ЭКСПО – Қазақстанның туризм саласына серпіліс әкелді

ЭКСПО – Қазақстанның туризм саласына серпіліс әкелді

18 қараша, 2017, 11:57 3346
ЭКСПО – Қазақстанның туризм саласына серпіліс әкелді

Күні кеше Астана төрінде халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің өткені белгілі. 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан ауқымды шара Қазақстанның бір емес, бірнеше саласына үлкен серпіліс алып келді.

Экономика мен мәдениет салаларындағы оң өзгерістерді айтпаған күннің өзінде, еліміздің туризм секторы жедел дамуды бастан кешіріп отыр. Көрме уақытындағы келім-кетім өз алдына, ЭКСПО аяқталған 2 айдан астам уақытта Астана мен Қазақстанның өзге өңірлеріне келушілердің саны еселеп өсіпті. Сондай-ақ, дәл былтырғы жылмен салыстырғанда туроператорлардың қызметіне сұраныс 78%-ға артқан.

Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астана мен Ақмола облысының туризмін айтарлықтай дамытқан. Астананың өзіне, Бурабай мен Зерендіге Қазақстанның өзге аймақтарынан және көрші Ресей мен Қытайдан келушілердің саны артыпты.

«Туризм саласында қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы да ЭКСПО көрмесінің арқасында. Бұл жетістіктеріміз бізді одан әрі алға жылжуға итермелеп отыр. Қазіргі таңда шетелдік мамандармен бірге Астана туризмін дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын әзірледік. Бұл стратегия елорданың туризмін мүлдем жаңа деңгейге шығарады деген үміттеміз. ЭКСПО көрмесін өткізудің арқасында Астанада көптеген заманауи ғимараттар салынып, инфрақұрылым ретке келді. Қазір кез-келген шетелдік қонақты ұялмай қарсы алатын дәрежедеміз», - деді Астана әкімінің орынбасары «ЭКСПО-2017 – Қазақстандағы туризмді дамытудың жаңа импульсі» атты жиын барысында.

Аманшаевтың айтуынша, ЭКСПО көрмесі өткен үш айдың ішінде Астанадағы қонақ үйлер мен мейрамханалар және дәмханалар Астана бюджетіне салықты бұрынғыдан үш есе көп түсірген. Туроператорлар да пайдаға қарқ болыпты. Есесіне олардың да салық ретінде төлеген қаражаты бірнеше есеге артып отыр. Қонақ үйлерге келушілердің саны 3 есеге, ойын-сауда орталықтарына келушілердің саны 2 есеге өскен. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 500-ден астам ісшара өткізілді. Бұдан бөлек, көрмеге келген әлемнің 115 елі мен 18 халықаралық ірі ұйым келушілерге өдерінің технологиялық жетістіктерінің жемісін ұсынды. Олар негізінен «жасыл экономика» тақырыбына қатысты инновациялық жобалар еді.

«Мұндай ауқымды іс-шаралар сондай-ақ, қаланың іскерлік ортадағы беделін де арттыратыны сөзсіз. Тиісінше, Астанаға ірі кәсіпкерлер, ірі компаниялар келіп бизнес ашуға ниеттерін білдіріп отыр. Шетелдік туристер бұрынғыдан көбірек келе бастады. Енді оларды бұрынғыдай қайда жатқызамыз деп уайымдамаймыз, ЭКСПО көрмесі кезінде бірнеше жоғары санатты қонақ үй салынды. Мәселен, былтыр елордада барлығы 165 қонақ үй жұмыс істеп тұрған болса, биыл олардың саны 201-ге жетіп отыр», - дейді Астана әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, ЭКСПО кезінде келушілерге кедергі болмас үшін 48 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз режим іске қосылған.

«Визасыз режимнен бөлек «ашық аспан» режимі де жұмыс істеді. Осы шаралардан кейін шетелден келушілердің саны күрт өсті. Мәселен, ЭКСПО көрмесі басталған уақыттан бері елордаға барлығы 5 млн 4 мың адам келіп үлгерген. Олардың 2,5 миллиондайы халықаралық көрменің өзін тамашалауға келді. ЭКСПО-2017 қарсаңында сондай-ақ, жаңа Нұрлы жол вокзалының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ол заманауи техноллогиялардың барлығымен дерлік жабдықталған. Бүкіләлемдік стандарттарға сай етіп жасалды. Бұдан бөлек Астана әуежайының халықаралық рейстерге арналған жаңа терминалы да іске қосылды. Нәтижесінде 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанаға әуе жолдарымен барлығы 725 мың адам ұшып келді. Олардың 280 мыңы шетелден келген», - деді Е.Аманшаев.

Аталған жиынға қатысушылар тек Астананың ғана емес, жалпы Қазақстандағы туризм саласының ахуалына да тоқталып өтті. Мәселен, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туримз индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мырзамадиеваның айтуынша, елімізде қазір киелі жерлерге келуші туристердің саны басым екен. Сондықтан осы бағытты одан әрі дамыта түсу керек дейді ол. Ал, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының вице-президенті Тимур Дүйсенғалиев болса туризм ЖІӨ-нің 8 пайызын құрау керек дегенді айтып отыр.

«Біздің ұлттық компанияның құрылғанына көп болған жоқ, кеше ғана жұмысымызды бастадық. Ендігі миссиямыз – Қазақстанның туристік орындарына деген қолжетімділікті қамтамасыз ету, «Қазақстан туризмі» брендін насихаттау және осынау саланы дамыту үшін ірі инвесторларды тарту. Шетелдік болсын, өз азаматтарымыз болсын, туристік орындарға бару үшін көп шығындалмауы керек және жолда ешқандай кедергілерге тап болмауы тиіс. Біз мемлекет пен туристік ұйымдардың арасындағы көпірге айналуды көздеп отырмыз. Екі тарап арасында ашықтықтың болуын қамтамасыз етіп, туристердің сапалы демалуына жауапты фирмалардың жұмысын қадағалаймыз», - дейді Тимур Дүйсенғалиев.

Ол сондай-ақ, отандық туризмді дамытуға қажетті тағы бірнеше жобаны атап өтті. Ұлттық компания вице-президентінің айтуынша, Қазақстан ең алдымен этно және эко туризмді дамытуға көбірек көңіл бөлуі керек. Сондай-ақ, шетелдіктерді қызықтыратын ойын-сауық жобалары да Қазақстан үшін дәл қазір өте қажет екен. Бұл ретте Қазақстанның бұрынғы тарихы мен қазіргі жетістіктеріне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

«Қазақстан – еуразиялық кеңістіктегі ең белсенді ойыншылардың бірі. Алтай – өркениеттің бесігі, мұны біз ойдан құрастырған жоқпыз, бұл тарихи факт. Өйткені, Алтайдан батыс пен шығысқа қарай көптеген тарихи көштер жүрген. Қазіргі таңда кәрістер мен жапондар, түріктер Алтайды зерттеп, бұл аймақ бүкіл адамзат баласының бесігі болған дегенді айтып жүр. Яғни, ең алғашқы адамзат және өркениет осында пайда болған дейді олар. Біз бұл деректерге ерекше мән беріп, оны өзіміздің пайдамыз үшін жаратуымыз қажет. Бұл бір. Екіншіден, бізде тағы Almaty Fest деген керемет жоба бар. Келер жылы біз бұл жобаны халықаралық деңгейде атап өтсек деген ниеттеміз. Бұл біріншіден Қазақстан туризміне жаңа серпін береді, екіншіден біз өзіміздің брендке айналған өнімді шетелдіктерге ұсынамыз. Бүкіл әлем Алматыны алманың атасы ретінде таниды. Алайда, біз қазіргі таңда жемістің осынау түрін өндіруден қалдық. Сондықтан, аталған кеишіліктің орнын толтыру және өзімізге бұрынғы атақты қайтару үшін қазір алма өсіруді қайта қолға алып отырмыз», - деді аталған жиын барысында Тимур Дүйсенғалиев.

Айта кету керек, «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының алдына қойған нақты мақсаттары бар. Солардың бірі – 2023 жылға дейін ЖІӨ-дегі туризмнің үлесін 5,5 пайызға жеткізу. Бұл көрсеткішке жету үшін ең алдымен ресейлік және қытайлық туристердің келуіне басымдық берілетін болады дейді Ұлттық компания басшылары.

«Екінші басымдық еуропалық елдерге және Үндістан мен Иранға берілетін болады. Үшінші басымдықтағы елдер Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан мемлекеттер. Біз Вьетнам туристерінің Қазақстанға келгісі келетінін естіген кезде өте қатты қуандық. Өйткені, қазір Вьетнамдағы орта тап өкілдері, яғни қарапайым халық экономикалық тұрғыда тез дамып келеді. Біз қазір бұл үш топтағы мемлекеттерге бірнеше жоба ұсынамыз. Олар: экотуризм, ұлттық парктер,ауылдарымыз, тарихи-мәдени ескерткіштер, демалыс орындары, өзендер мен көлдер. Тіпті, каспий теңізінде керемет жоба әзірлеуге де дайындалып жатырмыз», - деді ол.

Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, ең алдымен көпшіліктің сұранысына ие орындарда туризм дамытылатын болады. Атап айтқанда, Алматы мен Алматы облысы және Жібек жолы бойындағы көне қалаларға келушілерді тарту үшін бірқатар жағдайлар жасалмақ.

«Яғни, Қытай шекарасындағы Қорғастан Түркістанға дейінгі бөлікті алып жатқан Жібек жолының бойын дамытатын боламыз. Өйткені, бұл бағытты бүкіл әлемнің саяхатшылары жақсы біледі. Жыл сайын ондаған шетелдік осы жолмен жүріп те өтіп жүр. Жібек жолы тақырыбы қазір Қазақстанның әлемге ұсына алатын бірден-бір бренді. Сондай-ақ, ұлттық табиғи парктеріміз бар, олардың саны – он екі. Олардың барлығы да шетелдіктердің қызығушылығын туғызып келеді. Әсіресе, еуропалықтар мен қытайлықтар біздің ұлттық парктерге келуге құмар. Бірақ, бұл тұрғыда бірнеше проблеманың да бар екенін жасырмаймыз. Атап айтсам, ұлттықпарктердің көбі шекаралық аймақтарда орналасқан. Бұл өз кезегінде келушілерге бақылаудың күшейетінін, олардың еркін жүріп-тұруына кедергі келетінін білдіреді. Яғни, туристер проблемамен бетпе-бет келгеннен кейін келер жолы басқа елді таңдауы мүмкін», - деді «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының вице-президенті.

Ұлттық компания алдағы уақытта бұл мәселемен білек сыбана айналыспақшы екен. Яғни, ұлттық саябақтарды басқару жүйесіне өзгерістер енгізбекші. Мұндай өзгерістерді кезінде Еуропаның дамыған елдері, Грузия мен Армения өздерінде жүзеге асырған. Нәтижесінде аталған елдерге қазір туристер ондаған миллиондап келеді.

«Аталған мемлекеттерде ерекше қорғаудағы аумақтарды басқаратын ұлттық агенттіктер құрылған. Бұл агенттіктер өркениетті туризмді дамытуды көздейді. Жалпы, ұлттық саябақтар не үшін құрылады? Ең алдымен сол қоршаған ортаны қорғау үшін және нысанға туристерді тарту арқылы олардан қаражат түсіру үшін құрылады. Ал, туристерден түскен ақшаны сол ұлттық парктің шығындарын жабу үшін жұмсау керек. қазір біз осы тетікті қалыптастыру үшін бизнес өкілдерімен, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігімен келіссөзлер жүргізіп жатырмыз. Яғни, біздің мұндағы басты мақсатымыз – ұлттық табиңипарктерді барлық турист үшін қолжетімді ету және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. Бұл қадамдардың барлығы үйлесім тауып, Қазақстанның туризм саласын дамытады деген сенімдеміз», - дейді Тимур Дүйсенғалиев.

«Қазақ туризм» ұлттық компаниясы сонымен қатар, Азаматтық авиация комитетімен де келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Мақсат – Қазақстанның көрікті жерлеріне жетуді жеңілдету. Елімізде автомобиль жолдарының әлі де болса сапасыз болуы салдарынан тұмса табиғаты бар орындарға жету туристер үшін қазір мұң. Сондықтан, Азаматтық авиация комитетімен келіссөздер жүргізу арқылы осынау орындарға ұшақ қатынасын жанандыру керек деп есептейді Т.Дүйсенғалиев.

Мәселен, Өскеменге дейін ұшақпен ұшып барып, әрі қарай Қатоңқарағайға 300 шақырымды көлікпен жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін жол талғамайтын жап-жаңа көлік керек. Сондықтан, Қатоңқарағайдың іргесіндегі Үлкен Нарын елдімекеніндегі аэродромды қайта жаңғыртса, аталған аймаққа туристер ағыла бастайды.

Отандық туризмді дамытудағы ең маңызды фактор – білікті мамандар. Қазақстанның туристік қауымдастығын басқарып отырған Рашида Шайкенова осындай пікірде.

«Білікті кадр тапшылығы айтарлықтай сезіліп келеді. Отандық ЖОО-лар маман даярлауындай-ақ даярлап жатыр. Бірақ, тәжірибеден өткен, ысылған маман жоқтың қасы. Барлығы туризм саласын тек теорияда меңгерген. Соның салдарынан біздің туркомпаниялардың, қонақ үйлердің басшылары жас мамандарды өздері тәрбиелеп жатыр. Ал, бұл кемшілікті жою үшін білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу қажет. Туристерді оқытатын факультеттер студенттерді аудиторияда ұстамай, үнемі тәжірибеден өткізіп отыруы қажет. Студент оқудың 60-70 пайызын тәжірибеде өткізіп, қалғанын теорияға арнаса жетеді. Мәселен, қонақ үйде жұмыс істейтін болашақ маман университетте отырып бұл қызметтің қыр-сырын меңгере алмайды», - дейді Р.Шайкенова.

Еске салайық, биыл Қазақстандағы туризмді дамыту үшін Үкімет арнайы концепция қабылдаған болатын. Құжат 2023 жылға дейін еліміздік туризм саласын жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Оның аясында аталған сала Қазақстанда 6 бағыт бойынша дамытылмақ. Олар: Астана, Алматы, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Маңғыстау облысы.

С.Абайұлы

`