«Нұрлы жер»: бағдарлама іске қосылған жарты жылда қандай жұмыстар атқарылды?

30 Декабря, 2017, 14:35 9772
«Нұрлы жер»: бағдарлама іске қосылған жарты жылда қандай жұмыстар атқарылды? | Аналитика | BNews.kz

Қазақстанда әлеуметтік проблемалар аз емес. Солардың ішіндегі ең өзектісі – халықты баспанамен қамту. Қазіргі таңда қазақстандық жас отбасылардың көпшілігінде өз тұрғынүйі жоқ. Баспана кезегінде тұрғандарға жыл сайын жүздеген пәтер беріліп жатса да, аталған тізімнің қысқаратын түрі көрінбейді. Мұның бір жақсы жағы – елде жас отбасылар санының жыл сайын артып отырғанында. Ал, проблемалы тұсы – оларды баспанамен қамту болып отыр.

Жалпы Қазақстан тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында ел үкіметі осы күнге дейін бірнеше мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырды. Нәтижесін жаман деп айта алмаймыз.

Иә, мемлекеттік қызметті жұмыс істейтін мамандар мен ерекше әлеуметтік статусқа ие өзге де мыңдаған азамат еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері осындай бағдарламалар аясында өз үйлеріне қол жеткізді. Биыл үкімет кезекте тұрған өзге халықты тұрғынүймен жарылқау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасын іске қосқан болатын. Биыл маусым айында басталған ауқымды жоба аясында жыл соңына дейінтағы мыңдаған азамат үйлі-жайлы боп үлгеріпті.

Жалпы, 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Бағдарламаның негізгі мақсаты халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу болып табылады.

ҚР ҰЭМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арқылы берілетін «Нұрлы жердің» несиесі халық үшін әлдеқайда тиімді болмақ.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ипотекалық несиелеуді қолдауға бағытталған. Халыққа ЕДБ ипотекалық қарыздары әлдеқайда қолжетімді болмақ. Ипотекалық несиелеу нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға екінші деңгейлі банктердің алғашқы тұрғын үйді сатып алуға берілетін ипотеканың пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру қарастырылған. Банктердің ең көбі жылдық 17% сыйақы мөлшерлемелерін 7 жыл бойы субсидиялау күтілуде. Субсидия осы кезеңде беріледі. Ипотеканың соңғы қарызгеріне ипотеканы 10% дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7% дейін жабуды қамтамасыз етеді.Біз биыл аталған бағдарламаның көмегімен 2018 жылдың соңына дейін тұрғын үй алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз бөлінеді деп жоспарлаған болатынбыз», – деп атап өтті М.Жайымбетов.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исмбаева болса жалпы 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғын үй құрылысына 820,7 млрд теңге инвестиция құйылғанын айтты.

«Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға 2014-2017 жылдары аралығында 17,5 мың пәтер берілген.Тек осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша барлық көздерден тұрғын үй құрылысына 820,7 млрд теңге инвестиция салынған, оның 134 млрд теңгесі мемлекеттік инвестиция.84 мыңнан аса пәтер мен тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, соңғы он жыл ішінде елімізде 70 миллион шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілген», – дейді дептутат. Бұл туралы ол күні кеше Мәжілісте өткен «Нұр Отан» фракциясының отырысында айтты.

Жалпы, «Нұрлы жердің» бұған дейінгі бағдарламалардан ерекшелігі айтардықтай көп. Солардың ең бастысы –бағдарлама санаттарға бөлінбейді. Мәселен, бұрындары «жас отбасы», «мемлекеттік қызметкер» секілді бірнеше санат болған болса, қазір тек екі топқа ғана бөліп қарайды: «төлем қабілеттілігі бар» және «төлем қабілеттілігі жоқ» деп.

«Негізі, тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілді. Тұрғын үй жинақ пен ипотекадан бөлек, жеке тұрғын үйді салу жүйесі де бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты - осы саланы нарыққа барынша бейімдеу. Мемлекет оған көп араласпауы тиіс. Себебі халықтың өз жинақтары бар, табысы да жоқ емес. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін арнайы баспаналар салынады. Мәселен, I топтағы мүгедектер мен жетім балалар арендалық үйді ала алады. Бірақ оны жеке өз атыңа аударуға рұқсат жоқ. Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жеке баспананы алуға болады. Оған табысы мен жинақтары бар азаматтар қатысады. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер сияқты бюджет саласының мамандары, әскери азаматтар және тағы басқа тұрақты жалақысы бар адамдар дәл сол кредиттік баспананы алса да болады. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерді субсидиялау арқылы жекеменшік компаниялардан пәтер сатып алуға мүмкіндік бар. Жаңа бағдарламада ипотека да қарастырылған. Алайда оны тек қымбат үй алғысы келетіндер ғана пайдалана алады. Мемлекеттік бағдарлама аясында эконом-классқа жататын баспана салынады. Ал элиталық баспана ипотека арқылы сатылады», – дейді Мархабат Жайымбетов.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниясы саналатын «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Кәкім биылғы жылды қорытындылап, «Нұрлы жер» аясында барлығы қанша пәтердің берілгенін айтып берді.

«Баршаңызға белгілі, «Нұрлы жер» бағдарламасы биыл маусым айынан бастап іске қосылды. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін «Қазақстанның ипотекалық компаниясына» тұрғындар тарапынан 12 миллиард теңгеге 1189 өтінім келіп түскен. Бүгінгі таңда олардың 1145-і мақұлданды (11,6 млрд теңге). Жеңілдетілген несие арқылы Астана, Алматы, Алматы облысы, Ақтау, Орал, Көкшетау, Ақтөбе, Өскемен, Қостанай, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз, Семей, Талдықорған, Шымкент және Жезқазған тұрғындары баспаналы болды. Қарап тұрсаңыздар, өтінім берген тұрғындардың басым көпшілігіне несие беріліп, олар таңдаған пәтерлерін алып жатыр. Жалпы, мақұлданған өтінімдердің үлес салмағы бүгінде ай сайын 80 пайызды құрап келеді. Бұл дегеніңіз, тек тұрғындар тарапынан баспанаға сұраныстың көптігін ғана білдірмейді, бұл сондай-ақ, аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп отырған екінші деңгейлі банктердің де көп екенін көрсетіп отыр. Мәселен, бағдарлама іске қосылған сәтте небәрі екі-ақ банк оған қатысуға ниет білдірген болса, айналдырған жарты жыл ішінде олардың саны алтауға жетті. Олар: «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «Банк ВТБ» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Нұрбанк» АҚ және «Қазақстан құрылыс тұрғын үй жинақ банкі» АҚ. Соңғысы жеке тұрғынүйлерді дамытуға негізделіп отыр», – дейді Руслан Кәкім.

Биыл расымен де Қазақстандағы облыс орталықтарының тұрғындары «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапатын көрді. Жаңа жыл қарсаңында баспана кезегін жылдап күткен қазақстандықтар ақыры көптен күткен үйлеріне кіріп, мерекені өз шаңырақтарында қарсы алғалы жатыр. Солардың кейбіріне тоқталып өтсек...

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы жылы тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны байқалады. Мәселен, өткен жылы көпқабатты  44 үй, яғни, 214,6 мың шаршы метр болатын 2564 пәтер тапсырылды. Ал, осы жылы облыста барлығы 976,9 мың шаршы метр болатын 245 көпқабатты үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Оның бүгінде 347,2 мың шаршы метрі, яғни, 91 үй пайдалануға беріліп, 4733 баспана ел игілігіне үлестірілді. Өткен жылғымен салыстырғанда өсім 61,8 пайызға артқан.

Жалпы өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыты бойынша 620 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліп, осының нәтижесінде оңтүстікқазақстандық 6553 отбасы баспаналы  болды. Құрылысы біткен үйлердің ішінде 347,2 мың шаршы метрі  көпқабатты болса,  272,3 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй.Аталған тұрғын үй құрылысына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артық. Оның ішінде 18,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияларды құрайды.

Алматы облысы

Желтоқсан айының басында Талдықорғанда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 55 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде қаланың жүзден астам тұрғыны жаңа баспанамен қамтылып отыр. Олардың қатарында Қазақстанның 18 миллионыншы азаматы кішкентай Мүслима Саматқызы да бар.

Айта кетсек, соңғы 5 жылда Талдықорғанда жалпы көлемі 170,2 мың шаршы метр болатын 29 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Бүгінде қалада мемлекет қаржысы есебінен тағы 8 және жеке инвестициялар есебінен 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Алматы

Тәуелсіздік күні қарсаңында қалада жастарға несие берудің «Алматы жастары» сынамалы бағдарламасы бойынша кілттер мен тұрғын үй сертификаттары 100 азаматқа табыс етілді, бұл өміршең бағдарламаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген.

Алматы әкімдігі мен «Тұрғынүйжинақбанкі» бірігіп қолға алған «Алматы Жастары» бағдарламасының басты ерекшелігі жас мөлшерін ұлғайтып, 35 жасқа дейінгі жас алматылықтарды қамтығанында. Алғашқы жарна төлемесе де несие ең төменгі пайыз бойынша беріледі және жастардың қайда жерде жұмыс істейтіндігінің еш қатысы жоқ.

Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үй кезегінде тұрған әрбір төртінші алматылық баспанаға қол жеткізеді.

Қызылорда облысы

Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласында 230 отбасы Сырдария өзенінің жағалауы маңында орналасқан Демесінов көшесіндегі жаңа тұрғын ауданында баспана алды.

Құны 2 млрд. 637 млн. теңгені құрайтын, жалпы ауданы 15,6 мың шаршы метр болатын 230 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамы арқылы салынды.

«Биыл 61 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 мың 14 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бүгінге дейін соның ішінен 34 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, ал енді тағы да 230 отбасы жайлы да, жарық баспаналы болды», - дейді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Ақтөбе облысы

Биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 80 коттедж және 255 пәтерге арналған алты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс той иелеріне пәтер кілтін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев табыс етті.

Облыс әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтай отырып,  аймақта жыл соңына дейін кемінде 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті. 11 айдың қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 600 мың шаршы метрден астам баспана тапсырылған.

«Біздің облысымыз өзінің тұрғын үй құрылысындағы мүмкіндіктері мен әлеуетін «Нұр Ақтөбе» тұрғын массивінің құрылысы арқылы сеніммен көрсетіп отыр.  Бұған осы аз қабатты тұрғын үйлер – айқын дәлел. Жақын болашақта мұнда кем дегенде 100 мың адам тұратын болады. Мұнда ең жайлы жағдай жасалынады – коммуникациялар жүргізіліп, мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, мәдениет және демалыс саябақтары, сауда, ойын-сауық нысандары салынады», - деп атап өтті облыс әкімі.

Қарағанды облысы

Биыл Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қарағандылық 180 отбасы қаланың «Жаңа орталық» шағынауданынан салынған жаңа көпқабатты үйден пәтерлер алды. Аталған үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Пәтерлерді көпбалалы отбасылар, жетімдер, мүгедек бала асырап отырған жанұялар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, толық емес отбасылар алды. Пәтерлердің құны бір шаршы метрі 100 мың теңгені құрайды. 

Жалпы, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапатаны көрген қазақстандықтар саны он мыңдап есептеледі. Жоба биыл маусым айында ғана басталғандықтан, негізгі қарқынын келер жылы алады деп жоспарлануда.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости