Бүгін мектеп ережелеріне бағынбаған «діндарлар» ертең мемлекеттің заңдарын мойындамай жүрмей ме?

Бүгін мектеп ережелеріне бағынбаған «діндарлар» ертең мемлекеттің заңдарын мойындамай жүрмей ме?

30 қыркүйек, 16:46 11363 Астана
Бүгін мектеп ережелеріне бағынбаған «діндарлар» ертең мемлекеттің заңдарын мойындамай жүрмей ме?

Биыл жаңа оқу жылы басталысымен еліміздің біраз мектебінде хиджаб дауы тағы да өрши түсті. Бұл жолы да «діндар» ата-аналар кішкентай қыздарының мектепке оранып кіруін талап етіп, мұғалімдермен қызылкеңірдек болып айқайласып жүр. Айтатын уәждері біреу: «бұл хиджаб емес, бұл – кимешек» дейді.

Жарайды, не айтса да өздері білер, бірақ бізді алаңдатып отырғаны – ешқандай жазығы жоқ кішкентай бүлдіршіндердің бір айдан бері мектепке кіре алмай жүргені. Қатарластары білім алып, мектептің жаңа бағдарламаларын меңгеріп жатқанда, ата-анасының діни көзқарасы үшін жазықсыз балалар зардап шегіп отыр.
Рас, Қазақстанда дін ұстануға шектеу жоқ. Тек ұстанған дініңіз радикалды, экстремистік бағыттарда болмауы керек. Бірақ, қандай дін ұстанушы болмасын Қазақстан Республикасының Конституциясына, яғни заңдарына толықтай бағынуы тиіс. Ал, сол заңдар жинағында мектеп оқушыларының мектепке тек бекітілген формамен ғана келуі көрсетілген.
Білім және ғылым министрілгінің мектеп формасына қатысты №26 бұйрығы бар. Оның ішінде білім алушылар мен олардың ата-аналары мектеп формасын сақтау және қамтамасыз етуге міндеттілігі анық жазылған. Сондай-ақ «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстанның Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқы жоқ.
Яғни, өздерінің діни наным-сенімдерін алға тартып, балаларының білім алуына кедергі келтіріп отырған ата-аналардың әрекеті қай жағынан алып қарасаңыз да заңға қайшы. «Кимешек, сәукеле, орамал, жаулық» деп дәстүрдің артына тығылғысы келсе де, мектепке бала тек мектеп формасымен ғана келуі міндетті.
Ендеше жылдан жылға өршіп бара жатқан бұл келеңсіздікті қалай тоқтатамыз? Бүгін мектеп ережелеріне көнбей отырған ұзын сақал, қысқа балақтылар ертең мемлекеттің заңдарын мойындамай бүлік шығарып жүрсе қайтеміз? Онсыз да осы салафизм ұстанушылары бұған дейін бір емес бірнеше рет лаңкестік жасап, қаншама жазықсыз жанның қанын төкті емес пе?!

«Бүгін орамал тағуға қол жеткізсе, ертең бұлар мектепте намаз оқуды талап етеді...»

Оңтүстікқазақстандық теолог Мәди Бесбаевтың айтуынша, сөзге түсінбеген мұндай ата-аналарға заң аясында қатаң шара қолдану керек. Өйткені, баланы оқыту әрбір ата-ананың Құдай алдындағы да, Конституция алдындағы да парызы һәм міндеті.

Мәди БЕСБАЕВ, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары, теолог:
- Мектеп формасы туралы ережеде бас киім туралы жазылмаған. Бірақ, діни киімдерді мектепке киіп келуге болмайтынын ескерген «діндарлар» кішкентай қыздарының хиджабын кимешек деп жұртты алдағысы келеді. Жарайды, кимешек бола қойсын. Бұл ендеше қазақтың дәстүріне де қайшы емес пе? Қай ата-бабамыз кішкентай қыздың басына кимешек кигізген? Кимешекті үлкен аналар, әжелер киген. 
Жалпы, бұл жерде айтарым, мектеп «діндар» ата-аналардың дегеніне көнбеуі керек, қандай жағдай болмасын, мектеп өз позициясын бермеуі керек. Бүгін оранып келуге рұқсат берді ме, ертең мына «діндарларыңыз» мектепте намаз оқуды талап ететін болады.
Қазақстан заңына сәйкес, әрбір ата-ана баласын мектепте оқытуға міндетті. Ал, мектепке кіре алмай жүрген мына балалардың ата-аналары сол заңды орындамай отыр. Демек, оларды құқық қорғау органдары жауапқа тартуы керек. Бұл жерде тек мектеп қана шырылдай бермей, бүкіл құзырлы органдар, мекемелер бірігіп жұмылмаса, қазір кішкентай ғана дау ертең үлкен проблемаға айналары сөзсіз.
Жалпы, бұл проблема тек батыс облыстарға ғана тән емес. Біздің Оңтүстік Қазақстан облысында да хиджапқа бола мектепке кіре алмай жүрген оқушылар болды. Олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, біразын райынан қайтардық. Біз мұндай «діндарлармен» сөйлескенде ең алдымен мемлекеттің заңдарына қарсы шықпау керектігін түсіндіреміз. Дінді ұстанушылар осыны біліп жүрулері керек.

- Қазақстанның заңдары діни бостандыққа шектеу қоймайтынын білесіз. Тек ұстанған дін «қара тізімде» болмаса болғаны. Бұл дегеніңіз заңдардың бір-біріне қарама-қайшылығы емес пе?

- Жоқ. Біздің Конституцияның 22-бабында діни сенім бостандығы деген жазу жоқ, ар-ождан бостандығы деп жазылып тұр. Осыны көбісі шатастырады. 
Елбасымыз айтады, «шексіз еркіндік – ол хаос» деп. Яғни, біздің заңдар ешқандай діни ағымға шексіз еркіндік беріп қоймаған. Кім болса да, қандай дінді ұстанса да ең алдымен Конституцияға бағынуы тиіс. Орамал тағу христиандарда да бар. Ертең хиджапқа рұқсат берсеңіз олар да орамалға оранып, крестерін тағып мектепке келеді. Буддистер сары киімдеріне оранып келеді. Сонда не болды? Елбасы айтқандай, қоғамда хаос басталады.
Біз зайырлықтың қатаң үлгісін таңдаған мемлекетпіз. Біздің заңдар ешқандай дінге басымдық бермейді. Қазақстанда 3,5 мың діни бірлестік бар, 11 конфессия бар. Ертең олар білгенін істейтін болса біз қандай мемлекет боламыз? Қысқасы, елде тәртіп болуы керек. Тәртіпке бағынғысы келмей ме, заң аясында жазаларын алсын.

«Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» («Бақара» сүресі, 191-аят)

Кішкентай қыздарын мектепке жалаңбас жіберуді күнә санайтын ата-аналар өздерін шариғат жолын ұстанушылармыз дейді. Яғни, тек ислам шарттарымен ғана жүріп-тұрады-мыс. Бірақ, солардың көбі қасиетті Құран Кәрімді оқымағандай көрінеді бізге. Оқыса, сол қасиетті кітаптың ішінде мемлекеттің заңдарына қарсы шықпау адамзат баласына қатаң бұйырылады емес пе?
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу талдау орталығы директорының орынбасары Тұрар Әбуов те «діндар» ата-аналардың бұл әрекеттері еш қисынға келмейтінін айтып отыр. Өйткені, Қазақстанның заңдары әлемдік және дәстүрлі діндердің шарттарына еш қайшы келмейді дейді ол.

Тұрар ӘБУОВ, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу талдау орталығы директорының орынбасары:
- Мектеп формасына қойылатын талаптарда «діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қоспау» деген ереже қамтылған. Жалпы «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа атрибутика мен элементтерді қолданбау» дегенді білдіретіні белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді.
Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді. Бұған қоса талаптардың 13-тармағында мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны атап көрсетілген. Бұл мектепте хиджаб киюге үзілді-кесілді тыйым салынатынын білдіреді.
Осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі болып табылады. Ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранда «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» деген аят бар («Бақара» сүресі, 191-аят).
Сондықтан, мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтарға сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгендері жөн.

Танымал блогер әрі заңгер Айгүл Орынбек болса хиджабқа қатысты дау тек мектеп табалдырығында емес, әлеуметтік желілерде де өршіп тұрғанын айтады. Ата-аналар мектеп басшылығын «жеңе алмағандықтан» енді Facebook пен ВКонтакте желілері арқылы шу шығарып жүр дейді ол.

Айгүл ОРЫНБЕК, заңгер:
- Әлі оңы мен солын, ақ пен қараны ажырата алмайтын балалардың балалығын ұрлауға кім рұқсат берді? Кәмелет жасына толмаған, өзінің ой-пікірі қалыптасып үлгермеген кішкентай қыздарды хиджапқа орап қою дегеніңіз олардың дүниетанымына теріс әсерін тигізері сөзсіз. Бала психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алып, ата-ана тарапынан қойылған түрлі шектеулер оның болашағына орны толмас зиянын тигізуі мүмкін. 
Саналы түрде тәрбиеленбеген бала хайуанаттар бағындағы жануарлар секілді. Есі дұрыс ата-ана баласының қабілетіне қарай қоғамда өз орнын табуға көмектесуі керек. Бұл ислам дінінің де талабы. Біз орта ғасырларға қарай кері кеткенде не ұтамыз? Исламның өзінде ғылымды дамытуға, шексіз білім алуға үгіттейді. Сонда бұл ата-аналардың ұстанып жүргендері қандай ислам?
Әлеуметтік желілерде қазір оқушылардың мектепке хиджабпен баруын қолдап пікір айтатындар көбейіп кетті. Бұлар қоғамға қауіпті. Қазір бей-жай қарайтын болсақ ертең басқа да талаптар қоя бастауы мүмкін. Мұндай ата-аналар баланың киімімен емес, тәрбиесімен айналысса екен деймін.

Осы ретте айта кетейік, қазір Парламент депутаттары дінге қатысты заң жобасына өзгертулер енгізуді әлі талқылап жатыр. Бұған дейін қоғам белсенділері ретсіз сақал өсіріп, шалбарының балағын қырқуға, әйелдердің хиджаб, никаб, паранжа киюіне тыйым салу керектігін айтқан болатын. Алайда, заңға енетін өзгертулер бұлардың ешбіріне тыйым салмайтын секілді. Тек қоғамдық орындарда никаб (толық тұмшалайтын әйелдер киімі) киюге ғана шектеу қойылуы мүмкін.
Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болса кішкентай оқушылар былай тұрсын, жалпы қазақ әйелдерінің арабша киім үлгісін киюіне қарсы екенін бұған дейін талай мәлімдеді. Мемлекет басшысы хиджаб пен паранжаға орану қазақ қыздарына тән емес екенін айтып, қазақстандықтарды дәстүрлі діннен аттап кетпеуге үгіттеп келеді.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін біз дәстүрлі емес діни ағым ұстанушыларына жұмсақтық танытып келдік. Олардың қауіпті екенін сезсек те мойындағымыз келмейтін. Қазақстанның көпұлтты, көпконфессиялы ел екенін алға тартып, ешбіріне тыйым салмадық. Енді жағдай ушыға бастағанда кінәлілерді іздеп, тек жазалау жағын қарастырып жатырмыз. Деструктивті діни ағымдармен күресу үшін оларға қарсы жұмыс істейтін мықты идеологиялық күш қажет. Дін мамандарының бәрі осыны айтады. Ал, біздің жағдайда радикалдарға қарсы иммунитет – ол өзіміздің аталарымыз ұстанған дәстүрлі ислам діні, оның ішінде Ханафи масхабы. Осы ата-бабаларымыздың жолын қайта жаңғырту арқылы ғана алдын алу туралы айтуға болады. 


С.Абайұлы