Елбасы тәуекелі! Астана ұлағаты!

30 Декабря, 2017, 18:01 9999
Елбасы тәуекелі! Астана ұлағаты! | Аналитика | BNews.kz

Әлем мойындаған көреген саясаткер, терең пайым мен біліктілік тізгінін тең ұстап, елін ғалам дамуының толқынында бағытынан айнытпай, алға жетелеген Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы қасиетінің бірі тәуекелшілдігі болса керек.

Мұндай, бүкіл тағдыры бүтін бір елдің тарихымен астасқан тұлғалардың мінез-құлық, ой-өріс өрбуі де ерекше болары сөзсіз ғой. Үнемі ешкім шешуін таппаған жұмбақтардың шешуін тауып, шыңға жаңа соқпақ салып, бастап келе жатқан көші әлдебір асуға кеп тірелген тұста жол тауып отыру оңай дейсіз бе?! Сол маңдай тұстан тап келген кедергілерден жұртын жабырқатпай өткізу кемел көсемдікті керек етпес пе?!

Ұлт көшбасшысының тарау-тарау бағыттардағы батыл бастамаларының бірі, бүгінде өзінің жеке қолтаңбасындай, еккен талындай саналатын ел ордасы Астананың салынуы, Алматыдан сары арқа төсіне көшірілуі еді.

Дүние қаншама рет қаржы дағдарысына, экономикалық тоқырауға ұшырады, саяси сергелдеңге түсті. Соның бәрінде Елбасы елін бөгесіндер салдары салқынына шалықтырмай алып шықты. Бұған оның білімі мен білігі, өмірлік тәжірибесі, туабітті алғырлығы қолдау болды десек, көмекке келген тағы бір таянышы бойындағы темірдей тегеуріні, қайтпас қылыштай қажымас қайрат-жігері, көзсіз ерлік мінезден туындар тәуекелі болса керек! Бұл сірә, Ұлы Даланың бірегей перзенттеріне тән қасиет. Талай көргені көп, түйгені мол білімділер «Бұлай істеуге болмайды», «Ол жолмен асуды алу мүмкін емес» дегенде Елбасы тәуекелге бел буып, елін алға бастырды емес пе?!

«Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?»-деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы – көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Ұаскелеңге тірелесің, мына жағында – Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы иея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған, баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық», - деп жазады Ұлт Көшбасшысы.

«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де шығасын» деген ата-баба қағидасы расқа шықты. Демек, тек қана білім-білік, ақыл-парасат қана емес, жақсылыққа жету үшін кейде нар тәуекел де керек екен-ау!.. Ал, соңының не болары дүдәмал істе тәуекелге бару үшін әлдебір түйсікке сүйену керек болар. Ол тағы екінің біріне беріле қоймаған қабілет. Сөйтіп, жас мемлекеттің, тәуелсіздігін алған жұрттың жаңа үмітіндей үздігіп Астана тұсауын кесті! 

Астана – Елбасының сондай тәуекелді істері жемістерінің бірі. Өзгені қойып, өзінің жанында жүрген әріптес қызметтестеріне дейін дүниені дағдарыс жайлаған, қоғамды өтпелі кезеңнің өрті шалған кезеңде «ай даладан» астана салуды қолдамаған. Бірақ, елінің ертеңін ойлаған Елбасы айтқанынан қайтпаған. Тоқырау мен берекесіздіктің бетін қайтаратын ұлы мақсат, ұлы мұрат, оған алаңсыз сеніммен жұмылу деп шешкен. Өзі сайлаған Президентінің тосын шешіміне сосын сайын даланың сайыпқырандары ширыға кіріскен. Дағдарысқа да, басқаға да қарамастан дүниені дүрілдеткен құрылыс басталған да кеткен. Ертегінің ерлеріндей тез өскен қаланы дәріптеген «Ертегідей елорда салынуда» деген сүйінші хабар тараған. Салқын самалды, ақ селеулі, кең көсілген кербез дала – Сарыарқа төсі тоғыз жолдың торабы, елдің қай қиырын болсын жақындатқан, кең тынысты керемет мекен – Астана салуға лайық жер екен, деген пікір сосын туған. Міне, бүгінгі берекелі елорда, мерейлі мекен, асқақ Астана – Елбасының сол тәуекелінің жемісі. Елдің үмітін арқалаған арайлы елге абырой әперген қаншама мәртебелі жиын өткізді. Оның бәрі Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан жұртымыздың тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.

Астананың сәулетті құрылысы қазір кімді де болсын таңғалдырмай қоймайды. Шетелдіктер мұндай жетістіктерді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен байланыстырады.

«Менің қазақ жеріне келуім Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы ауыстырып, оны Астанаға көшіру туралы шешімімен тұспа-тұс келді. Бүгінде дәл осындай тарихи кезеңнің болғанына сену қиын. Жазық далада әсем қала Астана бой көтерді. Келген сайын шаһардың даму қарқынына тәнті боламын. «Хан шатыр», «Бәйтерек», Орталық концерт залының сәулеті айрықша ЕҚЫҰ-ның саммитіне қатысқанымда Бейбітшілік және келісім сарайы мені ерекше әсерге бөледі. Аз ғана мерзімде Опера театры іске қосылды, бүгінде жаңа мұражайдың құрылысы жүріп жатыр. 20-40 жылдан кейін Астананың жасыл желегі жайқалған шаһарға айналуына тілектеспін», - еп жазады ЕҚЫҰ-ның адам саудасымен күресу жөніндегі үйлестірушісі Рут Фридом Пойман.

Астана құрылыстарының қарқыны аңызға айналғалы қашан?! Оның нысандары расында да жылдап емес, айлап, айлап емес, күндеп, күндеп емес, сағаттап өседі?! Бір жаққа жол жүріп, бір айдан кейін оралған тұрғын өз көшесін танымай қалады!.. Мұндай пікірлерді «Ертегідей Елорда» деген айдарымен талай басылым жарыса жазды. Жазса – жазғандай!.. Бұл бұдан бірнеше жыл бұрын белең алған жаңалық еді. Одан бері он жыл, он бес жыл уақыт өтті. Бүгін  сол екпін бәсеңсіді ме? Жоқ!.. Бәсеңсіген жоқ!.. Құрылыс қарқыны әлі сол қалпы.

Небір көркем, ғажайып нысандар бірінен-соң бірі ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарында Хазірет Сұлтан мешіті, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік ел» қақпасы, «Астана Опера» театры, «Астана балет» театры, «Келісім сарайы», «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Думан» океанариумы сияқты ғимараттар бар. Салтанатты спорт сарайлары қаншама?! «Мәңгілік ел» қақпасы жанынан өтіп бара жатқанда өрелі бір ойлар оралып, кеудеңді мақтаныш, ертеңге деген ғажайып сезім күйі билейді. «Тәуелсіздік» алаңы бойымен жүрсең еңсең тіктеліп, бойыңды Ұлы Даланың теугеурінді қуаты кернейді. Күні кешелер салынып, ел игілігіне айналған «ЭКСПО-2017» қалашығы, «Нұр әлем» кешені ше?!.. 

«Сапалы да жайлы, қауіпсіз де қолайлы жол ел мерейін өсірді, халыққа көп жеңілдік әкелді. Ары-бері ағылған көлік. Қазақтың сайын сахарасына шуағын шашқан айбынды Ару шаһар мейірімін төгіп жақындай түскендей. Астаналық облыс орталығы, Бурабайдай курортты аймағының іргесінен орын тепкен, жасанып-жаңғырған көркем Көкшетау да Астанадай әсем қалаға серік болуға әбден лайық. Оған кімнің дауы бар?!» - деп толғанады Еңбек ардагері Айдос Әбутәліпұлы.

Арайлы Астанаңның осындай кең құлашты, ауқымды, кең тынысты дамуының толассыз, тасқынды жүруі көңіліңе мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл елдің дамуының, жарқын болашағының айқын көрінісі. Мұның бәрі ертең үшін, келешек ұрпақ игілігі үшін жасалып жатыр емес пе?!

Енді жұрт еңселі Елордасына үкілі үмітіндей, орындалған арманындай сүйіспеншілікпен, мақтанышпен қарайды. Оған сенеді, оған арқа сүйейді. Дүниежүзінің 115 елінің басын қосқан көпмақсатты «ЭКСПО» көрмесі Елбасы тәуекелінің тағы бір көрінісі дер едік. Соңғы жылдарғы үздіксіз ізденістерінің, аялаған табыстарының, болашаққа қол созған баянды бастауларын алып-ұшып әкелер осыншама елдердің еңсесін түсірмей қабылдап, қолайлы жағдай туғызу оңай ма еді? Оны көруге төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен ағылар қонақтарды қарсы алу жеңіл ме? Әлемнің ең үлкен көрмесін орнықтыруға күш-қуат, уақыт, қарым-қабілет жетер ме деп абдырағандар аз ба еді? Бірақ, сол он-сан күдік пен қобалжу тағы да артта қалды! Тағы да арайлы Астана әлем жұртшылығына өзінің қонақжайлылығын, ақыл-парасатын, соғыссыз бейбіт дамуға, өркениеттің өсуіне деген құлшынысын танытты. Жер шарының әр тұсынан қаншама озық ойлы, іскер, құнды идеяларын қанжығасына байлағандар Астанаға ат басын тіреді. Бұл – қаншама жаңа жобалардың бастауы. «ЭКСПО-дан» кейін елімізге талай-талай өнеркәсіп пен бизнестің, мәдениет пен өнердің майталмандары кәсіп ашып, біздің еліміз тұрғындарымен бірлесе жұмыс жасап, қарым-қатынастарын жалғастыра бермек. Сөйтіп, еліміз дамуын тағы бір жаңа сапаға көтеріп, жаңа мүмкіндіктердің жолын ашпақ. Бұл оқиға  Астана тарихының да жаңа бір жарқын беті болмақ. Жаһандану заманында бұл қадамның қажеттігі мен игі ықпалы зор деуге болады.

Әр қаланың өзіне тән мінезі болады деседі. Елбасы іргетасын қалап, сызбасын сызып, қолымен қашаған ару қала Астананың да мінезінде өз авторына тән болашаққа ұмтылыс, жаңалыққа құмарлық, өрелі бастамаларға деген тәуекелшілдік те бар сияқты. Үнемі әлемді елең еткізген өрелі істерге ұйтқы болуы, әр бастамасының берекелі болуы оның мерейін үстем ете түспек. Бұдан былайғы уақытта ару қала қонағын Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда қарсы алса, ол да мәртебе, ол да мәніс. Еңсесі тік Елорда елінің туындай асқақ қалпымен әрқашан алға шақыратындай. Ашық қабағы, кең құшағы әлемнің ақадал жұртына ақ пейіл, адал ниеттің символы ретінде танылды. Міне, бақ-беделді, бақуатты бас қаламыз келер жылы 20 жасқа толады.

«ЭКСПО!...Дүниежүзіне дүбірі естілген мамандандырылған көрме!...Өз елінің төрінде осынау беделді де берекелі шараны өткізуге біреудің қолы жетті, біреудің қолы жетпеді. Әлемнің 112 мемлекеті айшықты жаңалықтарын, жалаулы жетістіктерін алып жетті арайлы Астанаға!.. Ал, Астана сол келгендердің бәріне қолайлы, заманауи жағдай жасаған. Көрсең- көңілің өседі, көзің тояды. Жұрт онсыз да ертегіге балайтын әсем қаланың айбарын асқақтаттты ЭКСПО! Бүгінгінің емес, келешектің кемел үлгілерімен салынған кереметтерге қарап тұрсаң кеудеңді қуаныш кернейді», - дейді Астананың тұрғыны, кәсіпкер Сапар Ілиясов.

Ұлы Даланы, қасиетті Қазақ елін алмағайып заманның ұшы-қиырсыз ақшуақ айдынында алға сүйреген алып кемедей көрінеді ЭКСПО! Ертеңнен келіп, ерітіп әкетуге жеткендей! Озық технологиямен салынған, қиял ілеспес қияннан қиыстырылған ғажайып ғимараттар. Қима тас төселген кең көшелер, көңілді алаңдар, қалтқысыз қызмет көрсету, жұмыс атқарып жүйткіген көліктер, зырылдаған лифттер.

Осыны істеген өзге емес, өз елің - Қазақстаның екені есіңе түскенде кеудеңді ерекше бір мақтаныш сезімі билей жөнеледі! Иә, солай! Әлемдік көрмеге керемет қалашық ашқан тәуелсіздігін алғанына 26 ғана жыл болған, дамудың жаңа жолына түскен Қазақстан! Маңдайын күнге сүйгізіп, жарқыратып астана салған- Қазақ елі! Келіңіз, Астананың аспаны ашық! Астананың жүрегі ашық, құшағы кең!.. Салар қаржың болса, береке-бірлікке бөккен, айрандай ұйыған жарасымы бар осы елге құй. Келсең  тұрғындарының пейілі кең, мінезі дархан, көңілі сергек, көзі ашық Қазақ еліне кел! Қаржыңды тоқтаусыз дамып, үздіксіз өсіп, жаңғыра жаңарып, жадырап алға басып келе жатқан Қазақстанға құй, ісіңді аш!.. Алға бағыт алған Қазақ елінің көшіне қосыл, ілес! Астана келген қонағына ашық қабағымен осыны айтқандай!...

«Әр жыл сайын Астана өзінің туған күнін тойлайды. Астана Еуропа мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Таяу болашақта Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, осы заманғы қаласы болады», - дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» аты кітабында.

Елбасының батыл шешімі, ерекше тегеуріні арқасында арқа төсінде Қазақтан халқының бірауыздылығының, болашаққа нық сенімінің, үздіксіз алға басып, өсе берерінің айғағындай ертегідей Елорда өсіп шықты. Таңдай қақтырып, қанатын кеңге жайып, күннен күнге келбеттеніп, дамып келеді.      Елі алдында, ел бастаған ерек ойлы Елбасы, Астанадай айшықты елордасы бар қазақ елінің әлі талай асуларды аларына әрбір қазақстандық қалтқысыз сенеді. Ал, сенім бар жерде табыс пен жеңіс бар. Ендеше, берекелі еліміздің болашағы зор, жетістіктері баянды болғай!

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости