Маңғыстау өңірінде кәсіпкерлік қарқынды түрде дамып келеді

4 Сентября, 2018, 18:29 8399
Маңғыстау өңірінде кәсіпкерлік қарқынды түрде дамып келеді  | Аналитика | BNews.kz

Аймақ тұрғындары мемлекет қолдауымен кәсіп ашып, жерлестерін тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Маңғыстаудың мұнайлы өңір екені республикаға мәлім. Тәуелсіздік жылдары қара алтын өндірісі еселеп артып, ел қазынасына жыл санап қомақты қаржы құйылуда. Көршілес Атырау секілді өлке экономикасына мұнай мен газ өндіріп, сатудан түсетін таза табыстың бір бөлігі елді мекендерді дамытып, жергілікті халықтың игілігі үшін де жұмсалады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Осы ретте жер қойнауын барлаушы геолог, мұнайшы мамандықтарын меңгеріп, мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін мекемелерге жұмысқа тұру аймақ тұрғындары үшін қашан да басты кезектегі арманға айналып келді.

Алайда, бұл тілектің орындалуы үшін жекелеген талаптар қойылатыны ақиқат. Бірінші кезекте жоғары білім мен жұмыс өтіліне назар аударылады. Қала берді бірнеше жүздеген жұмысшы қызмет атқаратын компанияларда бос орынның бірден табыла бермесі тағы анық.

Қара алтын қорының жыл санап азаюынан қатар, оны өндіру кезінде қоршаған ортаға және адам ағзасына тигізер залалы да барын ешкім жоққа шығармайды. Осы тұрғыдан халыққа басқа да жұмыс көздерін ұсыну, кәсіптік қайта оқыту, қазіргі нарық талабына сай мамандық түрлеріне баулуға мемлекет тарапынан нақты іс-шаралар атқарылып жатыр.

Солардың бірі – ел қазынасынан ақша бөлініп, қазақстандық қаржы институттарының ықпал етуімен еліміздің барлық өңірлерінде орта және шағын кәсіптің дамуы қарқынды. Солардың қатарында Маңғыстау облысы да жетекші орындардан көрініп келеді. "Нұр-Капитал" аймақтық пилоттық жобасымен бар болғаны 1 пайызбен несие алып, тасы өрге домалап отырған азаматтар қаншама. Олардың әрқайсы ең кемі үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып, айлық жалақы төлеп отыр.

Өлке тарихында бұрын-соңды болмаған бизнес-бастамалардың батыл жүзеге асуымен аймақ келбеті өзгеріп, заманауи үлгідегі өндіріс орындары көптеп ашылып жатыр. Жол бойында сервистік қызмет көрсету кешендерінің саны артып, ішкі туризм үлесі сатылап өсіп жатыр.

Ендігі кезекте, облысқа қарасты аудандарда кәсіпкерлік саласының дамуына азды-кем шолу жасап өтейік. Мәселен, соңғы жылдары Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында мемлекет қолдауымен кәсіп ашушылар саны көбейгені байқалады. 2016-2018 жылдар аралығында 42 азамат несие алып, нәтижесінде ауылда алғаш рет фитнес орталығы, кондитерлік цех пен киіз бұйымдарын басып шығаратын шеберхана пайда болды.

Мемлекеттен төмен пайызбен 4 млн теңге несие алған Ажаргүл Нұржанова шағын тігін цехын ашып, 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Есепші қызметінен қол үзуіне қолөнерге деген қызығушылығы сеп болыпты. Тігіншілері бастапқыда мектеп формаларына тапсырыс қабылдаған. Кейін ұлттық киім-кешек пен бас киімдерді пішуге көшкен. Қазір мәдениет үйінен бастап ауылдағы барлық мекеме-кәсіпорын ұжымдарының жұмыс киімдері осы жерде тігіледі.

"Жұмыспен қамту орталығында бас бухгалтер болып жұмыс жасайтын кезім еді. Сол кездері жұмыссыздарға жұмыс тауып беру ретінде мекеме жанынан үш жұмыссыз қызбен осы ательені аштық. Үлкейттік, әлі күнге дейін жұмыс жасап келе жатырмыз. Тапсырыс көп. Мемлекеттік аурухана, полиция қызметкерлерінің формаларын тігетіндей жағдайға жеттік", - дейді іскер әйел.

Осы тігін цехы ұжымында ер адам да бар. Жалпы еңбек өтілі 20 жылдан асқан Хамза Рахимов ерлер сырт киімдерінің шебері. Айтуынша, әр тапсырысты орындау мерзімі екі күннен аспайды екен. Ол отбасын асырау үшін көрші елден қатынап жүр. Келешекте Шетпе елді мекеніне біржола қоныс аударып, ауыл жастарын тігіншілік өнерге баулуды армандайды.

"Осы Маңғыстау ауданына, Шетпеге келіп жұмыс жасап жатырғаныма 10 жыл болып қалды. Кәсіпкер әйелге мені жұмысқа алғаны үшін алғысымды айтамын. Үйде барлығымыз да тігіншілікпен айналысамыз. Ер адамға еш қиыншылығы жоқ. Табысымыз жақсы", - дейді тігінші.

Осылайша мемлекет қолдауымен бизнеске бет бұрғандар саны күн санап артып келеді. Шетпеде микроқаржылық ұйымының бөлімшесі ашылғалы бері бас-аяғы 57 млн теңгеге несие рәсімделген. Бұл қаражат консервілеу цехы мен бейнестудия ашуға, сондай-ақ, ірі қара мал сатып алуға жұмсалыпты.

Осы ауыл тарихында алғаш рет әйелдерге арналған фитнес орталығы да ашылған. Шағын кешен тәулігіне 15 адамды қабылдайды. Ауыл кәсіпкері мемлекеттен алған 3 млн теңге несиесін соңғы үлгідегі спорт құралдарын сатып алуға жұмсаған. Былтыр шалғайдағы елді мекенде тұратын тағы бір кәсіпкер өз қаржысына заманауи спорт сарайын тұрғызып, жерлестеріне тарту еткен болатын. Алайда, бала күтімімен үйде отырған әйелдердің көпшілік орынға бара алмауы осы орталықтың ашылуына түрткі болды. Қазір қыз-келіншектер алдын ала жазылып, бодибилдинг және би үйірмелеріне қатысып жүр.

Әйелдерге арналған фитнес орталықты салған іскер әйел Ерке Шәмбілдің айтуынша, қазақ халқының ұстанымына сәйкес қыз-келіншектер ер адамдар жүретін жерлерде еркін жүре алмайды. Бұдан бөлек, көп жағдайда отағаларының рұқсат етпейтіні тағы бар.

"Қыз-келіншектер үйде ана, түзде сұлу, сымбатты болуы керек. Тоқшылық заманның көрінісі болар, қазір қыздар толысып кетті. Жастық кезеңдегі аналардың тұлғасын көріп өскен біздер соны аңсап, сол мақсатпен мен осы жобаны қолға алдым", - дейді кәсіпкер.

Енді Қарақия ауданына келейік. Аудан орталығы Құрық ауылында тұратын Данияр Мұрзабеков екі жылдан бері гипстен ұлттық нақыштағы мүсіндер мен кәдесыйлар жасап жүр. Жас шебер күніне 30 дана бұйымды саудаға шығарып, табысқа кенеліп отыр. Мамандығы теңізші жігіт кеме капитанының көмекшісі қызметін атқарады. Жұмыстан қолы босай қалса, сүйікті ісімен шұғылданады.

"Мен қазіргі таңда ағаш үй және сәукеле бұйымдарын құйып шығарып жатырмын. Оларды «тойбастар» ретінде келген қонақтарға сыйлауға болады. Сәукелені көбінесе қыз ұзатуға алады. Ал ағаш үйді отау құрып жатқан баланың тойына ырымдап алып жатыр", - дейді қолөнер шебері.

"Кемедегі жұмыстың жалақысы жоғары. Алайда, қосымша табыс көзі артық етпейді". Бұл, маңғыстаулық шебер Данияр Мұрзабековтың өмірлік қағидаты. Ресейлік теңіз университетінің түлегі бала күнгі арманына жету үшін Волгоградтағы гипстен мүсін жасайтын цехта жұмыс істепті. Қазірде ұстаздарымен тығыз байланыста. Олар Данияр жасайтын гипс мүсіндердің қағаздағы үлгісін ғаламтор арқылы қарап, ақыл-кеңестерін айтып отырады.

