Тісімізге кіріп жүрген ет бір күні түсімізге кіріп жүрмесін

31 қазан, 2017, 22:48 3043 Астана
Тісімізге кіріп жүрген ет бір күні түсімізге кіріп жүрмесін

Қазақ халқын ет жеу жағынан әлемде қасқырдан кейінгі екінші орынды алады деп әзілдеп жатады. Көшпелі халықтың ұрпағы болғандықтан шығар, расымен де қазақтың дастарханын етсіз елестету мүмкін емес. Бірақ, өкінішке қарай, бұған дейін тісімізге кіріп келген сол ет жақын болашақта тек түсімізге кіретін түрі бар. Өйткені, нарықтағы ет бағасы осыған алып келе жатыр. Күніге демей-ақ қояйық, сүйікті тағамның базардағы құны ай сайын қымбаттап жатыр десек, бізге ешкім «мұның не?» дей қоймас. 

Әттеген-айы сол, халқымыздың табиғаты мал шаруашылығына жақын болса да етті шетелден сатып алып жеуге мәжбүрміз. Мұндай деңгейге түсеміз деп кім ойлаған?! КСРО кезінде бүкіл одақтың жартысын етпен қамтып, ішкі сұранысты да толық өтей алған халық емес пе едік?! Енді қазір өз малымыз өзімізге жетпей, көрші Ресейден, Украина мен Беларусь елінен ет сатып алып жеп отырмыз.

Экономист мамандардың пікірінше, еліміздегі еттің тапшылығы өндірістің төмен болуынан. Яғни, жыл сайынғы сұраныс көлемі еселеп артса да, өндіріс көлемінің сол күйде сақталып қалуынан екен. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика агенттігі мамандары 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ет өндірісінің көлемі небәрі 3,3% пайызға (2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда) артқанын айтып отыр. Яғни, 2017 жылдың қыркүйегінде елімізде барлығы 172,7 мың тонна ет өндірілсе, былтыр қыркүйек айында бұл көрсеткіш 164,4 мың тоннаны құраған екен.

Иә, өндірісте аз болса да өсім бар. Бірақ, сұраныс көлемі одан әлдеқайда жоғары. Жыл сайын ел нарығында 30-50 мың тонна ет жетіспеушілігі байқалады екен. Мәселен, биыл алты айда Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда етті 22,1 тоннаға артық өндірген. Бірақ, дәл осы кезеңде ішкі нарықтағы сұраныс 32,7 пайызға артыпты. Өйткені, Қазақстан халқының саны да тиісінше өсіп келе жатыр. Осы жетіспеушілікті жою үшін амал жоқ, импортқа тәуелдіміз. 

Импорт демекші, 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізге сырттан 116 мың тонна ет пен ет өнімдері кіргізілген. Былтыр осы уақытта оның көлемі 96 мың тоннаны құраған болатын. Яғни, әр жыл сайын ішкі нарықта етке деген сұраныс мың тонналап артып келеді.

Дефицит пайда болған жерде бағаның да күрт шарықтап кететіні анық. Әсіресе Қазақстанда. Ranking порталының сарапшылары жүргізген талдауға сүйенсек, ЕАЭО елдері арасында ет бағасының ең қарқынды өсуі Қазақстанда ғана байқалады екен. Оны өзіміз де күнделікті көзбен көріп жүрміз. Ет дүкеніне әр барған сайын жағамызды ұстамасақ та, бас шайқап қайтатынымыз жасырын емес. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда ет бағасы 6,1 пайызға өскен. Арменияда – 3,7%, Қырғызстанда 3,2%-ға қымбаттапты. Ал, Ресейде ет бағасы небәрі 0,1 пайыздық өсімді көрсеткен екен. Беларусь елінде керісінше, еттің 2 пайызға арзандағаны байқалып отыр. Айта кету керек, Қазақстан бұл рейтингте осымен екінші жыл қатарынан көш бастап келеді.

Еліміздегі ең қымбат ет Астанада сатылатыны да белгілі. Мұнда сиыр етінің бір келісі орта есеппен 1641 теңгені құраған. Бұл республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда 17,2 пайызға жоғары.

Еттің бұлайша қымбаттауын Қазақстандағы ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев былай түсіндіреді:

«Ең бірінші себебі – девальвацияның әсері. Екінші мебебі – елімізде мал басының саны әлі де болса аз. Сұранысқа жауап бере алмайды. Қазақстанда жыл сайын мал саны 3-4 пайызға ғана артады да, етке деген сұраныс одан әлдеқайда жоғары болады. Мәселен, әр жыл сайын ет пен ет өнімдерінің дефициті 30-50 тоннаны құрап келеді. Ал, нәтижесінде бағаның да шарықтай беретіні анық. Ал, бұл проблеманы қалай шешеміз? Ең алдымен шетелден ет емес, ірі қара малды тірідей сатып әкелуіміз қажет. Бірақ, жекелеген фермерлердің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан, бұл іспен мемлекеттің өзі айналысуы қажет. Менің есебім бойынша, әр жыл сайын шетелден 50-100 мың бас сиыр сатып ікеліп отыруымыз керек, 5 жыл бойы. Тек содан кейін барып қана ішкі нарықтағы дефицит жойылады. Импорттан бас тартып, етті сыртқы нарыққа сатуға да мүмкіндік туады», - дейді Ет одағының басшысы.

Қазақстанда ет бағасының күрт қымбаттауына биыл жазда «Қытайға ет экспорттаймыз» деген ақпараттың жариялануы да себеп болғанын сарапшылар жасырмайды. Ішкі нарықтың сұранысын өтей алмай тұрғанда Ауыл шаруашылығы министрлігінің экспорт туралы жиі айтатыны бізге де түсініксіз.

Осыдан біраз бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Азамат Сағынбаев ет экспорты жөніндегі жоспардың орындалмағандығын мәлімдеген болатын. Жоспар бойынша жыл ішінде 10 мың тонна ет шетке жөнелтілуі қажет болса, қазіргі күні оның тек 3,4 мың тоннасы ғана экспортталыпты. Бұл – жоспардың 34 пайызы ғана. Міне, осы жөнінде келтірген шенеуніктің уәжі де өте қызық:

«Біздің негізгі нарық – Ресей Федерациясы. Онда рубль көтеріліп кетті де, біздің сиыр етіміз баға жөнінен бәсекеге қабілетсіз болып қалды», - дейді А.Сағымбаев. 

Ресей валютасы бағамының өскендігі қазақстандық тауардың бәсекеге қабілеттігін қалайша нашарлата алады? Мұны бірде-бір экономист түсіндіріп бере алмайды. Өйткені бәрі керсінше болатындығы бәрімізге түсінікті: теңгенің әлсірегені қазақстандық экспорттаушылардың оң жамбасына дөп келмек. Тек сататын зат болсын деңіз. Нағыз проблема да міне, осында тұр. Ал мұны біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі көргі¬сі келмейтіндей.
Айта кететін тағы бір жайт, елімізде асыл тұқымды ірі қара малдың басы биыл 10 пайызға артқан. Бірақ, бұл еліміздегі ет өнімдерінің көлеміне ешқандай пайдасын тигізіп отырған жоқ. Өйткені, асыл тұқымды мал ет жинауы үшін одан жем-шөпті аямау керек. Ал, бізде соңғы жылдары бұл тұрғыда проблеманың бар екенін жақсы білеміз. Яғни, жыл сайын көктемде еліміздің солтүстік және орталық, шығыс және оңтүстік өңірлеріндегі жайылым жерлерді су шайып кетеді. Қажетті мөлшерде азық жемеген асыл тұқымды сиыр не дұрыстап ет, не сүт бермейді.

Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов пен оның командасы Қазақстандағы ет тапшылығын шешудің жоспарын жыл басында бектікен болатын. Министр әзірлеген Агроөндіріс кешенін дамытудың 2017-2020 жылға арналған бағдарламасында сиыр етінің өндірісін 5 жылда 417 мың тоннадан 537 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Сол секілді асыл тұқымды ірі қараның басын да 10 пайыздан 21 пайызға дейін арттыруды жоспарланып отыр. Ал, еттің экспортын бір жылда 40 мың тоннаға жеткіземіз дейді Асқар Исабекұлы. Алайда, министрік биылғы жоспарлаған 10 мың тоннаның жартысын да орындай алған жоқ.

Оның үстіне, министрлік осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін елдегі 670 мың ұсақ шаруа қожалықтарының басын ірі қожалықтарға біріктіруді де жоспарына енгізіп қойған. Мұндайға шаруалардың өздері көне ме, жоқ па, ол жағы тағы белгісіз. Өйткені, фермерлер КСРО кезіндегідей «колхоздар» құрудың қажеті жоқ деп, бастамаға үзілді-кесілді қарсылық білдірген болатын. Өйткені, жем-шөп жетіспей тұрған бүгінгі күнде ұсақ шаруалар ірі кәсіпкерлердің қожалықтарына кіріп, мүлдем жұтылып кетуі әбден мүмкін.
Сондықтан, А.Мырзахметов басқаратын министрліктің бұл бағдарламасы қазақстандықтарды ет дефицитінен құтқарады деуге ауыз бармайды.

Ендеше, проблеманы қалай шешу керек? Кеше ғана мал баққан ел едік, енді ата кәсіпті қалай қалпына келтіреміз? Тығырықтан шығуға Моңғолиядағы қазақ ағайындар көмектесуге дайын екендіктерін биыл көктемде айтқан болатын. «Астық пен ұн берсеңдер бүкіл Қазақстан халқын етпен қамти аламыз» дейді Баянөлгиліктер.

Биыл отандық басылымдардың біріне сұхбат берген Баян-Өлгий аймағындағы танымал азаматтардың бірі, бұған дейін сол өлкеге әкім болған Үзбен Құрбанбайұлы екі ел арасындағы байланыстың үзілгені туралы айтып берген болатын. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы төте жол жабылған уақыттан бері 40-50 минуттық жол 1,5 тәулікке дейін ұзарған. Салдарынан шекараның арғы бетіндегі қандастарымызбен қатынас та қиындап қалды. Егер Ресей рұқсат беріп, қазақ-моңғол арасындағы ескі жол қайта ашылса, Баян-Өлгидегі қандастарымыз бүкіл қазақты етпен қарық қыламыз деп отыр.

Ү.Құрбанбайұлының айтуынша, Елбасының Ұлан-баторға алғаш келген сапарында жергілікті қазақтармен кездескенде төте жол мәселесі сөз болған. Сол кезде Елбасы «Төте жол мәселесін Нығметжан Есенғаринге (сол кезде Көлік және коммуникация министрі) тапсырамын» депті.

«Мынаны қандай да бір жолмен аштырудың амалын тап. Жолды салдырып, бәрін дайын ет, Ресей Президентімен өзім келісемін, еркін қатынас орнатамыз», – деген.


Алайда, министр өзіне жүктелген бұл тапсырманы сол күйі жүзеге асырмай кетті. Енді аталған жол ашылып, қатынас қайта жанданса, Қазақстанғ жыл сайын қанша ет тасымалдануы мүмкін?

«Қазақстанға Моңғолияның батысындағы бес аймақтан ет тасымалдауға ыңғайлы. Керісінше, оларға Қазақстаннан бидай мен ұн қажет. Моңғолияның жылына 100 мың онна шикі ет және ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі бар. Алайда, соңғы жылдары тек сегіз мың тонна шамасында ет экспортқа шығарылыпты. Бұл мүмкіндіктің 10%-на да жетпейді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде патшалық Ресей өз армиясының етке қажеттілігінің 60%-ын Моңғолиядан әкелінген етпен қамтыса, екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес үкіметіне 500 мың тонна ет жіберген. 1960-1980 жылдар аралығында Кеңес Одағы осы төте жолмен жылына 45 мың тонна ет алып отырған», - дейді Үзбан аға.


Осылайша Моңғолияда мал өсімі табиғи тежелген – мал басының жалпы саны 25 миллионнан артпаған. Ал төте жол жабылған 25 жыл ішінде мал басы күрт өсіп, бүгінде 70 миллионға жетіпті.

«Мұндағы шекара маңындағы ауылдарда бір қойдың көтерме бағасы сегіз мың теңгеден, ал сиыр – 50 мың теңгеден аспайды. Жылқы малы тіпті тегін, 80 мыңға таңдағаныңды алуға болады», - дейді ол.

Енді осындай «су тегін» мал мен ет тұрғанда не үшін Ресейге, Украинаға, Беларусь еліне, тіпті АҚШ пен Аргентинаға қол жаюымыз керек? Оның үстіне Моңғолиядан ет алсақ айналып келгенде өз қазағымызды байытамыз. Одан қос тарап та ұтылмас еді. Тек билік екі ел арасындағы жол мәселесін шешіп берсе болғаны.

Үкімет бұл мәселені шеше ме, әлде шешімді басқа жақтан іздей ме, ол жағы бізге беймәлім. Бәлкім Ауыл шаруашылығы министрлігінің 5 жылдық бағдарламасына үміт артып отқан болар. Мейлі, қалай болғанда да қазақты ең негізгі тағамынан айырмаса болғаны...

С.Абайұлы

`