«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бізді рухани жаңғырта ала ма?

21 Декабря, 2017, 10:47 35154
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бізді рухани жаңғырта ала ма? | Аналитика | BNews.kz

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы осы айдың басында өз мәресіне жетіп, бүкіл қазақстандықтар еліміздің 100 су жаңа есімін анықтап тастады. Енді жобаның қоғам үшін нақты пайдасы туралы сараптап көрелік.

Биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту үшін үкімет алдына нақты тапсырмалар қойған болатын. Яғни, аталған бағдарламалық мақалада көрсетілген басым бағыттарды орындаудың тетіктері анықталып, артынша оны жүзеге асырудың жұмыстары басталып та кетті.

Елбасы мақаласының басым алты бағыты бар екенін бүгінде баршамыз жақсы білеміз. Ол бірнеше бағдарламадан да тұрады. Әрбірінің формасы, жүзеге асу механизмі әртүрлі болғанымен, баршасының мақсаты бір – халықтың санасын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды қайта тірілту.

Аталған мақалада көрсетілген маңызды жобалардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Аталған жоба осы айдың басында өз мәресіне жетіп, бүкіл қазақстандықтар еліміздің 100 су жаңа есімін анықтап тастады. Бірақ, ол жайында сәл кейінірек, қазір жобаның қоғам үшін нақты пайдасы туралы сараптап көрелік.

«Рухани жаңғыру» идеясы жарық көрген сәттен бастап дәл осы «100 жаңа есім» жобасы төңірегінде талқылаулар көбейіп кеткен болатын. Несін жасырайық, жобаны сынағандар аз болған жоқ. Қоғамдық талқылау кезінде «оның қандай пайдасы бар?», «бұл кеңестік идеологияның сарқыншағы» дегендер де көп болды. Яғни, «идеологиялық тұрғыда ешқандай пайдасы жоқ жобаға миллиондарды шашпайық» деп үгіттеді кейбір қоғам белсенділері.

Ал, шындығында солай ма? Бұл жобаның қоғамға қандай пайдасы бар? Халықтың рухани жаңғыруына қалай әсер етеді? Енді осы сауалдардың төңірегінде азды-кем ой қозғап көрейік.

Елбасы өз мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы өз ойын айтқан болатын.

«Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр...», - делінген Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Яғни, қазір өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды тарих бетіне шығаруымыз керек. Олардың іс-әрекеттері өзге замандастарына үлгі болары анық. Демек, бұл жоба жеке бір адамдарды насихаттау немесе олардың абыройын асқақтату мақсатында жүзеге асып жатқан жоқ. Мұның артында расымен де үлкен идеологиялық астар жатыр.

«Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», - дейді тағы да Елбасы осынау жоба турасында.

Демек, бұл ретте «Қазақстанның 100 жаңа есімін» пайдасы аз бос жоба дейтіндердің болжамдары негізсіз. Оған Мемлекет басшысының осы айтқандары-ақ дәлел бола алады. Бұл ең алдымен қазақстандықтарды жақсылық жасауға үгіттейтін өте маңызды идеологиялық құрал.

Танымал саясаттанушы Айдос Сарым да осы «100 жаңа есімнің» қазақ қоғамы үшін қажетті жоба екенін айтып отыр. Оның пікірінше, тізімге енген жаңа тұлғаларды енді әрі қарай қолдап, олардың кең танымал болуы үшін жағдай туғызу қажет.

Саясаттанушы Айдос Сарым 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға болмайтынын, әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керектігін алға тартты.

«Бұл тек имидждік, ақпараттық жоба. Оның үстіне, аты айтып тұрғандай, «жаңа есімдер» керек бізге, әбден танылғандары емес. Мысалы, өнер саласын алсақ: консерваторияны оқып, әлемдік деңгейдегі үлкен бір байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаз болса, немесе спорт саласын алсақ: әлі өте үлкен жетістіктерге жете қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар болса... Міне, осыларға үміт артсақ, оларды жарнамаласақ, ары қарай дамуы үшін қолдау көрсетсек – сонда ғана «100 жаңа есім» жобасы өз мақсатына жетеді.

Жалпы, бірақ 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға тағы болмайды. Әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керек деп ойлаймын. Немесе әр сала өз тізімін жасауы керек. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның үміт күттіретін 100 жас ғалымының тізімін әзірлесе. Сол ғалымдардың еңбектерін түгел бір жерге жинақтап қойса болады. Немесе болашағынан үміт күттіретін 100 спортшының, 100 IT-маманның тізімдерін неге жасамасқа? Сонда бұл жоба бір жүйеге түсер еді.

Шүкір дейік, көбейіп келе жатқан ұлтпыз. Ертең 5-10 жыл сайын ұрпақ жаңарып отырады. Сонда осы «100 жаңа есімді» де жаңартып отырамыз. Бұрынғы тізімде болғандар оған дейін атақ-даңққа бөленеді ғой, сосын орнын өзге жастарға ұсынады.

Жалпы, қазақ мәңгі ұлтқа айналсын деген тілегіміз бар бәріміздің, қазақ мәңгілік елге айналса, бұл жоба да мәңгілік болуы тиіс», - деді белгілі саясаттанушы.

Айта кетейік, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы күні кеше – 2 желтоқсанда өз мәресіне жетті. Тізімге қоғамдағы барлық саланың өкілдері: дәрігерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, мұғалімдер, спортшылар, өнер қайраткерлері және өзге де салада өнегелі еңбек етіп жүрген адамдар кірген. Қызығы сол, тізімде аты айтып тұрғандай 100 емес, 102 адам бар.

Жобаның жүзеге асуына атсалысып, басы-қасында жүргендердің бірі – ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаеав. Оның айтуынша, екі үміткер жалпы топтан оқ бойы озық шыққан жүздіктен сәл ғана қалып тұрғандықтан, тізімге енгізілген көрінеді. Жалпы, іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген екен.

«Қоғамда қызу талқыланып, қатаң таразылау арқылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталып, елге жария етілді. Аталған жоба аясында біз арнайы жол картасын әзірледік. Нәтижесінде, келер жылы осы үздік жүздікке енген адамдарға арналған 100 теленовелла жарыққа шығады деген сенімдемін. Мұндай бастама жөнінде алдағы уақытта толығырақ айта жатармыз. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үздіктерін таныстыру шарасы кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы тізімге қанша адамның тіркелгенін сұрады. Мен 2 100 адам екенін атадым. Сол сәтте ол осы 2 100 адамның барлығын да назардан тыс қалдырмай, елге үлгі ету қажеттігін айтты. Сондықтан біз бұл адамдардың жастар алдында сөз сөйлеп, ашық сабақтар мен кездесулер өткізуін құптап, жоспар құрудамыз», - деді Ақпарат және байланыс министрі.

Яғни, бұған дейінгі сыни пікірлерде айтылғандай, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгендер бірер жылда ұмыт болып қалып кетпейді. Олардың істеген игі істері БАҚ беттерін айтпағанның өзінде, телеарналардан жиі көрсетіліп, өскелең ұрпақты ұлтшылдыққа, қайырымды болуға үгіттейді.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып жүрген азаматтардың бірі. Оның айтуынша, қоғамның санасын ең бірінші болып ел алдында жүрген тұлғалар жаңғырта алады. Сондықтан, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы «Рухани жаңғырудың» ең маңызды бір бөлшегі.

«Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан ұлт идеологияға емес, идеология ұлтқа қызмет етуі тиіс екендігін айтты.

«Әр кезеңнің өз идеологиясы болады. Тек бір нәрсені естен шығармағанымыз абзал: ұлт идеологияға емес, идеология ұлтқа қызмет етуі тиіс. Мәселен, кешегі соғыс жылдары қазақ жастарына Нұркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаровтар идеал ретінде ұсынылды. Мейлі, қай формацияда өмір сүрсе де идеалдың аты – идеал. Әлия, Мәншүкке ұқсағаннан қазақ жастары жаман болған жоқ. Одан кейін 70-80-жылдары бейбіт заманның батырлары пайда болды. Оларға еліктедік. Ешкім жаман болған жоқ, қайта солардың ерліктерін қайталағысы келген жастардың саны артты. Ал, біз бүгін жаңа дәуірде өмір сүріп отырмыз. Демек, жаңа заманға жаңа идеалдар керек! «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы ең бірінші кезекте осы үшін керек! Жастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіру үшін керек! Мәселен, Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде замандастарына үлгі-өнеге болатын қаншама тұлғалар өсіп-жетілді. Мейлі, спорт саласы болсын, мейлі ғылымда, өнерде болсын, мейлі өндіріс пен шаруашылықта болсын, осы бір жаңа есімдерді идеал етуге әбден болады. Ал, руxани жаңғыруды ең бірінші кезекте жүзеге асыратын кімдер? Әлбетте, идеалдар! Ендеше, бұл жобаның өзі дер кезінде қолға алынған жоба болды ғой деп есептеймін», - дейді Абай Балажан.

Жасыратыны жоқ, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жарияланған сәтте бұл тізімге кімдердің кіретінін білген жоқпыз. Көпшілік әдеттегідей атақ-даңқы асқан, орден-медалі костюміне сыймайтын аға-апаларымыз тағы да тізімнің көшін бастайды деп жорамалдап едік. Өйткені, жыл сайын мемлекеттік наградалардың көбі сол кісілерге тиетін. Содан да болар, жоба әлі жүзеге аспастан бұрын оны сынағандар саны көп болды. Ал, қазір көріп отырғанымыздай, тізімде расымен де бұрын-соңды аты айтарлықтай шыға қоймаған, бірақ ерліктері ескеруге тұрарлық азаматтар өте көп. Егер өскелең ұрпақ бұл азаматтардан үлгі алып жатса, онда алдағы аз уақытта рухани жаңғыруымызға мүмкіндік мол.

Мәселен, осы тізімге енгендердің бірі – талдықорғандық бозбала Елдос Баялышбаев. Ол жол апатынан қатты жарақат алып, соның салдарынан басын көтере алмай, бір жыл төсек тартып жатып қалған. Массаж бен кешенді тренажерлік жаттығулардың арқасында Елдос аяққа тұрып, ақырындап арнайы құрылғының көмегімен жүре бастады.

Елдос Баялышбаев еңбек жолын 2013 жылы Талдықорған қаласының «Ерлік» мүгедектер қоғамында бағдарламашы болып бастады. 2014 жылы Елдос қозғалуы қиындық тудыратын адамдарға қолдау көрсетем деп шешеді. Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Мүгедектерді спортпен оңалту орталығы» АҚ ашып, қазірге дейін соны басқарып келеді.

Елдостың айтуынша, «100 жаңа есім» жобасына енген азаматтар атақ-даңққа масаттанбауы керек.

«Иә, 100 есімнің қатарына ендім, әрине қуаныштымын! Енді бұдан әрі не істеймін? Бұл сұрақты сіздер түгілі өзім де өзіме іштей қойдым. Өйткені, жауапкершілігі ауыр. Бірақ, «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» қатарына қосылдым деп арқаны кеңге салмаймын, алдыма қойғам мақсатым, жоспарларым бар. Солармен айналысамын. Мәселен, дәл қазір хостел салуды көздеп жүрмін, Талдықорғанға өзге аймақтардан келгендер осында келіп жайғасады. Бағасы арзан, қалтаға қонымды болады.

Тізімге енген өзге азаматтарды көріп, өзім тағы шабыт алып отырмын. Мен жетпеген биіктер әлі көп, жасамаған істерім одан да көп екен. Бұл азаматтар мені қанаттандырып отыр деуге де болады. Әр қайсысы өз салаларының үздіктері.

Ал, менің аталған жобаның бір бөлшегі болуыма көмектескен азаматтарға алғысым шексіз. Олар – менің ата-анам, достарым, әріптестерім. Жалғыз адам ешқандай жетістікке жете алмайды», - деп Елдос Баялышбаев өз ойымен бөлісті.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, «Рухани жаңғыру» идеясы болсын, оның ішіндегі өзге де басым бағыттар болсын, бәрі де қазақстандықтардың санасын түбегейлі өзгертуге, руханиятымызды жаңғыртуға бағытталған. Ендеше, халқымызға пайдасы тисін десек, қоғамның руханиятына жұмыс істесін десек, жатып алып орынсыз сынай бермей, Елбасы идеясын жүзеге асыруға әрбіріміз атсалысайық! Өйткені, Президенттің бұған дейінгі жолдаулары болсын, бағдарламалары болсын – бәрі де ел экономикасын тіктеуге бағытталған еді. Ал, «Рухани жаңғыру» – идеологияны реттейтін құрал. Сондықтан, бұл бағдарламаны жүзеге асыру тек үкіметке ғана артылған жоқ, оның орындалуына әрбіріміз жауаптымыз. Ең алдымен өзімізді өзгертейік, жаңғыруды өзімізден бастайық!

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости