Болашаққа жасалған батыл қадам

25 Декабря, 2017, 15:06 9337
Болашаққа жасалған батыл қадам | Аналитика | BNews.kz

Өткен ширек ғасырда еліміз мемлекеттіліктің барлық атрибутына қол жеткізді. Қазақстан мемлекет ретіне қалыптасты, кемеліне жетті. Қоғамымызда жаңа биіктіктерге ұмтылатын, кез келген қиындықты жеңуге бағытталған психология қалыптасты, қоғамдық татулық пен ынтымақ орнықты.

26 жыл аз уақыт емес. Сол уақыттағы еліміздің экономикалық жағдайы шынымен өте ауыр еді. Жалақы мен зейнетақыны уақытында беру, халықты жұмыспен қамту, дүкеннің жалаңаш сөрелерін толтыру сияқты қыруар жұмыстар тұрды. Бірақ иінімізді түсірмей, сол қиындықтармен бел шешіп күресу керек болды.

Бүгіндері жалғасын тапқан экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымдық өзгерістер, жалпы, нарықтық жолға түсу жұмыстары Президенттің қадағалауымен осы кезеңде басталды. Еліміздің алдында мүлде жаңа саяси-экономикалық формацияға өту, саяси және экономикалық тұрғыдан қайта жаңғыру міндеті тұрды. Бұл жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса сезімталдығын, жаңаға бейімдігін, көрегенділігін атап өту керек.

«Жаңа мемлекеттің даму бағытын дәл таңдай білу, экономикалық басымдықтарды дұрыс анықтау – осының бәріне заңнамалық негіздер жасап, саяси институттар құрып, нарықтық қатынастар орнатуға орасан зор ерік-жігер қажет еді. Жұмыс істей жүріп оқыдық, оқу жүріп үйрендік. Англиядағы жекешелендіру қалай жүзеге асты, Шығыс Еуропа елдері қалай көтеріліп келеді, Қытай қалай дамып жатты – осының бәрі көрнекі құрал тәрізді көз алдымыздағы мысалдар еді. Президент бізді, Үкімет мүшелері мен экономист-ғалымдарды, қайда барса да өзімен бірге алып жүрді. Елбасы экономикамен қатар саяси жаңаруларды, саяси реформаны да құстың қос қанатындай етіп бірге алып жүрді. Өйтпеген жағдайда елдің дамуы біржақты болып, гармониялық үйлесімді ілгері алға жылжу болмайтын еді», - деген болатын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-минстрі, қоғам қайраткері Сергей Терещенко.

Қазақстанның Индустрияландыру картасы жасалғанда әр аймақтың өндіріс өнімдеріне деген сұранысы, олардың экспорттық мүмкіндіктері, шикізат көздері, жұмыссыздық деңгейі, барлығы қаперге алынып отырып жасалғаны белгілі.

90-шы жылдары нарықтық экономикаға бет бұрсақ, 2000 жылдары өрлеу жолына түстік. 1999 жылдан бастап елде жұмыссыздық деңгейі қысқара бастады. Айталық, 90-жылдардың соңында жұмыссыздық 13,5% болса, 2000 жылы – 12,8%, ал 2011 жылы 5,8%-ға, 2016 жылы 5%-ға төмендеді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 621 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 130 мыңнан аса адам кәсіби даярлықтан өтіп, 45 мың адам несиеге қол жеткізіп, кәсіпкерлікке бет бұрды.

2016 жылы жоғары және орта арнаулы білімі бар қызметкерлер саны 72,5%-ды құрады. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 15%-ға артқанын көрсетеді.

Әрине, қашан болмасын жеңіс оңай келмейді. Кедергілер жетерлік, кемшіліктер баршылық. Әйтеуір, Президентіміз айтқандай, баратын айлағымызды білеміз, соған бағыт түзеп, бар ниет-жігерімізді жұмсасақ, бүгінгіден де жақсы тұрмыс, берекелі өмірге жақындай түспейміз бе?

Әр бағдарлама, бүкіл ел экономикасы мен саясатына әсер етер шараларды түптеп түсініп, оны жүзеге асыру жолдары мен тетіктерін жете білудің маңызы зор. Сонда ғана олар жүзеге асады, сонда ғана оның шарапатын көру мүмкіндігі кеңейе түседі. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы жұртымызға жаңа серпін беріп, бүгінгіденде бақуатты тұрмыс кешуге жол ашып, бел шешей еңбек етуге ынта-ықылас туғызып отыр. Өйткені, «Нұрлы жол» тек қазіргі қоғам игілігіне айналып қана отырған жоқ, қазақстандықтардың кейінгі ұрпақтарына да қызмет ететіне көз жеткізіп отыр. Күтіліп отырған нәтижелері кімді болмасын жігерлендіре түсері сөзсіз. Бұған дейін де елімізде көптеген, жаңа, серпінді бағдарламалар жүзеге асты. Мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер, жолдар салынды, жаңа кәсіпорындар ашылды, орта және шағын бизнес дамыды. Тағы басқа атқарылған істер қаншама?!

Бүгінде Қазақстанның да, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да әлем қауымдастығы алдында айшықты орны, берік беделі бар. Қойнауы қазынаға толы, бейбітшілік пен берекені, достық пен татулықты ту еткен елімізге дүние жүзінің алға шыққан атақты кәсіпорындары, фирмалары мен компаниялары инвистиция салып, бизнесін дамытуға ынталы. Бұл – ел дамуының, халқымыздың әл-ауқатының үздіксіз өсуінің негізі. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру бізден босбелбеулік емес, тынымсыз да талантты іскерлікті, ерекше еңбекқорлықты талап етеді. Елбасы елін осыған жұмылдырып, осыған үндеп отыр. Жұртымыз «Еңбек етсең – емерсің» десе, Дүниежүзілік сауда ұйымы да өз жемісін еңбек еткенге ғана бермек. Еңбексіз нәтиже болар ма? Мұндай батыл бастамаларға ол елін талай бастаған, сөйтіп, талай асулардан асырып, белестердлен өткізген. Бұл да солардың бірі.

Елбасының қабілет-қасиеті, сарабдал саясаткерлігі мен көрегендігі, іскерлігі мен керемет ұйымдастырушылық қабілеті туралы өзіміздің де, шет елдің де небір сұңғыла сарапшылары жазып келеді. Олардың еңбектерінде оның мемлекет құрудағы тегеуріні, даму бағытын анықтаудағы алысты болжауы, өрелі істерге кірісудегі көзсіз тәуекелі, туабітті алғырлығы туралы талданып жазылады.

«Мемлекеттердің іргесін салған, негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Тоталитаризмнен азаттыққа көшу ешқашан жеңіл болмаған. Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни, кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, сөйтіп, Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді», - деп жазады Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер.

Елбасының еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес те шығар. Жазылған дүниелердің өзін оқып, түйсініп, сүйсінудің өзі бір бөлек әңгіме. Әлемдік экономиканың өріс-өрімін, терең иірімдерін жете зерттеген Елбасы Қазақстанның дамуын жаңа, тың да тиімді жолға салды. Қазақтың байырғы үрдіс, ұстанымдары, тұрмыс-салты, таным-түйсігін табиғи жаратылысын ескере отырып, «Мәңгілік ел» атты жүрек тебірентер межені белгіледі. Жұмыр жердің қай түкпірінде игі бастамалар, жаңа әдістер, оң үрдістер бар – соның бәрін сын тезінен, көңіл сүзгісінен өткізіп, өз ыңғайымызға қарай қолданудың жолдарын қарастырды. Әлемнің озық ойлы, талантты сәулетші, экономист, саясаткерлерімен ашық пікірлесіп, соны идеяларын солармен талқылап, ой қазанын қайнатты.

Көп ұлтты Қазақстан халқы Қазақстанымен, Презиедентімен мақтанды! Міне, еліміздегі Президент сайлауындағы жеңіс осынау ұланғайыр еңбектің, зеректіктің, көрегендіктің жеңісі еді. Қазақстан халқының Тұңғыш Президентке тізіліп кезекте тұрып, бір кісідей дауыс беруі де әлемді таң қалдырды. Жұмыр жердің әр түкпірінен келген тәуелсіз сарапшылар халықтың мұндай белсенділігін, осыншалық ауызбірлігін, басшыларына деген қылаусыз сенім мен сүйіспеншілігін көрмегендігін жарыса, толғана айтты.

Иә, халық Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Ата-әжелер немерелерін жетектеп барып, өз бюллетендерін жәшікке соларға салдырды. Ол – бейбіт болашаққа, ертеңгі қуатты да, гүлденген Қазақстан іргесінің беріктігіне салынған сенім хаттай боп көрінді.

Халық өзінің сүйікті Президентіне сенді, оның бастамаларына, ісінің баяндылығына сенді.

...Телеарналардың бірінен ата жұртқа сағынып жеткен Арыстан Шәдетұлы ақсақалдың әңгімесін тыңдадық.

«Еліміз тәуелсіздік алғанда мен Берлинде тұрып, қызмет істеп жүргенмін. Қуанышымызда шек болған жоқ. Бір күні Қазақстанның Президенті Англияға келеді екен деген хабар тарады. Мен оны бір көруді армандап Англияға бес күн бұрын келіп жеттім. Қонақ үй жанынан түсіп жатқанын көріп, алыстан сәлем берген даусымды естіп Президент бұрылып амандасты. «Осындағы қазақтарды жиып, ертең сағат сегізде кел, осы қонақ үйде бізбен бірге кеткенше тұр, елді сағынған шығарсың, елге кел» деген-ді. Мен Елбасы үшін жаныңды бер десе, берер едім», - деп ағынан жарылды Арыстан Шәдетұлы.

Елбасын осылай сыйлайтындар, осылай құрмет тұтатындар, еңбегін осылай бағалайтындар аз ба?

Марқұм, абыз ақсақал Халифа Алтай да Елбасының тікелей қолдауы арқасында ата жұртқа жетпеп пе еді. Ата-бабасы Қытай өтіп, Иран, Ирак, Пәкістандарды көктей өтіп, Түркияға табан тіресе, армандары Қазақстанға жету емес пе еді. Енді өзіне туған жер топырағы бұйырса, балалары Қазақстанда түтін түтетуде. Немересінің бірі ҚазМУ-ді бітіріп еңбек етіп жүр екен. Елбасына айтар алғыстары шексіз. Мұндай отбасылары қаншама?!

Жалпы, біреуді кемсіту, кеудесінен итеру, менменсу, көлгірсу, біреудің арына тиіп, намысын аяқасты ету – үлкен мәдениетсіздік, қаттырақ айтсақ көргенсіздік болса керек. Сондай, менмендіктен талай елде бүлік шығып, қан төгіліп, тыныштық бұзылып жатқан жоқ па? Әлемнің әр түкпіріндегі әлгіндей аласапыран оқиғаларды көргенде Президентіміздің «Келісім мәдениеті» деген бір ауыз сөзі еске орала береді. Иә, келсімге қол жеткізу үшін де терең білім, тағылымды тәрбие, бедерлі біліктілік керек. Қазыналы халқымыз, Ұлы даланың данышпандары бізді әу бастан осыған тәрбиеледі. Сабырлы, ұстамды болуға, өзгені тыңдап, ой-уәжін далаға тастамауға, пікіріне құлақ асуға үйретті.

Пейілі кең, мейірімі мол, қонағына төрден орын ұсынатын ежелгі салтынан айнымаған қазақ дархан даласында он сан ұлыс өкілдерімен тізе қоса тірлік кешіп келеді. Сұрқия саясаттың салқыны тиіп бір түнде ата қонысынан үдіре көшірілгендерге де, соғыс қимылдарының қиғаш қағидаларымен қуғындалып, қауқарсыз, қалтырап келгендерге де, тың игеруге жастай жұмсалып келіп, үй тігіп, үбірлі-шүбірлі болып, тамыр жайып қалғандар да қазақ жерін сүйікті Отаны етті. Жаратылысынан жайдары, қонағына есігі ашық, дастарханы жаюлы жұртымыз ешкімді сыртқа тепкен жоқ. Бәрін де дос, бауыр ете алды. Олармен етене араласып, білмегенін біліп, білгенін үйретті. Сөйтіп, сан түрлі тағдыр тезімен елімізге келіп қалған өзге ұлт өкілдері қазақ жерін сүйіп, табан тіреп, арқа сүйеді. Өздері емін-еркін мекен еткен елдің өсіп-өркендеуіне алаңсыз үлес қосып, ертеңіне, болашағына үміт артты.

«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», - дейді Ұлт көшбасшысы.

«Кемедегінің жаны бір» демекші, тілектері тілеулес, тағдырлары тұтас отандасқа айналды. Жақсылық-қиыншылықты да  кемшілік-қуанышты да бірге көрді, біте қайнасты. Еліміз егемендігін алып, дамудың жаңа жолына түскенде осы көзқарас, осы ұстаным бұрынғысынан да бекіп, жетіле түсті. Егемен Қазақстанның жаңғырған саясаты, ұстанған бағыты осынау ұлы достықтың туын биік көтерді. Береке-бірлікті, татулық-ынтымақты әу бастан алға ұстаған халқымыз дамудың, ілгерілеудің ілгегі елдегі тыныштық екенін ереже етті.

Расында да, бір-бірімізден үйрене отырып, бір-бірімізді толықтыра отырып жан-жақты даму, еліміздің батыл жоспарларын жүзеге асыру үшін Елбасы айтқандай бізге керегі татулық, тұрақтылық. Ел дамуында жаңа, сапалық тұрғыдағы өзгерістер күтіп тұр. Бұл жаңа саты, жаңа дәуірлік даму Елбасы тұлғасымен тығыз байланысты болмақ. Осы мақсаттағы «Қазақстан-2050» Стратегиямыз ел өмірінде жаңа сапалы даму кезеңі басталып отырғанын көрсетеді. «Бейбітшілік пен келісімді нығайту – 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың басты критерийі». «Тұрақтылық пен келісім – әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» деген Президент тұжырымы баршамыз үшін бұлжымас қағида болуға тиіс. Тыныштықсыз, береке-бірліксіз табыс та, жетістік те жоқ. Бұл – өмірдің өз сабағы.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости