Латын әліпбиіне қатысты қоғамда айтылған сынға көз жұма қарауға болмайды

Латын әліпбиіне қатысты қоғамда айтылған сынға көз жұма қарауға болмайды

30 қыркүйек, 13:29 11017 Астана
Латын әліпбиіне қатысты қоғамда айтылған сынға көз жұма қарауға болмайды

Қазір бүкіл ел болып қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін талқылап жатырмыз. Жаппай талқылап жатқанымыз соншалық, бұл да науқаншыл бір жобалардың біріне айналып кететіндей әсер қалдыруда. Өйткені, отандық басылымдардың кез-келгенін ашып көрсеңіз «Латынға көшу – заман талабы», «Біз латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз», «Жастар латынға көшуді қолдайды», «Зиялылар латынға көшу мәселесін талқылады» деген секілді тақырыптардан көз сүрінеді. Телеарна жаңалықтарын қарасаңыз да дәл осы көрініс.

Жо-жоқ, біз қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қарсылық білдіріп отырғанымыз жоқ, керісінше, Елбасының бұл бастамасын біз де қос қолдап қолдаймыз. Бірақ, қазір КСРО кезіндегідей «уралайтын» заман емес, қазір қандай реформа қабылдасақ та таразылап, ақылға салып, «жеті рет өлшеп, бір кесетін». Сондықтан, «жаппай қолдамастан» бұрын осы саланы зерттеп жүрген мамандардың сөзіне құлақ асып көрген абзал болар.

Айтқымыз кеп отырғаны, 11 қыркүйек күні Парламенттің қарауына ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы. Аталған әліпби жобасы танысытырылған күні-ақ қоғамдық пікірде екіге бөлді. Өйткені, жаңа әліпбиде кейбір қазақ әріптері таңбаланбаған. Атап айтқанда, «ә», «ө», «ү» секілді дыбыстар қос әріптің таңбалануы арқылы оқылатын болады (мысалы, ә – ae, ө – oe). Бұл қоғам белсенділерінің, бірқатар зиялы қауым өкілдерінің, тіл мамандарының да қарсылығын туғызды.

Әліпбидің жаңа нұсқасын Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы жасап шығарған. Әрине, бұл нұсқа әлі бекітілген жоқ, тек алдымен депутаттардың, кейін қоғамның талқылауына ұсынылды. Енді тіл мамандары мен ұлт зиялылары осы қоғамның пікірін биліктегілер елеп ескеруі керек дегенді айтып отыр.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын:

- Латын әліпбиіне міндетті түрде өтуіміз керек. Бұл реформа бізді біраз жақсылықтарға, өркениетке, түркі әлемімен араласуға бастайды. Мен сіздерге айтайын, осыдан  3-4 жыл бұрын Ескішехир (Түркия) қаласында түркі дүниесінің кітап жәрмеңкесіне қатысып келдім. Сол сапарға барғанда біз қазақ кітаптарын көрмеге қойдық. Әзірбайжандар, кавказдықтар, түріктер, жалпы түркі халықтары өздерінің кітаптарын апарды. Соның ішінде ең бейшара күйді біздің қазақтың кітаптары кешті. Ешкім келіп ашып қараған жоқ. Сөреде тұрған күйі тұрды. Өйткені, ешкім кириллицаны оқымайды, оқи алмайды. Сондықтан бізге қазір ең бірінші әліпбиімізді латынға көшіру керек. Жылдам, бірақ асығыстыққа бой алдырмау қажет. Ертең өскелең ұрпақ миы ашып отырмауы керек.

Бұл жоғары жақтың бұйрығымен «уралап» өтіп кететін реформа емес. Ертең өтерімізді өтіп алып, бір-бірімізді түсіне алмай отырсақ не болады? Кітаптарды аудару өз алдына, латынға өткеннен кейін қаншама сөздік жазып шығуымыз керек. Осының бәрін алдымен дайындап алсақ, бел шеше кірісуге болады.

Ақынның айтуынша, әліпбидің жаңа нұсқасындағы қазақ әріптерінің қос таңбамен белгіленуі болашақта түрлі түсініспеушіліктерге алып келуі мүмкін. Әсіресе, өскелең ұрпақ мұны сіңіре алмайды дейді ол.

- Қазақша әріптердің қос таңбамен таңбалануын біз түгілі мына жас ұрпақ өзіне сіңіре алса жақсы, бірақ сіңіре алмайды ма деп қорқамын. Бұл ретте көп жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ еді ғой. Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы латын әліпбиінің қазақша нұсқасын дайындап, қағазға түсіріп беріп кетті. Содан алыстаудың қажеті шамалы, - дейді Жазушылар одағы төрағасының орынбасары.

Ал, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова болса әліпби қаншалықты ықшам болса, соншалықты қолдануға тиімді болады деген пікірде. Тек қолдануға ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді дейді ол.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:

- Тілтанушы мамандар сарапқа салып жатқан сын пікірлер бойынша ұсынылған жобаның артықшылықтары мен қателіктерін айта кетейік. Бұл жоба, біріншіден, ықшамдылығымен ұнамды. Қазақтың төл дыбыстық жүйесінде 28 дыбыс бар, ал біз жазуда 42 әріпті қолданып жүрдік. Мына жобада 28 дыбысты таңбалау үшін 25 дара әріп қана ұсынылып отыр. Дара дегенім, 8 қосар əріп те бар. Дегенмен əріп саны дыбыс санынан кем болса, мұндай əліпби тілтанымдық тұрғыдан өте тиімді болып саналады. Екіншіден, бұл әліпбидің экономикалық жағынан шығыны аз болуы əбден мүмкін, себебі, компьютер пернетақтасындағы ағылшын тілінің алфавитімен сәйкес келеді. Қазіргі пернетақтадағы ағылшын алфавиті цифрлық технологиядағы кодтармен сәйкес.

Сондай-ақ, кемшіліктері де жоқ емес. Соларға да тоқталып өтейін...

Əлемдік тіл ғылымындағы əліпбиге қойылатын критерийлер мен сауатты əрі жазуға оңтайлы ұлттық əліпби жасаудың ғылыми принциптері тұрғысынан кемшілігін тілтанушы, педагог мамандар былай анықтап отыр. Бұл әліпбиде қазақтың төл дыбыстарын жəне қазақ мəтінінде жиі кездесетін, қазіргі заманғы қазақ тілінің жазбаша формасына сіңіп, дыбыстық жүйесіне еніп кеткен өзге тілдің кейбір дыбыстарын, яғни, барлығы 31-32 дыбысты таңбалау үшін небары 25 әріп жетпейтіндіктен ұсынылған жобада диграфтар қолданылған. Диграф дегенміз бір дыбысты екі әріптің тіркесімен беру. Әрине, диграфтарды қолдану тәжірибесі басқа әліпбилерде өте көп. Әсіресе, роман-герман тілдерінде ешқандай қиындық тудырмайтын мәселе. Мұндай бір дыбысты бірнеше әріппен таңбалау неміс тілінде де, ағылшын тілінде де бар. Бірақ славян тілдерінде жоқ. Егер хронология бойынша қарайтын болсақ, латын қарпін қолданатындардың ішінде өте ертеде дәстүрлі әліпбиін бекітіп алғандар ғана диграфқа жүгінеді. Ал кейінгі латыннегізді əліпбилер сол Еуропа елдерінің өзінде диграфтан қашып, диакритиканы, яғни əріпасты, əріпүсті элементтерге артықшылық берген. Ал, жасы жағынан латыннан əлдеқайда жас əліпби жүйесіне жататын кирилл графикасында диакритика көп те, диграфтарды қолдану мүлде жоқ. Бұл диакритиканың диграфқа қарағанда жаңартпа тəсіл екенін көрсетеді.

Жаңа латыннегізді жəне кирилнегізді графиканы қолданатын барлық тілдерде диграф таңба мүлде жоқ. Олар «бір дыбыс – бір әріп» принципін ұстанады. Демек қазіргі заман үшін диграф ескілік. Қазақтың жазу тарихы көнеден басталады. Елбасының мақаласында қазақтың жазу тарихына терең талдау, сараптама жасалған. Біздің ата-бабаларымыз руналық графикаға негізделген орхон жазуын, араб графикасының түрлі формаларын пайдаланған. Содан кейін біз Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық жүйеге негізделген араб графикалы «төте жазуын» қолдандық. Ескі латыннегізді графикамен, содан кейін кирилше де жаздық. Осы жазу жүйеміздің бəрінде де «бір әріп – бір дыбыс» принципі бұзылған жоқ, басымдықта болды. Мұны ескерсек, ұсынылып отырған диграфтар қазақ этно-мәдени қауымдастықтың тілдік санасында жат таңба түрінде қабылданатынының өз заңдылығы жоқ емес. Сан ғасырлық дəстүрі бар принципті өзгерту оңай емес. Қазақ қауымдастығы қолданған жазулардың графикалық образдары әртүрлі болғанымен, олар бір əріп бір дыбыс принципі басымдығына негізделді. Сондықтан, қазақтілді сана үшін диграфтарды тұтас таңба түрінде оқу қиынға соғады. Ал ағылшын, немістілді этномәдени қауымдастық санасында диграфтар ғасырлар бойы қалыптасып, орныққан. Сынның барлығы осыған байланысты айтылып жатыр деуге болады.

Екіншіден, біздің тіліміз роман-герман, славян тілдерінен ерекшеленеді. Құрылымдық жүйесінен көрініп тұрғандай, сөзге үстелетін грамматикалық мағына ағыншын, орыс тіліндегідей флексия арқылы емес агглютинация арқылы беріледі. Флексия дегеніміз – бір ғана аффикс арқылы көптік, септік т.б. грамматикалық мағынаны беретін түбірге жалғанатын қосымша. Ал, біздікі сияқты агглютинатив, яғни, жалғамалы тілде көптіктің мағынасын бір жалғау, септік пен тәуелдіктің мағынасын басқа жалғаулар береді. Қазақтың тек бір ғана буыннан тұратын «үй» деген сөзін алып септік, көптік, тәуелдік, т.б мағынада қолданып, мысалы, «үйлеріңіздегідей» десек, 7 буынға айналады. 7 буынды сөзде диграфпен берілетін 8 әріп кездесуі әбден мүмкін. Сонда сөздің тұрқы ұзарып кетеді. «Үй» деген сөз екі дыбысты сөз. Егер жаңа әліпбимен жазсаңыз, үш әріпті сөз болады. Енді оған әртүрлі жалғауларды жалғасаңыз, диграфтардың «арқасында» мəтіндегі сөздің образы көзшалымға тұтас қабылдануға қиындап, тым шұбалаңқы болып кетеді. Сондықтан да диграфтарды қолдану жазба коммуникацияда жазарман үшін де, оқырман үшін де психологиялық, лингвистикалық, физиологиялық қолайсыздық тудырады.

Ал, белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай ағамыз жаңа әліпбиді IT-мамандары емес, лингвист-мамандар әзірлеуі керек еді дейді. Өйткені, жазуға ыңғайлы екен деп әріптерді азайтып, ертеі қазақ тілінің бүкіл болмысынан айрылым қалмайық дейді ол.

Смағұл ЕЛУБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бір жағынан латын әліпбиін тура қазақшаға ыңғайлау өте қиын шаруа. Өйткені латын әліпбиінде жоқ таңбалар бізде бар. Оларды қайтеміз? Ойласаң, басың қатып кетеді. Үтір, ноқатсыз ол әріптерді қалай беруге болады? Тіл мамандары қазір осыны талқылап, нақты ұсыныстарын әзірлеп жатқан болар. Соңғы нұсқада екі әріпті қатар қойып, күлкілі бір сөздер шыға келгенін көрдік. Демек, ол нұсқаны қабылдамас бұрын тағы талқыға салу керек. Талқылай берсек дұрыс шешімі болады.

Негізінен сол компьютер пернетақтасындағы әріптерді бұзбай, қатар қойып, қазақ әрпін шығарса жақсы болар еді. Бірақ ол әріптерді қосқан кезде қазақ тілінің тілдік болмысын бұзбайтын болуы керек. Бұзылмауы керек, тілімізге зиян келмеуі керек. Лингивистер, ғалымдар осыны ойлайды деп сенемін. Алдыменен, тілдің жағдайын, болашағын, үндестік болмысының бұзылмауын ойлайды деп сенім білдіремін.

 

Қазақ қоғамы осылайша қазір ана тіліміздің латын әліпбиіне өтуін жаппай талқылап жатыр. Тек осы талқылаулар өз жемісін беріп, барша қазақ баласына түсінікті, айтуға да, жазуға да қолайлы әліпби жобасы жасалса нұр үстіне нұр.

 

`

Серіктестер жаңалықтары