Терең тарих - тәуелсіздікке тұғыр

18 Декабря, 2017, 16:14 9258
Терең тарих - тәуелсіздікке тұғыр | Аналитика | BNews.kz

Қай ғасырдың қазағы, қай заманның адамы болмасын ың - шыңсыз, айғай - сүреңсіз бейбіт күнді, бәтуәлі еңбекті, ешкімге тәуелсіз, төрт құбыласы тең Мәңгілік Елді армандағаны даусыз. Бүгін қасиетті Қазақ елі сол арманға қол жеткізіп, егемендігінің жиырма алты жылын артқа тастап отыр.

Егемендігін алғаннан бергі қысқа ғана уақытта қарыштай дамыған Қазақстанның да тарихы тым әріде жатыр. Халқымыздың көріп-түйгені, жұртымыздың бастан кешкені көп. Сол халықтың кемелдігі, ширығып шыныққандығы, тарихтың талай - талай толқынды тосқауылдарынан өтіп жетілгендігінің арқасы. Күн өткен сайын әлемдік аренада өз беделін бекітіп, іргесін нығайтып келеді. Қазақстанның көк байрағын төрткүл дүние таныды, әнұранын құлағы шалды, жомарт пейілін, ақ ниетін әбден ұқты. Бұл - еліміздің әлемнің дамыған елдері қатарынан берік орын тебуінің негізі, бұлжымас іргетасы.

Ел көшін бастаған Елбасына ере алды, ізгі бастамаларына сене алды, жақсы істерге жұмыла алды. Ұлт көшбасшысы, көреген елдің Президенті әлемдік қауымдастық алдында зор беделге ие ете алды. Осынау жетістіктердің бәрі тамырымыздың тым тереңде екендігінің айғағы. Тақыр жерге шөп шығар ма, орнында бар болмаса оңалар ма?

Екі жыл бұрын елімізде «Өмір өткелдері» атты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбатынан құрылған көлемді кітап жарық көргені белгілі. Бұл шығармада егемен еліміздің еңселі тарихы да, оның қалыптасу жолдары, артқа тастаған бел-белестері туралы да егжей-тегжейлі баяндалады.

Ата-бабамыздың, дана халқымыздың сан ғасырғы арманы ел бірлігі еді. Алайда, көгінде қыран қалқыған, о шеті мен бұ шетіне айлап жүрерлік байтақ жерімізді жайлаған халқымыздың сөзі мен ісін бір жерге тоғыстыру қолдан келе бермеді. Бір есе жүзге бөлініп, жүз көріспей, біресе руға жіктеліп, жаға жыртысып, біресе сырттан келген саясаттың сойылын соғып, сан сүрінген жұртымыз, еліміз тәуелсіздік алып, туын тіктегелі өткендердің ұлы арманын жүзеге асыруға жұмылғаны кәміл. Осынау ұлы көштің басында Елбасы, Ұлт Көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрған еді.

Тізерлеп отырып, тәуелсіз еліміздің Туын сүйіп, Ата Заңына қолын қойып халқына адал қызмет істеуге ант берген азамат сол антына берік болды. Жаңа құрылған жас мемелекеттің бағытын анықтап, бағдарын шегеледі, шекарасын бекітіп, ұстанымын нықтады. Жүзден астам ұлт пен ұлыс тірлік кешкен елдің өзара тату-тәтті, түсіністікпен өмір сүруіне, ұрпақ өсіріп, ұлттық салт-дәстүрін, діні мен ділін, ана тілін сақтауына жол ашты. Осындай келісім, татулықты, бейбітшілікті баянды етуді алға шығарып, ең алғаш атом қаруынан бас тартуға батыл қадам жасаған  Елбасы бастамалары әлем жұртшылығын елең еткізіп, өзіне қаратты. Ол бейбіт өмірге қол жеткізу, соғыссыз, қантөгіссіз ғұмыр кешу үшін ештеңеден тайынған жоқ. Әуелі сенімсіздеу көз тіккен дүние көп кешікпей-ақ, оның бұл ұстанымдардан бір табан да кейін шегінбес тегеуріні мен қайтпас қайсарлығы, табандылығына көз жеткізді. Аспан астын тілгілеп, ұшақ үстінен түспей әлем елдерін аралап, олардың басшыларымен жүздесе жүріп, ол өз ұстанымын, жеңімпаз көзқарастарын дәлелдеп шықты. Өйткені ол тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл адамзат баласына керек құндылықтар еді. Бейбіт өмір, алаңсыз еңбек, өзге елдермен алыс-беріс, бизнеске қамқорлық, ғылымға жол ашу- осының бәрі дамуға негіз болары сөзсіз екендігін бәрі де түсінді.

Жетпіс жыл бойы құрсаулаған коммунистік құрылыс құрығынан құтыла бере осыншама батыл, тәуекелге толы, адал идеяларды алып шыққан Қазақстан Президенті сөзі мен ісінің бірлігін қысқа уақыт ішінде дәлелдей алды.  Қазақстанға шет ел инвестициясы құйыла бастап, ол тұрақты көрініске айналды.

Қазақстан қателесуден, сүрінуден қорыққан жоқ. Қаншама қиындықтар кез болса да дұрыс бағыттан айныған жоқ. Ерек туған Елбасы елін әлемдік дағдарыстарда да қиыннан қиыстырып, жол тауып алып шықты. Дағдарыстың алып толқындарының дыбысын көреген саясаткер алыстан сезді. Сезді де елін дайындыққа жұмылдырды. Үлкен дайындықтар, алдын ала межеленген болжамдар өз жемісін бермей қойған жоқ. Ұлтына, ұлысына қарамай, ортақ іске жұмылған тұрғындарды осындай тұрақтылық. экономикалық ілгерілеулер тұтастандыра түсті. Экономикасы, саясаты, ұстанымы тұрақты Қазақстанды әлем мойындады. Әлемнің дәстүрлі діндерінің алтын бесігіне айналды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Олардан да басқа талай-талай мәртебелі жиындарға ұйтқы болды. Әлем алдында Қазақстанның да, оның Тұңғыш Президентінің де беделі күн санап өсе берді.

Елбасының  «Қазақстан - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы ел дамуының бағыт-бағдарын одан әрі айқындай түсті.  «Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды», - дей келіп, Ұлт Көшбасшысы  дамыған 30 елдің қатарына кіру туралы жоспарын ұсынды. Осы арада қоғамда кейбір керітартпа, күйгелек пікірлердің де көлденең тартылғанын да айта кетпекпіз. Тырнақ астынан кір іздеп, күйбеңдей беруге де, әр сөздің тонын айналдырып, сыңар езулеп, бұра тарта беруге болар. Бірақ, шындықтан, шынайылықтан бәрібір жалтаруға болмас. Жақсылыққа ұмтылу, жақсы болуға құлшыну, жақсымен иық теңестіруге тырысу, сол мақсаттарға күш біріктіріп, тізе қоса қимылдау сонда жөн болмағаны ма? Басқаны былай қойғанда көп жеңіс сол жақсылыққа қылаусыз сенудің арқасында келмес пе? Әрине, қашан болмасын жеңіс оңай келмейді. Әйтеуір, Президентіміз айтқандай, баратын айлағымызды білеміз, соған бағыт түзеп, бар ниет - жігерімізді жұмсасақ, бүгінгіден де жақсы тұрмыс, берекелі өмірге жақындай түспейміз бе?

Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында 1 мыңға жуық жобалар жүзеге асырылып, 100 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ 2021 жылға қарай кезең-кезеңімен 6,5 мың шақырымдық республикалық маңыздағы ақылы автожолдан түсетін 35 млрд теңге қаражат еліміздегі барлық автомобиль жолдарын қаржыландыруға мүмкіндік бермек.

Экономикада ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 % - дан кем қылмау жоспарланды. Инвестиция көлемін 18 % - дан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 % - на дейін ұлғайту көзделді. Шағын және орта бизнес қолға алынып жатқан қамқорлықтардан кейін дүр сілкінді. Жағдайы болса еңбекшінің шаруасы шалқи түспей ме?  Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді екен. Бұл үлкен болашақтың, мол табыстың негізі емес пе? Елімізде қолға алынып жатқан басқа да шаралар, дайындалып, қабылданып жатқан заңдар  экономикамыздың нық қадаммен дами түсеріне алаңсыз сендіреді. Енді, белді бекем буынып, «тәуекел» деп өз ісін ашып, оны дөңгелетіп әкететіндер қатары көбейе түсеріне көңіл сенеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 50 млн шаршы метр баспана тұрғызу көзделген. Қоғамның әл - ауқаты төмен буыны үшін жыл сайын 3 мың пәтерлік арендалық тұрғын үй салынады. 8 мың адамға субсидиялық иптекалық тұрғын үй займын беру арқылы субсидиялық несие есебінен 2018-2019 жылдары 600 мың шаршы алаң қолжетімді баспана тұрғызу жоспарланып отыр.

Осыған дейін мемлекет қорынан мол шығын шығарылып, бағаның өсуіне жол берілмей келгені шындық. Бірақ әлемдік үрдіс үнемі олай істей беруге мүмкіндік бермес еді. Шын мәнісінде дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де сырт қала алмайды. Соның өзінде мемлекет тұрғындарға деген қамқорлығын жалғастыра берді. Елбасы әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға, түрлі мемлекеттік салаларда халық үшін алаңсыз қызмет етіп жүрген салалар қызметкерлеріне 2017-ші жылы бөлінеді деген қамқорлықты 2016 - шы жылдың 1 - ші қаңтарынан қолдануды тапсырды. «Нұрлы жол», құрылыс жинақ банкі, тағы басқа әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларды қаржыландыру тоқталған жоқ. 

Әлемдік экономиканың өріс-өрімін, терең иірімдерін жете зерттеген Елбасы Қазақстанның дамуын жаңа, тың да тиімді жолға салды. Қазақтың байырғы үрдіс, ұстанымдары, тұрмыс - салты, таным - түйсігін табиғи жаратылысын ескере отырып, «Мәңгілік Ел» атты жүрек тебірентер межені белгіледі. Әлемнің озық ойлы, талантты сәулетші, экономист, саясаткерлерімен ашық пікірлесіп, соны идеяларын солармен талқылап, ой қазанын қайнатты. Қойнауы қазынаға толы, бейбітшілік пен берекені, достық пен татулықты ту еткен елімізге дүние жүзінің алға шыққан атақты кәсіпорындары, фирмалары мен компаниялары инвестиция салып, бизнесін дамытуға ынталы. Бұл - ел дамуының, халқымыздың әл - ауқатының үздіксіз өсуінің негізі.

 

С.Абайұлы

 

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости