Қазақстанда тек әйел тәрбиесімен ғана өсіп келе жатқан бала саны көп

Қазақстанда тек әйел тәрбиесімен ғана өсіп келе жатқан бала саны көп

23 тамыз, 10:36 10466
Қазақстанда тек әйел тәрбиесімен ғана өсіп келе жатқан бала саны көп

Ұзаққа бармай-ақ қояйық, осыдан 15-20 жыл бұрын біреу ажырасыпты дегенді естісек, төбемізден мұздай су құйып жібергендей жағымсыз күй кешетін едік. Ал, ауылды жер болса қайтып келген қызды бүкіл әйел атаулы айлап өсектейтін. Мейлі, қыз қандай жағдайда ажырасып келмесін, «қайта келген қыз жаман» деген қыңыр сөз оның қыр соңынан ұзақ уақытқа дейін қалмайтын болған. 

Ал, қазір ше? Қазір жағдай мүлдем өзгерді. «Пәленше ажырасыпты» дегенді естісек, «балаларына обал болыпты ғой» деп, түк болмағандай отыра беретін деңгейге жеттік. Өйткені, қазір Қазақстанда некелескен әрбір үшінші жұп қайта ажырасып жатады екен. Бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистка комитетінің берген мәліметі. 2016 жылды қорытындылаған ведомство өкілдері осындай статистиканы мәлімдеп отыр.

Енді осы ажырасқан ерлі-зайыптылардың балаларының 90 % аналарымен бірге қалатыны баршаға мәлім. Олардың тең жартысы алимент ала алмайды. Яғни, әкелерімен байланыстарын мүлдем үзген.

Мұндай қорқынышты статистикадан кейін еріксіз ойлануға тура келеді: ертең 20 жылдан кейін осы ұрпақ өсіп жетіледі, әке-шешенің емес, тек ананың ғана тәрбиесімен өскен азаматтар көбейген сәтте қоғам қандай болмақ? Әкеге деген жеккөрініштік онсыз да теңселіп тұрған қазақ қоғамын шайқап тастамайды ма?

Британдық Economist басылымының мәліметінше, Қазақстан ажырасу деректері жиі тіркелетін елдердің алғашқы ондығына кіреді екен. Елде әсіресе жас отбасылардың шаңырағы жиі шайқалады. Мәселен, 2016 жылы барлығы 140 840 жұп некелессе, дәл осы жылы 51 775 отбасы немесе 36 % ажырасқан.

Өкінішке қарай, Қазақстанда да ұлттық құндылықтарға немқұрайлы қарайтындардың саны көбейген. Яғни, ажырасу деректері артып барады деп дабыл қақсаң, «онда тұрған не бар, Еуропада да өте көп, құрдымға кеткен олар жоқ, бәрі жақсы болады» деп проблемаға көз жұма қарайды. Бірақ, Қазақстан қайда, Еуропа қайда? Екі аймақтағы халықтардың менталитеті жер мен көктей емес пе? Рас, Германияда, Францияда, Ұлыбританияда, Швеция мен Финляндияда ажырасу фактісі 50 % дейін жетіп отыр. Яғни, некелескен әрбір екінші жұп көп ұзамай ажырасып кетеді. Бірақ, олар ажырасқаннан кейін де бала-шағасымен байланысын үзбей, оларды мектеп бітіргенше (18 жасқа толғанша) бірлесе асырайды, тәрбиелейді. Ал, біздегі жағдай мүлдем бөлек, отбасы ажырасты ма, отағасын сот орындаушылармен бірге іздеп таппайсың. Сондағысы өз баласына алимент төлемеу үшін олармен байланысын үзеді.

Мәселен, немістің еркектері алимент төлемеу үшін өзінің балаларынан немесе полициядан тығылмайды. Deutsche Welle басылымының жазуынша, ажырасқан ер азамат баласымен бірге бұрынғы әйеліне де алимент төлейді екен. Елдің заңы сондай. Ал, АҚШ-та ажырасқанға дейін отбасын кім асырады, алиментті де сол төлейді. Бала еш қиындық көрмеуі тиіс. Оқуын, науқас болса емделу ақысын толыққанды әкесі төлейді. Сондай-ақ, бұрынғы әйелі өзге күйеуге шыққанға дейін бұл төлемдер тоқтамауы тиіс.

Қазақстанда бәрі керісінше, отбасы ажырасты ма, бүкіл ауыртпалық әйелдің мойнына түседі: баланы асырау, оған дұрыс тәрбие беру, оқыту және тағысын тағы... Елімізде уақытылы алимент төлеп, алғашқы әйелінен туған балаларын асырап отқан ер азаматтардың саны тым аз дейді мамандар. Қорқыныштысы сол, ерлер үшін бұл қалыпты жағдайға айналған. Яғни, дүниесі жеткілікті бола тұра ажырасқан отбасына көмектеспейтіндер өте көп. Қазір алимент бойынша жиналған қарыздың көлемі миллиардтармен есептеледі. Ал, ресми статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстанда 400 мың бала алимент ала алмай отыр екен. Бейресми деректер олардың саны әлдеқайда көп екенін айтуда.

Алматы облысының тұрғыны Әлия Нұрымова бір емес, екі рет ажырасқан. Екі күйеуінен де бір-бірден балалары бар. Алайда, әкелері оларға алимент төлеу былай тұрсын, балаларының түрлерін де ұмытып қалған дейді жалғызбасты ана.

– Қазір енді алимент аламын деп армандауды қойдым. Бірінші күйеуіммен де, екіншісімен де соттастым. Жеңдім. Бірақ, осы күнге дейін екеуінен бір тиын да өндіріп ала алмадым. Сот орындаушылардың орнына өзім жүгіріп жүріп мекен-жайларын анықтадым, телефон номерлерін тауып бердім. Бірақ, олар менен құтылудың әрекетін жасап, түрлі сылтауларын айтты. Мұнан кейін мүлдем үмітімді үздім. Арттарынан жүгіріп жүретін де уақытым жоқ, екі баламды асырауым керек. Өздеріңіз білесіздер, жалғызбасты аналарға біздің елде ешқандай көмек қарастырылмаған. Тек декреттік демалыс кезде ғана жәрдемақы береді. Оның өзі тым аз, қанша екенін айтуға ұяласың. Әйтеуір, ата-анам аман, солар көмектеседі, балаларыма қарайды, – дейді Әлия Нұрымова Central Asia Monitor тілшілеріне берген сұхбатында.

Америкалық ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жалғызбасты аналар өзге әйелдерге қарағанда жиі сырқаттанады екен.

«Жалғызбасты аналар бала тәрбиесіне, оларды асырау үшін жұмыс істеуге және үйдің жұмыстарына үлгеру үшін барлығын қатар алып жүруге тырысады. Салдарынан, мұндай аналардың жүйке жүйесі тез сыр беріп, денсаулығынан ерте айрылады», - дейді ғалымдар.

Сондай-ақ, жалғызбасты аналардың суицид жасауға да бейім екенін швед зерттеушілері анықтап отыр.

«Күйеуімен ажырасқан әйелдердің өзіне қол жұмсауы өзгелермен салыстырғанда екі есеге көп. Сондай-ақ, олардың жұмыстан зорығып өлуі немесе зорлық-зомбылықтан өлу көрсеткіші де өзгелерге қарағанда үш есеге артық. Тіпті, ішкілікке салынатын әйелдердің басым бөлігі де осы жалғызбасты аналар», - дейді швед ғалымдары.

Бұл статистика Еуропа елдеріне тән. Ал, Қазақстандағы жағдай бұдан да мүшкіл.

Әлеуметтанушы Айгүл Есенғалиеваның айтуынша, Қазақстанда ажырасып жатқан отбасылардың басым көпшілігі қала тұрғындары екен. Мегаполистердегі өмір тым қауырт болғандықтан адамдары да аяқасты танысып, үйленіп, көп ұзамай түсініспеушіліктің салдарынан ажырасып жатады дейді ол.

Жалпы, еліміздегі ажырасу деректерінің бірнеше себебі бар. Солардың негізгілерін айтып өтейін...

Біріншіден, соңғы уақытта қала тұрғындарының саны күрт өсті. Ажырасушылардың дені осы қалалықтар.

Ауыл тұрғындары мен қалалықтардың дәстүрге, отбасылық құндылықтарға және жалпы өмірге деген көзқарастары екі түрлі болады. Мәселен, ауылда қазақтың дәстүрі сақталған. Ондағылар отбасы тыныштығын, бірлігін, құндылықтарын бірінші орынға қояды. Үйленді ме – некелері мәңгілік (көп жағдайда). Сондай-ақ, ауылда ақсақалдар институты, жеңгелер институты деген әлі де сақталған. Олар әулеттегі бүкіл тұрмыс-тіршілікті реттеп отырады.

Ал, қаладағы өмір мүлдем басқа. Қала тұрғындары біреудің жеке өміріне араласпайды, ешкімді ешкім өсектемейді, әркім өзі үшін өмір сүреді. Үйленулері де тез, ажырасулары да тез. Қаладағы тіршілік қауырт болғаннан кейін де шығар, адамдар мұнда тез танысып, тез үйлене салады. Бірін-бірі терең танымағаннан кейін тиісінше ажырасулар да жиі орын алады.

Қазір Қазақстанда ауыл тұрғындарының саны кеміп, қалалықтардың саны еселеп өсіп келе жатқанын ескерсек, алдағы жылдары ажырасу статистикасы бұдан да нашарлай түсетіні анық.

Екіншіден... Бүкіл әлемде жаһандану заманы жүріп жатыр. Қазіргі отбасын құрып жатқан жастардың балалық шағы Голливуд киноларын, латынамерикалық сериалдарды көрумен өтті. Шетелдің мұндай киноларында ажырасуды, бірнеше рет үйленуді, баладан бас тартуды, жалғызбасты аналарды, мүлдем үйленгісі келмейтін жастарды жиі насихаттайтынын білеміз. Ол елдерде мұның бәрі қалыпты жағдай шығар. Бірақ, біздің қоғамға өте теріс әсерін тигізді. «Жемісін» енді жеп отырмыз.

Үшіншіден... Әйелдердің қоғамдағы статусы өзгерді. Елімізде қыз-келіншектер қазір жаппай жұмысқа тұрып, өздері ақша таба бастады. Яғни, материалдық тұрғыда ер адамға тәуелді емес, ажырасып кетсе бала-шағамды қалай асыраймын деп уайымдамайды. Егер бұрындары әйелдің өмірі толыққанды күйеуіне тәуелді болса, қазір заман ағымы күрт өзгеріп, әйелдің алдында таңдау пайда болды.

Бір жағынан біздің менталитетіміз өзгеріп келе жатыр, екінші жағынан біз сол өзгерістің зауалын қатар тартып келеміз.

Енді 20 жылдан кейін қазақ қоғамын не күтіп тұр деген мәселеге тоқталсам...

Дәл қазір АҚШ-тағы отбасылық-туыстық қатынастар қандай, ертең 20 жылдан кейін Қазақстанның қоғамы дәл сондай болады. Яғни, толыққанды отбасылар да, жалғызбасты аналар да, мүлдем бала сүйгісі келмейтін отбасылар да, біржынысты неке мен мүлдем отбасын құрмайтын жалғызбасты адамдар да көп болады. Адамдар барынша тұйықталып, бір-бірімен қатынасы азая түседі. Ер азаматтар әйелдердің тәрбиесінде өскендіктен нәзік, қызмінезді болса, әйелдер арасында керісінше еркекшоралары көп болады.

Ал, психолог Анаргүл Ғаббасова болса ер адамдар ажырасқаннан кейін бүкіл жауапкершілікті әйелдің мойнына артып қоюды әдетке айналдырған дейді. Оның айтуынша, қазіргі қазақ отбасыларында әке мен ананың орнын дұрыс анықтап алуымыз керек екен.

Қазір заң әйелдердің жағында. Сондықтан, ажырасқанда баланы көп жағдайда анасымен бірге қалдырады. Міне, осыдан кейін балаға тәрбиені ана, яғни әйел заты бере бастайды. Біздің қоғамда мынадай кері түсінік қалыптасқан: әйел қамқор, ол ешқашан баланы тастамайды, асырап аяққа тұрғызады – бұл оның аналық парызы деген. Міне, осыдан кейін қыз-келіншектеріміз, әйелдер бүкіл ауыртпалықты жалғыз арқалап, «тағдыр ғой» деп көндігіп жүре береді. Сондықтан, қазір жалғызбасты әйелдердің артуы қалыпты жағдайға айналды. Ал, жалғызбасты әке дегенді мүлдем естімейміз, ондай жан бола қалса одан батыр жасаймыз.

Мұның басты себебі – біз отбасындағы әке мен ананың міндетін, ролін дұрыс анықтай алмадық. Бәлкім бұған дұрыс жұмыс істемеген әлеуметтік институттар кінәлі шығар. Негізі жастармен тыңғылықты жұмыс жүргізуіміз керек еді. Мәселен, кейбір дамыған елдерде қыз бен жігіт үйленбестен бұрын олар міндетті түрде отбасылық психологтың тренингіне қатысады, сабақ алады. Бізге де осы тәжірибені енгізсе артықтық болмас еді.

Қазір әрбір үшінші отбасы ажырасып жатқан заман. Олардың үйінде кемі бір баладан бар. Яғни, болашақта әйелдің тәрбиесімен өскен жастар саны көбейеді. Олардың әкеге деген жеккөрушілігі, ызасы бар. Бұл жақсы емес. 20 жылдан кейін қазақ отбасында әйелдің ролі артып, ерлер екінші планға сырғып кетуі мүмкін.

Психологтың пікірінше, ғасырлар бойы сақталып келген отбасылық құндылықтардың бұзылуына тәуелсіздік жылдарынан кейін келген діни ағымдар да септігін тигізген. Яғни, ер азаматтардың әйелдерді бірінен соң бірін «талақ» етуіне, «шариғат жолы» деп 4 әйел алуы соңғы онжылдықта жаппай көрініс тапқан.

Шынында да біздің ата-бабамыздан сақталып келген отбасылық құндылықтарымыз бұзылып кетті. Мұны осы ажырасулардан-ақ байқауымызға болады. Ер азаматтар «тоқалшыл» болып алды, бірінші әйелін қоя беріп, өзге әйелге басы ауып кетеді. Өзге еркектер көп әйел алуды заңдастыру үшін кеңірдегін жыртып жүр. Менің ойымша, мұның артында негізінен діни ағымдар тұр. Олар дәстүрлі салт-дәстүрімізді, барлық құндылықтарымызды жоққа шығарып, өзге ұлттың дәстүрін тықпалаумен айналысып келеді. Әйелдердің құқығын таптап, олармен санаспау керек деген түсінік қалыптастырып отыр.

Біздің ата-бабалар кереметтей отбасы институтын қалыптастырып кетті. Алайда, уақыт өте келе біз ол құндылықтарды жоғалта бастадық. Әркім отбасындағы ер мен әйелдің ролін өздігінше түсіндіріп әлек. Салдарынан проблема да көп. Бірақ, бір қуантарлығы, қазір психологтарға жас қыздар көп келе бастады. Олар тұрмысқа шықпастан бұрын ақыл сұрауды әдетке айналдыра бастады. Сонымен қатар, ересек ерлі-зайыптылар да келіп, отбасындағы дағдарысты шешудің жолдарын сұрайды. Біз барынша көмектесеміз. Айтқым келгені, қазақтың кереметтей отбасы институтын қайта жандандыруға болады, әлі де кеш емес, тек қазірден бастап балаларға дұрыстап тәрбие беруіміз керек. Ата-ананың қателігін олар қайталамасын, – дейді психолог-маман.