Латын таңбаларында ішкі таңбалық мәні мен сандық болмысына назар аудару керек – ғалым

25 Августа, 2018, 16:52 8124
Латын таңбаларында ішкі таңбалық мәні мен сандық болмысына назар аудару керек – ғалым | Обзоры | BNews.kz

Ғалым осы таңбалар арқылы ұлттық коды бар атауларды таңбалау басталатыны туралы айтты.

Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Латын әліпбиіне көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері" атты семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Семинар-кеңестің жұмысына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ғарифолла Есім, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Ерден Қажыбек, тіл жанашыры Асылы Османова, Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қазақстан республикасы ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, лингвист-ғалымдар, сарапшылар қатысып латын әліпбиіне көшудің маңызды мәселелері бойынша баяндамалар жасады.

Кеңес барысында латын графикасына негізделген қазақ тілі емле ережелерінің жобасы талқыланды.

"Латын әліпбиіне қайта оралуға байланысты емле-ережелерді жазуда да қазақ жазу дәстүрінде, қазақ грамматологиясында қалыптасқан дәстүрге шекемізден қарамауға тиіспіз. Елбасы айтқандай, "Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды". Ал қазіргі қазақ грамматология ғылымында мұндай замана сынынан сүрінбей өткен, қазақ тілі ғылымының корифейлері жасап кеткен озық ғылыми дәстүрлер бар.  Ахмет Байтұрсынұлының жазу ілімі саласындағы еңбегі қазақтың төл жазуы – төте жазуын жасауымен, оның фонематикалық ерекшелігін толық ашуымен, әрбір әріптің қазақ дыбысының табиғатымен сәйкес келуін ескергенмен бағалы. Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады. Ең бастысы сөздің дұрыс жазылуына ерекше мән беріп, ауызша айтылғанның бәрін сол қалпында жаза салуға да болмайды. Қазақтың төл жазуы деген түсінікті Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды", - деді  Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова.

Семинар-кеңесте сөйлеген ғалымдар әр таңбаның  тарихи сандық мәні әрі мазмұны барына ерекше тоқталды.

"Сәрсен Аманжоловтың ұсынған ең үлкен жаңалығы – латынша Ü –дың орнына Ұ таңбасын, (нг–ның орнына) Ң таңбасын,  Қ, Ғ таңбаларын қосқаны дер едік.  Бұл таңбалар жаңа жазуда көрініс таба алмады.  Бүгінгі біз қолданып отырған әр әріп – жеке таңба. Ол таңбаның, шындап келгенде, беретін ақпараты мол. Ғылыми әдебиеттерде әр таңбаның сандық мәні, мағынасы бар екені талай рет жазылған. Біз латын таңбаларын алуда олардың ішкі таңбалық мәні мен сандық болмысына назар аударуымыз керек. Өйткені біз осы таңбалар арқылы өзіміздің ұлттық коды бар атауларымызды таңбалауды бастамақпыз. Ең алдымен, әліпби құрауда профессор Әлімхан Жүнісбек ұсынған Ы, І дыбыстарының орны мен таңбалануында бірізділіктің сақталмауы әлі де  болса ойландыруы тиіс. У (уай) ағылшын тілінде И дауыссыз (you, yes, yard, young, yet) дыбысын таңбалайды. Мұны сол қалпында қабылдап, қазақ тіліндегі дауыссыз И-ды белгілеу жөн болар еді. Sh-қосарды түрікшеге жақындатып - Ś мен ал Ch-ны – С мен белгілеу – қазақ әліпбиінің бірыңғайлығын қамтамасыз етер еді", - деп ойын түйіндеді Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Орфография бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова.

Сондай-ақ іс-шарада жаңа емле ереженің пилоттық жобасын апробациядан өткізу бойынша Көкшетау, Қарағанды, Семей, Өскемен, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері, статистикалық көрсеткіштері ортаға шығарылды.

Семинар-кеңеске Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық терминология және ономастика комиссиясының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Еске сала кетейік, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесін апробациялау басталғаны туралы осыған дейін айтқан едік. 

Оқушылар тестілеуден өтіп, лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті.

Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын "Балдәурен" оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялауға қатысқан еді. Оқушылар тестілеуден өтіп,  лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті. Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет.  Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын  таңдауды, сондай-ақ ұсынылған "дұрыс" және "икемді" деген сөздерді екі  нұсқада жазуды ұсынады. 

Сондай-ақ, жаңа емле ережелері сынамасы Қарағандыда өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарланған болатын. Сынамаға Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады" деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі  мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады.

Жазу –  ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз. Оның айқын дәлелі бүгінгі латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелері  жобасын  сынамадан өткізу болып табылады.

Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде де жалғасты. Сынамаға  Өскемен,  Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

Сондай-ақ, латын графикасына негізделген емле ережелерінің сынамасы Қызылорда облысында да өтті. Сынамаға Қызылорда облысының барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері мен әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500 адам қатысты.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости