Жаңарған ел, жаңғырған сана, соны серпін

18 Декабря, 2017, 18:00 9334
Жаңарған ел, жаңғырған сана, соны серпін | Аналитика | BNews.kz

«Кешегі күнсіз бүгін жоқ» демекші, өткен тарихымыз түгенделіп, ақтаңдақтардың беті ашылып, өсу - даму жолымыз жүйеленген сайын, іргеміз бекіп, өреміз өсе түседі.Тарихы терең халықтың ақылы жетік, ойы озық, тәжірибесі мол.

Ұрпағы арқа сүйеп өсер қалыптасқан салиқалы салт-дәстүрі, кемел көзқарастары бар. Сол арқылы дамуының сара жолдары, айқын бағыттары бар. Заман қалай өзгеріп, қоғам қалай құлпырса да ондай ұлт ата дәстүрінен, өз жолынан айнымайды.

      Кеңестік саясат осындай халықты ай далада ала шаң болып, ардың-күрдің жүрген бұратана етіп көрсетті. Бүтін бір елді білмегендер солай деп қабылдады, білгендер саясаттың ығына жығылып, білгенін айтпады. Шеттегі көкірегі ояу, көзі ашық, оқыған - тоқығандар еліміз тарихынан, әрине, хабардар. Олар «Шыны солай еді» деп шындықты айтпаған соң, не қайыр?  Сөйтіп, солақай саясат құйтырқы байламдарын санаға сіңірді. Соның салқыны әлі сарқылмағандай. Әлі күн Қазақстанды бұрын ол өркениет пен мәдениет, өнер мен әдебиет, мемлекет болмаған деп беттері бүлк етпей айтып жүргендер бар. Аласұрған заманда әрі - беріні аңғармай, сондай сөздерге қалтқысыз сенетіндер де табылары кәдік. Міне, дәл осы тұста Елбасының Астана қаласы активімен кездесуде көтерген мәселесі сондай негізсіз дақпырттарға тұсау салғандай әсер етті.

«Менің қатарластарым, менен кейінгі келе жатқан буын кезінде тек Октябрь революциясынан бергі тарихты ғана біліп, соны оқыдық. Басқасы жоқ сияқты болатын. Соған дейінгі қазақтың тарихы бар да, басқасы жоқ сияқты еді. Біздің жастар, біздің халық мың жылдық тарихымыз бар екенін білуі керек. Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады», - деген болатын Ұлт Көшбасшысы.

      Осындай, тарихымыздың кесек-кесек кезеңдерін, дүбірлі оқиғаларын, бедерлі белестерін әспеттеп, тиянақтап, дәлел-деректерін кеңінен көлденең тартып тұрсақ нұр үстіне нұр болмай ма?! «Біз - бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушылармыз», - деді Президент. Иә, біз ұлан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ел үшін істелген көзсіз ерлік, өшпейтін намыстың арқасында қорғаған текті балаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз. Осы ұғым, осы тұжырым-ақ бізді алға жетелейді, ерліктерге бастайды. Сұңғыла ойлы, өр мінезді, қу толағай жастанса да жолынан таймаған ақсұңқар текті аталарымыз сияқты біз де мынау алмағайып заман туындатып отырған құрсаулардан аман шығар адал жол таба аламыз. Тек негізімізден, өзегімізден қол үздіре көрмесін!.. Қазақ мемлекеттілігінің 550  жылдығын атап өту халқымыздың қалпын нығайтып, алдағы үлкен мақсаттарға жетуге қанаттандыра түсті.

«Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» - деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы», - дейді өз Жолдауында Президент. 

Жолдауда қаншама айшықты ойлар, озық идеялар, берекелі бастамалар айтылды. Ғылым мен білім, экономика мен  мәдениет, қай саладағы болмасын бастамалар ойдан шығарылған емес, оңтайын тапса орындалатын белестер.

Елбасы:«Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия Сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсысыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!», - деп те атап өткен.

Жастық та көктем. Көк шыбықтай солқылдаған жастар ересектермен бірлесе кірісіп, жігерлене қолға алса, үлкеннің тәжірибесін тыңдап, ісіне пайдаланса бітпейтін шаруа бар ма? Сонда бүгінгі тал шыбық ертең көк тіреген бәйтерек, қиындықтарға төтеп беріп, талпынып тас жарып еркін өскен емен болмас па?! Осынау көктем мерекесі жастарға талмас талап, мұқалмас жігерін ала келгей. Олар да бүгінгідей ұлы істің басы-қасында болып, ұлы идеяны жүзеге асыруға жастай атсалысса, одан асқан абырой бар ма?!

Елбасы: «Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы», - десе, ата-баба арманын жүзеге асыру жолында тер төгу үлкенге де, кішіге де құрмет те, мәртебе де емес пе?!

      Елбасы ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың қатарында тағы да Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы идеясын атап өтті. Жастарға қарата айтқан сөзіндегі  «Немқұрайлылық танытпаңыздар» дегенді де тегін қайталамаса керек. Көптің көптен күткен, мазмұны терең, мақсаты биік идея ұсынылды. Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап елімізде білім беру мәселесі басты назарда ұсталып келеді. Осы жылдар ішінде аталған салаға бөлінген қаржы 1,5 триллион теңгеге жетті. 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 22 %-ға артты.

Біздің еліміздің жастары селсоқ, енжар емес, қайта сергек, белсенді. Оған баулыған, үйреткен, солай тәрбиелеген еліміздегі еркіндік, ортақ іске жұмылу, болашаққа ұмтылыс. Жастарға арналған, олардың жаңадан мамандық алуына, баспаналы болуына мүмкіндік беретін бағдарламалар олардың бойына құлшыныс бітірді.  24 жыл ішінде еліміздің 12 мыңға жуық талантты жастары «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендианты атанып, әлемнің ең үздік университеттерінде мемлекет есебінен оқу мүмкіндігіне ие болды. 

      Ұлттық өнерлерімізді дамытуға қаншалықты көп қамқорлық жасалуда. Ұмытылуға айналған күйлеріміз, әндеріміз, романдарымыз  техниканың, эдектрониканың бүгінгі талабына сай қайта басылып шықты. Өз ұлтымыздың ғана бағына біткен айтыс өнерін дамытуға кең жол ашылды. Айта берсек, еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта ұлттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, ұлттық ұстанымдарымызды, ата дінімізді насихаттауға қаншама игі қадамдар жасалды. Жастар сары дала төсінен Астана сияқты айбынды қала салынғанын мақтан тұтады. Астана біздің халқымыздың болашағының зор екендігінің, мемлекетіміздің қуаттылығының, ұлтымыздың қайраттылығының, көп ұлтты жұртының өзара тату-тәттілігінің, керемет болашақтың символы іспетті. Астана - жастар қаласы десек, алаулаған Астана жастардың белсенділігінің де символы деуге болады.

 

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости