Ішкі туризм табыс көзі бола ала ма?

Ішкі туризм табыс көзі бола ала ма?

25 мамыр, 17:39 4379
Ішкі туризм табыс көзі бола ала ма?

Елімізде туризмнің даму барысы қалай? Неде озықпыз, олқы тұсымыз қандай? BNews.kz аймақтағы тілшісі табыс көзі болуға тиіс туризмнің бағыт-бағдарын айқындап, түйін-түйткілін тарқатып көрді.

Алатаудың баурайы көз жауын алатын көрікті мекендерге толы. Шарын шатқалы, Түрген сарқырамалары, Есік көлі, Асы, Шалкөде жайлаулары, Медеу, Шымбұлақ, Табаған, Ақбұлақ және тағысын тағылар. Бұл жерлерден аракідік шетелдік туристерді кездестіруге болады. Дені – Алматыда тұратын туыстарына қонаққа келген ресейліктер, біздің елде жұмыс істеп жүрген түріктер мен қытайлар. Арнайы ат басын бұрғандары некен-саяқ, өйткені туризмді жандандыру үшін сұлу табиғат, яғни бір ғана экотуризм жеткіліксіз екені анық. Елімізде туризмнің даму барысы қалай? Неде озықпыз, олқы тұсымыз қандай? 

Ішкі туризм – істің басы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Азамат Бейсахметтің пікірінше, шетелден туристер тарту үшін АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, алдымен ішкі туризмді дамыту керек.

"Ішкі туризм халықаралық туризмнің катализаторы болып табылады. АҚШ-тың өзінде халықтың 85 пайызы ішкі туризммен айналысады. Инфрақұрылымдар жақсармайынша, шетелден туристер келмейді. Ең бастысы, инфрақұрылым мен мультипликативті әсерді жақсарту керек. Мультипликативті әсер болмайынша, әр сала бір-бірімен ақпарат алмасып, жұмыс істемейінше, туризм дамымайды. Мысалы, қонақүй әкімдікпен, тамақтандыру орындары турфирмалармен тығыз жұмыс істемесе, туризмнің дамуы баяулайды. Мұны тәжірибе көрсетіп отыр", – дейді Азамат Бейсахмет.

Рас, біраз шаруалар жасалып жатыр. Мемлекет тарапынан трансферлікті дамыту бағдарламалары жасалды. Бізде әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Оңтүстік Қазақстанда туризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Түркістан қаласы, Арыстан баб, Айша бибі кесенелері, Жібек жолы бойындағы Отырар секілді көне қалалардың археологиялық қазба жұмыстары – қызықты дүниелер.

Екіншісі, экологиялық туризмді дамыту қажет делінеді. Оның негізгі бағыты – Шығыс Қазақстан өңірі. Мәселен, Марқакөл, Алакөл, Алтай өңірі. Бұған қатысты бағдарлама жасалған. Ұлттық парктер де бар.

Үшіншісі, басымдық беріліп келе жатқаны – бизнес туризм немесе кәсіпкерлікті дамыту туризмі. Оны Алматы мен Астана қалаларында дамыту мүмкіндіктері бар.

Төртіншісі, жағажай туризмі қолға алынып жатыр.

"Жақсы жағымыз – туризм саласындағы бағаның қолжетімділігі. Мәселен, Швейцариядағы туристік бағдарламалар өте қымбат. Ал Қазақстанда баға саясаты қолжетімділікке негізделген", - дейді аталмыш университеттің Рекреациялық география және туризм кафедрасының маманы Руслан Байбуриев.

Түйткілдер

Туризмді қарқынды дамыту туралы жиі сөз болады. Бірақ істен гөрі сөз көбірек тәрізді. Руслан Байбуриев бізде туризм бойынша қабылданған бағдарламалардың толық орындалмай отырғанын айтады.

"Бір бағдарлама аяғына дейін жетпей, келесісі басталып кетеді. Онысы бітпей жатып, үшіншісі қолға алынады. Туризм бағдарламалары соңына дейін жеткізілмейді. Бұл – заңнамалық тұрғыдан үлкен кемшілік", – дейді ол.

Екінші бір кедергі – туризм саласының дербес құрылым ретінде жүйеленбей, түрлі министрліктің арасында доп секілді қақпақылға түсуі.

"Біресе спортпен, біресе инновациямен біріктірілді. Комитет, бөлімше ғана болып тұрды. АҚШ, Франция, Испания, Сингапур секілді елдерде туризм индустриясын дамытатын министрлік бар. Бізде бұл ешқашан болған емес. Туризмді дамытуға үкіметтен бастап орта және шығын бизнеске дейін жұмылуы тиіс", – дейді Азамат Бейсахмет.

Туризмнің дамуына кедергі келтіріп отырған жайттың бірі – білікті мамандардың аз болуы. Қызмет көрсетуде ағылшын тілін жетік білетіндер некен-саяқ.

"Қазір бізде кез келген адамның туристік фирмасын ашуына мүмкіндігі бар. Бірақ оның білікті маман ба, жоқ па, ол жағын ешкім ескермейді. Сондай-ақ қызмет көрсететін кадрлар тапшы. Туризм саласына үш тілді білетін мамандар керек. Қонақ үйлерде, мейрамханаларда үш тілде қызмет көрсете алатын жас мамандар аз, сондықтан қызмет көрсету деңгейі төмен деп бағалайды", – дейді Руслан Байбуриев.

Туристерді не қызықтырады?

Жалпы, туристерді не қызықтырады? Тау-тастан, ойын-сауықтан бөлек, сол елдің тарихы, өзге ешкімге ұқсамайтын болмысы, соны тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі қызықтырады. Олар өзге өркениетке, өзге әлемге тап болғысы келеді. Мұндай ерекше әсер алуға кеткен ақшасына қынжылмайды. Бұл қырынан алғанда, ТМД елдеріне ортақ кейіптегі ортаңқол шаһарларымыз, әлемдегі көрікті мегаполистердің шағын көшірмелерін еске түсіретін биік ғимараттарымыз жергілікті тұрғындарға мақтаныш тудырғанымен, өзге жұртты аса қызықтыра қоймасы мәлім.

Туризмнің әлемдік ошақтары – ұлттық мәдениеті ғасырлар бойы үздіксіз дамып келе жатқан Еуропа, Азия елдерін айтпағанда, іргеміздегі Өзбекстан осы салада бізбен салыстырғанда оқ бойы озық тұр. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған туристердің қарасы қалың. Әрине, өзбек елі әлемнің өзге түкпірлерінен кездесе бермейтін сан ғасырлық тарихы, қайталанбас шығыстық дара сәулеті бар Бұқара, Самарқан, Қоқан мен Хиуа секілді көне қалаларымен танымал. Туристер үшін қанша жерден шырайлы болса да, заманауи үлгідегі Ташкент шаһарынан гөрі осы көне қалалар әлдеқайда тартымды.

Оның арғы жағында ірі туристік бағыт – Үндістан елі өз алдына бөлек дүние. Әлем жауһарларына айналған тарихи жәдігерлерінен өзге, табиғаты да ерекше. Әр қилы әсер қалдыратын көне дәстүрлерінен ажырамаған халық. Көшелерінде халқының көбі – байы болсын, кедейі болсын – ұлттық киімдерін үстінен тастамайды.

"Орнымызды таба алмай отырмыз"

Қазақстанға келген австралиялық турист бізді: "Қытайларға ұқсайтын, орысша сөйлейтін, арабтың дінін ұстанатын ел" деп бір сөзбен сипаттап бергені бар. Бұл баға көп нәрседен хабар берсе керек. Өзіндік келбеті жоқ ел ешкімге де қызықты, тартымды болмасы айқын.

"Біз әлі де туризм саласын дамытуда өз орнымызды таба алмай келеміз. Бізге қарағанда Шығыс колоритін Өзбекстан, жайлау туризмін қырғыздар жақсырақ көрсетеді. Біз әлі де болса, туристік нарықтағы орнымызды таппай отырмыз. Бұл үлкен проблема болып тұр", – дейді Азамат Бейсахмет.

Өзге жұртқа көрсететін даламыз бен тауымыздан басқа әзірге ештеңеміз жоқ секілді. Бұл жерде қазақ пен қырғыздың тағдыры бір секілді. Қырғыздың бір министрі: "Елімізге туристер тарту үшін, есірткінің жеңіл түрлерін заңдастырайық. Сонда бүкіл ТМД елдері ағылатын болады", – дегені есте. Бұл – Тайланд нұсқасы. Есірткімен және анайылықпен турист тартып, ұшпаққа шыққан ешкім жоқ әзірге.

Мойындауымыз керек, әлемді таңғалдыратындай ештеңеміз жоқ десе де болады. Мамандар көбіне экотуризм, жайлау туризмі және іскерлік туризмды дамыту керек екенін айтады. Өйткені, инновациялық туризммен біз Батыспен немесе Араб Әмірліктерімен бәсекеге түсе алмайтынымыз анық. Әйтеуір, заманауи ел болып көрінеміз деп, ғылыми-технологиялық бағыттағы бастамаларға ұрынып, ақша табудың орнына, қып-қызыл шығынға батып жүрміз. Шыны керек, бұл салада ауыз толтырып айтарлық жетістігіміз де жоқ. Ал ұлттық ойындарымыздан, киіз үй, саятшылық және басқа да көшпенді дәуірдегі ұлттық ерекшелігімізден өзіміз қорынып келеміз. Сөйтсек, қазақ даласына да тән көшпенділер құндылықтарын әспеттеп, ілкімділік танытып, «дала өркениетін» жалғыз өзі еншілеп алып, моңғолдар бұдан қыруар ақша тауып отыр.

Біз әлемге не ұсына аламыз?

Бұл сауалға тұщымды жауап табылмай тұр. "Көшпенділер өркениетінің бір бөлігі" ретінде біз моңғолдармен бәсекеге түсе аламыз ба? Жоқ, әрине. Біз өткенімізді ұмытқан, бүгінгі заман ағымына ілбіп, ілесе алмай келе жатқан жұртпыз. Бұл бағыттағы кейбір кәсіпкерлердің жеке бастамалары қайраңдап тұрған жайы бар.

"Мәселен, Қырғызстанда жайлау туризмі деген бар. Қырғыздар киіз үйін құрып, барлық дәстүрлерін сақтап, дамытып, соның арқасында туризмін дамытып келе жатыр. Өз азаматтарымызға қызық болмаса, шетелдіктер тарапынан сұраныс бола бермейді. Мәселен, Есік қаласы маңында кәсіпкерлер арнайы демалыс орындарын ашқан. Бұл жерге шетелдіктер келеді екен, бірақ өзіміздің қазақтардан сұраныс аз. Өзіміз қызықпасақ, шетелдіктерге де қызық болмайды-ау деп ойлаймын", – дейді Руслан Байбуриев.

Айта кететін жайт, бізге моңғолдармен бәсекеге түсуге тек қана көшпенді дәуірдің сарқытын сақтап қалған Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз ғана көмек қолын соза алатын секілді. Көшпенділердің қолөнерін, тұрмыс-салтын, дүниетанымын қалпына келтіріп, туристерді менмұндалап шақыратын бүтін дүние ұсыну – шетелдіктер түгілі, өзімізге де таңсық болар еді.

"Моңғолияда бар дүниені біз екі есе жақсартып көрсете алатын мүмкіндік болса, бәсекелестік болар еді. Мәселен, Еуропа елдері бір-біріне ұқсас, бірақ ол жақта бәсекелестік жақсы дамыған. Басты кемшілік – бәсекеге қабілетті емеспіз. Номад саласында ұтылғанымызбен, моңғолдардан іскерлік жағынан әлдеқайда жақсымыз. Тарихи-мәдени ресурс бізде бар. Тек дұрыс жағынан көрсете білу керек", – дейді Бейсахмет Азамат.

Расында да, біздің моңғолдардан артықшылықтарымыз көп. Бізде кез келген туристің талғамына сәй келетін жайлы, сәулетті қалаларымыз, дамыған инфрақұрылымдарымыз бар. Қалалардың маңынан қазақтың көшпенді дәуіріне арналған табиғи парктер жасалып, онда саятшылық, аңшылық, ұлттық ойындар тұрақты түрде ұйымдастырылса – игі іс болар еді. Соңғы кездері ұлттық ойын түрлері жақсы дамып келеді. Тек қана осы ізгі бастамаларды үйлестіре білсек, туризмнің дамуына үлкен серпін берер еді.

Мәселен, қазақ күресін дамытуға бағытталған "Қазақстан барысы", "Әлем барысы" идеясы моңғолдардан алынғаны ешкімге құпия емес. Бірақ ұйымдастырылуы жағынан қазақтар оны жоғары деңгейге шығара білді. Әлемнің түкпір-түкпірінен балуандар қатыса бастады. Қазақты тани бастады. Осы секілді экотуризммен қатар, тарихымыздан, мәдениетімізден хабар беретін көшпенділер дәуірінің паркін жасау секілді түрлі бағыттарды ұштастыра білу – туризмнің дамуына үлес қосып, бәсекеге де қабілетті бола түсер едік.

Туризмді дамытқымыз келсе, осындай кешенді шаралар қажет. Кешегі мен бүгінгіні үйлестіре білуіміз керек. Біз өзгеге тек қана ұлттық ерекшелігімізбен, болмысымызбен ғана тартымды бола аламымыз.

`

Серіктестер жаңалықтары