Солтүстікқазақстандық омарташылардың экспортқа шығарар балы жоқ

Солтүстікқазақстандық омарташылардың экспортқа шығарар балы жоқ

09 қараша, 14:36 1245
Солтүстікқазақстандық омарташылардың экспортқа шығарар балы жоқ

Соңғы бірер жылда Қазақтан мен Қытай кәсіпкерлерінің кездесулері жиілегенін жақсы білеміз. Қос тараптың бизнес өкілдері мен билік өкілдері өзара серіктесіп, талай меморандумға да қол қойып тастады. Ауылшаруашылық саласынан бастап ауыр өнеркәсіп саласына дейін қазақтар мен қытайлар бірлесе кәсіп ететін болады.

Осындай кездесулердің бірінде қазақстандық омарташылар «аспан асты еліне» әсел экспорттауға келісім жасасқан болатын. Атап айтқанда, Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облысының омарта шаруалары Қытайға тонналап бал жіберуге уағдаласқан. Алайда, арада бірнеше ай өтсе де солтүстікқазақсандық омарташылар келісім бойынша көрші елге өз өнімдерін жібере алмай отыр. Жібере алмай отыр деудің өзі артық шығар, жіберетін түктері жоқ.

Қытай кәсіпкерлері қазақстандық әріптестерінен жоқ дегенде 20 тоннадан әсел жіберіңдер деп талап қойып отыр. Алайда, солтүстік өңірдегі бал арасымен айналысатын шаруалар мұншама өнімді жинай алмайтындарын айтуда.

Облыстағы ең ірі омарта шаруашылығы Пилипушко әулетіне тиесілі. Бұл отбасы 1985 жылдан бері арадан бал алып, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп келеді. Олардың иелігінде 200-ге жуық ұя бар. Алайда, соған қарамастан бұл отбасы Қытайға қажетті өнімді жинап бере алмай отыр.

«Біз 2017 жылы барлығы 15 тонна бал жинадық. Қытайлықтар біздің өнімді жергілікті нарықпен салыстырғанда аса жоғары бағамен сатып алуға келісіп отыр. Егер 20 тонна жинай алғанымызда ойланбастан бүкіл әселді Қытайға сатып жіберетін едік. Өйткені, мұндай ұсынысты бізге бұрын ешкім жасамаған», - дейді омарташылар әулетінің өкілі Ярослава Пилипушко «КазахЗерно» тілшісіне берген сұхбатында.

Қытайға қажетті көлемді жинау үшін солтүстікқазақстандық омарташыларға бірігуге тура келеді. Сонда ғана олар өз өнімдерін қымбат бағада сатып, еңбектерінің жемісін жейді. Дәл осындай идеяны Ярослава Пилипушко өз әріптестеріне де айтып көрген екен. Алайда, облыстың өзге омарташылары кооперативке бірігуден бірден бас тартыпты.

«Мен облыстық ірі омарташыларымен кездесіп, әрқайсысына түсіндіріп айттым, егер бірігіп еңбек етсек балымызды Қытай аса жоғары бағада сатып алады дедім. Бірақ, олармен ортақ шешімге келе алмадық. Жалпы, омарташылармен келіссөз жүргізу өте қиын, тура «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы кейіпкерлер еске түседі. Оның үстіне, омарталықпен айналысып жүрген жандардың көбі ескі көзқараста ойлайтын адамдар, өз кәсібіне жаңалық енгізуден қорқады. Тәуекелге барғысы келмейді, сен тимесең мен тимеймін деп отыра бергенді қалайды. Қазір заман ағымы күнде өзгеріп жатыр ғой, бизнес ортаға ыңғайлану керек, бизнестің тілін үйрену керек, табысты арттыру керек. Бірақ, мұны айтсаң өзіңді аспаннан түскен адамдай сезінесің, ешқайсысы ұққысы келмейді», - дейді Я.Пилипушко.

Солтүстік Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде омартамен айналысатын жалғыз ғана кооператив жұмыс істейді екен. Ол Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка ауылында құрылған. Жұмысты бастағанына көп болмаған ұжымда небәрі 60 ұя бар. Бұл экспортқа қажетті көлемді бере алмайды.

Ауылшаруашылық-кәсіпкерлік кооперативінің (АКК) төрағасы Николай Присяжныйдың айтуынша, Қытайға бал экспорттау идеясы көңілді қуантады. Алайда, алдымен шетелдіктерді емес, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етіп алу керек. Тек содан кейін ғана экспорт жайын талқылауға болады.

«Егер менде тонналап, вагон-вагон бал жиналып тұрса онда әрине, оны экспортқа жіберемін. Ал, қазір ондай мүмкіндігіміз жоқ. Қолымызда бары облыс аумағында-ақ жақсы сатылып жатыр. Мен АКК-ні құрғандағы мақсатым – өнімнің көлемін ұлғайту болатын. Тиісінше, ірі нарыққа шығуды да жоспарлап отырмыз. Ол үшін қазір араларды, олардың ұясын көбейтіп жатырмыз, жаңа қондырғыларға тапсыры беріп қойдық. Егер ісіміз өрге домаласа онда экспорт жайын қарастырамыз. Қытай болсын, өзге шет мемлекеттер болсын, сапалы өнімімізді сатамыз. Ал, әзірге қолдда барымен базар деп, ішкі нарыққа жұмыс істей бермекпіз», - дейді Н.Присяжный.

Бүгінде өндіріс көлемін ұлғайтудың алғашқы қадамын Николай Присяжный жасап үлгерді. Ол «Даму» қоры арқылы 12 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, қажетті қондырғыларын сатып ала бастаған. Мәселен, қаражаттың жартысына кәсіпкер «Фатон» маркалы жүк көлігіп алыпты. Аталған көлікпен омарташы өз омартасын қыста Жамбыл облысына алып барады.

«Ол жақта қыс жылы, қар мен аяз біздің өңірдегідей емес, қысы жұмсақ әрі қысқа. Араларымыз ол жақта жақсы қыстайды. Мен жыл сайын өзгелер секілді Өзбекстаннан ара сатып алғым келмейді, өз араларым жақсы өнім беріп жүр. Тек оларды жақсы күту керек, қыста жылы жаққа апару керек. Жаңаларын сатып алсаң қанша өнім беретінін білмейсің, нағыз уайым. Мысалы бір ара 20 келі, тағы бірі 100 келі бал жинауы мүмкін. Сонықтан үйренген араларымды өлтіріп алмай, қыста оңтүстікке, көктем шыға солтүстікке көшіп жүремін. Маған қысқасы жақсы өнім беретін аралар қажет», - дейді Николай Николаевич.

Бір анығы, ішкі нарық пен экспортты қамтамасыз ету үшін солтүстікқазақстандық омарташылар өндіріс көлемін екі есеге дейін ұлғайту керек. Қазір жинап жатқан бал көлемі жергілікті тұрғындардың өзінен артылмайды. Яғни, ешқандай омарташы артық бал жинап жатқан жоқ. Ал, өз жерлестерінің аузынан жырып алып, көрші елге апарып сатуды солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер дұрыс емес деп есептейді.

Солтүстік Қазақстан облыстық Омарташылар қауымдастығындағылар балды шетелге экспорттау мәселесін қазір егжей-тегжейлі зерттеп жатқанын айтып отыр. Ұйым мүшелері иделас кәсіпкерлердің басын қосып, жақын күндері тағы бір ауылшаруашылық-кәсіпкерлік кооперативін құрмақшы. Ол да омарташылықпен айналысады. Қауымдастық төрағасы Олег Гавриловтың айтуынша, тек сонда ғана Солтүстік Қазақстанның бал өнімдері жергілікті тұрғындарға да, қытайлықтарға да жететін болады.

«Бізге қазір өңірдегі омарта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру керек. Біз негізі қазіргі көлемнен бірнеше есе көп өнім өндіре алатын мүмкіндікке иеміз. Бірақ, ол үшін ең алдымен бал беретін өсімдіктердің алқабын кеңейту керек, гүлдердің түрін көбейту керек. Солтүстік Қазақстан облысында эспарцет, донник, гречиха секілді өсімдіктерді өте аз егеді. Ал, нағыз сұранысқа ие әселді аралар дәл осы өсімдіктердің гүлінен жинайтынын білетін боларсыздар. Есесіне, күнбағыс пен рапс көп. Бірақ, олардың гүлінен алынатын бал соншалықты тәтті емес, яғни жұрт оны алғысы келмейді. Екіншіден, аралардың санын арттыру қажет, омарталарды көбейту керек. Оңтүстік облыстардан солтүстікке аралар тасымалдауымыз керек. Үшіншіден, білікті омарташыларды тәрбиелеу қажеттіліггі туындап отыр. Олардың аралармен жұмыс істеуін қадағалап, тәжірибе жинауына көмектесуіміз қажет. Қазіргі таңда олтүстікқазақстандық омарташылардың барлығы құрал-сайманды тек Ресейден сатып алады. Ол қымбат. Біздің құрғалы отырған АКК осы проблеманы шешумен айналыспақ», - дейді Олег Анатольевич.

Оның айтуынша, 2018 жылдың көктемінен бастап Петропавл қаласында омарта шаруашылығына қажет құрал-саймандар шығарыла бастайды. Қарапайым столдан бастап, бал дайындайтын құралға дейін өзімізде өндірілетін болады. Ал, құны ресейлік өнімнің бағасынан әлдеқайда төмен.

«Егер ресейлік бал дайындайтын құрал 300 мың теңге тұрса, бізде оның құны 150-200 мың теңгенің шамасында болмақ. Омарташылар мұндай арзаншылыққа тек қуанады деген сенімдемін. Әзірге Қазақстанда омарта шаруашылығына қажетті құрал-саймандарды ешқандай өндіріс орны шығармайды», - дейді Олег Гаврилов.

Омарташылар қауымдастығының мәліметінше, СҚО-да барлығы 10-нан аса омарта бар. Олардың иелігінде 100-ден аса ара балұясы бар екен. Бүкіл омарташылардың саны 3 мыңға жуықтайды. Ең ірі омарталарда 5 мыңнан 20 мыңға дейін ара балұясы бар.

«Біздің қауымдастықта 100-ден астам адам бар және олардың барлығы да шетелдіктер келіп қашан әселдерін алып кетеді екен деп күтіп отыр. Кейбір ірі омарта иелері егер тұрақты түрде экспорт нарығы жұмыс істесе өнім көлемін тағы да арттыра алатындарын айтуда. Облыстың әлеуеті жоғары, біздің омарташылар ікі нарықты да, экспортты да қамти алады. Қазір шешімін күткен бірнеше мәселе бар, соларды шешіп болғаннан кейін әрі қарай дамитын боламыз», - дейді Олег Гаврилов.

Омарташы Ярослава Пилипушконың айтуынша, қытайлық кәсіпкерлердің қойып отырған талабы да қатаң көрінеді. Олар қазақстандық зертханалардың шешіміне көңілдері толмай, балды өз зертханаларында тексеретіндерін айтыпты. Алайда, таза өнім өндіретін омарташыларға уайымдаудың қажеті жоқ, олардың балы әрқашан жоғары сапаны көрсетеді.

«Болашақта біз бәрібір Қытаймен жұмыс істесетін боламыз. Өндіріс көлемін ұлғайтамыз, аралардың санын арттырамыз, ара балұясын көбейтеміз, жаңа заманауи техникалар сатып аламыз. Егер 2018 жылы ауа райы қалыпты болып, бал ойдағыдай жиналып жатса, біз Қытай нарығына алғашқы қадамды жасайтын боламыз. Әзірге осындай жоспарымыз бар. Ол үшін ара балұясынң санын 500-ге дейін жеткізуіміз керек. Қосымша жұмысшылар алынып, жұмыс істеу тетіктерін де өзгертеміз», - дейді Ярослава Пилипушко.

Пилипушко отбасының омарта шаруашылығы Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан. Жазда олар бүкіл облыс аумағында көшіп жүреді. Шаруашылықтың техникалық базасы тәп-тәуір. Мұнда СҚО-да көп кездесе бермейтін электронды бал дайындау аппараты бар. Өңірдің омарташылары әліге дейін балды өз қолдарымен дайындайды. Өйткені, қымбат аппаратты сатып алуға бірінің жағдайы келмесе, екіншісі техникаға сенбейді екен.

Ярославаның сондай-ақ, өз көлігі бар. Осы көлікпен олар омартасын 200-300 шақырым жерге тасымалдайды. Ал, араны далаға жаю үшін омарташылар шаруа қожалықтарының иелерімен келісімге отырады екен. Егер егін алқабының иесі дәрілеу жұмыстарын жүргізетін болса омарташыны алдын ала ескертуі тиіс. Ал, гүлдердің ақысы ретінде фермерлерге омарта иесі бал сыйға тартады. Екеуара ешқашан ақша жүрген емес.

«Фермерлер омартаның болғанынан тек ұтады. Аралар олардың өсімдіктерін тозаңдандырады, ұрығын шашуға көмектеседі. Нәтижесінде егін бітік шығады. Мәселен, Еуропада фермерлер омарташыларға арасын жайып кеткені үшін ақша төлейді. Ал, бізде бәрі керісінше. Бізде деп отырғаным осы Солтүстік Қазақстан облысы. Ал Қазақстанның өзге облыстарында фермер омарташға өз егістігінен алған өнімін сыйға тартады. Нағыз әділ шешім осы», - дейді Ярослава Пилипушко.

Еске салайық, қытайлық кәсіпкерлер Қазақстанның бал өнімдеріне қызығушылықты былтырдан бастап таныта бастаған. Шығыс Қазақстан облысы (Өскемен) мен Алматы қаласында өткізілген бал жәрмеңкесіне келген көрші елдің бизнес өкілдері қазақстандық өнімдерді жоғары бағалап, сол жерде-ақ меморандум жасасқан болатын. Алғашқы келісім бойынша, СҚО омарташылары Қытайға 8 тоннадан бал экспорттауға уағдаласқан екен. Алайда, іске келгенде қытайлық тарап мұның тым аз көрсеткіш екенін айтып, омарташылардан бұл көлемді 20 тоннаға дейін жеткізуді талап еткен.

С.Абайұлы

`

Серіктестер жаңалықтары