Қазақ ауылдарын 50 жылдан кейін не күтіп тұр?

Қазақ ауылдарын 50 жылдан кейін не күтіп тұр?

31 шілде, 20:19 9592 Астана
Қазақ ауылдарын 50 жылдан кейін не күтіп тұр?

Шамамен 40-50 жылдан кейін Қазқстанның қалаларын не күтіп тұрғанын болжау аса қиын емес. Әсіресе, ірі мегаполистердің даму бағыттары қазірден белгіленген. «Ақылды қала» жүйесінің (Smart City) Астана мен Алматы және Шымкентте жүзеге аса бастағанын ескерсек, енді ширек ғасырдан кейін бұл шаһар тұрғындары өз жұмыстарының көбін қарапайым смартфонның көмегімен-ақ бітіретін жағдайға жетеді. 

Жалпы, технологиялық даму бұл үш қаламен шектеліп қалмасы анық. Осынау үштіктің көшіне еліміздегі өзге де облыс орталықтары ілеседі деген нақты жоспар бар. Тек үкімет сол жоспардан ауытқымай, тапсырмаларды уақытылы жүзеге асырса болғаны.

Ал, енді бұл уақыт аралығында қазақ ауылдарының жағдайы қандай болмақ деген сауалдың туындайтыны заңдылық. Өйткені, әр қазақ өз түбін ауылдан іздеп, ауылды киелі қара шаңыраққа балап жатады. Сондықтан, ауылдағы ағайынның ертең қандай кәсіппен айналысатыны, технологиялық жаңғырулардан кейін қазақ ауылдарының кейпі қандай болатыны әрбірімізге қызық-ақ. Ендеше бұл тұрғыда сарапшылар не дейді, соған құлақ түріп көрсек...

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласын еліміздің болашағына жиі балап жатамыз. Мемлекет басшысының өзі Қазақстанның алдағы бірнеше жылда ең сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін көшбасшы елге айналатынын сеніммен айтып жүр. Яғни, бірнеше онжылдықтан кейін әлемдегі ең сапалы, табиғи таза, дәмді, құнарлы тағам қазақтың ауылдарында өндірілетін болады. Ол үшін әрине, қазірден бастап ғылымдағы инновациялық жетістіктерді өз жұмыстарымызбен үйлестіруіміз керек. Бұл дегеніңіз жаңа технологияларды мал мен егін шаруашылықтарына да ендірудің қажеттілігі туындап отыр деген сөз.

Қазір ғылымның дамып бара жатқаны сонша, адам атқаратын жұмыстардың көбін машиналар жасайтын болған. Яғни, робототехника ауылшаруашылық саласына да дендеп енді. Сондықтан, алдағы елу жылда Қазақстанның ауылдарын түбегейлі өзгерістер күтіп тұр. Футуролог-мамандардың (ғылымға сүйене отырып болашақты болжайтын мамандар) болжамы осындай.

«Болашақта ауылдың шаруалары мүлдем белін ауыртып жұмыс істемейді. Олар үшін бүкіл жұмысты роботтар атқармақ. Ал, бүкіл роботтардың үздіксіз еңбек етуін тек инженер-мамандар ғана бақылап отырады. Егістік алқаптарын, бау-бақшаны, тіпті малды да машиналар суарып, жемісті де сол темір техника жинап шығатын болады. Адамдар тек кнопканы басып, сол машиналарды басқарып отырады. Ендігі мәселе – біздің сол инновацияларды қабылдауымызда емес, сол технологияларды өзіміздің жасауымызда», - дейді Нанкин ауылшаруашылық университетінің студенті, болашақ инженер-технолог Сұлтан Урахунов.

Оның пікірінше, қазақ ауылдарына инновациялар ертелі-кеш бәрібір келіп жетеді. Тек сол технологияларды шетелден емес, өзімізде жасап шығарсақ қана пайдаға молынан кенелуге болады.

Ал ауылшаруашылық саласының тағы бір маманы Қайрат Жанабіловтің пікірінше, қазіргі бос жатқан жерлеріміздің бәріне комбайнның тісі тиіп, игерілмей жатқан алқаптар халық үшін жұмыс істейтін болады.

«Әрине, түбегейлі өзгерістер міндетті түрде орын алады. Қазірдің өзінде ауылшаруашылық саласында технологиялық революция басталып кеткен. Адамдар ескіше өмір сүруге болмайтынын түсініп отыр, заманға лайық өзгеру керек. Қазір ақпараттық технологиялардың дамыған заманы, кез-келген адам ғылым-білімді Интернет желісіне кіріп өздігімен үйрене алады. Яғни, бүкіл инновацияның бәрі күні ертең ауылға жетеді деген сөз. Бүгінгідей жерлеріміз бос, игерусіз жатпайды, өйткені халық саны күн санап артуда. Мәселен, 1950 жылы Жер бетінде 2,5 млрд адам болған болса, қазір олардың саны 7,5 миллиардқа жетті. Ғалымдардың болжамынша, 2100 жылы бұл көрсеткіш 11 миллиардтан асатын көрінеді. Ал жер бетіндегі ресурс олардың бәрін асырауға жеткіліксіз. Оның үстіне, климат та өзгеріп келеді, егістік алқаптарының бәрі шөл және шөлейтті далаға айналуда. Яғни, адамдар тамақ табу үшін ауылшаруашылық саласын мәжбүрлі түрде дамытатын болады. Бұл құбылыс Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Алдағы санаулы жылда жерлерімізді барынша тиімді, ысырапсыз пайдалану үшін ғылыми инновацияларды қолданбасақ даму туралы айтудың қажеті жоқ», - дейді «Ауылды көтереміз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Жанабілов.

Оның пікірінше, қалалар мен ауылдардың даму ерекшелігінде алшақтық болмауы керек. Олардың арасында міндетті түрде көпір болуы тиіс.

«Бұл көпір арқылы инвестициялар, еңбек резервтері, жаңа технологиялар, ноу-хау, жаңа жобалар, тың идеялар өтуі керек. Біздің алдымыздағы басты міндет – осы көпірді тезірек қалыптастыру. Сонда бізге Қытайдың қажеті де болмай қалады. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, ауылшаруашылық саласына  қытайлық компаниялар дендеп еніп келеді. Егер ғылыми технологияларымыз дамыған болса көрші елмен бөлісіп неміз бар? Бұл бір. Екіншіден, біз не үшін етті Ресейден немесе Беларус елінен сатып алуымыз керек? Өзіміздің құнарлы жеріміз бар, жем-шөп жетеді. Неге мал басын көбейтпейміз? Тағы 5 құс фабрикасын салып тастайықшы, бүкіл Қазақстанды тауық етімен қамтимыз. Неге осыншама құнарлы жерді пайдалана алмай отырмыз? Біздің жерге бір қап картоп ексең 10 қап етіп жинап аласың. Мұндай құнарлы жер басқа кімде бар? Енді шаруаларымыз билікке қол жайып отыра бермей жаңа инновациялық технологияны қолданысқа өздері енгізуі керек. Қорқудың қажеті жоқ. Есесіне өнімі еселеп артатын болады», - дейді Қайрат Жанабілов.

Ал танымал эколог Мэлс Елеусізов болса тасқын су проблемасын шешіп алмай ауыл шаруашылығын дамыта алмаймыз деген пікірде.

«Егер біз ең алдымен жаһандық жылыну проблемасын шешіп алмасақ, ауылшаруашылық саласын дамытамыз деп айту бос әурешілік. Егіншілік алқаптарының бәрін су басып, су тимеген өзге жерлер шөлге айналуда. Жыл сайын осы тасқын судан Қазақстан зардап шегіп отқанын көзбен көріп келеміз, демек, алдымен осы проблеманы шешіп алуымыз керек. Ертең бұлай жалғаса берсе өнім жинай алмай қаламыз, өнім болмаған соң адамдар ауылшаруашылық саласынан тұтас қаша бастайды. Ауылшаруашылық саласына жаңа технологияларды енгізбесек, жер мұншама халықты асырай алмайды», - дейді Мэлс Елеусізов.

Қытайдың ауыл шаруашылығы саласын қанша жерден дамыған десек те, мұнда да қазір үлкен қиындықтар пайда болған. Атап айтқанда, көрші елдің егістік алқаптары жарамсыз күйге түсіп жатыр. Сондықтан да, қытайлық шаруалар қазір Қазақстан мен Ресейдің агроөндіріс саласына араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда.

Мәселен, бұрындары Қытай егістік өнімдерін экспорттайтын ірі державалардың бірі болып саналып келсе, қазір олар импортқа тәуелді мемлекетке айналып шыға келді. Мұнда қазір қой еті де үлкен сұранысқа ие. Бұл дефицитті жою үшін ҚХР үкіметі қазақстандық шаруалардың еті мен көкөнісін сатып ала бастаған. Тиісінше, біздің елде осынау өнімдердің құны да күрт қымбаттап отыр. Бұл отандық өндірушілерге тиімді болғанымен, қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғуда.

«Ауылды көтереміз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Жанабіловтің айтуынша, ауылшаруашылық саласына деген сүйіспеншілікті мектеп оқушыларының бойына сіңіріп өсіру керек. Бала жастайынан егіншілікті бес саусағындай біліп, оған деген қызығушылықпен өссе ғана болашақта өз жерімізді өзіміз игеретін жағдайға жете аламыз.

«Балалардың миы әппақ қағаз секілді, олардың қызығушылығын тез оятуға болады. Жастайынан баланың алдында өзім жасасам, өндірсем, сапалы тауар шығарсам деген мақсаты болуы керек. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі жастардың біразы «дайын асқа тік қасық» деген қағаиданы ұстанады, яғни өзі өндіргенше сатып алып жей салуды жөн санайды», - дейді Қ.Жанабілов.

Болашақ тнженер-технолог Сұлтан Урахунов та дәл осындай пікірде. Яғни, ол да ауыл шаруашылығына деген тұрғындардың қызығушылығын ең алдымен мектептен астау керек деп есептейді.

«Мен Қазақстанда консерватизм болғанын қалаймын, біз мемлекеттің ішкі күшінің дамуына жұмыс істеуіміз қажет. Жұрт Қазақстан халқының саны тым аз, сондықтан ауылшаруашылық саласын дамыту мүмкін емес дегенді айтып жүр. Бірақ, шынына келгенде, мәселе адамдардың санында емес, сапасында, бізге қазір білімді мамандар қажет. Мысалы, Ұлыбритания алып империя болып тұрған кезінде небәрі 15-19 миллион тұрғыны бар еді. Есесіне, отарында 400 миллион халық болды. Сондықтан, халық саны аз деу – сыныққа сылтау іздеу ғана. Егер ауыл шаруашылығына деген сүйіспеншілікті кішкентай балалардың бойына сіңіріп өсірсек, санаулы жылдардан кейін осынау саланы жетік меңгерген мыңдаған маманға қол жеткіземіз. Тек алдымен үкімет сол мамандардың материалдық сұраныстарын шешіп беруі керек. Қазіргідей пәтерінің ақысын, бала-шағасының киімі мен тамағын тауып беру үшін әр жұмыстың басын бір шалмай, мамандарымыз тек бір бағытта ғана өз күштерін жұмсауы тиіс», - дейді С.Урахунов.

Астаналық суретші Асхат Ахмедияров болса өз шығармаларында жаһандық құбылыстардың ұлттық құндылықтарға әсерін бейнелейді. Оның еңбектерін ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Қазақстан павильонынан көруге болады. Суретшінің пікірінше, болашақта тұтынушылық өнімдерге деген сұраныс қалыптасқан дәстүрлердің жоюылуына алып келеді.

«Өзгерістердің болуы елдегі саяси құрылымға, жаһандық құбылыстар мен технологиялардың енуіне, қазақтардың бұл өзгерістерге дайын болуына байланысты. Ал, біліктілігімізді арттыру арқылы бұл өзгерістерге де бейімделіп, екінші жағынан дәстүрлерімізді де сақтап қала аламыз ба деп сұрайтындар көп. Шынын айтқанда, жаңашылдық келгенде біраз дәстүріміз жойылады. Бұл жақсы емес гығар, бірақ бұл – факт. Мәселен, жуырда ғана біздің елге National Geographic журналының өкілдері келді. Астананың іргесінен жақсы әзірленген қымыз тауып беруім керек болды. Бірақ, сенесіз бе, таппадым. Осыдан үш жыл бұрын іргеде қымыз сататындар бар болатын. Қазір жоқ», - дейді суретші А.Ахмедияров.

Оның пікірінше, болашақта қазақтар ең қонақжай ұлт деген атағынан да айрылуы мүмкін.

«Ең қонақжай қазақтарымыз ауылда еді. Қазір білесіздер, жұрттың бәрі ауылдан қалаға көшіп жатыр. Жастардың бәрі жұмыс іздеп кетуде. Ауылдағы ағайын қанша қонақжай болса да экономикалық жағдай өте төмен, көбісінің қонақ күтуге жағдайы келе бермейді. Уақыт өте келе бұл қасиетімізден де айрылып қаламыз ба деп қорқамын», - дейді астаналық суретші.

Яғни, футурологтар алдағы 50 жыл көлемінде ауылшаруашылық саласымен бірге Қазақстанның ауылдарының да келбеті де түбегейлі өзгереді дегенді сеніммен айтып отыр. Жаңа технологиялар адамдардың тұрмыс-тіршілігін жаңа деңгейге шығаруы тиіс. Қазірдің өзінде шаруалар жердің құнарлығын, ылғалдығын алдын ала анықтап, егінді нақты есеппен ғана егуді үйрене бастаған. Сондай-ақ, тамшылатып суару жүйесі арқылы артық су шығындамай мол өнім алуда. Ал, баламалы энергия көздерін игеруді бастаған сәтте отандық диқандардың басауруына айналған жанармай проблемасы да түбегейлі шешіледі. Аталған проблема шешілсе шаруаларға субсидияның да қажеті болмайды деген сөз. Яғни, мемлекеттің шаруаларға деп жыл сайын бөлетін миллиардтаған қаржысы үнемделеді.

Жуырда Алматыда өткен дәстүрлі инновациялық форумда израильдік футуролог Рой Тезана алдағы 20 жылда адамдардың қоғамдық көліктерді мүлдем пайдаланбайтынын айтты. Сондай-ақ, кәдімгі жеңіл автокөліктер де айналымнан шығады дейді ол. Есесіне, олардың орнын ұшатын таксилер мен жүргізушісіз жүретін көліктер басады екен. Мұның бәрі қазір ертегі секілді көрінгенімен, ғылымдағы прогресс осындай жетістіктерге алып келуде. Мәселен, осыдан 20 жылдай уақыт бұрын «әрбір адамда ұялы телефон, әрбір үйде компьютер болады» десе ешкім сенбейтін еді. Қазір ол таң қалатын дүние емес.

«Тек мегаполистер ғана емес, шағын қалалар мен ауылдар да жаңа технологиялардың есебінен өзгеріске ұшырайды. Қазір ауыл тұрғындары бір елдімекеннен екіншісіне жету үшін біраз қиындыққа тап болатыны жасырын емес. Ал, шамамен 20 жылдан кейін қарапайым тұрғындардың өздері жүргізушісіз жүретін қоғамдық көліктерді, ұшатын көліктерді еркін пайдаланатын дәрежеге жетеді. Жолаушылар тасымалы күрт арзандайды. Қазір көліктерді адамдар басқарғандықтан жол апаттары көп орын алып жатыр. Ал, ертең өздігімен жүретін көліктер пайда болғанда жол көлік оқиғасы дегенді мүлдем ұмытамыз», - дейді Рой Тезана.

Жасыратыны жоқ, «дамып жатырмыз» деп қанша кеуде соқсақ та, қазақ ауылдарындағы шаруалар мен ауыл тұрғындары әліге дейін еңбектің ауыр бейнетін тартып келеді. Әлемнің дамыған елдерінде фермерлер, малшылар еткен еңбегінің жемісін жесе, қазақ шаруаларында мұндай баянды өмірге кепілдік жоқ: кез-келген уақытта еккен егініңді су шайып кетуі, бұршақ ұруы, тіпті шегіртке жеп кетуі де мүмкін. Малыңа да ауру аяқасты келіп жатады. Яғни, ауылдағы ағайын «жеміс жемек» түгілі қып-қызыл шығынға батып жүргенін көзбен көріп жүрміз. Енді бұл тығырықтан шығамыз десек, оның бір ғана жолы бар, ол – ауылшаруашылық саласындағы иннновацияларды дамыту, ауыл жастарын ғылымға тарту. «Қазақ ауылдан кетсе де, ауыл қазақтан кетпейді» дейді халық. Яғни, қазақ бар кезде ауылдарымыз жоғалмайды. Тек оны аяққа тұрғызу өз қолымызда.