"Бастапқыда бұйымдар мен кәдесыйларды бетоннан бастағым келді. Бірақ, ұстаздарым маған бұл берік материалдан бастаған өте қиын деп айтты. Сол үшін мен оларды гипстен жасауды қолға алдым. Бұйырса, болашақта бетоннан, полиферриннен және басқа да заттардан істейтін боламыз. Ең бастысы, оларға қажетті қалыптарды құюды үйрендік", - дейді Данияр Мұрзабеков.

Болашақ мүсін алдымен ермексаздан жасалады. Сыртына жағылған силикон бірнеше күнде қатып, қалыпқа айналады. Мұнан соң қалып ішіне гипс құйылады. Кептірілген бұйым беті егеуқұм қағазымен сүртіліп, тегістеледі. Даниярдың көмекшісі оларды бояубүріккіш құралымен сырлайды.

Жас шебердің қолынан шыққан бұйымдардың арасынан "Рухани жаңғыру" бағдарламааралық жобасының нышаны еріксіз көз тартады. Гипстен құйылған мүсіндерді кептіріп, сырлауға шамамен бір аптадай уақыт қажет екен. Қазір бұл кәдесыйлардың алғашқы партиясы дайын. Данияр оларды өзі туған ауылындағы балабақшаларға сыйға тартуды жоспарлап қойған.

Микроқаржы ұйымынан алған 2,5 млн теңге несиесін Құрық ауылында шағын цех ашуға жұмсаған Данияр әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Биыл өндіріс орнын кеңейтіп, бірнеше жұмыс орнын ашуға неитті.

"Даниярға көп рахмет, мені жұмысқа алғанына. Менің міндетім – осы ақша жинайтын кәдесыйларды әдемілеп сырлау. Басында қорқыныш болды, әрине. Бірақ, қолыммен істегеннен кейін үйренуге болады екен. Маған әсіресе мысық, ит мүсіндерін сырлаған қатты ұнайды. Оларды сырлаған кезде кәдімгідей тірі жануар сияқты болып көрінеді", - дейді Құрық ауылының тұрғыны, цех жұмысшысы Нұрдәулет Қанабаев.

Айта кетейік, дайын бұйымдар көтерме бағамен Ақтаудағы дүкендерге тапсырылады. Данияр былтыр жергілікті өндірістік мекеме өткізген байқауға қатысып, 3 млн теңгенің грантын да жеңіп алды. Ендігі мұраты – берік материалдан биіктігі жарты метрлік қасқыр, бүркіт, алабай ит секілді алып мүсіндерді жасау.

Осы ауданда мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер ашқан спорттық-сауықтыру залында оқушылар мен мүгедек жандар тегін жаттығып жүр. 22 жастағы Мерей Бекежан "Бастау бизнес" жобасы аясында курс оқып, мемлекеттен төрт млн теңге несие алған. Ол қаржыға озық үлгідегі спорттық құрал-жабдықтар сатып алыпты. Ауыл мектебіндегі жаттығу залын ақысыз пайдаланып отырған жас кәсіпкер таяу жылдары өз алдына бөлек ғимарат салуды жоспарлап отыр.

Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында тұңғыш ашылған спорттық-сауықтыру залына күніне 30-дан аса адам келеді. Спортсүйер жас пен кәрі де күнұзақ осында. 58 жастағы Табила Нұрашеваның әр ісі жастарға үлгі. Зейнеткер гір тасы мен гантель көтеруден ешкімге дес бермейді. Жастайынан спортты жанына серік еткен Табила апай жаттығудан қалмайды.

"Осы зал биылғы жылы ашылды. Дайындық жасау үшін балаларға барлық жағдай жасаулы. Зейнеткерлік жасқа жетсем де өзім де арасында келіп, жаттығуды осында өткізіп келемін. Осы жаттығу залында дайындаламын деген жастарға, үлкен адамдарға әрдайым да есік ашық екеніне қуанамын", - дейді кейуана.

Спорттық-сауықтыру залында бас-аяғы 18 дана құрал-жабдық орнатылған. Мерей оларды Алматыға арнайы барып сатып алыпты. Туған ауылына жеткізген соң, зал ішін безендіруге кіріскен. Жеткіншектердің спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында жаттығу залының қабырғаларына сом білекті, шымыр денелі жігіттердің суреттерін іліп тастаған.

"Өзім студент кезімде Ақтаудағы фитнес залдарға арнайы барып қатыстым. Қызығушылық пайда болғаннан кейін Жетібай ауылында ашқым келді. Бұл, маған уақытша берілген кешен. Өзіңіз көріп тұрғандай, іші кішкене тарлау екені рас. Алдағы басты мақсатым – мемлекеттен жер телімін алып, үлкен фитнес кешенін салу", - дейді жігерлі жас жігіт.

Былтыр Қарақия ауданында 187 адам "Бастау бизнес" жобасы аясында білім алды. Қазірде олардың 94-і бизнеспен шұғылданып, табысқа кенеліп отыр. Биыл тағы 120 ауыл тұрғыны қысқа мерзімді кәсіп ашу курстарынан өтеді деп жоспарланған.

Ал іргелес Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында алғаш рет гинекологиялық кабинет ашылды. Нәтижесінде, болашақ аналардың аудандық емханаға не Ақтауға сабылмай, үй іргесінен сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік туды. Аталған кабинетті ашқан ауыл дәрігері "Бастау бизнес" жобасы аясында кәсіп ашу курсынан өтіп, мемлекеттен берілетін 4 млн теңге жәрдем қаржыға ие болған. Бұл қаражатын озық үлгідегі құралдарды туған ауылына жеткізуге жұмсапты. Қазір мұнда аяғы ауыр қыз-келіншектер жазылған уақытымен келіп қаралып, қажетті емдік шараларын алып жатыр.

Ауыл тұрғыны Ақмарал Ақнұрова алдын-ала жазылған уақытында дәрігерге қаралуға келіп тұр. Бірнеше баланың анасы аудандық емханада күнұзақ кезек күтіп тұрған күндерін ұмытпайды. Сол кезде бар шаруамыздан қалушы едік дейді. Қазір үй тірлігіне де, қызметіне де үлгеріп жүр.

"Біздің ауылда халықтың көптігінен үйге дәрігер шақырту өте қиын. Аяқтай ауруханаға барсақ, күнұзақ кезекке тұрамыз. Сондықтан жекелей кабинет ашқан дәрігерлерге қаралған тиімді. Алия апайға үлкен рахмет айтамын. Жазылған уақытта қабылдап, дәрігерлік кеңес береді, көмек көрсетеді", - дейді Маңғыстау ауылының тұрғыны Ақмарал Ақнұрова.

"Әдетте нәрестенің жүрек соғысы базалық ритмде 120 мен 160-тың ортасында болуы керек. Сіздің балаңыздан орташа есеппен 138-143 болып шығып жатыр. Бұл, жақсы көрсеткіш", - дейді озық үлгідегі құралмен Ақмарал әкелген сәби жүрегін тыңдап шыққан ауыл дәрігері. 

Алия Бадақбаева - қызмет өтілі жиырма жылдан асқан дәрігер-гинеоколог. Бұрынғы қызметі таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс орнында болуды талап ететін. 152 мың халық тұратын ауданда  бала туу көрсеткіші жоғары болуымен күні бойы алдынан адам арылмайды екен. Қазір өз алдына жеке кабинет ашқалы екі акушер қызды жұмысқа алып, ауыл әйелдеріне тиімді жұмыс кестесімен сапалы медициналық көмек көрсетіп отыр.

Дәрігер-гинекологтың айтуынша, замануи құралдармен жарақтанған гинекологиялық кабинет ашу арманына мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіп ашу курсынан өту арқылы қолы жеткен.

"Ауыл әйелдері, әсіресе болашақ аналар медициналық көмекке аса мұқтаж. Өзекті мәселені ұзақ жылдар өз көзіммен көріп келе жатқасын, бизнес-жоба жасақтап, аудандық кәсіпкерлер палатасына апардым. Осы жетістікпен шектелмей, келешек кабинет санын көбейтуді жоспарлап отырмын", - дейді Алия Бадақбаева.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мұнайлы аудандық филиалының директоры Ержан Ахметжановтың келтірген деректерге сүйенсек, мемлекеттік "Бастау бизнес" жобасы Маңғыстау облысында алғаш рет 2016 жылы пилоттық негізде Мұнайлы ауданында жүзеге аса бастаған.

"Кәсіп ашу негіздерін меңгеруді қалаған тұрғындарды Астана мен Алматы қалаларынан арнайы шақыртылған бизнес – тренерлер оқытты. Алғаш жазылған 100 үміткер арасынан 40 адам бизнес-жобаларын сәтті қорғап шығып, оларға қажетті сомада несиелер берілді. Олардың арасында аудан тарихында бұрын болмаған жобалар да бар", - дейді аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Осы ауылда келешек ашылатын УЗИ кабинетіне қажет қондырғыларды алу үшін шамамен 4 млн теңгедей қаражат керек. Бұл жобаның да халыққа аса қажеттілігін түсініп отырған палата мамандары кәсіпкердің несие алуына көмектесіп жатыр.

Мұнайлы ауданының Ақтаумен шектесетін бөлігі саналатын Атамекен ауылдық округінде ұзақ мерзімге жалға берілетін үйлер де салынып жатыр. Шағын елдімекен тарихында алғаш рет әлеуметтік баспаналар салуды "Бастау бизнес" жобасына қатысушы тұрғын қолға алған. Кәсіпкер әйел көздеген мұратына жету үшін 12 млн теңге өз қаражаты мен 15 млн теңге несиесін жұмсаған.

Іскер әйелдің айтуынша, бұл жоба бұрын басқаша аталған. Кейін жергілікті кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегімен нысаналы мақсаты өзгертілген.

"Дайын үйлер біздің өңірге жұмысқа келетін адамдар мен труистерге жалға беріледі. Алғаш кіретін адамдар бірнеше айға төлемдерін төлеп кетті. Көпшілігі көшіп келіп, қоныстанып жатыр", - дейді Атамекен ауылдық округінің тұрғыны Айжан Нұғыманова.

Бүгінде екі және төрт пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы жүз пайызға аяқталып тұр. Барлық жағдайы жасалған баспаналар қосымша шығынды қажет етпейді. Жуырда мұнда 12 отбасы көшіп кіреді деп жоспарланған. Пәтер ақысы коммуналдық төлемдерді қоса алғанда айына 50 мың теңгеден басталады. Алғаш қоныстанушылардың басым көпшілігі әскери қызметшілер екен. 

Аудан тұрғындарының арасында бизнес ашу арқылы әлеуметтік кәсіпкер атаған азаматтардың да көптігі көз қуантады. Мәселен, Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының тұрғыны Гүлшат Демеуова әлеуметтік кәсіп ашып, мүгедек жандарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

"Бастау бизнес" жобасымен бір айлық курс оқыған әйел төмен пайызбен 1 млн 200 мың теңге несие алған. ІІІ топ мүгедегі бұл қаржысын озық үлгідегі тігін машиналарын сатып алуға жұмсапты. Қазірде қолға алған ісі дамып, толағай табысқа кенеліп отыр.

"Жұмысымды осы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап аштым. Мүгедек жандар, жалғызбасты ана, көпбалалы аналарға тегін шеберлік сыныптарын өткізе аламын. Қызылтөбе елдімекенінен Дарғаным есімді апай осында қатынып үйреніп жүр. Өзі ІІ-ші топ мүгедегі. Жиырма күндей болды, күнде келіп бізбен бірге жұмыс жасайды. Біздің жұмысымызға қарап бір шәйі көрпесін де тігіп алды. Сол сияқты басқа да адамдарды жұмысқа шақырып, ала аламыз", - дейді әлеуметтік кәсіпкер Гүлшат Демеуова.

Қыз жасауы мен құрақ көрпелерді шебер пішетін ісмерлер тапсырысты бірнеше ай бұрын қабылдайды. Екі қолға бір күрек іздеген қыз-келіншектер мұнда тегін шеберлік курстарынан өте алады. Мүмкіндігі шектеулі тұрғындар үшін шағын тігін шеберханасының есігі аптаның барлық күнінде де ашық.

Осы ауылдың келесі тұрғыны үлкен баспахана ашып, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіп иесі бұрын жұмыссыздар тізімінде болған. Көпбалалы ана мақсатына жету үшін мемлекеттік жоба аясында қысқа мерзімдік курс оқып, төмен пайызбен 4 млн теңге несие алыпты.

Шағын ауыл тарихындағы алғашқы баспахана озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Нәтижесінде жергілікті жастар инновациялық технологиялармен жұмыс істеуді үйреніп әрі ай сайын табыс тауып жатыр.

"Жасайтын дүниемізді алдымен компьютерде сызып аламыз. Мұнан соң автоматты құрылғыларға команда береміз. Қалған жұмысты ақылды механизмнің өздері жасайды", - дейді баспаханаға жұмысқа кірген ауыл жігіттері.

Заманауи үлгідегі баспахана құралы Маңғыстау елдімекеніне сонау Қытайдан арнайы жеткізілген. Инновациялық қондырғыны іске қосып тұрған дизайнер Ақтөбе өңірінің тумасы. Мұнда кәсіпкердің шақыртуымен келіпті. Қазір өз білгенін аудандық жұмыспен қамту орталығынан жолдамамен келген үш адамға үйретіп жатыр.

"Ақтөбеде баспаханалар өте көп. Ал Маңғыстауда бұл сала енді ғана дамып жатыр екен. Әрине, өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Мұндағы аппараттар бұйымдарды өзі кесіп, өзі дайындап шығарады. Бір жағынан бұл қолмен кескенге қарағанда аса жеңіл, сапасы да жоғары келеді", - дейді баспахана дизайнері Ербақыт Қабиев.

Ауылдықтар бұрын баспахана іздеп Ақтау қаласына қатынайтын. Қазір құжатқа суретке түсуден бастап әртүрлі көлемдегі баннерлермен безендірулерді осы жерде жасатады. 

"Аудандық кәсіпкерлер палатасында оқыдым, бір ай кәсіп ашуға білім алдым. Бизнес-жоспарымды қарады, керегі 4 млн еді. Өйткені, қалған бес қондырғыны өз қаражатыма сатып алғам. Маған ең басты кезекте майда-шүйдеге, стакан, киімдердің сыртына сурет басатын құрылғылар керек еді. Қазір, шүкір жаман емеспін. Мұнайлы ауданында баспахана көп емес. Халық көп бұл жерде, бізге жиі келеді", - дейді іскер әйел Жанна Пәлекеева.

Кәсіпкер әйел қазір отырған баспахана ғимаратын жалға алып отыр. Ендігі мұраты - өз алдына бөлек кешен тұрғызу. Осы ретте Мұнайлы аудандық кәсіпкерлер палатасы мамандарының қолдауымен қосымша несие алуға жұмыстанып жатыр. Бұл қаржының бір бөлігі көше билбордтарын әзірлейтін қондырғылар алуға жұмсалмақ. Демек, мұндағы жұмысшылар саны келешек екі есеге көбейеді деген сөз.

Осы кезекте арнайы тоқталып айта кетейік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген төртінші әлеуметтік бастама ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге бағытталған. Президент тапсырмасымен биылға бекітілген 42 млрд теңгеге қосымша 20 млрд қосылғаны көпшілікке мәлім. Қомақты қаржыны тиімді игеру тәсілдерінің бірі – "Bastau Бизнес" жобасы. Бұл бағдарлама екі жыл бұрын елімізде алғаш рет Маңғыстау облысында жүзеге асқаны жоғары айтылды. Нәтижесі әлгіндей. Яғни, жеке бизнес ашуға жол ашқан жоба шарапатын жүздеген ауыл азаматтары көріп жатыр деуге толықтай негіз бар.

Былтыр 750 ауыл азаматы бір айлық бизнес ашу курсынан өтті. Мұнан соң 151 адам кәсіп бастап, өңірде 195 жаңа жұмыс орны ашылды. Тағы көптеген тұрғындар қажетті құжат жинау үстінде. Шалғай өңірде "Bastau Бизнес" жобасын нәтижелі жүзеге асыруға Мұнайлы, Қарақия, Маңғыстау мен Бейнеу аудандарының тұрғындары белсене атсалысып келеді. 

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаевтың айтуынша, "Bastau Бизнес" жобасы ең бірінші рет Маңғыстау облысында пилоттық режимде Мұнайлы ауданында қолға алынған. Ол жерде 2016 жылы 50-ден астам адам оқып, жеке кәсібін ашып алған.  

"Осы пилоттық жобаның нәтижесін көре отырып, 2017 жылы жаңа бағдарлама қабылданған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту дейтін бағдарлама. Осы бағдарлама ішінде жұртшылықты бизнеске оқыту, яғни кәсібін бастайтын адамға мейлінше көп білім беруге, кәсіпкерлікпен айналысуға, қазіргі заңдылықтарды оқытуға бағытталған жоба", - дейді ол.

Бизнес ашу тетіктерін меңгеруге баулитын бағдарлама аясында өңір тұрғындары өзі туып-өскен елдімекен тарихында бұрын болмаған бастамаларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп жатыр. Заманауи үлгіде салынған кейбір жобалар ауылдың ажарын ашып, халықтың тұрмысын жақсартқан.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасы ғимаратында ауылдықтар үшін қысқа мерзімдік кәсіп ашу курстары жыл он екі ай жалғасады. Әрқайсысы жиырмаға жуық адамнан құралған топтарға кәсіби білікті бизнес-тренерлер дәріс береді. "Bastau Бизнес"  жобасы аясында 80 сағат тәлім алған ауыл азаматының бизнес-жоспар жазып, оны сәтті қорғап шығуы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандарының назарында ұсталады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Үміт Меңдалиеваның айтуынша, аталған бағдарламаға қызығушылық білдірген адамға алдымен жан-жақты ақпарат беріледі. Ауыл тұрғындарының Ақтаудағы кәсіпкерлер палатасына аяқтай келуін күтіп отырмай, аудандық жұмыспен қамту орталықтары, шалғай ауыл әкімдіктеріне арнайы барып, халықпен кездесулер ұйымдастырылып келеді.

"Бұл жобаға қатысуға өтініш жазған азамат міндетті түрде тестілеуден өтеді. Яғни, оқыту жұмыстарының алдында қатысушылардың әлеуетін анықтап, кәсіпкерлікке икемділігін байқаймыз. Бұл кезеңнен өткендер топ құрамына қабылданып, сабақ басталады", - дейді Үміт Меңдалиева.

Мемлекеттік бағдарлама аясында халыққа қайтарымсыз негізде грант беру жолдары қарастырылған. Басты талап – қолға алатын бизнес-бастамаңыз инновациялық деп танылуы, яғни сіз тұратын елдімекеннің одан әрі дамуы үшін аса қажет жоба деп саналуы керек.

Былтыр ауыл азаматтары жазған 30 өтініштің үшеуіне "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында қайтарымсыз гранттар берілген. Әр кәсіпкер 500 мың теңгеден қаражат алып, өзі ашқан кәсібін дөңгелетіп отыр.

"Аудан-ауылдардың дамуына тың серпін беретін қызықты жобаларға үнемі мониторингтік бақылау жасалып тұрады. Яғни, кәсіпкерге несие берілген соң арамыздағы байланыс тек нығая түседі. Кәсіпкерге мемлекеттен бөлінетін қолдау қаражаттың мақсатты жұмсалуын назарда ұстаймыз. Мәселен, шикізат пен өндірістік құрал-жабдықтарды тиімді бағада сатып алу жолдарын көрсетеміз. Кейбір азаматтардың кәсіп бастауына жер телімін алу, оған инфрақұрылым тартуға құжат жинау кедергі болады. Бұл ретте де біздің көмегімізге жүгінуге болады", - дейді Маңғыстау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының мамандары.

"Bastau Бизнес" мектебі маңғыстаулық тігіншілерді де оқытып, маркетинг пен менеджмент негіздерін қысқа мерзімде меңгеріп алуына жол ашқанын айта кеткеніміз жөн. Қыз-келіншектер өзі тоқыған өнімдерін сатылымға шығарып, пайда табуға үйренді. Мұнымен қоса, тігін машиналарын сатып алуына шағын несиелер де берілді. 

Осы жоба жұмыссыз адамдар көп елді мекендерде қарқынды жүзеге асып келеді. Яғни, Маңғыстау облысындағы бас-аяғы бес аудан халқы да белсене қатысып жатыр. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, негізгі білім алғандар жеке кәсібін ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағыттаған. Былтыр 98 адам мал алу, егін егу деген сияқты бағыттарда жұмыстанған. Оның ішіндегі Шетпедегі түйе етін консервілеу сияқты аймақ бұрын болмаған өндіріс орындары да бар.

Қазақ елінде тұңғыш рет бұқтырылған түйе еті нарыққа шығарған кәсіпкердің есімі - Мұхтар Қармысов. Шағын кәсіпорын тәулігіне 1 мың қалбыр бұқтырылған ет дайындайды. Үш жылға дейін сақталатын консервінің бір данасы - 480 теңгеден басталады. Аймақ басшылары 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған цехтің болашағы зор боларына сенімді. Іске қосылған күннен бастап өңірдегі ірі сауда орталықтары кәсіпорын өніміне тапсырыс беруге көшті. Бұл жобаның жалпы құны 25 млн теңгені құрайды.

"Сегізбай ата" ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы Мұхтар Қармысовтың сөзінше, шағын өндіріс орнында төрт түлік еті қалбырларға салынып, саудаға шығарылады.   

"Қазіргі ұстанымымыз - негізінен түйенің етін жабуға жұмыстану. Облыста бірінші болып, Ойсылқара түлігі етін жауып, халыққа сапалы өнім беру жолында жұмыстанып келеміз", - дейді ауыл кәсіпкері.

Ақтаудан ең шалғай аудан - Бейнеу тұрғындары да "Бастау бизнес" жобасы аясындағы оқу курстарына ең белсенді қатысушылар саналады. Ал Маңғыстау ауданының халқы ең көп мөлшерде несие алуымен көш бастап келеді.

Жалпы,  маңғыстаулықтар өткен жылы мемлекеттен жарты млрд теңгеге жуық берешек қаржы алып, кәсіп ашқан. Биыл тағы жүздеген жаңа бизнес-жобалар жүзеге асады деп күтілуде.

Маңғыстау өңірінде таяу жылдары бекіре балық өнімдерін өндіретін кешен салынады деп жоспарланған. Осы мақсатқа Ақтау қаласының шетінен көлемі 4 гектарға жуық жер телімі бөлініп тұр. Құны 1,2 млрд теңгеге бағаланған жоба құрылысы бір жылда аяқталмақ.

Кешен жылына 90 тонна бекіре еті мен 2 тонна қара уылдырық береді. "Каспий" су тұщыту зауыты жанынан бой көтеретін ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң 30 адам жұмысқа алынады. Бұл жобаны жүзеге асыратын отандық компания Беларусь елінде балық фермасын салған. Яғни, бекіре шабақтары осы мемлекеттен жеткізіледі. Аймақта туризм әрі ауылшаруашылығы салаларының дамуына тың серпін беретін жобаға араб және қытай инвесторлары да қызығушылық танытып отыр.

Ал ақтаулық этнодизайнер Нұржамал Нұрпейісова әлемге әйгілі футболшы Криштиану Роналдуға арнап қазақтың ұлттық бөркі мен шапанын әзірледі. Ту сыртына алтын күн мен қыран бейнеленіп, осы түстес ою-өрнекпен зерленген тағы үш шапан теңбіл доп спорты жұлдызының бапкерлеріне бұйырды. Өз ісінің кәсіби шебері бұл тапсырысты атыраулық мұнай мекемесінен қабылдаған екен. Екі айда дайын болған бұйымдар иелеріне Женевада тапсырылды.  

Мұндай тапсырысты қабылдау, кез-келген ісмердің басына қона бермейтін бақыт екені анық. Әлемге танымал футбол жұлдызына арнап қазақтың ұлттық шапанын пішуден бұрын этнодизайнер оның ғаламтордағы суреттерін парақтап, талғамын білуге біраз уақыт жұмсапты. 

"Тапсырыс беруші қойған басты талап - шапан классикалық үлгіде, күнделікті киюге арналып әзірленуі тиіс болды. Ойлана келе жағасы мен қалталары алтын түстес оюлармен зерленген костюм пішуге шешім қабылдадым. Роналдуға бұл шапан тапсырылған сәтте шетелде іс-сапарда болдым. Естуімше, ол қазақ халқының ұлттық киімін зор қуанышпен қабыл алыпты. Бұл, барша қазақстандықтар үшін ортақ қуаныш, зор мәртебе деп санаймын", - дейді этнодизайнер Нұржамал Нұрпейісова.

Ісмердің айтуынша, компьютермен бас-аяғы он эскиз сызылған. Әрқайсысы қайталанбас ерекшелігімен көз тартады. Алайда, соңғы таңдау шымқай қара түсті масаты матадан тігілетін шапанға түскен. Шетелге жол тартқан ұлттық киімді тәжірибелі тігінші-модельер Нұрғали Райымқұлов пішіп шығарды.

"Жалпы шапанның түсі қара болатын, өрнектері сарғыш-алтын түстес деп айтамыз. Біз білген жоқпыз, оның осындай атақты адамға тігіліп жатқанын. Ұжым болып жұмысты бірге бастадық. Заманауи сән үлгілеріне сәйкес костюм ретінде тігілді. Күрделі әрі жауапты жұмысымыздың әлемге танылып, Қазақстан атағы тағы бір мәрте шығып жатқанына қуаныштымыз", - дейді ақтаулық модельер-тігінші.

Нұржамал Нұрпейісова басқаратын сән үйінің ұжымы бүгінде көктем-жаз сән үлгілері топтамасын дайындап жатыр. Кәсіби шеберлер қолынан шыққан  бағалы бұйымдар таяу күндері шетелдегі көрермен назарына ұсынылмақ.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында былтыр өз кәсібін ашқан тұрғындардың 40 пайызын нәзік жандылар құрайды. Осылайша, бизнеске бет бұрған әйелдер саны 19 мыңнан асып отыр. Бұл саланың дамуына әсіресе ауыл әйелдері белсенділік танытуда. Соңғы жылдары шағын елдімекендерде техникалық қызмет орталықтары, хостелдер, тігін цехтарының саны артқаны байқалады. Ал Ақтауда балабақша, сұлулық салондары мен дәмханалар көбейген.

Ақтаудағы жекеменшік балабақша-гимназияның киім бөлмесі бүтін балалар театрын киіндіре алады. 300-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан бөбекжайда жүзу бассейні де бар. Сондай-ақ емдік массаж, қазақ және ағылшын тілін тереңдетіп оқыту кабинеттері мен балалар иогасы бөлмесімен қамтылған. Жергілікті білім саласындағы тың бастамаларды тәжірибелі маман Лариса Гурьева жүзеге асырып келеді.

"Мектепке дейінгі білім беру саласын зерделей келе аймақта бұрын болмаған жаңа  бастамалар туралы балабақша салған кәсіпкерге түсіндірдім. Ол ұсынысымды бірден мақұлдады. Былтыр "Білім беру саласының үздігі"  ұлттық сертификатына ие болдық. Ақтаудағы жекеменшік балабақшалар қауымдастығына қабылданғалы әріптестерімізбен өз тәжірибемізді бөлісіп жатырмыз", - дейді жекеменшік балабақша-гимназияның директоры Лариса Гурьева.

Ерекше бөбекжайда 45 адам жұмыс істейді. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжымның дені – әйелдер. Жалпы нәзік жандылардың бизнеске ашуға бет бұрғалы әсіресе ауылдардың ажары артып, халықтың тұрмысы жақсарған. Былтыр мақұлданған 208 жобаның 75-і іскер әйелдерге тиесілі. Нәтижесінде, 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылып отыр.

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихованың мәліметінше, 2016 жылы кәсібін дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отырған ауыл әйелдерінің саны 10 мыңға жуық болса, бүгінде 23 мыңға жеткен.   

"Сәйкесінше, өңірде жыл сайын жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылуда. Халықаралық деңгейдегі бизнес мектептерде оқып келіп жатқан ақтаулық қыз-келіншектер қаншама. Көпшілігі Еуропа мен Азия елдерінде бірнеше жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған мамандар", - дейді маңғыстаулық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.

Аймақтағы 12 үкіметтік емес ұйым мен бес қауымдастықты іскер қыз-келіншектер басқарады. Кондитерлер, дизайнерлер мен қолөнер шеберлері бір одаққа біріккелі кәсіптің дамуына кедергі сұрақтарды шешу біршама жеңілдеген. Келешек фармацевтер, сән ательелері мен мейрамхана иелері қауымдастығын құру да жоспарда бар.

Өткен жылы Маңғыстау облысындағы шағын және орта бизнес саны 2,8 мың бірлікке артып, республика бойынша үздік үш өңірдің қатарына қосылды. Жаңадан кәсіп бастаған тұрғындар 4 мыңнан аса жұмыс орындарын ашқан. Осылайша, шалғай өңірдегі бизнес-ортаның жұмыссыздықпен күреске қосқан үлесі 40 пайызды көрсетіп отыр. Сондай-ақ, былтыр "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша жалпы құны 15,1 млрд теңгені құрайтын 208 жоба жүзеге асырылған. Нәтижесінде, бір жарым мыңға жуық адам қызметке орналасты. Шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген несиенің жалпы көлемі 29 млрд теңгеден асады. 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаевтың айтуынша, 2018 жылдың екі айында 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес 2 мың 800 субъектіге өскені байқалады.

"Бұл, Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті дамытуға инфрақұрылымның жақсы ұйымдастырылғанының белгісі. Екіншіден, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының барлық қала, аудан орталықтарында құрылғаны. Микронесиелік ұйымы арқылы 151 жоба 758 млн теңгеге қаржыландырылып отыр. Мұның барлығы азаматтарға жақсы жағдай жасалып отырғанын көрсетеді", - дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Айтқандай, осы палата орналасқан ғимаратта қазір ұмыт болған ата дәстүрді насихаттаушы кейуана ұршық иіріп, сырмақ тоқып, ұлттық кәсіпке жұмыссыз қыз-келіншектерді баулып жүр.

Маңғыстаулық ісмер Әуес Сағынаева қазіргі таңда Ақтауда қолөнер шеберлері орталығын құруға жұмыстанып жатыр. Өңірде алғаш рет ашылғалы тұрған орталыққа жазылушылар төрт түлік жүнін иіру, киіз басу, сырмақ-алаша өру мен шекпен тоқуды үйреніп шығады. Қазақ ғұрпын қайта жаңғыруды қолға алған ісмер жергілікті студенттерге табиғат аясында шеберлік сағаттарын өткізуді де жоспарлап қойған.

"Қазіргі жастардан шекпен дегеніміз не деп сұрасам, ойланып қалады. Шекпеннің бұрынғы ата-бабаларымыз киген дәстүрлі киімі. Қазір ұмытылып, жүз жылдан бері тоқылмай келе жатқан қастерлі бұйым екенін түсіндіріп келемін", - дейді он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері.

Әуес Сағынаеваның сөзінше, бүгінгі ұрпақ түйе жүнінен тоқылатын шекпенге қарағанда қазақтың кәдімгі оюлы шапанын жақсы таниды. Бұған ұлттық киімнің ғасырдан аса уақыт көпшілік санасынан ұмыт қалуы себеп. Ерте заманда би-болыс, серілер иығына ілген шекпенді маңғыстаулық ісмер ағаштан жасалған өрнек тоқу құралымен бас-аяғы үш айда пішіп шығарады. Жеңіл әрі сәнді бұйымды әзірлеу үшін шамамен төрт келідей тайлақ түйенің жүні қажет екен.

"Шекпен тоқуға көбіне-көп жас малдың жүні пайдаланылады. Әуелі тазалап, одан кейін иіріп, кейін өрнек қылып аламыз. Содан 12-14 метр мата шығарып, киім қылып пішеміз. Иіріп болғаннан кейін жақсы түс беру үшін мен дайын матаны ыстық суға араласқан адыраспан шөбіне саламын. Қайнататын себебі, түйенің жүні қылшықты келеді. Киелі шөп бір жағынан иірілген жүннің түсінің өзгертіп, әдемілік беруіне де әсерін тигізеді", - дейді Әуес апай.

Қолөнер шебері келер жылдары студенттерді табиғат аясына шығарып, таза ауада шеберлік сағаттарын өткізбек. Жастар ұршық иіру, киіз басу, өрнек тоқудан бастап ұлттық киімдерді пішуді үйренеді. Бұл іске ісмердің былтыр Ақтауда құрған қолөнер шеберлері одағының мүшелері де атсалыспақ. Тігін өнеріне ынталы қыз-келіншектер шеберханаға күнде келіп, біліктілігін арттырып жүр.

"Әуес апайдан тұрмыста пайдаланылатын, жүннен жасалатын бұйымдарды жасауды үйреніп жатырмын. Оның ішінде сырмақ-текемет басу, үйге киетін шәркейлер басу. Сонымен бірге, қазіргі жастар пайдаланатын заманауи үлгідегі сөмкелер жасауды үйреніп жүрмін. Маңғыстауда шеберлер көп, соның ішінде Әуес Сағынаева үлкен жасына қарамай бізге көп зат үйретіп жатыр. Қай уақытта келсең де есік ашық", - дейді қала тұрғыны Гүлнар Сауытбаева.

Ісмердің ендігі мұраты - Ақтауда алғаш рет қолөнер шеберлерінің орталығын құру. Осы бағытта кәсіпкерлер палатасы мамандарымен бірлесе әкімдіктермен келіссөздер жүргізіп келеді. Тігін өнерін меңгеріп шыққан қыз-келіншектердің одан әрі өз ісін ашып, аяққа тұруына қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда орталық бөлімшелерін құрып, жұмыссыздықтың азаюына үлес қосуды көздеп отыр.

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында биылдан қалмай демалыс аймағы ашу  жоспарланған. Ақтаудан ең шалғай орналасқан елдімекенге қарасты Есет ауылында жерасты су көзі бар. Бұлақ мөлдірінің құрамы пайдалы минералдарға бай екені батыс өңірлерге аян. Осы себепті кәсіпкерлер емдеу-сауықтыру кешенін тұрғызуды жоспарлап отыр.

Меценаттар қаржысына сондай-ақ, Маңғыстау ауданында заманауи үлгідегі спорт сарайы салынып жатыр. Жалпы, өткен жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өңір кәсіпкерлері 11 миллиардтан астам қаражат жұмсап, бас-аяғы 59 жобаны жүзеге асырды. Әсіресе, Шетпе елдімекені жанынан Көгез этноауылы ашылғалы шетелдік туристер саны көбейгені байқалады. Биыл "Туған жер" бағдарламасы бойынша 160-тан аса іс-шара жүзеге асады деп күтілуде.

"Рухани жаңғыру" өңірлік жобалық кеңсесінің өкілі Бағлан Оразымбетовтың айтуынша, қазіргі таңда аймақ бойынша "Туған жерге тағзым" акциясы аясында қоғамдық саябақтар, спорт кешендері мен балалар алаңқайлары тұрғызылуда.

"Бұл жұмыстардың барлығына мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Тек қана демеушілер, кәсіпкерлер және белсенділердің қаражатына істеліп жатқан жұмыстар", - дейді ол.

Жеке кәсіп ашуға ересектерден бөлек, жас буын өкілдерінің де ынтасы жоғары. Таяуда Каспий жағалауындағы демалыс орындарының бірінде "Кәсіпкер боламын" атты пилоттық жобаның қорытынды кезеңі өтті. Арнайы жасақталған бизнес-лагерьде өңірдің 12 мектебінен келген 150 оқушы бас қосты.

Бастапқы кезеңі ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында өткен аймақтық жобаға бас-аяғы 365 бала қатысты.  

Маңғыстау жастары үшін тың бастама жергілікті бюджеттен қаржыланған. Оған қатысушылар өзін-өзі дамыту қабілетін шыңдап, кәсіп ашу тетіктерін меңгеріп шықты. 10-сынып оқушылары бес күн бойы халықаралық деңгейдегі бизнес-тренерлерден дәріс алды. Сабақтан соң ашық ауада командалар арасында флешмобтар мен пікір-талас сайыстары ұйымдастырылды. Шара соңында әр оқушы өзі жазған бизнес-жобасымен таныстырып, арнайы куәлікке ие болды. Айта кетейік, олардың көпшілігі өз бетімен табыс тауып жүрген жеткіншектер.

Жоба авторы Айнаш Төлеш берген мәліметке сәйкес, жобаның алғашқы кезеңдерінде балаларға арнайы шақырылған 80 бизнес-тренерлер дәріс берді. Жеткіншектерді кәсіп ашуға баулу сабақтарына жергілікті кәсіпкерлер мен мекеме басшылары қатысып, табысқа жету жолында жиған тәжірибесімен бөліскен.  

"Ал үздік оқушыларды анықтау үшін "Кәсіпкер боламын" атты бизнес-ойынынан жарыс өтті. Жеңімпаздарға жазғы бизнес-лагерьге қатысуға жолдама берілді. Сондай-ақ, мұнда бес ай бойғы дәрісте жақсы бағалар алған балалар шақырылды", - дейді Айнаш Төлеш.

Ақшұқыр мектеп-лицейінің оқушысы Айгүлім Қадырғалиқызы қолға алған бизнес бастама – киізден сәндік бұйымдар жасауға бағытталған.

"Бұл жобада менің қарамағымда 10 қыз жұмыс жасайды және де мұғалімім бар. Ол бізге бағыт-бағдар беріп отыр. Кіріс пен шығысты есептеуді, маркетингті жүйелі түрде өткізуге өз көмегін тигізіп келеді. Бұл бизнес-лагерьден әртүрлі тренерлерден сабақ алып, бастысы уақытымызды қызықты әрі пайдалы өткіздік", - дейді оқушы қыз.

Осыған дейін Маңғыстау облысында алғаш рет шақпақ қант шығаратын цех ашылғаны туралы хабарлаған едік. Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылдық округінде екі кәсіпкер бірігіп ашқан шағын кәсіпорында он адам жұмыс істейді. Олардың барлығы Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту бөлімі жолдамасымен еңбекке араласқан. Өндіріске қажет құралдарды туған жеріне жеткізіп, кәсіп ашуға ауыл азаматтары 20 млн теңгеден аса өз қаржысы мен банктен алған берешегін жұмсапты.

Шағын цехтағы құрылғылар қызметі жүз пайыз автономды. Айталық, жұмысшы бір қап құмшекерді машина елегіне салған бойда ол сүзіліп, ұнтақталады. Мұнан соң су қосылған қою масса төрт бұрыштап кесіліп, пеште кептіріледі. Қалған жұмыс конвейер үстімен жылжыған дайын өнімді вакумды сорғыш арқылы қағаз қораптарға салу ғана.

Басқұдық ауылында тұратын Қарлыға бұған дейін бірнеше жерде жұмыс жасаған. Кейін бала күтімінен қолы босамай үйде отырып қалады. Кезінде арыз жазып қалдырған аудандық жұмыспен қамту бөлімінен ұсыныс келгенде қуанышпен қабылдайды. Қазір өзі секілді қыз-келіншектермен еңбекке араласып, тұрақты айлық алып отыр.

"Осы цех ашылғалы қызметке алындым. Өзіме ұқсаған қыз-келіншектермен жұмыс жасап жатырмыз. Уақытылы айлығын беріп жатыр. Кәсіпкерге айтар алғысымыз шексіз", - дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Қарлыға Берденова.

Нұрлан мен Нұрболат есімді ауыл жігіттері ішкі нарықты зерттей келе өңірде бұрын болмаған кәсіп ашуға мақсат қояды. Бизнес-жоба әзірлеп, өндіріске қажет құралдарды шетелден іздеген. Таңдау Түркияда жасалатын автономды құрылғыға түсіп, туған жеріне жеткізеді. Осы мақсатқа жиған қаражаты жетпей қалып, несие рәсімдеген. Жуырда іске қосылған цех тәулігіне 25 мың келі шақпақ қант шығарады.

"Екінші деңгейлі банк қаржыландыруымен іске қосылған цех. Ендігі мақсатымыз -осы цехты кеңейту. Бұл таңда 10 жұмысшымыз бар. Қазір 8 сағат жұмыс жасап жатырмыз. Шикізатымызды Қазақстан бойынша 13 зауыт бар құмшекер шығаратын. Солардан алып және базарлардан алып жатырмыз. Келешек бір пайызды несиеге ілінсек, бұл цехтың қуаттылық деңгейін екі есеге арттыруға болады", - дейді жеке кәсіпкер Нұрболат Жүсіп.

Кәсіпкердің айтып тұрғаны биыл өңірде іске қосылған «Нұр-Капитал» пилоттық бағдарламасы. Ауыл азаматтары осы жоба арқылы 30 млнға жуық несие алуды көздеп отыр. Бұл қаржы банкке берешегін жауып, цехтағы құрылғылар  санын көбейтуге жұмсалмақ. Сәйкесінше, жұмыс екі ауысымға көшіп, жаңа жұмыс орындары ашылады.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болатын. Соның айқын көрінісі деп айтуға болады – біздің ауылымызда шақпақ қант цехы іске қосылды. Кәсіп иесіне әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. 1 пайыздық мөлшерлемемен несие берілетін болады. Қазіргі таңда құжаттары рәсімделіп жатыр", - дейді Басқұдық ауылдық округінің әкімі Өсер Тлепов.

Қазіргі таңда Маңғыстауда жасалған шақпақ қант жергілікті азық-түлік дүкендерінде сатылып жатыр. Ауыл кәсіпкерлері биылдан қалмай отандық тауарды көршілес өңірлерге тасымалдауды жоспарлап қойған.

Маңғыстау облысының ең бас ауданы Мұнайлыда жеке кәсіпкер қаражатына салынған балабақша көп. Биыл қолданысқа қосылған тағы бір мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 70 бала тәрбиеленеді. Мұнда аудандық жұмыспен қамту бөлімінен жіберілген 10 адам еңбек етуде. Қолданыстағы ғимаратты қалпына келтіріп, оқуға қажет құрал-жабдығын алуға Басқұдық ауылының тұрғыны 15 млн теңге жұмсаған. Оның 5 млны банктен алған берешек қаржы. Кәсіпкер әйелдің ендігі мұраты - 1 пайызды несие рәсімдеп, өз алдына бөлек бөбекжай салу.

Индира Базарбаеваның жанұясы Басқұдық ауылына Ақтөбе өңірінен көшіп келіпті. Жаңа қонысқа орналасып болған соң балаларын үйге жақын жердегі бөбекжайға беруді ойлайды. Бір көшенің бойында орналасқан екі қабатты балабақшаға өзі оқыған мамандық иесі қажеттігін естіп, құжаттарын тапсырады.

"Осы балабақшаға тәрбиеші керектігін естіп, өз түйіндемемді тапсырғанмын. Ашылғалы жұмыс жасап жатырмын. 70 баланы қамтып, жақсы деңгейде жұмыс жасап жатырмыз. Жұмысым өзіме ұнайды, кәсіпкерге көп-көп рахметімді айтамын", - дейді ауыл тұрғыны.

Бөбекжайды ашқан кәсіпкер әйел "Бастау бизнес" жобасы аясында қысқа мерзімдік курс оқыған. Аудандық палата мамандарының қолдауымен бизнес-жоба әзірлеп, сәтті қорғап шығады. Өзгенің ғимаратын жалға алып, талаптарға сай ішін қалыпқа келтіреді. Қазір мұнда бүлдіршіндердің білім алуына барлық жағдай жасалған.

"Бұл балабақшаның ерекшелігі – ең бірінші жолға, адамдардың жұмысқа қатынауына жақын аймақта орналасқан. Яғни, балаларын емін-еркін тастап, әрі қарай жұмысына кете алады. Сонымен қатар, ағылшын, орыс тілі, бұйырса логопед тағы да өзіме қажетті мамандармен ұжымды толықтырамын. Барлық  жұмысшыларды аудандық жұмыспен қамту бөлімінен алып жатырмын", - дейді іскер әйел.

Мұнайлы өңірдегі халқы тығыз қоныстанған ауданның бірі саналады. 11 жылда мұндағы бөбекжайлар саны 48-ге жетті. Олардың 33-і жеке меншікте. Яғни, ауылдықтар кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп жатыр. Бизнес ашу тетіктерін меңгеруге ынтасы да жоғары. Бұған жергілікті палата мамандарының күніне кемі 2-3 өтініштен қабылдауы дәлел.

Мұнайлы аудандық ҰКП "Бастау бизнес" жобасы бойынша үйлестірушісі Әнуар Өтегеновтің айтуынша, 2017 жылы 188 қатысушы қысқа мерзімді курс аяқтады. Ал 2018 жылға қойылған жоспар 220 адамды кәсіп ашуға баулу.

"Жұмыспен қамту орталығы бар, сол жаққа барып алдымен жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан соң бізге келіп өтініш-арызын беріп кетеді. Тест аламыз, сол арқылы оқуымызды бастаймыз. Жалпы "Бастау бизнес" жобасын оқыған қатысушылар 6 пайыз жеңілдікпен несиесін алады. Ауыл тұрғындарын жобаға тарту әлі де жалғаса береді", - дейді ол.

Ұзақтығы төрт апталық бұл курстарды ауыл тұрғындары аптасына бес күн оқиды. Бүгінде 90 ауыл тұрғыны 6 топқа бөлініп, бизнес ашу негіздерін оқып жатыр. Дәрістерді өңірге арнайы шақырылған тренерлер өткізуде.

Айта кетейік, осы аудандағы Басқұдық ауылдық округінде ортопедтік матрацтар шығаратын цех бар. Мұнайлыда 2008 жылы ашылған баламасыз өндіріс орны "Қазақстанда жасалған" брендімен 15 түрлі төсек-орын жабдығын дайындайды. Мұнда аудандық жұмыспен қамту бөлімінен жіберілген 8 адам еңбек етуде. Кәсіп ашқан ағайындылар жуық арада 1 пайызбен несие алады. 30 млн теңгенің бір бөлігі кәсіпорын қызметін толық автоматтандыруға жұмсалмақ.

Төсек-орын жабдығын шығаратын кәсіпорын қызметі құрастыру цехынан басталады. Мұндағы жұмысшылар арнайы құрал көмегімен қазақ металын иіп, төрт бұрышты пішінге енгізеді. Одан әрі ауа қысымымен жұмыс жасайтын  пистолет арқылы темір пружиналар матрац қаңқасына бекітіледі.

Матрацтар бір немесе екі адамға және балаларға арналып жасалады. Олардың қаңқалары осы цехта құрастырылады. Қағаздағы нұсқа бойынша таңдау жасалған соң, жұмысшылар төрт бұрышты төсек-орын жабдығының ортасына серіппелі құрастырылымды бекітеді. Одан әрі қаңқаның барлық қабаты синтетикалық тығыз материалмен тысталады.

Ермек Қиянов осы кәсіпорынға жақында жұмысқа кірген жастардың бірі. Ол матрац қаңқасын алуан түсті маталармен тыстаудың шебері. Мәселен, бір төсек-орын жабдығын тігіп шығаруға бас-аяғы 10 минут жұмсайды екен. Жалпы, бұл цехтың мамандары тәулігіне 30-дан 50-ге дейін ортопедтік матрацтар дайындайды. 

"Жұмыс басында маған қиындау болды. Артынан үйреніп, алып кеттім. Бізде әртүрлі матрацтар бар. Тұтынушылар қандай көлемде тапсырыс береді, сол бойынша шығарып беруге тырысамыз. Жұмысымыз жақсы, өзімізге ұнайды. Кәсіпкерге айтар алғысымыз мол", - дейді ауыл азаматы.

Ілес және Тілек есімді ағалы-інілі жігіттер Алматыға барған сапарында осы тектес кәсіпорынды көріп, өз ауылында ашуды ойлайды. Бизнес-жоспар әзірлеп, өндіріске қажет құрал-жабдығын туған жерге жеткізуге 20 млн теңге жұмсаған.

"Ағамыз екеуміз бірнеше жыл бұрын зерттей келе, Маңғыстауда жоқ екенін анықтап осы кәсіпорынды аштық. Қазіргі таңда шүкір әртүрлі мұнай компанияларымен, жиһаз салондарымен жұмыс жасап отырмыз. Осы жұмысымызды келешек ұлғайтып, жұмысшылар санын тағы да өсіреміз деген ойымыз бар", - дейді жеке кәсіпкер Тілек Құрылысұлы.

Маңғыстауда биылғы маусым айынан Бір пайызбен 30 млн теңгеге дейін несие алған кәсіпкерлер өндіріс орнын жетілдіріп, халыққа жаңа жұмыс орындарын ұсынуда. Нәтижесі де жаман емес.

"Осы кәсіпкердің өтінішіне тоқталар болсақ, биыл ғана өңір басшысы Ералы Лұқпанұлының бастамасымен қолдау тапқан "Нұр-Капитал" өңірлік бағдарламасынан 1 пайыздық көлемде несие алу. Әрине, өзінің өндіріс көлемін ұлғайтса, тағы да ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтиды. Осылай, біз жұмыссыздық мәселесін шеше аламыз", - деп отыр Басқұдық ауылдық әкімдігіндегілер.

Ағалы-інілі кәсіпкерлер ауыл әкімдігіне жазған өтініші мақұлданған. 30 млн теңге несиенің бір бөлігі цех жұмысын толық автоматтандыруға жұмсалады. Яғни, келешек шағын кәсіпорынның жұмыс қуаты ұлғайып, отандық тауар сапасы жақсара түсері даусыз.

Биыл бір ғана Маңғыстау ауданының 215 тұрғыны жеке іс бастау тетіктерін үйреніп шығады. Былтыр Шетпеде 187 адам бизнес-тәлімгерлерден білім алып, 41-і кәсіп ашқан. Қатарында қалбырдағы түйе етін шығаратын цех, жол бойында қызмет көрсету кешендері секілді өңір үшін инновациялық бастамалар бар.

Алмагүл Өтеулина жеке кәсіпкер ашқан тігін шеберханасында еңбек етеді. Бастапқы қызметін құрақ көрпе пішуден бастаған. Қазір қазақтың ұлттық киімдерін әшекейлеу, кестелеп өрнек тоқудың шебері атанды. Келешек мұраты – өз алдына кәсіп ашып, ата дәстүрді насихаттаушылар қатарына қосылу.

"Бұрын жұмыссыз болдым. Жұмыспен қамту орталығынан мұнда жіберді. Осы жерге келген соң іс үйреніп әрі халыққа қазақтың дәстүрін көрсетіп, үйретіп жатқан жайым бар", - дейді Шетпе ауылының тұрғыны Алмагүл Өтеулина.

Іскер әйел Айнұр Қожақова Алмагүлден басқа тағы тоғыз қыз-келіншекке жалақы төлеп отыр. Ауыл кәсіпкері былтыр "Бастау-бизнес" бойынша курс оқып, төмен пайызбен 6,5 млн теңге несие алған. Берешегін озық үлгідегі екі тігін машинасын сатып алуға жұмсапты. Заманауи технология компьютермен басқарылады.

"Алматыдан және Қытайдан екі қондырғы алдырдым. Олар киімдерге суреттер мен түрлі кескіндерді салады. Қазір оған сұраныс көп, өйткені көп адам қазақша, яғни этностильде сұрайды. Несие алғаннан кейін төрт жұмысшы алдым. Тапсырыс көп болған кезде шақырып алып, көмектесетін тағы екі жұмысшымыз бар. Күнделікті табатын абысымыз да жақсы", - дейді ауыл кәсіпкері.

Осы ауылдың тұрғыны Ақерке Таңбайқызы ашқан цехта алуан түрлі терезе перделері жасалады. Маңғыстау ауданында баламасы жоқ кәсіпорында 11 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Олар отандық өнімді тұрғын үйден бастап мекемелерге жеткізіп, орнатып береді. Шикізат Ресей мен Түркиядан жеткізіледі. Жұмысшылар әлеуметтік желіден келетін тапсырысты игеру үшін аптасына алты күн еңбек етеді.

Бастапқыда бар болғаны 1 млн теңгемен кәсіп бастаған іскер әйел келешек өндіріс орнын автоматтандырып, қосымша жұмыс орнын ашуға ниетті. Қазір бизнес бастауға  баулитын курсқа құжат жинап жүр.

"Кішкентай кезімнен тігінге әуестігім бар еді. Перделерді де тігемін. Қазіргі заманға сай перделердің неше түрлері шығып жатыр. Соларды істегім келіп, осы жерде жұмыс жасап жатырмыз. Ендігі жоспарым – бизнесімді кеңейту үшін аудандық кәсіпкерлерді қолдау палатасына хабарласып, арнайы білім алуды жоспарлап жүрмін", - дейді іскер әйел.

Бүгінде 38 шетпелік кәсіп бастау тетіктерін меңгеріп шықты. Олар 4 және 6 пайызбен бас-аяғы 205 млн теңге несие алған. Тағы 3 адам мемлекеттік қор есебінен қаржылай грантқа ие болды. Нәтижесінде, аудан көлеміндегі әлеуметтік нысандар саны артып, мал басы көбейіп отыр.

Маңғыстау аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Өтеуовтің айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Негізгі міндет – кәсіпкерлерді қолдау, оларға қаржылай және кәсіптік тұрғыдан демеу беру.

"Бізде көрсетілетін қызметтің барлығы да тегін. Жыл соңына дейін 215 адамды оқытып, оларға қолдау көрсетеміз. 11 адам өз кәсібін бастап үлгеріп жатыр, алғашқы топтың қатысушылары. Олардың басым көпшілігі мал шаруашылығы саласын дамытып жатыр", - дейді Әлібек Өтеуов.

Жыл соңына дейін Шетпеде жеке кәсіпкерлер қаражатымен "Көгез" туристік аймағы кеңейіп, балабақша және минералды су шығаратын кәсіпорын салынады. Сәйкесінше, 20-дан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп көзделуде.

Маңғыстау өңіріндегі Түпқараған ауданында да кәсіпкерлік саланың дамуы қарқынды. Биыл Форт-Шевченко қаласының 33 тұрғыны кәсіп ашу курсын аяқтады. 17 адам бизнес-жобаларын сәтті қорғап шықты. Аудан тарихында тың бастама ұсынған 5 кәсіпкер 15 млн теңге несие алған.

Заманауи үлгідегі наубайхана, аспазхана ашылуымен жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ал Ақшұқыр елдімекенінде 67 адам қысқа мерзімде бизнес бастау негіздерін меңгеріп алды. 2 азаматқа төмен пайызбен 8 млн теңге берешек қаржы берілген. Мемлекет қолдауымен тасы өрге домалаған жеке кәсіп иелері кемі екі ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкерліктің дамуы осы қарқында жалғаса берсе, маңғыстаулықтардың тұрмысы түзеліп, туристік әлеуеті жоғары өңірде келешек ірі сауда орталықтары мен көрнекті әлеуметтік маңыздағы ғимараттардың саны бірнеше еселеп артарып сөзсіз.

Бұл ретте жергілікті халық қолға алған бизнес-бастамаларының жүзеге асуына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау табарына кәміл сенеді. Қазірдің өзінде алған ісін дамытып, табысты азаматтардың қатарына қосылған аймақ тұрғындары өзгелермен тәжірибе алмасып, аймаққа алыс-жақын шет мемлекеттермен әріптестік байланысын дамытуға ден қойған.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости