ЭКСПО-2017 көрмесі өзін ақтай алды ма?

26 Декабря, 2017, 16:46 11329
ЭКСПО-2017 көрмесі өзін ақтай алды ма? | Аналитика | BNews.kz

Иә, бұл сұрақты қазір қоятындар көбейген. Өйткені, аталған көрме басталмай жатып-ақ оның шығындары жайында түрлі алып-қашпа әңгімелер пайда болды. Қазақстанды айтпағанда, шетелдіктер арасында да ЭКСПО санайтындар аз болған жоқ.

Ең бірінші болып ресейлік бейресми сайттарда «Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу үшін 3 млрд АҚШ долларын жұмсағалы жатыр екен» деген мәліметтер пайда болды. Алайда, көрші елдің басылымдары бұл цифрды қайдан алғанын, кімнің аузынан шыққанын жарияламады.

Мұнан кейін көптен күткен көрмеміз де басталды. Бәрі жап-жақсы өтіп жатқан «тойымыздың» шырқын америкалық журналист Джеймс Палмер бұзды. Астанаға көрмені көруге келген шетелдік маман еліне қайтқаннан кейін көрменің атына заты сай емес екенін ашық жазды (есте болса, Астанадағы ЭКСПО көрмесі «болашақтың энергиясы» тақырыбында өткен болатын). Сол талдау мақаласында Палмер Қазақстан билігінің ЭКСПО-ға 5 млрд доллар жұмсағанын да көрсетіпті. Алайда, ол бұл цифраны ресми органдардан емес, өзінің құпия дереккөзінен алғанын жасырмады, тіпті көрмеге кеткен шығынды өзі де шамалап есептеп көрген екен.

Бұл ретте «ит үреді, керуен көшеді» деп, Палмердің айтқанына үн қатпай қоя салуға да болар ма еді... Алайда, америкалық журналистің жазған мақаласы бүкіл әлемге тарап, оның сөзіне иланғандар саны тиісінше өсіп кетті. Яғни, Қазақстанның халықаралық аренада қасықтап жиған абыройы шелектеп төгілудің алдында тұрды. Сондықтан, үн қатпауға болмады.

Мойындау керек, алғашында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов қызбалыққа салынып кетсе керек, «Джеймс Палмер деген адам өтірікші, ол Қазақстанға мүлдем келген емес» деп журналистер алдында айтып жіберді. Артынша Палмер өзінің паспортындағы Қазақстан кеденшілері басқан штампты көрсетіп, Куяновтың өтірігін әшкерелеген болатын. Сабасына түскен ЭКСПО-2017 өкілі мұнан кейін ғана халықаралық көрмені өткізуге қанша теңге жұмсалғанын қазақстандық және әлемдің БАҚ өкілдерінің алдында айтып берді.

Шығын Палмер айтқандай 5 млрд доллар емес. Тіпті, ресейлік журналистер болжағандай 3 миллиард та емес. Айтпақшы, Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев та өз елінің журналистеріне берген сұхбатында ресми Астана ЭКСПО көрмесін өткізуге 3 млрд доллар жұмсапты деп айтып жіберген болатын. Алайда, қырғыз елінің басшысы бұл статистиканы қайдан алғанын айтқан жоқ.

Сонымен, Сергей Куяновтың айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесін бастан-аяқ өткізуге Қазақстан 1,3 млрд доллар немесе 400 млрд теңге жұмсаған. Мұны бұған дейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов те Елбасының алдында болған жиында бірнеше рет айтқан еді. Ал, Сергей Куянов батыстың журналистеріне «түймедейді түйедей етпей», яғни, жалған ақпарат таратпауды сұрады.

«Палмердің бұл мақаласы барып тұрған өтірік! Жалған ақпарат мақаланың тақырыбынан-ақ басталып тұр. «Қазақстан лазермен атпайтын өлім жұлдызын салу үшін 5 млрд доллар жұмсады» деп айқалатып тақырып қойыпты. Біріншіден, Қазақстан 5 емес, 1,3 млрд доллар жұмсады. Бұл екі цифраның арасы жер мен көктей ғой?! Екіншіден, «Нұр әлем» сферасы лазермен атады, әсіресе түнде келіп көрсе оның сұлулығына көзі жетер еді. Ал, Палмердің мұндай цифраны қайдан тауып алғанын біз білмейміз, ол тіпті өз де білмейтін секілді, мақаласында көрсетпепті. Біздің оппозиционерлер болса отқа май құйғандай 5 млрд доллар деген статистиканы әр жерге бір таратты. Алайда, жұрт сенбегеннен кейін оны 3 млрд долларға қысқартыпты. Бірақ, тағы айтамын, ЭКСПО-2017 көрмесін салуға, ұйымдастыруға барлығы артық-кемсіз 1,3 млрд доллар жұмсалды», - деді Сергей Куянов журналистермен болған баспасөз мәжілісінде.

Ал, көрме аяқталар тұста Ахметжан Есімов бұл цифраларды нақтылай түсті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуде Ұлттық компания төрағасы шығындардың алғашқы жоспардан екі есеге дейін қысқарғанын айтты.

«ЭКСПО көрмесі экономиканың барлық секторының дамуына серпін беруде. Қонақ үйлер мен көпшілік тамақтанатын орындарда туристер саны артты. Сол себепті елорда бюджетіне қосымша қаражат түсіп отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Қазақстанның 196 компаниясы көрме кешенінің құрылысына қатысты. Бұл 200 мыңға жуық адамды қамтыды. Қазір көрме қызметін қамтамасыз ететін 21 мыңдай адам жұмыс істеуде. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес құрылысқа 816 млрд теңге қарастырылған. Кейіннен бұл қаражат оңтайландыру есебінен 452 млрд теңгеге азайтылды», – деді Ахметжан Есімов ел Президентіне берген есебінде.

Біз мұның бәрін не үшін тізбектеп айтып отырмыз? Осы аптада Мемлекет басшысы отандық БАҚ басшыларымен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берген болатын. Аталған кездесуде бас редакторлардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевтан ЭКСПО мен Универсиада шығыны туралы тағы да сұрады. Негізі Елбасы дәл осы мәселені көрме біткеннен кейін бір емес, екі бірдей жиында айтқаны есімізде. Яғни, көрмеге кеткен шығынның қанша теңгені құрағаны, түскен пайданың қанша болғаны туралы анық айтқан еді. Соған қарамастан біз ЭКСПО шығынын әліге дейін санап келеміз.

«Егер біз бұл сұрақтарды қайта-қайта қоя беретін болсақ көздеген мақсатымызға ешқашан жете алмаймыз. Осы сұраққа жауап беруге қаншама уақыт жұмсадық. Кезінде «Астананы сонша ақша жұмсап не үшін ауыстырдың?» деп сұрағандар да көп болды. Ал, енді қазір соның игілігін көріп отырсыздар. Айналдырған 20 жылдың ішінде миллиондық қалада тұрып жатырсыздар. Есесіне, қазір маған ол сұрақты қоймайтын болды. Кез-келген игі іс оңайлықпен басталмайды. Оның игілігін жұрт тек уақыт өткеннен кейін барып көзбен көреді, сезінеді.

Иә, біз Универсиадаға да, ЭКСПО-ға да аз ақша жұмсаған жоқпыз. Бірақ, Алматыға дәл осы нысандарды салуды бұрыннан жоспарлап жүрген болатынмын. Алматыда 2 миллион адам тұрады. Сондықтан, бұл қалаға екі мұз сарайы, спорттық нысандар қажет. Универсиада аясында 1748 пәтер салынды. Олардың бәрі қазір үй кезегінде тұрған алматылықтарға берілді. Әлі де беріліп жатыр. Универсиада аяқталғаннан кейін Алматыда қысқы спорт түрлерімен айналысушылардың саны 60 пайызға өсті. Енді осыдан кейін Универсиаданы қалай шығынға батты деп айта аламыз? Өзін ақтағаны көзге көрініп тұр емес пе?», - деді Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен болған кездесуде.

Елбасы ЭКСПО көрмесіне де ерекше тоқталып, оның да шығыны мен пайдасын санамалап берді.

«ЭКСПО-ны өткізуге кеткен қаражатты қайдан алғанымызды әу бастан-ақ айтып келеміз. Мемлекет бюджетінен аз ғана бөлігі төленді. Қалғаны демеушілер мен инвесторлардың қаражаты. Оның үстіне, үнемдеудің арқасында жоспарланған шығынның тең жартысы қысқарды. Есесіне, біз осы көрменің арқасында бүтін бір ауданды тұрғыздық. Біз қазір «Нұр әлем» сферасында отырмыз, ал бұл нысан одан әрі музейдің қызметі атқаратын болады. Қазір бұл музейге күніне орта есеппен 600 адам келіп-кетеді. Демалыс күндері келушілер саны 2 мыңға дейін жетеді. Яғни, күн сайын ақша түсіріп отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Рас, ЭКСПО-ға жұмсалған қаражаттың сомасын естігенде әрбіріміз абдырап қалмасақ та, жағамызды ұстап, «мұның орнын қалай толтырмақ» деп өзімізге өзіміз сауал қойдық. Мұның ұзақ мерзімге жоспарланған жоба екенін ойлаған жан көп болмады. Тек билеттен қанша ақша түскенін есептеуден көбіміз ары аса алмадық.

Шындығында, ЭКСПО-дан Қазақстан қандай пайда тапты, енді сол жайында азды-кем ой түйіп көрсек...

Ең алдымен, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды. Яғни, еліміздің маңызды көрмені ешқандай дау-дамайсыз, төтенше жағдайсыз атқарып шығуы – Қазақстанға деген инвесторлардың, халықаралық ұйымдар мен банктердің сенімін арттырды.

Екіншіден, Қазақстанда бұған дейін ақсап тұрған туризм саласына жан біте бастады. Мәселен, көрме өткен үш ай ішінде Астанаға Қазақстанның өзге өңірлерінен және шет мемлекеттерден барлығы 2,5 миллион адам келген. Бұл оқиға ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ерекше серпін беріп отыр. Шетелден келген қонақтар бір ғана Астанамен шектеліп қоймай, Қазақстанның өзге де аймақтарын аралап көрді.

«Көрмеге үш айда 2 миллион адамның келуі жоспарланған болатын. Бүгінде келушілер саны 2,5 миллионнан асты. Халықаралық павильондарға 5 миллионнан астам адамның келуі көзделген болса, қазір оларды 20 миллионға жуық адам аралап көрген. Келушілер үшін ең танымал павильон – «Нұр Әлем» сферасы. Оған 831 мың турист келген. Көрме соңына дейін бұл көрсеткіш 1 миллионнан асады деп жоспарланып отыр. «ЭКСПО-2017» көрмесі ашылғаннан бері 68 елдің ұлттық күндері өтті. Сондай-ақ, көрмеге 106 мәртебелі мейман келді, атап айтқанда, 19 мемлекет басшысы, 16 премьер-министр және олардың орынбасарлары, 11 парламент жетекшісі және олардың орынбасарлары, 60 министр және олардың орынбасарлары бар. Шет мемлекеттер өздерінің павильондарын әзірлеуге 100 миллион долларға жуық қаражат жұмсады», – дейді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов.

Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерінің әлеуеті түзелді. Қалада жаңа қонақ үйлер, мейрамханалар, демалыс орындары салынды. Астанадағы тауар айналымы 20 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес дамыды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар, туроператорлар жағдайларын жасап алды. Азық-түлік өндірушілерінің сауадасы еселене түсті.

Төртіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылды. Көрменің құрылысына отандық 196 компания қатысып, 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Көрме аяқталғаннан кейін де мыңдаған адам тұрақты жұмысқа ораналасты.

Бесіншіден, ЭКСПО-2017 кешенінің нысандары бұдан әрі де пайдаға асатын болады. Көрменің басты нышанына айналған «Нұр Әлем» сферасы бүгінде музейге айналған. Ол Астана бюджетіне ай сайын ондаған миллион теңге қаржы түсіріп отыр. Сондай-ақ, өзге павильондарда ұлттық IT-орталық, «Астана» қаржы орталығы орналасатын болады. Бүгінде бұл екеуінің соңғысы Алматыдан Астанаға көшу процесін жүргізіп жатыр. Жоспарға сәйкес, «Астана» қаржы орталығы Орта Азиядағы ғана емес, жалпы Еуразия құрлығындағы ең беделді қаржы орталықтарының біріне айналуы тиіс. Ал, IT-орталық Қазақстанның «кремний алқабына» айналмақ. Яғни, мұнда отандық ғалымдар ең озық технологияларды ойлап табатын болады.

Алтыншыдан, Қазақстанда баламалы энергия көздерін пайдалану процесі басталып кетті. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің тақырыбы – «Болашақтың энергиясы» болатын. Яғни, көрмені өткізудегі Қазақстанның басты мақсаты – жаңартылған энегрия көздерін тауып, оны айналымға енгізу еді. Өйткені, энергетика тапшылығы қазіргі таңда бүкіл әлемде сезіліп отыр. Әсіресе, Орта Азия елдерінде жағдай ушығып кеткен. Сондықтан, баламалы энергия көздерін табу, оны жаппай айналымға енгізу Қазақстан мен көрші елдер үшін аса маңызды. Қазірдің өзінде Астана іргесіндегі ондаған гектар алқапқа күн батареяларын орнату жұмыстары басталып кетті. Ол қаладағы энергия тапшылығын болашақта жояды деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Астанадағы бағдаршамдар, түнде жарық беретін өзге де жол белгілері күн батареяларымен қуаттанады. Бұдан бөлек, елорданың екі жерінде қазіргі таңда желден қуат алатын қондырғылар орнатылып, олар сынақтан өтіп жатыр. Болашақта олардың саны артатын болады.

Қысқасы, ЭКСПО-2017 көрмесі алғашқы жылдары айтарлықтай шығын алып келсе, қазір ол Қазақстанның экономикасы үшін жұмыс істей бастады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі аталған көрмені өткізуден түскен қаражат өз шығынын бүгінге дейін жауып біткенін ресми мәлімдеген болатын. Енді бұдан кейін ол біздің бюджетке тек пайдасын ғана әкелмек. Бұл пайда тек қаржы тұрғысынан ғана емес, экология тұрғысынан да болады. Сондықтан, ЭКСПО-ның шығынын есептейтіндер осы жоғарыда жазылған алты жайтты да ескерсе деген тілек бар.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости