Қазақстанда жастар ұйымының саны көп, сапасы ше?

Қазақстанда жастар ұйымының саны көп, сапасы ше?

31 тамыз, 19:31 11012 Астана
Қазақстанда жастар ұйымының саны көп, сапасы ше?

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта біз ұраншыл, науқаншыл, айқайшыл халық болып барамыз. Билік қандай да бір бастама көтерсе оны тып-тыныш жүзеге асырудың орнына міндетті түрде ұрандатып, жалаулатып, бұл жобаны жаппай науқанға айналдырып жібереміз. Ақыр соңында сол «айқаймен» бастаған жұмысымыздың нәтижесіз аяқталғанын өзіміз де білмей қаламыз. Нәтижесіне мән де бермейміз. Өйткені, екінші бір идея айтылып, бәріміз соның артынан ұрандатып кете береміз.

Мұны не үшін айтып отырмыз? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін айтудан шаршаған емес. Жай ғана айтып қоймай білімді, дарынды, өнерлі жастарды тәрбиелеу үшін жыл сайын қыруар қаражат та бөліп келеді.

Алайда, ақша бөлінгенімен жастар саясаты, жастар ісі саласы Қазақстанда айтарлықтай дамып кеткен жоқ. Еліміздегі белсенді жастарды проблеманың ортасынан емес, саяси науқандардан (сайлауалды үгіт-насихат, флеш-моб, партияның форумдары және т.б.) жиі көреміз. Яғни, тәуелсіз, зайырлы елде өмір сүрсек те, белсенді жастардың біразы Кеңес дәуіріндегі «пионерлер» мен «комсомолдар» секілді ұраншыл болып бара жатқандай. Бәрі емес әрине, біразы.

Проблема деп нені айтып отыр дерсіз. Шынында, қазір жастар арасында проблема шаш етектен. Атап айтсақ, жастар арасындағы суицид бойынша Қазақстан әлемдегі көш бастаған 5 елдің қатарына кіреді. Жастардың ажырасу фактісі бойынша да біз осы «үздік» бестіктің қатарында екенбіз. Ал, мектеп жасында жүкті боп қалатын қыздарымыздың саны жылдан жылға артып келеді. Жастар арасындағы қылмыс статистикасы да көңіл көншітпей отыр.

Иә, еліміздегі қаптаған жастар ұйымдары бұл проблеманы өздері ғана шеше алмайтыны анық. Бұл мәселе бүкіл қоғам болып бірігіп күрескенде ғана шешімін табады. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын іске қосқандағы мақсаты да осы еді. Ал, жастар ұйымдары болса проблемаға тап болған жас азаматтар мен билік арасындағы «алтын көпірдің» ролін атқаруы тиіс.

Енді осы ұйымдар аталған рольді қаншалықты атқарып отыр? Жастардың проблемалары шешілмесе бұл ұйымдардың барлығын қайтеміз? Бәлкім, осы жұмыстардың бәрін жүйелейтін жаңа министрлік қажет шығар. Әлемнің кейбір дамыған елдерінде мұндай ведомстволар онсыз да бар. Неге бізге сол тәжірибені өзімізге енгізіп көрмеске? Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін ескерсек, бізге дені сау, ғылым-білімге құштар, жағымпазданбайтын, еңбекқор жастар қажет. Қазіргі «Жас отан» бастаған үлкенді-кішілі ұйымдар бұл талапқа сай жас азаматтарды тәрбиелей алса нұр үстіне нұр. Ал, тәрбиелей алмаса ше?

Бұл сауалдарға жауап іздеу үшін осы жастар саясатымен айналысып жүрген мамандарды әңгімеге тартып көрдік. Солардың бірі – белгілі саясаттанушы Руслан Жанғазы. Ол жастар мәселесімен «Жас Отан» жастар қанатында, «Нұр Отан» партиясында, ҚР Білім және ғылым министрлігінде жүріп айналысқан.

Руслан ЖАНҒАЗЫ, саясаттанушы:

– Сөзіңізбен келісемін, елімізде жастар ұйымдарының саны бар, бірақ, сапасы жоқ, сәні бар, бірақ мәні жоқ. Жұмысы бар секілді, бірақ нәтижесі көзге көрінбейді.

Жастар ұйымдары қоғамдық бірлестік бола тұра, мемлекеттік органдардың ең нашар дағдыларын өзіне сіңіріп алған, ол – өз жұмысын жастардың нақты мәселелерін шешуге емес, жастар саясаты саласындағы іс-шаралар жоспарында өзіне қатысты тармақшаларын орындауға ғана бағыттауы. Ол құжаттар жылда орындалады, алайда жастарға одан келіп-кетер пайдасы жоқ.

Жастар ұйымдарының жұмысы әлеуметік әсері аз бір акциядан екіншісіне дейін жалғасады, яғни мәселені жүйелі әрі түбегейлі шешуге деген ынта жоқ. Әрине, мұндай немқұрайлықты байқаған жастарымыз мемлекетке, оның жүргізіп отырған саясатына, оның басты институттарына деген көзқарасы өзгереді.

Шынын айту керек, қазір жастар саясаты саласындағы уәкілетті органға қарағанда, дәстүрлі емес діни ағымдардың жүргізіп отырған «жастар саясаты» тиімді болып тұр. Сондықтан жастарымыз тура жолдан адасып кетіп қалып жатыр.

Шаш етектен асқан жастар мәселелерін шешу үшін, ең алдымен, сол жастар ұйымында нағыз интеллектуалдар, өз ісінің хас шеберлері жұмыс істеуі қажет. Егер ұйым басшысы ашық бәсекелестік сайлау жағдайында орнына келмей, үлкен ағаларының қолдауымен тағайындалса, ол қандай басшы болады? Әрине нашар басшы болады. Сондықтан меритократия, әділеттілік және демократиялық сайлау принциптері әуелі осы жастар саясаты саласында кеңінен енгізілуі тиіс деп есептеймін.

– Бәлкім осы жастардың проблемаларырың бәрін жүйелі түрде шешу үшін бүтін бір министрлік қажет шығар?

– Менің пікірімше, мәселе мемлекеттік органның мәртебесінде емес, сол орынға отырған адамдардың тиімді жұмыс істей алу-алмауында.

Статистикаға сенсек, әрбір төртінші қазақстандық жас азамат болып есептеледі. Әрине, бұндай үлкен әлеуметтік топтың мәселелерін реттейтін мемлекеттік органның жеткілікті деңгейде құзыры болуы шарт. Алайда, жастар саясаты саласында жеке дара министрліктің болуы сәл ертеректеу деген ойдамын. Ондай министрлікті басқаруға жастар саясаты саласында істейтін лайықты адамды көріп тұрғаным жоқ. Сондықтан, комитет деңгейіндегі ведомство болуын құптаймын.

Ал, «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты Ұйымдастыру-бақылау департаментінің инспекторы, «Жас Отан» жастар қанаты ОҚО бойынша филиалының бұрынғы басшысы Жандос Қалтаев болса жастар ұйымдарынан үлкен проблемалардың шешімін талап етуді бос әурешілік деп есептейді. Өйткені, мұндай ұйымдардың барлығы қоғамдық бірлестік ретінде тіркеледі екен. Ал, қоғамдық бірлестіктер нақты бір миссияны орындауға ғана міндетті.

Жандос ҚАЛТАЕВ, «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты Ұйымдастыру-бақылау департаментінің инспекторы:

– Біріншіден, басқарма – ол мемлекеттік орган. Яғни, мемлекет тарапынан атқарылатын жұмыстарды іске асыратын мекеме. Ал, қоғамдық бірлестіктер – белгілі бір миссияны орындау үшін құрылған ұйымдар.

Мәселен, бұл ұйымдар негізінен жастар арасындағы коррупциямен күресуді өздеріне мақсат еткен. Ұйым мүшелері аудан-қалаларды аралап, жиындар өткізіп, жастарға жемқорлықтың зауалы туралы түсіндіріп жатады. Бұдан бөлек, жастар ұйымдары кітапхана, жатақхана, сапалы білім беру, студенттердің жол ақысы сынды мәселелермен де айналысады. Сондай-ақ, оқуды бітіріп жатқан түлектердің жұмысқа тұрған-тұрмағанын анықтап, статистикалық анықтамалық жасайды. Сол бойынша құзырлы мемлекеттік органдар жастардың жұмыспен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Яғни, жастар ұйымдары түк істемей отыр деп айту үлкен қателік.

Екіншіден, бұл ұйымдар мемлекеттен тікелей қаржыланбайды. Мемлекеттік тапсырыс деген бар, яғни тендер. Сол тендерді жеңіп алып, белгілі бір тапсырманы ғана орындайды.

Қысқасы, айтқым келгені, жастар арасындағы өзекті проблемалар: суицид, қылмыс, ерте жүктілік, ажырасу секілді мәселелрді шешу жолдарын жастар ұйымының мойнына артып қою дұрыс емес. Баланың тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауап береді. Мұнан кейін мектеп. Ары қарай идеологиямен айналысатын мемлекеттік органдар бар. Міне, осы тараптар бірлесе жұмыс істегенде қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға болады.

Үшіншіден, бізге жастар саясатымен айналысатын кәсіби мамандар қажет. Ондайлар елде атымен жоқ. Мәселен, Еуропадағы университеттерде жастар саясатының мамандарын даярлайтын арнайы факультеттер бар. Ал, бізде ондай атымен жоқ. Жарымжан азаматтармен, психологиялық соққы алған адамдармен, басқа да әлеуметтік топтағы жандармен айналысатын мамандар бар да, жастармен айналысатын кәсіби мамандар жоқ. Естуімше, қазір Павлодар мемлекеттік университетінде жастар саясатымен айналысатын мамандар даярлау бастамасын қолға алып жатыр екен. Ал, өзге ірі оқу орындарының ешбірі бұған басын қатырып та жатқан жоқ.

Баршаға мәлім, еліміздегі жастардың дені Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Өңір халқының саны 3 миллион адамды құраса, оның 800 мыңы жастар. Облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманы басқарып отырған Балмаржан Нарбекованың айтуынша, жастар ұйымдары қоғамға ешқашан көптік етпейді. Олардың жұмыстарын тек үйлестіре білу қажет. Сонда ғана жоғарыда аталған өзекті проблемаларды шешуге мүмкіндік туады дейді ол.

Балмаржан НАРБЕКОВА, ОҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы:

- Біздің басқарманың ерекшелігі – біз өзге басқармалар секілді (білім басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы және т.б.) нақты бір ғана саламен айналыспаймыз. Біз билік пен жастардың ортасындағы «алтын көпір» іспеттіміз.

Сіз жоғарыда атап отырған өзекті проблемалармен қазір біздің басқарма айналысып жатыр. Жастар арасындағы қылмыс, суицид, ерте жүктілік секілді проблемалар Оңтүстік Қазақстан облысында кең етек жайған. Қазіргі таңда осы проблемалардың шешімін тауып, оларды алдын алудың жұмыстарымен айналысып жатырмыз.

- Нақты қандай жұмыстар? Расымен де, ОҚО-да ерте жүктілік мәселесі қазір өршіп тұр. Оқушы қыздардың мектеп бітірмей жатып жүкті болып қалуына кім кінәлі, ата-ана ма, мектеп пе?

- Мен сізге айтайын, оқушы кезде жүкті болып қалатын қыздардың көбі өзбек, тәжік секілді ұлттардың өкілдері. Оларда қыздарды ерте тұрмысқа беру салты сақталып қалған. Яғни, қызды 15-16 жасында күйеуге беріп жібереді. Бұл кезде қыз әлі мектеп оқушысы. Заңды некелеспесе де, имамның некесін алады. Өздері үшін бәрі қалыпты жағдай. Жаңағы адам шошырлық статистиканың қалыптасуына да осындай отбасылар себеп болып отыр.

Қазір біз психолог, гинеколог секілді мамандармен бірлесе бүкіл оқу орындарын аралауды қолға алдық. Жаңағы жүкті болған қыздардың ата-аналарымен сөйлесеміз, ерте жүктіліктің қауіпті жағы бар екенін түсіндіріп айтамыз. Бірақ, бірі тыңдаса, екіншісі тыңдамайды, өздерінің салты бар. Мысалы, бір үйдің 5 қызы бар, бесеуі де мектеп жасында тұрмысқа шығып, бала босанып алған. Өздері үшін қалыпты жағдай болғанымен, статистика «айғайлап тұр».

Сол секілді суицид мәселесі де облыста өте күрделі проблемалардың қатарында. Бұл індетпен күресу үшін ең алдымен суцидке оқталып, бірақ аман қалған балалардың тізімін жасап алдық. Олардың саны 280-нен асады. Қазір бұл балалармен жиі кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Негізінде, суицид жасайтын балаларда психологиялық ауытқу болады. Кез-келген адам өз-өзіне қол сала бермейді ғой. Сондықтан, олармен жұмыс істеу үшін психологтардың көмегіне көп жүгінеміз.

- Республикада, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында да жастар ұйымдары өте көп. Олардың саны бар, сапасы жоқ деп сынап жатады. Сапасы болмаса оларды құрудың қажеттілігі қанша?

- Қазір ОҚО-да 62 жастар ұйымы бар, 7 республикалық қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Бірақ, барлығы белсенді деп айта алмаймын. Сондықтан, қазір біздің басқарма олардың белсенділігін арттыру үшін бірқатар жоспарлы шараларды қолға алып отыр. Атап айтқанда, жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін түрлі семинарлар өткіземіз, дарынды жастарды халықаралық олимпиадаларға дайындауға атсалысамыз, халықаралық стипендияларды алу үшін де жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Жалпы, жастар ұйымдарының көп болғаны жақсы. Олардың әрбірінің өз міндеттері бар. Біз сол міндеттердің іске асуын қадағалап отырамыз. Олармен бірлесіп жұмыс істейміз, тәжірибе алмасамыз. Мұндай қоғамдық бірлестіктер ешқашан артықтық етпейді. Оған мүше болған жастар біреуге көмектеспесе де өзі алдымен тәрбиеленеді. Яғни, ертең қылмыс жасамайды.

Мамандардың сөзінен түсінгеніміз, жастар саясаты кейінге ысырып қоятын мәселе емес. Билік, жастардың проблемасымен қазірден айналысып, оны шешудің жолдарын қарастырмаса, күннен күнге ол өрши береді. Тығырықтан шығудың жолын Елбасының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетіп кетті. Тек науқаншылыққа салынбай, Н.Назарбаевтың осы мақаладағы тапсырмаларын толыққанды орындай білсек болғаны.