Қазақстан тегін пакеттерден не үшін бас тартуы тиіс?

28 Декабря, 2017, 17:24 10547
Қазақстан тегін пакеттерден не үшін бас тартуы тиіс? | Аналитика | BNews.kz

Қазір тегін таратылып жатқан есебі жоқ пластик пакеттер бірнеше жылдан кейін елімізде экологиялық апаттың орын алуына әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, тарихта мұндай жағдайлар орын алған және әлі де жалғасып келеді.

Қазір еліміздегі кез-келген супермаркетке, шағын және ірі дүкендерге барып сауда жасасаңыз, сатушы алған тауарыңызды міндетті түрде полиэтилен қалтаға орап береді. Тегін. Мәрттіктен емес, әрине. Тегін болатын себебі – пластик қалталарды құнсыз деуге де болады, дүкен иелері оны өте арзан бағада және көп көлемде сатып алады да, клиенттері үшін тегін береді. Бұл әуел баста маркетингтік қадам болған. Алайда, кейін әдетке айналды ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір жаппай белең алды.

Халық тегін дүниені өте қатты жақсы көреді, супермаркеттерге барсаңыз клиенттердің сол полиэтилен қалталарды артығымен қос-қостап алып жатқанын жиі байқаймыз. Қызғанып жатыр деп ойламаңыз. Игілігіне жараса бәрін жинап алсын. Бірақ олай емес екенін сіз де, біз де жақсы білеміз ғой. Ары кетсе бір-екі рет қолданып, қоқысқа тастайды. Ал, қоқысқа тасталғаннан кейін олардың көзін жою нағыз проблема. Өйткені полиэтилен өзге материалдар секілді шіріп, ыдырап кетпейді. Тіпті, өртесеңіз еріп, басқа күйге енеді де, сол құрамын сақтап қалады. Жерге көмсеңіз де одан құтыла алмайсыз. Жүздеген жылдар бойы жердің астында жата береді.

Қазір тегін таратылып жатқан есебі жоқ пластик пакеттер бірнеше жылдан кейін елімізде экологиялық апаттың орын алуына әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, тарихта мұндай жағдайлар орын алған және әлі де жалғасып келеді.

Полиэтилен қалталарын ең алғаш рет америкалықтар өткен ғасырдың елуінші жылдарында ойлап тапты. Бұл жаңалықты сол кездің ғалымдары ғылымдағы революцияға да балаған. Өйткені, мұндай пакеттерді жасау қиындық туғызбайтын, әрі арзан, пайдалануға да өте ыңғайлы. Алайда, көп ұзамай экологтар дабыл қақты. Қоқысқа тасталған миллиондаған пакет Атлант мұхитына түсіп, оны жеген судағы тасбақалар қырылып қалған. Мөлдір полиэтилен қалталарды су жануарлары медуза деп ойлайтын көрінеді.

Содан бері жетпіс жылдай уақыт өтсе де ғалымдар бұл проблеманы шеше алатын емес. Қазіргі таңда адамзат баласы жылына 4 триллион пластик пакеттерін қоқысқа тастайды екен. Ал, оның салдарынан 1 жылда 1 миллион құс, 100 мың су сүтқоректілері және есепсіз ұсақ балық қырылады. Жыл сайын әлемдік мұхиттарға 6 миллион 300 мың тонна қоқыс тасталса, соның басым бөлігін полэтилен материалы құрайды.

Дүкендегі сатушы алған тауарыңызды орап беретін қарапайым қалтаның қоршаған ортаға қаншама залал келтіріп жатқанын көрдіңіз бе? Аң-құсты айтпаған күннің өзінде, оларды қоқыс полигондарында өртеген кезде бөлінетін улы түтінді қаншама мың қазақ жұтып отырғанын тағы бір ойлап қойыңыз.

Міне, қарап тұрсаңыз, біздің әрбіріміз қоршаған ортаға есепсіз залал келтіріп жатырмыз. Бұл дәл қазір өзімізге білінбегенімен, ертең 10-15 жылда, бәлкім одан да ерте уақытта өз балаларымызға, немерелерімізге үлкен зауалын алып келуі әбден мүмкін.

Қазақстан билігі ерте ме, кеш пе, әйтеуір бұл проблемаға назар аударды. Осыдан бірер күн бұрын ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек тұрғындар тарапынан өзіне қойылған сұраққа жауап беру барысында келер жылдан бастап Қазақстанда полиэтилен пакеттері дүкендерде ақылы болатынын атап өтті.

Айта кетейік, министрдің блогына Саржан Саят есімді азамат хат жолдап, еліміздегі сауда орындарының бәрінде пластик пакеттерді ақылы етуді ұсынған болатын.

«Қайырлы күн! Әлемнің көптеген елінде пластик пакеттерді, ыдыстарды тегін беруге тыйым салып жатыр немесе шектеу қоюда. Мәселен, Кенияда мұндай қалталарды пайдалануға мүлдем тыйым салынған. Ал, Англияда мұны тек ет сатушылары ғана қолдана алады. Неге Қазақстанға да осы тәжірибені енгізбеске?», - дейді жазба авторы.

Ведомство басшысы болса аталған мәселенің онсыз да қолға алынғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бір реттік қолданысқа арналған полэтилен пакеттерін пайдалануда халықаралық тәжірибелерді зерттей отырып, оларды Қазақстандағы бөлшектік сауда орындарында қолдануға тыйым салудың екі кезеңін белгіледі: бірінші кезең – полиэтилен пакеттерін тегін таратуға тыйым салу, екінші кезең – полиэтилен пакеттерін өндіруге тыйым салу. Бұл ұсыныс қазіргі таңда жергілікті атқару органдарына, Қазақстандық тұрмыстық қалдықтармен айналысатын «KazWaste» қауымдастығына және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданды», - дейді министр өз жауабында.

Оның айтуынша, бұл бастаманы бүгінде жергілікті атқарушы органдар бірауыздан қолдапты. Тек оның орнына өзге балама ойлап табу керек деген ұсыныстарын қоса айтқан.

«Ал, «KazWaste» қауымдастығы полиэтилен пакеттерін тегін тарату идеясын қос қолдап қолдады және оларды дүкендерде тек сату керектігін айтып отыр. Дегенмен, қауымдастық екінші ұсынысымызды қолдаған жоқ. Оның екі себебі бар екен: 1) үлкен емес полиэтилен пакетттерін тұрмыста пайдалану тазалық үшін қажет (нан және нан өнімдерін, сүт және өзге де тағам түрлерін сақтайды); 2) полиэтилен пакетін өндірушілер Қазақстанда жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Дегенмен, біз бұл мәселелерді әлі де болса талқылаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Дәл осы екінші нұсқаны «Атамекен» палатасы да айтып отыр екен. Яғни, пластик пакеттерінің өндірісін тоқтату елде жұмыссыздықтың өршуіне алып келуі мүмкін. Оның үстіне, бұл кәсіпкерлікке шектеу қою болып есептеледі дейді «атамекендіктер». Тиісінше, бюджетке түсетін салықтың да көлемі азаяды.

Яғни, министрдің сөзінен түсінгеніміз, келер жылдан бастап еліміздегі дүкендердің барлығында полиэтилен қалталар қазіргідей тегін таратылмайды. Әрбір қалтаны сатып аламыз. Бұл өз кезегінде оны пайдаланудың көлемін азайтары сөзсіз. Алғашқыға бұл да жарар, дегенмен, түбінде қоршаған ортаға аса зияны бар осынау материалдан бәрібір бас тартпасақ болмайды.

«Болашақ» президенттік бағдарламасының түлегі, бүгінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында» Талдау және стратегиялық даму департаментін басқарып отырған Нұрмұхамед Байғараев та осындай пікірде. Яғни, ол полиэтилен пакеттерінің орнын қағаздан жасалған қалталар басу керек деп есептейді. Ұлыбританияда оқуын тәмамдаған маман Еуропадағы тәжірибенің қандай екенін айтып берді.

«Қазақстанда жыл сайын полигондарға 6 млн тонна күл-қоқыс шығарылады, ал жалпы 43 млрд тонна жиылып жатыр, өңделмеген. Біразы өндірістен қалған. 2011 жылы Уэльс cупермаркетте тегін беретін пластик пакетке 5 пенс (5 тиын сияқты) төлеу керек деген заң қабылдады. 3 млн халқы бар бұл ел жылына 350 млн пакет қолданады екен, әр үйге 275-тен. Содан әлгі заң қабылданып, бір жыл өткен соң, тегін пакетті қолдану 71%-ға азайған. Есесіне, ұзақ қолданылатын сөмкелерге сұраныс екі есе көбейген. Басқа-басқа тамаққа ақшаны аямайтын уэльстік отбасыларға 5 пенс түк емес, ол тек психологиялық барьер болған секілді. Содан жұрт өз сөмкесін, рюкзагын әкелетін болған, қазір өзім де сөйтуге тырысам. Мүмкін бізге де осындай заң қабылдайтын уақыт жеткен шығар? Супермаркеттен соң ол пакетті бәрібір қоқысқа толтырып, контейнерге тастаймыз, ал ол полигонда кемі жүз жылда ыдырайды. Жер кең, халық аз, қазір білінбейді, ертең ел қарасы өскенде, қалаларымыздың маңы қоқысқа толып, мынау мәселе нағыз проблемаға айналары анық», - дейді Н.Байғараев.

Бүгінде әлемдегі елдердің көпшілігі полиэтилен пакеттерін қолдануға түрлі шектеулер қойып жатыр. Мәселен, былтыр Франция аталған пакеттерді сауда орындарында қолдануға толыққанды тыйым салса, биыл қыркүйек айынан бастап Бельгияда дәл осындай заң қабылданды. Дегенмен, мұнда зауыттан полиэтилен материалға оралып шыққан тауарлар сатыла береді. Оларға тыйымды ел үкіметі 2018 жылдың қыркүйегінен бастап салмақ. Пластиктің орнын бұл елдерде қарапайым матадан немесе қағаздан жасалған қалталар басуда.

Аталған заң Африка елдерінде де кеңінен таралған. Өйткені, құрлықтағы экологиялық жағдай адам шошырлық. Сондықтан, мұндағы елдердің біразы полиэтиленнен жасалған бірреттік қалталарды қолдануға мүлдем тыйым салды. Мәселен, Кенияда пакеттерді тегін берген немесе сатқан сауда орындарының басшыларына 40 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, Камерун, Гвинея-Бисау, Мали және Уганда секілді елдерде де полиэтиленді пайдалануға қатаң тыйым салынған.

Бүгінде әлем бойынша бірретік қолданысқа арналған пластик пакеттерден бас тартқан елдердің саны 40-тан асп 5-ге жуықтайды. Келер жылдан бастап олардың қатарына Қазақстан да қосылады деген болжам бар. Баршасының мақсаты – 2025 жылға дейін полиэтилен қалталарының өндірісін түгелдей тоқтату.

Данияда пластик қалталарды қолдануға шектеу 1994 жылы қойылды. Сол уақыттан бері аталған материалдың қолданысы елде 90 пайызға дейін азайған.

Қытай болса 2008 жылдан бастап аталған пакеттерді тегін таратуға тыйым салды. Өйткені, әлемде полиэтилен пакеттерін ең көп Қытай тұрғындары пайдаланады екен. Материалдың жетіспеушілігі мен пластик қалдықтарды өңдеу ісі баяулау жүргендіктен ел үкіметі оның қолданысына шектеу қойып отыр.

Австралия билігі де 2008 жылы арнайы заң қабылдап, елде полиэтилен пакеттерін қолдануға түбегейлі тыйым салды. Мұндай тыйымдарға өзге елдердің тұрғындары наразылық білідіріп жатқанда, австралиялықтар бұл заңды қуана қабылдады және жаппай пластиктен бас тартты. Тіпті, тұрғындар «болашақ ұрпаққа қоқыс қалдырмайық» деген ұранмен тазалық акцияларын да ұйымдастырды.

Ұлыбритания болса 2004 жылы алғаш болып өздігімен ыдырап кететін пакеттер ойлап тауып, оны дереу қолданысқа енгізді. Осылайша, елде полиэтилен қалталарын қолдануға шектеу қойылды. Жаңа пакеттер 4 жылдан кейін өздігімен газ бен суға айналып, жоқ болып кетеді.

Жалпы, мұндай мемлекеттер әлемде көп. Ал, Қазақстан пластик пакеттер мен қораптардан бас тартқан жағдайда олардың орнын не басады? Енді сол туралы азды-кем айтып көрсек...

Ең алдымен қолданысқа қағаздан жасалған қалталар енетіні сөзсіз. Дегенмен, оны бірреттік емес, бірнеше рет пайдалануға болатын етіп шығару керек. Олай болмаған жағдайда экономикаға да, экологияға да шығын шаш етектен келеді. Өйткені, қағазды табиғи материал – ағаштан әзірлейтінін жақсы білеміз. Полиэтилен пакеттері секілді қағаз қалталарды да бір рет қолданып тастай берсек оны өндіріп те үлгере алмайтынымыз анық.

Аға ұрпақтың есінде болар, КСРО кезінде жұрт жаппай шүберектен жасалған қалталарды қолданатын. Дүкенге барған адам қазіргідей құр қол емес, қолына сол қалтасын, дорбасын ұстап баратын. Тіпті, ол кезде бір шүберек қалтаны адамдар айлап пайдаланатын еді емес пе? Сол шүберек сөмкелерді қазір өзге елдер жаппай қолданып жатыр. Атауы – эко-пакеттер.

Қазіргі таңда Қазақстанда алғашқылардың бірі болып осынау эко-пакеттерді қолданысқа «Технодом» сауда үйі енгізгелі жатыр. Олар жыл соңына дейін полиэтилен қалталарынан толықтай құтыламыз деп отыр.

«Біз компанияның бүгінге дейін сатып алып қойған полиэтилен пакеттерін санап, есептеп көрдік. Барлығын қосқанда жылдың соңына дейін жетеді екен. Енді келер жылдан бастап мұндай қалталарды сатып алмаймыз, өйткені Қазақстанның экологиясы бізді де толғандрады. Ал, пластик пакеттердің орнына шүберектен жасалған сөмкелер қолданысқа енгіземіз. Ол өте сапалы, экологиялық тұрғыда қауіпсіз», - дейді «Технодом» компаниясының маркетинг департаментін басқаратын Светлана Меновщикова.

Қалай болғанда да, Қазақстан өркениетті елдер бастаған науқанға үн қатып, қоршаған ортаның ертеңі үшін алаңдаулы екенін білдірді. Енді арнайы заң қабылдауын күтеміз. Өйткені, біз де болашақ ұрпаққа тау боп үйілген қоқыс емес, жасыл желекке бөленген әсем табиғат қалдыруымыз керек.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости