Дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтанамыз?

31 Декабря, 2017, 16:59 13960
Дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтанамыз? | Аналитика | BNews.kz

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің елде дін мемлекеттен бөлінген. Яғни, ешқандай діни ұйым мемлекеттің билігіне араласа алмайды. Алайда, бұл мемлекеттің дінмен шаруасы жоқ дегенді білдірмейді. Әрбір діни ұйым билік өкілдерінің, құқық қорғау органдарының жіті бақылауында. Өйткені, қазір дін атын жамылған түрлі секталар мен ағымдар адамзат баласының өміріне, мемлекеттік құрылымға үлкен қауіп төндіріп отыр.

Бұрын тек шетел жаңалықтарынан естіп-көріп жүрген лаңкестер, террорлық актілер қазір Қазақстанда да көрініс тапты. Айналдырған 5-10 жылдың ішінде елімізде бір емес, бірнеше лаңкестік оқиға тіркелді.

Мұның бәрін не үшін айтып отыр дерсіз. Қазір бір ғана ислам дінінің 70-тен астам ағымға тармақталып кеткенін жақсы білеміз. Әрқайсысы өз ұстанымдарын дұрыс деп есептейді. Көпшілігінің көздейтіні – қалыптасқан дәстүрлерді жойып, мемлекеттің билігін құлатып, халифат орнату. Олардың арасындағы ең белсендісі және ұстанушылар санының ең басымы – салафизм ағымы. Аталған ағымға Қазақстанда тыйым салынбағандықтан, біздің елде олардың жамағаты емін-еркін уағызын айтып, қатарын арттырып келеді.

Салафизмнің қауіпті ағым екенін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғадан кейін мәлімдеген болатын. Қаланың қақ ортасында лаң салған ондаған адамның тірі ұсталғандары өздерінің салафизм ағымынан екендіктерін мойындаған. Кейін анықталғандай, бұл терроршыларға тапсырманы шетелдегі «рухани» ұстаздары беріпті.

Артынша Алматыда болған терактіні жасаған Руслан Күлекбаев та салафилермен байланысты болып шықты.

Яғни, айтқымыз келгені, салафизмге Қазақстанда әлі тыйым салынбағанымен, оның ұлттың тұтастығына қауіпі бар екені анықталып отыр. Өйткені, бұл ағымның ұстанымы қазақтың салт-дәстүріне түбегейлі қарсы. Түбі бір ислам дегенімен, қазақтың ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі исламымен салафизм бір-біріне мүлдем қарама-қайшы ұғымдар секілді.

Сондықтан да аталған ағымға тыйым салатын заңның қабылдануын күтіп отырмай еліміздің теологтары, имам-молдалары былтырдан бері халық арасында түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізе бастады. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанынан, облыстық Дін істері басқармалары жанынан ақпараттық топтар құрылып, олар әліге дейін ауыл-ауылды, оқу орындарын аралап жүр. Мақсаттары – әлі теріс ағымдармен «уланбаған» азаматтарды, жастарды сақтандыру, деструктивті ағымдардың қаупі жайында ақпараттандыру.

Елімізге танымал теолог Досай Кенжетайдың айтуынша, салафизм ұстанушылары елде көбейіп кетсе, оның түбі революциямен аяқталуы мүмкін.

«Салафилік ағым ұстанушылары әсіресе, әбден тозығы жеткен, жемқорлық жайлаған, әлеуметтік теңсіздігі бір топтардың ғана қолына қараған, иманнан жұрдай елдерде тез дамиды. Бірақ есте болсын, салафилік идеология да ондай елді ретке келтіре алмайды. Олардікі иллюзия ғана. Себебі ақыл болмаған жерде әсіресе, мемлекетте салафилік тек революцияға ғана жарайды. Арты қайырлы болмайды. Бүгінгі барыңнан айрылып қалуың ықтимал. Сондықтан дамудың идеологияның ең тиімді жолы өз тарихыңда, өз діни тәжірибеңде, жатыр. Оны аршу үшін де "ортақ ақыл" қажет! Әзірше қазақта "ортақ ақыл" түгіл "ортақ тіл" де жоқ...», - дейді теолог Досай Кенжетай.

Ол сондай-ақ, салафизм ағымына мемлекет тарапынан міндетті түрде тыйым салыну керек деп есептейді.

«Жалпы, еліміздегі террорлық, экстремистік базаны салафизм құрайды. Олар дендеп кірді. Мемлекеттік қабаттың барлық сатыларында өкілдері де, сыбайластары да, жақтастары да жетерлік. Әсіресе құқық қорғау органдарында көрініс беріп отыр. Жалпы, кез келген қалалық аудандық мекендердің барлық бизнес, базар құрылымын «салафизм базары» десек те болады. Міне осы қабатты еркіне жіберген екенсің, енді соны дұрыс қадағалау,бақылау, тану, сараптау, тәрбиелеу, тетіктерін де қалыптастыруың керек. Жалпы кез келген сала арнайы принциптер мен шаблондармен бақыланбаса, ол кейін саған бағынбайды. Салафизмге бүгін мемлекеттік-құқықтық тоқтаулар салыну керек. Себебі, салафизм тікелей мемлекеттік құрылымдармен сыбайласып үлгерді. Осы елдегі «саясиланған дін» құбылысын тоқтатса, оған құқықтық шектеу қойса, қазақ мұсылмандық тәжірибесін өз орнымен пайдаланса, ҚМДБ да осы параллельде мемлекетпен бірге жұмыс істесе, шешілмейтін мәселе жоқ. Бәрі өзімізге байланысты», - дейді Досай Кенжетай.

Дегенмен, бүгін-ертең салафизмге тыйым салынуы екіталай. Мұны бұған дейін Сыртқы істер министрлігін басқарған Ерлан Ыдырысов та кезінде айтқан болатын. Өйткені, Сауд Арабиясының өзі салафилік ағымды ресми ұстанады. Егер біздің елде оған тыйым салып жатса саудиялық билеушілер «ренжіп қалуы» әбден мүмкін. Сондықтан, Қазақстан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей бұл тығырықтан шығуы тиіс.

Ал, енді қарапайым халық осынау дәстүрлі емес діни ағымнан сақтану үшін не істеуі керек? Бұл туралы дін мамандары айтсын.

Медет Халықов, ОҚО Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің дінтанушы маманы:

«Жалпы діннен еш хабары болмаған қарапайым қатардағы жастардың дінге бетбұруына ықпал ететін факторлар бар. Солардың бірі әрі бірегейі ол әлбетте интернет, ондағы әлеуметтік желілер, қауымдастықтар болып табылады. Ата-анасының немесе имамдардың ықпалымен дінге бетбұрушылар да жоқ емес әрине, бірақ өте аз. Өйткені ата-ананың балаға рухани тәрбие беруге уақыты да қаухары да жоқ. Жастардың рухани сұранысын қанағаттандыратын негізгі құрал, әрі ұстаз «Интернет» болып шыға келеді. Ал, өз беттерінше ілім алған жастардың дәстүрлі емес діни ағамдардың жетегінде кету ықпалы басым.

Дәстүрлі емес ислам ағымына кіріп кеткен жандарды тану қиын емес.

Біріншіден, олардың сөздері өзгереді. Күнделікті қолданыстағы сөздерді араб терминдерімен ауыстыра бастайды. Әсіресе «Ахи», «Ухти», «Джазака Аллаһума хайран», «Джахил», «Мушрик», «Мунафиқ», «Бидғат», «Харам», «Аузубиллаһ», «Әстағфируллаһ» деген сөздерді өте жиі естейтін боласыз.

Екіншіден, олар өз есімдерін өзгертіп алуы мүмкін. Өзінің негізгі атынан бөлек «куня», яғни лақаб аттар ала бастайды. «Абдуллаһ», «Сейфуллаһ», «Халид», «Хамза», «Салахаддин» т.б.. Бұл аттардың барлығы ислам тарихандағы қаһарман қолбасшылардың аттары болып табылады.

Үшіншіден, олар киімдерін өзгертеді. Спорттық немесе әскери киімдерге әуес болу. Шалбардың балақтарын қысқарту, егер спорттық болса балақтарды бүру, үнемі ақ шұлықтар киуді әдетке айналдырады.

Төртіншіден,Рок, Поп, Джаз секілді музыкаларды қоспағанда дәстүрлі, патриоттық әндердің өзін тыңтауды харамға шығарады. Әйелдер ән айтатын жерлерден кетіп қалады.

Бесіншіден, намаз оқуы өзгеріске ұшырайды. Егер бала намаз оқымаса, онда намаз бастайды. Ал оқитын болса, онда үстіне намаздарды көбейте бастайды. Фарз намаздардан басқа нәпіл намаздарды да өте ұзақ әрі тастамай оқитын болады. Намаздарды Ханафи мәзһабымен емес аяқтарын талтайтып, қолдарын көкіректеріне байлап басқаша оқиды. Әйел және еркек намаздарының айырмашылығы болмайды. Егер жамағатпен оқылатын намаздар болса «Әмин» дұғасын дауыстап, айғайлап айтады.

Алтыншыдан, мінездері өзгеріп шыға келеді. Отбасы мүшелерімен қарым қатынасы бұзылады. Алғашқы уақытта кезкелген нәрсе үшін сөз таластыратып, тез ашуланатын болады. Уақыт өте келе тұйықтық басып, ешнәрсеге зауқы болмай, ашылып сөйлеспейтін болады. Туған туыстармен қатынасын үзе бастайды. Туыстары арасында мемлекеттік, құқық қорғау органдарында қызмет жасайтын болса олармен мүлде араласпайды. Соңында барлық әрекеттерін жасырып, өзі намаз оқып жүрсе де жалған сөйлей бастағанын байқайсыз.

Жетіншіден, жиһадшыл бола бастайды. Ислам дінінің мәні, ең асыл мақсаты ол жиһад деген түсінікке жетеді. Оған ислам тек жиһадтан тұран болып көрінеді. Тек жиһад тақырыбы ғана қызықтырып, жүрген жерінде сол терминді издей беретін болады. Оның «Бұл өмірдің мәні жоқ», «Шынайы өмірге дайындалу керек» деген сөздерін байқайсыз.

Сегізіншіден, ұстаздары мен оқитын әдебиеттері өзгереді. Шартты түрде оқытылатын кітаптар төмендегідей: «Үш негіз», біздің елімізде тыйым салынған діни әдебиет, «Төрт қағида», «Күмәннан тазару», «Таухид кітабы» (авт. Мухаммад ибн Абдалуаһабат-Тамами), «Описание молитвы пророка», «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» (авт. Шейх Хафиз Ахмад әл-Хакәми.) Қосымша оқылатын әдебиеттер: Егер Құран аудармасын оқыса, тек Абдурахман ас-Саадидің тафсрі. Бухари және Муслим сахихтерін шархсыз (түсіндірмесінсіз) немес өз ұстаздарының түсіндірмелерін оқиды.

Тоғызыншыдан, ақпараттық алаңы өзгереді. Телевизор, радио, газет, журнал секілді ақпарат көздерін қарауды қояды. Тек интернет алдында өз ұстаздарының діни уағыздардын тыңдап, ислам әлеміндегі болып жатқан қарулы қақтығыстардың видеоларын қарап, оған қатысты жазылған пікірлерін оқумен күнін өткізеді.

Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей мұсылман үмметін өз ішінен ыдыратуға арналған ұзақ мерзімді идеологиялық бағдарлама болып табылады. Негізгі мақсат, өскелең ұрпақты орта буынға қарсы қою арқылы қоғамда бейберекетсіздік орнату және бітпес талас-тартыс алаңына айналдыру».

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы:

«Салафизм идеологиясының негізі буквализмге, яғни Құран аяттары мен хадистердің мазмұнын түсінбей, тура мағынасында сөзбе-сөз түсінуге, ақыл-парасатты қолданбауға негізделген. Олар астарлы мағыналы аяттар мен хадистердің тек сөздік мағынасын негізге ала отырып, ішкі мәніне үңілместен сол күйінде қабылдау керектігін алға тартады. Мұндай идеялар тарихи тұрғыдан дәлелденген мәзһабтар институтын жоққа шығарып, «әр мұсылман тікелей өзі Құран мен хадиске жүгініп, пәтуа бере алады» деген үстірт әрі шетін көзқарастың қалыптасуына алып келеді. Ал, бұл көзқарас қазіргі кезде дінішілік алауыздық пен пікір қайшылықтарының туындауына жол ашуда.

Мәзһаб ұстанбайтындардың пікірі бойынша әрбір адам дінді, шариғатты өз беттерінше оқып, үйрене алады. Ол үшін араб тілін меңгеру жеткілікті. Араб тілін білген адам Құранды да, сүннетті де өз бетінше оқып, дін қағидаларын түсіне алады. Яғни, ешқандай мәзһабқа ерудің, ұстанудың қажеті жоқ.

Ақылды шектеп, кеңінен ой қорытуға жол бермейтін салафилер «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол — философия, яғни адасушылық» деген қағидаттарды қойып, аяттар мен хадистердің негізгі мәніне, олардың қандай жағдайда, қашан айтылғанына қарамастан тікелей мағынада қабылдауға тырысады. Ақыл қорытып, ой жүгіртуге шектеу қоятындықтан, олардың қатарына жаңадан қосылған адам еркін ойлау қабілетінен айырылып, мәңгүртке айналады. Өйткені, ондай адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, өйткені оның білімі жеткіліксіз, мәтіндерді тек салафилер түсіндірген қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды күнә санайды.

Салафилердің мәтіннің тікелей мәніне жүгінуінің бір түрі адамға тән сипаттарды Жаратушыға телу болып табылады. Ислам тұрғысынан алып қарайтын болсақ, бұл Жаратушының есімдері мен сипаттарына байланысты түсіндірме бермей, тікелей түсіну, қабылдау және түсіндіру әдісі дегенді білдіреді».

Иә, дінтанушылар да, имам-молдалар да салафизмге заңмен тыйым салынбағандықтан оларға қарсы әзірге тек ақпараттандыру жұмыстарымен ғана шектелуге мәжбүр болып отырмыз дейді. Сондықтан, кез-келген теріс діни ағымдарға қарсы халықтың өз бойында иммунитеті болуы тиіс. Ал ол иммунитеттің – «дәстүрлі ислам». Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы ғана бізді тура жолдан адастырмасы анық дейді исламтанушылар.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости