрігерлер, не психологтар зерттеп жатпайды екен.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының зерттеу қорытындысына сүйенсек, дерттің пайда болуының 800 себебі бар екен. Ал осы дертпен өмірден кетудің 80 түрлі жолы бар деп тауыпты. Және 41%-ы ешқандай себепсіз дүниемен қоштасады екен. Тірі кезінде ешқандай белгі бермеген, дені сау, ешнәрсеге арызы, ешкімге қарызы жоқ адамға қазіргі таңда, медицина саласы да, психолог мамандар да, тіпті арнаулы орындар да соңынан ешқандай зерттеулер жасамайды. Ешқандай күмән-күдік болмаса, «өзіне-өзі қол салған», яғни, «аспа кеселмен ауырған» деп жерленеді. Негізінде, дені сау, ақыл-есі бүтін, көңілі тоқ адам жайдан-жай «аспа кеселмен» ауырмайды. Сау адамды, тіпті, қинап арқанға сала алмайсыз. Себебі, ол асылудың қандай азапты өлім екенін біледі. Сондықтан, мезгілсіз және осындай жолмен өмірді қиған «дертті» себепсіз келді деуге болмас», - дейді Данияр Үркінбаев.

Психологтың айтып отырғаны «аспа кеселі». Бірақ, өкінішке орай, қоғамда ешқандай кеселге шалдықпай-ақ өмірімен қош айтысып жатқан жастар мен жасөспірімдер жетерлік. Әсіресе, өтпелі кезеңді бастан кешіріп жатқан ұл-қыздар өзіне назар аудару үшін немесе қиындықтарға төзе алмағандықтан өз өмірлеріне қол салып жатады. Мәселен, елімізде 2016 жылы 42 жасөспірім суицидтен қайтыс болған. Суицид жасап, бірақ тірі қалғандарының саны одан көп. Олардың суицид жасайтынын алдын ала анықтау қиын емес дейді дәрігер-психиатр әрі суицидолог Екатерина Миронова.

«Томаға-тұйықталып, оқшауланғысы келіп тұрады, әлеуметтік ортадан қашқақтайды, мінез-құлқы бұзылып, қауіпті белгілері байқалады. Жасөспірімнің сабағы нашарлауы, аяқ асты ашу-ызаға булығуы, сабақ үстінде қалғып-шұлғып отыруы мүмкін. Бұған қоса, тәбетіндегі өзгерістер мен ұйқының бұзылуы да күйзеліске түсудің белгілері. Жасөспірімнің өзін кінәлі сезінуі, ештеңеге зауқы соқпауы, үсті-басына қарамай алқам-салқам жүруі, «Мұндай өмірден шаршап кеттім», «Мені жайыма қалдырыңдар» деген өмірдің құнын жоққа шығаратын тура немесе жанама сипаттағы мәлімдемелері де сезік тудыруы тиіс. Жасөспірім әңгіме кезінде өлім жайлы тақырыпты қозғауы мүмкін, әлеуметтік желілерде осы тақырыпты көп қарайды, «ауыр металл» музыкалық жанрына әуестігі артады. Бұған қоса, алдыңғы суицидтік әрекеті, денесін тілгілеп тастауы, дәрі-дәрмек жинауы, психикаға әсер ететін заттарды қолдануы да қауіп белгісі болуы мүмкін. Бұл – кешенді әрі белгілері көп құбылыс», - дейді суицидолог-маман.

Оның айтуынша, қазіргі таңда психологтардың көмегіне жүгінетін жастардың қатары артыпты. Әсіресе, психологиялық көмекке көбінесе 15-17 жастағы жасөспірімдер және 20-22 жастағы жастар жүгінеді екен. Яғни, бұл өтпелі кезеңді бастан кешіретін уақыт.

Қазақстанда жастар мен жасөспірімдер арасында суицидтің артып кеткені тек отандық мамандарды ғана алаңдатып отырған жоқ. Әлемдік ғалымдар да осынау келеңсіз жағдайдың себеп-салдарын анықтауға бел шеше кірісе бастады. Өйткені, 1981-2008 жылдары өзге елдерде суицид фактілері азайып, ал Қазақстанда халықтың әр 100 мың тұрғынына шаққанда 22,5-тен 25,6-ға дейін көбейгені анықталып отыр.

Осыған байланысты, биылдан бастап Қазақстанда ЮНИСЕФ қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізіп жатыр. Ол бойынша бүкіл аймақтарда мамандар балалардың мінез-құлқын зерттеп, індеттің себебін анықтауға, оны болдырмауға күш салатын болады.

Ал, ғылыми тұрғыда әлі себебі мен емі анықталмаған осы «аспа ауруына» діни тұрғыда немесе халық медицинасында дауа бар ма? Бұл туралы дін мамандары не дейді? Соған құлақ асып көрсек.

«Қасиетті Құран Кәрімдегі Ниса сүресінің 29-аятында: «Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар»,- деген Алла Тағаланың ескертуі бар. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ) хадистерінде: «Кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол тозақта сол уды мәңгі ішетін болады. Егер кімде-кім өзін жардан тастап өлетін болса, ол тозақтың түбіне мәңгі тасталады»,- делінген. Жалпы, мұсылман әлемінде өз-өзіне қол салу харам іс болып табылады. Және мұсылмен елдерінде суицид дертімен өлетіндер 100 мың адамға шаққанда 0,1 адамнан келеді», - дейді дінтанушы Қайрат Дүйсен.

Оның айтуынша, «аспа ауруына» қарсы қазақы ем де бар екен.

«Қазақтар бұл ауруды емдеудің өзіндік тәсілі бар. Мысалы, өзін асқалы тұрған немесе сондай іске баруға дайындалып жүрген адамның көзінше қара мысықты я қара тауықты асып өлтірсе, әлгі адам дертінен айығып кететін болған», - дейді дінтанушы.

Елімізде суицидке қарсы бағдарламаның әзірленіп жатқанын айттық. Мейлі, кеш болса да қолға алынып отыр. Енді аты жаман дертпен бірнеше ведомство бірігіп күреседі. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері, прокуратура және ішкі істер органдары бірлесе күш жұмылдырмақ. Дәл осындай ауқымды жобаны өткен ғасырдың аяғында Еуропаның дамыған елдері де қолға алған болатын. Қазіргі таңда ол өз нәтижесін беріп, «кәрі құрлықта» суицидтен көп жапа шеккен Финляндия, Норвегия секілді елдер суицид құрбандарының санын бірнеше есеге азайта білді. Ендігі кезек Қазақстанда.

С. Абайұлы