Бес әлеуметтік бастама – жастар көзімен

6 Июня, 2018, 16:51 10755
Бес әлеуметтік бастама – жастар көзімен | Обзоры | BNews.kz

Қоғамның әр мүшесі, әр мекеме, әрбір ұйым бұл бастаманың еліміздің әл-ауқатын арттырудағы маңызын жете түсінуі қажет.

Елбасының бес бастамасының ішіндегі жоғары білім беру, жатақхана салу сияқты жастарды қолдау бағытындағы мәселелерді көтеруі жастарды аса қуантты. Бұл бағытты талқылаудағы жастар арасындағы белсенділікті ерекше атап өткім келеді.

Жас ұрпақ – еліміздің келешегі, мемлекетіміздің жарқын болашағына кепіл болатын негізгі күш. Оның тиянақты білім алуынан еліміз ұтады. Болашақта еліміздің тізгіні білімді, ынталы, бәсекеге қабілетті жастардың қолында болады. Ендеше бастаманың бұл бағытын – болашаққа бағдарлаған, стратегиялық бағыт деуге болады.

Елбасы көтерген  бастамалар ауқымды әрі әрқайсысында маңызды мәселелер қарастырылған. Сол себепті де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халық ыстық ықыласпен қабылдап отыр.

Мемлекет басшысы бірінші бастама ретінде қазақстандық әр отбасының баспанаға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажетін айтты. Бұл үшін үй алу кезінде азаматтарға берілетін несие пайызын 7 пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керек. Бұл бастаманың да жастар үшін аса үлкен қамқорлық екенін атап өткім келеді. Елбасы бұл бағдарлама бойынша үймен бірінші кезекте жастар қамтылуы керектігін атап көрсетті.

Халық табысын молайту жолдары да ұмыт қалмай, бөлек бағытта қарастырылған. "Екіншіден, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, 1 пайызға түсіру керек. Бұл бастаманы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыруды ұсынамын" деді Президент.

Бұл бастаманы пайдаланушы аудиторияның да ерекшелігі бар. Президент бұл жеңілдіктің табысы мол адамдарға емес, алатын айлығы төмен азаматтарға қолданылатынын қадап айтты.

 Елбасы, бұған қоса, үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетігін айтты. "2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек" деген тапсырмада мектеп бітірген оқушыларды оқумен қамту қамқорлығы жатыр.

 Көптеген дамыған елдердің мемлекеттік бюджетін шағын және орта бизнестің табысы құрайды. Елімізде осы саланы дамыту мәселесін ұдайы назарда ұстап келе жатқан Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске дем беріп, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие беруге арналған. Ол 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керегін айтты.
Барша қазақстандықтың  тұрмыс жағдайын жақсарту мен экологиялық ортаны тазартуға бағытталған бесінші бастама Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тартуға арналған. Газ тарту ісі қолға алынған кезде газ магистралі бойындағы қаншама елді мекенде қосымша жұмыс орны пайда болады. Бұл жұмыссыздықпен күреске қосылған жақсы үлес болмақ. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан Президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды.

Ендігі кезекте жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашу үшін осы бастамаларды мұқият іске асыру міндеті жүктеліп отыр. Әрине, ең алдымен оларды іске асыруда басшылыққа алатын тиісті құжаттар қабылдануы керек. Бұл ретте Елбасы өз сөзінде: "Үкімет пен Ұлттық банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын, Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақтылы енгізуді өтінемін" деп атап көрсетті.

Бастамалардың ел болашағы үшін айрықша маңызды екенін барша қоғам біліп отыр. Біздіңше, қоғамның әр мүшесі, әр мекеме, әрбір ұйым бұл бастаманың еліміздің әл-ауқатын арттырудағы маңызын қатаң ескеруі қажет. Әрқайсымыз сырттан қарап тұрмай, бастамаларды тиімді жүзеге асырудың жолдарын кеңінен талқылауға қатысып, халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге сетпігімізді тигізуге мүдделі болуымыз керек. Сонда ғана о баста көзделген мақсатқа жету жолында құрылған әрбір жоспар сәтімен орындалатын болады.

Ал Елбасымыздың осы бес бастаманы жария етуі, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға баса назар аударып отырғаны, оның көрегендігінің кезекті айғағы болып табылады.

         Құралай Бағдатқызы. Еуразия ұлттық университетінің магистранты

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости