ШҚО туризм саласы қай бағытта дамиды?

ШҚО туризм саласы қай бағытта дамиды?

21 қазан, 2017, 09:54 4679 Шығыс Қазақстан облысы
ШҚО туризм саласы қай бағытта дамиды?

Шығыс Қазақстан облысы туризмді дамытуға ең қолайлы өңірлердің бірі. Облыс аумағында Алакөл мен Зайсанға, Алтайға, Қатонқарағайға, Берел қорғанына саяхаттап келетін туристер саны аз емес. Тек олардың басым көпшілігі өз азаматтарымыз. Яғни, облыста негізінен ішкі туризм ғана әлсін-әлсін дамып келеді. Ал, шетелден турист тарту үшін инфрақұрылымды жақсарту керек. Бұл жұмыстардың қалай атқарылып жатқаны туралы мәліметті туризм саласын дамытуға жауапты мемлекеттік орган қызметкерлерінен және қоғамдық ұйым өкілдерінен сұрап көрдік.

Өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 4 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаражаттың басым бөлігіне жолдар жөнделмек. Атап айтқанда, 112 шақырым тас жолға орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Оның 112 шақырымы облыстық маңызға ие трассалар. Туристердің басым көпшілігі Қазақстанның өзге өңірлерінен келетіндіктен ең алдымен солардың жүріп-тұруы үшін ыңғайлы жағдайлар жасалады.

«Аталған трассалардан бөлек Жалаңашкөл станциясына дейін баратын тас жол қазір жөнделіп жатыр. Ендігі мақсатымыз – Алакөлге келушілердің санын арттыру. Облыстағы жолдардың сын көтермеуі салдарынан осынау демалыс орнына келетіндер қатары аз. Демалушылар көбінесе Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауына барады. Егер осы жолдарды жөндеп бітірсек, қазақстандық туристер біздің өңірге көптеп келетініне сенімдіміз. Өйткені, Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысына қарайтын жағалауы әралуан болып келеді және демалыс базалары да қолжетімді», - дейді ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Жалпы, биыл Алакөлдің жағалауына жүргізілген реконструкция нәтижесінде демалыс аймағы адам танымастай болып өзгерді. Бұл жұмыстар әлі де болса жалғасуда және ол үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда жағажай күрделі жөндеуден өтіп, жаңа автовокзал өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, туристердің автокөліктері үшін тұрақ салынып, көшелер мен жағажайды жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек Алакөл жағасында жаңа саябақ та салынған. Мұнда қазір көгалдандыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Туризм басқармасындағылардың айтуынша, нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, бағаларды реттеу, демалыс орындарының санын арттыру секілді шаралар да қолға алынған.

«Біз жол бойында негізінен туристерге қызмет көрсететін барлық нысандарға тексеру жүргізіп көрдік. Олардың саны облыста 239-ға жетеді екен. Өкінішке қарай, олардың 216-сы ұлттық стандарттардың бірде-бір талабына сәйкес келмейді. Сондықтан, біз қазір «Атамекен» ҰКП-мен және«Қазавтожол» ҰК» АҚ-мен ортақ жоспар әзірлеп, жаңағы айтқан әрбір нысанмен жеке-жеке жұмыс жүргізе бастадық. Жақын уақытта бұл жұмыстарды сәтті аяқтайтынымызға сенімдімін. Нысандардың көпшілігін әлі де болса талаптарға сәйкестендіру керек», - дейді басқарма басшысы.

«Атамекен» демекші, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстағы филиалы да аймақ туризмін дамытуға білек сыбана кірісіп кеткен. Филиал директорының орынбасары Оксана Желякованың айтуынша, Палата өкілдері биылғы жазда Алакөл жағалауындағы 163 демалыс үйлері мен базаларын түгел тексеріп шығыпты. Олардың 32-сі туристік талаптарға сай келді екен. Нәтижесінде олардың иелері Палатамен және облыстық Туризм басқармасымен бірлесе жұмыс істеуге келісіп, меморандумға қол қойған. Ал, тағы 60 нысанды қазір талапқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық Туризм басқармасы бірлесе туристерге арналған әмбебап жоба әзірлеп жатыр екен. Онда ШҚО-ның киелі орындары, демалыс аймақтары, тамақтанатын жерлер, қонақ үйлер секілді туристке қажеттінің бәрі бар.

«Біз Шығыс Қазақстан облысына қатысты аңыз әңгімелерді, қызықты оқиғаларды жинақтап жатырмыз. Қазірдің өзінде туристер мен жергілікті тұрғындар сүйіп тыңдайтын 20-ға жуық оқиғаны қағаз бетіне түсірдік. Мәселен, «Ертіс өзенін бөгеп тастамақ болған алып туралы аңыз», «Қабанбай батыр туралы аңыз», «Үржар атауының шығу тарихы», «Киелі Қоңыр әулие үңгірінің аңыздары», «Марқакөл көлі туралы алғашқы аңыздар» жинақталды. Сондай-ақ, ШҚО туралы қызықты 25 дерек деген жинақты да басып шығарамыз. Мәселен, Бұқтырма әлемдегі ең ірі жасанды су қоймаларының бестігіне кіреді. Республика бойынша ең көп сүт Шығыс Қазақстанда сауылады. Бал өндірісінен тіпті біздің облыс монополист болып алған. Алтайдың әселіне Қазақстанда әсел жетпейді деп мақтана аламыз», - дейді Оксана Желякова.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы ішкі туризмнің даму көрсеткіші бойынша республикада Астанадан кейінгі екінші орынды алады. Тек 2016 жылдың алғашқы 9 айының өзінде өңірге 400 мыңға жуық турист саяхаттап келіпті. Биыл қаңтар-маусым айларында қонақ үйлер мен демалыс орындарына келген туристер саны 169 274 адамды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға аз. Дегенмен, қонақ үйлерге соқпай, тек табиғатты тамашалап кететін саяхатшылардың саны күрт артып отыр (10 681 адам – 31,8%-ға артқан). Жалпы, облыста қонақтардың қонуына арналған 463 қонақ үй бар. Олардың барлығында 8516 бөлме, 26 370 орын бар.

Облыстық Туризм басқармасы басшысының айтуынша, ішкі туризм жайын реттеп алған соң шетелден келетін қонақтардың санын арттыруға да күш жұмсалатын болады. Әзірге көрші Қытай мен Ресей азаматтарына басымдық берілмек. Қазірдің өзінде шетелдіктерге турпакет сатуға арналған TourEast.kz интернет-порталы төрт тілде (қазақша, орысша, ағылшынша және қытайша) жұмыс істеп тұр. Порталда 18 туроператор 35 бағыт бойынша өз қызметтерін ұсынады. Сондай-ақ, көрші елдердің БАҚ өкілдері арқылы жарнамалық роликтер айналып жатыр. Ал, Қытай азаматтары үшін визасыз режим іске қосылған.

Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, ШҚО-да шетелдік туристердің санын арттыру мақсатында инвесторлар есебінен 623 миллион теңгеге 19 жоба жүзеге асыпты. 2023 жылға дейін 18 миллиард теңгеге тағы 23 жобаның жұмысы аяқталады.

«Олардың қатарындағы ең ірілерінің бірі Сибин көлінің жағалауындағы «Жібек жолы» кешені. Оның құрылысы қазіргі таңда басталып кеткен. Кешен негізінен жергілікті тұрғындардың демалатын орнына айналады. Осындай екінші бір ірі кешен 1,5 млрд теңгеге Алакөлдің жағасында салынып жатыр. Ол «Керуен» деп аталады. Үшіншісі Риддердегі тау-шаңғы базасы», - дейді Туризм басқармасының басшысы.

Ж. Сәрсебаев 2023 жыл деп бекер айтып отырған жоқ. Осыдан бірер ай бұрын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның туристік саласын дамытудың концепциясын бекіткен болатын. Құжат 2023 жылға дейін еліміздік туризм саласын жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Оның аясында аталған сала Қазақстанда 6 бағы бойынша дамытылмақ. Олар: Астана («Еуразия жүрегі»), Алматы («Еркін мәдени аймақ»), Ақмола облысы («Табиғат пен көшпелі мәдениеттің бірлігі»), Шығыс Қазақстан облысы («Алтай жауһарлары»), Оңтүстік Қазақстан облысы («Жібек жолын жандандыру») және Маңғыстау облысы («Кендірлі Каспий қақпасы»).

Енді осы «Алтай жауһарларын» жүзеге асыру мақсатында ШҚО-да бірнеше қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің де жұмыс істей бастағанын айта кету керек. Солардың бірі, әрі ең ірісі – Шығыс Қазақстан облысының Туристік қауымдастығы. Ұйымның құрылғанына әлі бір жыл болған жоқ. Дей тұра өңірдің туризм саласын дамыту үшін ұйым өкілдері тындырымды істер атқарып жүр. Қауымдастық атқарушы директоры Серік Жүнісовтің айтуынша, «Алтай жауһарлары» кластерінің орталығы ретінде Өскемен қаласы бекітілген.

Қазір Өскеменде шетелдік қонақтарға қолайлы жағдайлар жасау үшін алғашқы жұмыстар басталып кетті. Қала әкімі Қуат Тумабаевтың шешімімен қала көшелерінің қиылыстарында 3 тілде бағдар жазылған тақтайшалар ілінеді. Сонымен қатар, 90 аялдамада автобустардың бағыттары үш тілде жазылған ақпараттық баннерлер орнатылады. Бұл жұмыстар үшін жергілікті әкімдіктің бюджетінен 20 милион теңге қаралған және жұмыстар 2017 жылдың аяғына дейін бітеді.

Серік Жүнісовтің айтуынша, Өскемен қаласын гастрономды туризм бағытында дамыту керек. Яғни, мейрамханалар мен дәмханалар желісін түзу жолға қою қажет. Өйткені, облыс орталығына Қазақстандағы ең мықты аспаздар жұмыс істейтін көрінеді.

«Өскемен өзге қалалар секілді тарихи немесе табиғаты керемет шаһар емес. Оның үстіне, мұнда өнеркәсіп орындары көп. Сондықтан біз Өскеменнің болашағы гастрономдық туризмде деген қорытындыға келіп отырмыз. Қалада тағамды өте дәмді пісіретін мейрамханалар мен дәмханалар өте көп. Мәселен, 15 қазанда өткен аспаздардың республикалық «ШЕФ-BUTTLE-2017» байқауында өскемендік аспаз екінші орын алды. Бұл дегеніңіз, қалада шеберлігі жоғары, тағамды аса дәмді етіп әзірлейтін аспаздар көп дегенді білдіреді. Сондықтан, болашақта туристер Өскеменге дәмді тамақтану үшін асығуы тиіс. Біз сол мақсатта жұмыс жүргізбекпіз», - дейді Серік Жүнісов.

Өскеменнің іргесінде сондай-ақ, Алтай Альпісі, Нұртау, Алтай барыстары секілді тау-шаңғы базалары бар. Алтай Альпісі ТМД елдері арасында ең үздік 10 шаңғы курортының қатарына енеді.

ШҚО Туристік қауымдастығының құрылғанына 6 айдан енді асқан. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлердің күшін жұмылдру арқылы Шығыс Қазақстан облысындағы туризм саласын дамыту. Ұйымның атқарушы директоры Серік Жүнісов өірдегі туризм саласының дамуына кедергі келтіріп отқан жайттарға да тоқталды.

«Туризм саласының дамуына кедергі келтіріп отқан жүйелі проблемалар бар. Бірақ олар жергілікті деңгейде емес, республикалық деңгейде шешіледі. Мәселен, шетелдік азаматтардың виза алуын жеңілдету, оларды жергілікті жері бойынша тіркеуге алу, туризм кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және тағысын тағы. Бұл мәселелердің ешбірі бір күнде, бір адамның шешімімен біте салмайды. Біз қазір сол проблемаларды шешу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жұмыс жүрігзіп жатырмыз. Жұмысымыздың алғашқы нәтижесін тура бір жылдан кейін көреміз деген сенім бар», - деді ол.

Қазіргі таңда Туристік қауымдастықтың құрамына туроператорлар, турагенттер, қонақ үй, мейрамхана, демалыс орындарының иелері, гид-экскурсоводтар, қолөнер шеберлері кіреді. Бүгінде олардың саны – 25. Жақын күндері бұл көрсеткіш 50-ге дейін артады деп күтілуде.

Қауымдастықтың тағы бір көздегені ШҚО-да «қонақжайлылық индустриясын» дамыту. Ұйым өкілдерінің айтуынша, шығысқазақстандықтарға расымен де қонақжай қасиет жетіспейді екен. Ал, бұл қасиет болмаған жағдайда шетелден туристер ағылады деп күтіп отыру бос әурешілік. Мұны Қауымдастыққа мүше ірі кәсіпкерлердің өздері де мойындап отыр.

«Қазақстан туризмінің болашағы туралы айту үшін ең алдымен біз өзіміздің қай жерде тұрғанымызды біліп алуымыз керек. Табиғат ана бізден сұлулығын аяған жоқ. Табиғатымыз ерекше сұлу. Бірақ, соған қарамастан, шетелден келетін туристер саны артпай отыр. Бұл тұрғыда біз Моңғолиядан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан, Грузиядан қалып қоямыз. Ол елдерге жыл сайын миллиондаған адам саяхаттап барады. Нәтижесінде, мемлекет туристік саладан әжептеуір пайда тауып отыр. Ал, біздің елде әлі миилионға жеткен жоқ», - дейді танымал өскемендік ресторатор Мұхтар Тойбазаров.

Осы орайда айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында «балық аулу туризміне» де биылдан бастап ерекше мән беріліп, оны дамыту қолға алынып отыр. Ол үшін Ертіс өзені мен Бұқтырма су қоймасы дайын. Сонымен қатар, маралдың мүйізінен дәрі жасап емдеу ісі де осы туризмді дамыту жобасы аясында жүзеге асады.

С.Абайұлы

`