Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың денсаулық саласын дамытуға шамасы жете ме?

28 Декабря, 2017, 15:43 9464
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың денсаулық саласын дамытуға шамасы жете ме? | Аналитика | BNews.kz

Елімізде ең көп реформаны бастан кешірген екі сала болса, олардың бірі – білім беру, екіншісі – денсаулық сақтау. Бұлардың алғашқысында әр министр ауысқан сайын бірнеше реформа жүзеге асатыны белгілі. Екіншісінде де жаңашылдықтар азжүргізілмейді. Солардың соңғысы – биыл ғана күшіне енген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС).

Бұл реформаның басты міндеті – халықты сапалы медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру, елде медициналық туризмды дамыту.

Бұған дейін денсаулық сақтау саласы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып келген болса, енді осы МӘМС аясында халықтан миллиардтап ақша жиналмақ. Аталған саланың басы-қасында жүргендер медицинаға кететін шығынның жыл сайын өсіп отыратынын, оған қазына қаражатынын жетпей қалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Сондықтан министрлік осындай реформа енгізді, яғни, денсаулық сақтау саласы бұдан былай халық есебінен қаржыланатын болады.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат «африкалық» деңгейде. Дегенмен, халық еуропалық деңгейге қаламаса да, кеңестік кезеңдегі деңгейге жетсек екен деп армандайды. Яғни, елімізде медициналық қызмет көрсетудің сапасы айтарлықтай төмен. Ал, биыл іске қосылып, бірақ қайта кейінге қалдырылған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайды реттей ала ма? Осы сауалға жауап іздеп көрсек...

Жуырда ғана Алматыда медицина саласының сарапшылары мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы бас қосып, қордаланған сауалдарға жауап іздеп көрген болатын. Осы кездесуге қатысқан сарапшы Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, Қазақстан өркениетті елдермен салыстырғанда денсаулық сақтау саласына әлдеқайда аз ақша жұмсайды екен.

«2016 жылдың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау саласына жұмсалған барлық шығын мемлекеттік және жекеменшік секторды қоса есептегенде ЖІӨ-нің 3,4 пайызын құрады. 2010 жылы бұл цифра 4 пайызды құрайтын. Яғни, 6 жылда 0,6 пайызға қысқарып отыр. Ақшалай айтқанда, бұл 1 трлн 600 млрд теңгені құрайды. Даму деңгейі біз секілді елдерде медицинаның даму көрсеткіші Дүниежүзілік банктің «жоғары-орташа-төмен» коассифакациясымен есептегенде ЖІӨ-нің 6,3 пайызын құрап отыр. Ал, бізде 3,4 пайыз. Яғни, біздің деңгей Африка елдерінің деңгейімен шамалас. Бұл 3,4 пайыздың 2 пайызы мемлекеттің бюджеттен бөлінетін ақша болса, қалған 1,3 пайызы халық емдомға жұмсайтын қаржы. Осы ретте айта кету керек, жыл сайын мемлекеттің денсаулық сақтау саласына бөлетін қаражат көлемі азайып келеді, ал, халықтың шығыны керісінше жоғары қарқынмен өсуде», - дейді Серік Тәңірбергенов.

Халықтың денсаулығын жақсартпай дамыған отыздыққа кіре алмаймыз

Сонымен, Қазақстанның медицинасына қанша ақша жетіспейді? Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, аталған саланың дефициті бүгінде шамамен 500 млрд теңгені құрайды екен. Бұл жетіспеушіліктің ішіне кепілдендірілген ақысыз медициналық көмек кірмейді. Бұл дефицит науқастардың емдомды ұзақ уақыт бойы күтуі, аурухана орындарының жетіспеушілігі, тегін берілетін дәрілердің тапшылығы секілді жағдайларды қамтиды. Яғни, бұл қызмет түрлері тегін болса да, халық ол үшін ақша төлеуге мәжбүр.

Ендеше, неліктен дефицит пайда болды? Ең алдымен бұл стационарлы және жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдардың күрт артуынан дейді мамандар.

«Қазақстанда 2015 жылы барлығы 2,7 миллион науқас ауруханаға жатқызылған. 2016 жылы олардың саны 2,8 миллион адамға жеткен. Бұл науқастардың 70 пайызы ауруханаға жедел жәрдеммен шұғыл жатқызылған. Сонымен қатар, 2015 жылы жедел жәрдем қызметіне 7 миллион адам қоңырау шалып шақыртса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 7,5 миллионға артты. Ал, емханаға келушілердің саны сол күйі бір деңгейде сақталуда», - дейді Серік Тәңірбергенов.

Ал, енді бұл проблеманы қалай шешу керек? Мамандығы дәрігер Серік Тәңірбергенов пен Әлеуметтік медициналық сақтау қорының басшысы, экономист Елена Бахмутованың айтуынша, халықтың өз денсаулығына көзқарасы өзгермей бұл проблеманы шешу мүмкін емес.

«Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің аясында түрлі аурулардан сақтану үшін дәрігерге тегін қаралуға болады. Мәселен, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім ең кең таралған. Қазақстанда бұл аурудан көз жұматындар саны тым көп. Ал, осы аурудың алдын алу үшін тегін флюрографияға түсіп, қан тапсырып, холестеринді тексертіп, жүректі тексертіп, терапевт-дәрігердің кеңесін алуға болады. Кез-келген саналы адам осы процедураның барлығынан жиі өтіп отыруы тиіс. Сонда ғана жұрт жедел жәрдемнің көмегіне жиі мұқтаж болмайды, ауруханаға түсетіндердің де саны күрт азаяр еді. Бұл дегеніңіз медицина саласына бөлінетін қаражатты айтарлықтай үнемдейді», - дейді Тәңірбергенов.

«Сондықтан, ең алдымен халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Халық өз денсаулығына деген жауапкершілікті сезінуі керек. Егер біз әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек, ендеше халқымыз білімді және дені сау болуы қажет», - дейді Елена Бахмутова.

Тағы бір медицина саласының сарапшысы Әли Нұрғожаевтың айтуынша, халықтың санасың жаңғыртумен іс бітпейді.

1977 жылы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы Алматы декларациясы қабылданғанда көптеген елдер аталған көмек түрін қаржыландыруды еселеп арттырды. Яғни, бұл елдердің билігі нақты бір емханалар мен ауруханаларды, фармкомпанияларды, медтехника шығаратын зауыттарды лоббилендірді деген пікірін Әли Нұрғожаев жеткізді.

«Біріншіден, алғашқы медициналық-санитарлық көмек аясында лоббилерді жою керек. Екіншіден, тұтынуды трансформацилау мәселесін қарастыру керек. Егер біз қазір дәрігердің ғана қатысуымен ем қабылдап жатсақ, алдағы бірнеше жылда жаңа технологиялар келеді. Сонда қазіргі дәрігерлеріміздің бәрі жұмысқа жарамсыз болып қалады. Сондықтан, біз қазірден бастап жаңа технологияларды енгізуге дайын болуымыз керек. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, оларды технологиялармен жұмыс істеуге үйретуіміз қажет», - дейді Әли Нұрғожаев.

Халықты алдауға болмайды

Медицинадағы қаржы дефицитіне тағы бірнеше себеп бар дейді Әлеуметтік медициналық сақтау қорының басшысы Елена Бахмутова. Мәселен, науқас адам емханаға барған кезде анализ тапсырады. Тегін. Кейін ауруханаға жатуға барған кезде тура сол анализдерді тағы да тапсырады. Тағы да тегін. Яғни, мемлекет бір анализ үшін екі рет шығындануда.

Сонымен қатар, бір ғана медициналық қызметтің түрі әр облыста әр қалай бағаланады. Өйткені, әр өңірдің денсаулық сақтау саласына бөлетін қаражаты әрқалай. Ал, енді аталған салаға бөлінетін қаражатты Әлеуметтік медициналық сақтау қоры реттейтін болады.

«Барлығы қанша ақша жиналса, сол жиналған қаражатқа ыңғайлап медициналық қызметтің түріне тапсырыс береді. Денсаулық сақтау саласының қаржылық операторы ретінде біз қолда бар ақшаға ыңғайланамыз және сол ақшаны барынша тиімді жұмсауға күш саламыз. Дегенмен, біз тек ақшаны бөлумен ғана айналыспай, саланы өзгертуге, жаңалықтар енгізуге де араласатын боламыз», - дейді Елена Бахмутова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жоғарыда аталған проблемаларға тағы бір проблема қосылған, ол – МӘМС-ті енгізудің мерзімін 2020 жылға дейін созу. Есте болса аталған реформа биыл 1 қаңтардан бастап іске қосылып, 1 шілдеден бастап тұрғындардан ақша жинала бастаған еді. Бүгінгі күнге дейін барлығы 24 млрд теңге жиналыпты. Бұл қаражат әзірге Ұлттық банктің қорында сақтаулы тұр. Тек 2020 жылдан бастап аталған қаржы Әлеуметтік медициналық сақтау қорына беріледі. Әзірге қор жетекшілері денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінген қаражатты игеріп жатыр.

2018 жылға аталған салаға қазынадан 916,8 млрд теңге бөлінген. Елена Бахмутова басқаратын ұжым осы ақшаның тиімді жұмсалуын қадағаламақ.

«Біздің қазіргі міндетіміз – бюджеттен бөлінген ақша нақты қандай медициналық қызмет көрсетуге жететінін есептеу. Халықты алдауға болмайды, МӘМС аясында жиналған қаражатқа кез-келген емдомды тегін қабылдайсыңдар деп. Дәл қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бұл сала өте нәзік деп айтуға болады, от тұтатуға болмайды. Сондықтан, тұрғындарға айтуымыз керек: міне бізде мынанша ақша бар, оған мынадай медициналық көмек түрін тегін ала аласыздар деп. Қалғандары ақылы болады. Сол кезде халық өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастайды», - деп сөзін түйді Әлеуметтік медициналық сақтау қордың басшысы.

Мұнда тағы бір проблема бар. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек түрлерін Әлеуметтік медициналық сақтау қоры белгілемейді. Оны белгілейтін – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі. Осы министрлік қандай дәрі-дәрмектің, емдомның тегін болатынын анықтайды. Ал, Қор болса медициналық қызмет көрсетуші мекемелердің, дәрі-дәрмекпен жабдықтайтын компаниялардың тізімін анықтап, ортақ базасын әзірлеуі тиіс. Оларға бәсекегелік ортаға лайықты бағаны да ұсынатын осы Қор.

«2017 жылдың 5 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, медициналық қызмет түрлерін көрсететін барлығы 1628 мекемелер мен компаниялар тіркелді. Олардың 48 пайызы жекеменшік, 387-сі, яғни 24 пайызы жаңа ұйымдар. Бұл дегеніңіз медициналық мекемелер біздің қордың бастамаларын оң бағалап отыр дегенді білдіреді. Жоғарыда аталған проблемалардың бәрін бір мезетте шешіп тастай алмасақ та, Әлеуметтік медициналық сақтау қоры арқылы медициналық мекемелер ұсынатын қызметтердің сапасын әлдеқайда жоғарылатуға қазірдің өзінде жағдай бар. Ең бірінші – бәсекелестіктің арқасында. Біз мемлекеттен қаржы алатын медициналық ұйымдардың базасын әзірлей бастаған кезден бастап-ақ олардың арасында кәдімгідей бәсекелестік басталып кетті», - дейді Елена Бахмутова.

«Сақтандыру» аурудан сақтай ала ма?

«Адамның денсаулығы денсаулық сақтау жүйесіне 15 пайызға тәуелді. Тағы біраз пайызы қоршаған ортаға байланысты болса, қалған басым бөлігі өмір сүру образынан. Қор жеке адамның медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді. Яғни, науқас адам тіркелген емханасына немесе ауруханасына келеді, тиісті емін алады, кетеді. Қордың жұмысы да осы. Ал, бүкіл халықтың әлеуетімен, денінің саулығымен мемлекет айналысуы тиіс», - дейді Серік Тәңірбергенов Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшының мемлекет айналысуы тиіс деп отырғаны – ауаныз тазалығы, халықтың таза ауыз сумен қамтылуы, зиянды сәулелерден қорғануы, тағам қауіпсіздігі, елдімекен араларында жолдардың болуы, қоғамдық көлікке деген қолжетімділік және тағысын тағы.

«Бұл аталған жұмыстармен мемлекет кешенді түрде айналысуы керек. Яғни, бқл проблемалармен Әлеуметтік медициналық сақтау қоры айналыспайды, бұл үкіметтің атқаруы тиіс міндеті», – деп сөзін түйді ол.

Осылайша, мамандар медицина саласындағы проблемаларды тізбектей келе, оларды шешу жолдарын қарастырды. Қаржының жетіспеушілігін жоюдың жолдары бар дейді олар, тек үкімет сарапшылардың ұсынысын қаперіне алып, тиісті шаралар қолданса болғаны.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости