Отандық әншілерді лицензия алуға міндеттеу керек пе?

31 Декабря, 2017, 15:32 10188
Отандық әншілерді лицензия алуға міндеттеу керек пе? | Аналитика | BNews.kz

Қазақстанның танымал әншісі, өзін «Ұлы дала баласымын» деп есептейтін Төреғали Төреәлінің Павлодардағы соңғы концерті отандық эстрадаға түбегейлі өзгерістер алып келуі мүмкін. Сахнада тұрып, көрермендеріне дөрекі сөйлегені былай тұрсын, былапыт сөздер айтқан әншіні қазір қазақ қоғамы «есекке теріс мінгізді». Ерінбегеннің бәрі Төреғалиды сын астына алып жатыр.

Иә, өз тыңдармандарын сыйламаған әншіні қалай сынаса да жарасатын шығар. Бірақ, біздің айтпағымыз ол емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, Төреғалидың осы ерсі әрекеті еліміздің мәдениет саласында жаңа заңның қабылдануына алып келуі мүмкін. Яғни, енді көрінгеннің бәрі әнші бола алмайтын секілді. Әнші боламын, өз концертімді өткіземін, өзгелердің концертінде ән саламын дегендерге Мәдениет министрлігі лицензия алуды міндеттемекші. Аталған лицензияны да министрлік кез-келген адамға бере бермейді. Оның да өз талаптары бар (әнші ең алдымен жанды дауыста ән айта алуы керек). Тек бұл талаптар алдымен заң негізінде бекітілсе болғаны.

Мұндай бастаманы күні кеше ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы журналистермен болған әңгіме барысында айтқан еді. Министрдің пікірінше, енді көп соза бермей концерт индустриясын заңнанамен реттеу қажет.

«Қазір бізде, өкінішке қарай, кез келген адам концерт ұйымдастыра алады, әншінің өзі де ешкімнің көмегінсіз ұйымдастыра алады. Енді мұндай оқиға болды ма, онда біз шара қолдануымыз қажет. Мен әрқашан өнер адамы көрерменді құрметтеу керек деген ойдамын», - деді министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін министр ретіндегі міндеті қазақстандық концерт индустриясын өркениетті нарыққа келтіру керек екенін атап өтті.  

«Бар мәселе бұл саланың заң тұрғысында реттелмегенінде болып тұр. Мысалы, кез келген адам концерт ұйымдастыра алады. Әлемде концерт ұйымдастырғысы келгендер лицензия алады. Ал, бізде ондай емес. Қазір біз Төреғалиды жақтауымыз да, даттауымыз да мүмкін. Ал, концерт ұйымдастырумен кәсіби ұйым айналысса, ұйымдастырушылардан мұндай жағдайға неліктен жол берілгенін, әншінің қандай күйде болғанын сұрай алар едік, қазір оның тіпті ақылға қонымсыз әрекет жасағанын айтып, талқылап жатыр. Барлығын да заңмен реттеу керек деп есептеймін», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министр сөзінің жаны бар. Расымен де әлемнің көптеген елінде әнші атану үшін арнайы лицензия алуың керек. Ұзаққа бармай көрші Өзбекстанды мысалға келтірейік. Елде «Узбекконцерт» деп аталатын мемлекеттік мекеме бар. Әнші атанғысы келген кез-келген өзбек азаматы осы мекемеге өтініш жазады. Оның өтінішін арнайы комиссия қарап, ән айтуға икемі бар болса көркемдік кеңестің отырысына шақырады. Осы отырыста жаңағы лицензияға үміткер адам жанды дауыста ән айтып, өзінің әнші бола алатынын білікті мамандар мен танымал әншілерден құралған комиссия алдында дәлелдеуі керек.

Мұндай заңды Өзбекстанның билігі 2015 жылы қабылдаған болатын. Өйткені елде фонограммамен ән айтып, өнерді бизнеске айналдырғандар саны күрт артып кеткен. Өзбектер де қазақтар секілді тойшыл халық екені белгілі емес пе?! «Жалған әншілер» той жағалап, байлықтың астында батып қалыпты. Бұл былықты тоқтату үшін «Узбекконцерт» мекемесі мен Мәдениет министрлігі бірігіп, жаңа заңның қабылдануына күш салған. Енді қазір лицензиясы жоқ әншінің тойда немесе концерттерде ән айтып жүргені анықталса оған ірі көлемде айыппұл салынады.

Көрші Қытайдың да заңы қатал. Дауысын компьютермен жөндеп, сахнада фонограммамен ән айтатын қытайлық әншілерге салынатын айыппұл көлемі 100 мың юаньға дейін жетеді. Ал, заңды екінші рет бұзған әнші әншілік лицензиясынан айрылады.

Сонымен қатар, Түркіменстан, Әзірбайжан, Молдова, Украинада да фонограммаға жол жоқ. Ал, Еуропаның дамыған елдерінде, АҚШ-та әншілер фонограммамен ән айтатын болса бұл туралы алдын ала өз тыңдармандарын ескертіп, концерттің билетіне осы ақпаратты қоса жазуы тиіс. Олай істемеген жағдайда әншілерге ірі көлемде айыппұл салынады немесе лицензиясы кері қайтарылады.

Жалпы, Қазақстанда әншілерді заңдастыру мәселесі көптен бері айтылып келе жатыр. Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болып тағайындалған уақыттан бері тойда ән айтып нәпақа тауып жүрген әншілерді салық төлеуге мәжбүрлеу керек деген бастаманы бірнеше рет көтерді. Бұған Мәжілістің кейбір депутаттары қолдау да көрсеткен болатын. Алайда, заң жүзінде бұл бастама бекітілмеді.

Танымал сатирик, «Шаншар» әзіл-оспақ театрының бас директоры Уәлибек Әбдірайымов та Қазақстанда фонограммаға үзілді-кесілді тыйым салыну керек деп есептейтін өнер адамдарының бірі. Оның айтуынша, жасанды дауыспен ән айтатын әншілерді «қылмыскер» деп айтуға толықтай болады.

«Қазақ сахнасында өнер көрсетіп жүрген әншілердің 99 пайызы фонограммамен ән шырқап, халықты алдап жүр. Жұрттар олардың концерттеріне қыруар ақша жұмсап, демалуға барады. Ал әншілер болса, ауыздарын өтірік жыбырлатып, екіжүзділік танытады. Бұл қылмыс емей, немене?», - дейді ол.

Уәлибек Әбдірайымов тек сатиралық қойылымдар қоюмен ғана айналыспай, өз концерттерінде әншілерге жанды дауыста ән айтқызуды да дәстүрге айналдырған.

«Қазір сахнада өріп жүрген «өнерпаз» көп қой, менікі сол көпке «өнерлі екенің рас па, тірідей ойна, көрсет өзіңді, еңбектен» дегенім. Сондай-ақ, ол менің көрерменге де «көресің бе, тірі дауыста ән салып жүрген нағыз талантты көр, соны бағала, өтірік аузын жыбырлатып, өзіңді алдағанға сенбе, бұдан әрі оның дегеніне көнбе» деп, көзге шұқығандай етіп көрсеткенім еді. «Сен де адамсың ғой, қашанғы төзесің мұндай халтураға, аузын буған өгіздей боп отырғаның жетер, шыдамның да шегі бар. Тіпті, бір күні концертте отырған жеріңнен атып тұр да «қойшы, айналайын, өшір анау өтірік әніңді, өз аузыңмен айт, айта алмайсың ба қайт» деп сахнадан қуып жібер» дегенім. Міне, менің тірі ансамбльді сахнаға шығарып, интермедия жасауымның сыры осындай. Өнер өлмесін деп, әйтпесе «өлуге» таяп қалдық қой, «өлтіріп» жатқан да өзге емес, осы өнердің айналасын үйірсектеп жүргендер. Егер басшылықта отырған азаматтардың жаны ашитын болса, «сахнаға тек жанды дауыста ән айта алатындар шығуы керек» деп міндеттейтін арнайы заң шығаруы керек. Мәселен, Қытайда фонограммамен орындаған әншіні көрсе, екі ретке дейін ескерту жасайды, үшіншісінде оны қылмыскер деп танып, сахнадан мүлдем аластайды. Өйткені ол өнерге қиянат жасады, халықты алдады. Өнер деген кім көрінгеннің ақшасымен бітетін іс емес, нағыз өнер ақшаның құлы емес», - дейді танымал сатирик.

Жалпы, ел алдында жүрген отандық әншілердің көбі жанды дауыста ән айтып, Мәдениет министрлігінен лицензия алуға қарсы емес. Солардың бірі қазақ тыңдармандарына қоңыр дауысымен танылған әнші – Саят Медеуов. Ол лицензияны әншілерге ғана беріп қоя салмай, айтатын әндерді де іріктеп отыратын мекеме болса деген ұсынысын білдіріп отыр.

«Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының кеше көтерген мәселесін біз де естідік, өз арамызда ол туралы талай талқылағанбыз да. Жалпы, менің ойым мынадай: әнші былай тұрсын, әнге де лицензия жазу керек сияқты. Мына әнді орындауға болады, мынаны болмайды деп. Мысалы, қазіргі кейбір әншілер тойдың, көшенің әндерін үлкен сахнада орындап жүр. Ешқандай талғам жоқ. Арнайы мекеме құрылып, осындай әншілерді жауапқа тартса, не болмаса белгілі бір деңгейде айыппұл салса деп ойлаймын. Бізге лицензия керек. Әншілерді қыспаққа алу керек. Әйтпесе, бәріміз бет-бетімізбен кеттік. Шеттерінен ән ұрлайды, оған да бойымыз үйреніп қалды. Мұндайды болдырмау үшін арнайы комиссия құрылып, әр әннің сөзін, әнін тексеруі керек, ұрлықы ма, жоқ па соны анықтау керек. Телеарналар да, радио да тексерілген әндерді эфирден өткізсе нұр үстіне нұр болар еді. Қазір ұрлықы әндердің бәрі эфирден шығып жатыр. Ертең міндетті түрде оның иесі шетелден табылады, сосын масқарасы шығады. Сондықтан, мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін лицензия қазақстандық әншілерге қажет-ақ. Ол эстрада жұлдыздарының жинақталуына, сахнадағы мәдениетінің түзелуіне оң пайдасын тигізеді деп ойлаймын», - дейді Саят Медеуов.

Эстрадалық әндер мен дәстүрлі әндерді қатар орындап жүрген тағы бір әнші Досымжан Таңатаров та министрдің лицензия беру ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

«Министрдің өзі сондай пікір білдіріп жатса, осы істі қолға алатын болса неге қолдамасқа, өз басым қолдаймын. Мен жанды дауыста ән айтудан ешқашан қашқан емеспін. Концерт индустриясы расымен де ретке келіп жатса тек қуанамын және тағы айтам, министрдің бұл бастамасын қолдаймын. Өте жақсы идея», - деді ол.

Ал, шоу-бизнес әлемінде «Дос» деген атпен танымал әнші Досанәлі Дауылбаев болса әншілерді лицензиялау қиындық туғызбайды дейді. Алайда, ол мұнан кейін эстрада мен шоу-бизнестің түзеліп кетуі екіталай деген пікірде.

«Министрдің бұл бастамасы мені екіұдай пікірде қалдырды. Бір ғана Төреғали үшін неліктен бүкіл әнші зардап шегуі тиіс? Төреғали тыңдармандарына мінез көрсетті екен деп Қазақстандағы барлық әншіге лицензия алыңдар деу біртүрлі емес пе? Маған біртүрлі секілді. Мейлі, болса болсын, лицензиясын аламыз. Ол мен үшін аса қиындық туғыза қоймайды. Компания ретінде тіркелу керек болса Халыққа қызмет көрсету орталығына барып компанияны да аша саламыз. Онда тұрған түк те жоқ. Бірақ, содан кейін эстрададағы барлық проблема шешіледі ме? Бір ғана әншінің ерсі қылығы үшін барлық әншіге топырақ шауға болмайды. Бәрібір біз ол адамның мінезін түзей алмаймыз. Сол үшін өзге әншілерге қиянат жасалмау керек. Қазақ айтады емес пе, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды деп. Мен Төреғалиды ақтағым кеп тұрған жоқ, бағасын тыңдармандардың өздері бере жатар. Бірақ, министрлік не істесе де әбден таразыға салып, талдап істесе екен деген тілек бар. Ал, жалпы лицензия алу керек болса оны аламыз, шын талантқа ешқандай бөгет жоқ», - дейді Досанәлі Дауылбаев.

Жалпы, айтсын, айтпасын қазіргі Қазақстандағы шоу-бизнеске расымен де бір реформа керек сияқты. Мәселен, тағы сол көрші Өзбекстанда әншілердің жалаңаштанып сахнаға шығуына, бейнеклипке түсуіне қатаң тыйым салынған. Өйткені, елдің идеологиясы ұлттық құндылықтарды бірінші орынға қояды. Дәл осындай заң Түркіменстанда да, Тәжікстанда да, Түркияда да бар. Әнші-артистер ел алдында жүргендіктен, телеарналардың эфирінен түспейтіндіктен олар халыққа үлгі болатыны белгілі. Ал, халықтың дәстүрден, руханияттан қол үзіп қалмауы кез-келген мемлекеттің билігі үшін маңызды. Осы ретте Қазақстанның Мәдениет министрлігі ұсынып отырған осынау бастама расымен де қолдауға тұрарлық. Тек Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл идеясының басын бастап, орта жолдан тастап кетпесе болғаны. Сонда ғана әншілер телеарна журналистерімен бәсекелесуін тоқтатып, қаптаған арзан шоулардың орнын тәлім-тәрбие беретін бағдарламалар басар еді.

Айта кету керек, осыған дейінгі бірде-бір мәдениет министрі концерт индустриясын реформалай алған жоқ. Егер Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан әншілерді лицензиялау ісі келіп жатса оның есімі Қазақстанның тарихында қалатыны сөзсіз.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости