Ұлытауда айтылған ұлағат

22 Декабря, 2017, 16:45 13237
Ұлытауда айтылған ұлағат | Обзоры | BNews.kz

Елі сенген Елбасының Ұлытаудың төрінде отырып берген тарихи сұхбатының саяси, танымдық, сараптамалық терең мағынасы өз алдына, символикалық та үлкен әсері, мәні болды. Ұлытау – қанатын кеңге жайған қазақ елінің кіндігі, еңселі шоқтығы, көптің басы қосылып, ымырасын айтқан межелі биігі, қасиетті қонысы.

Ұлытауға қазақ қашанда ізгі үмітпен көз тіккен, берекелі бастама күткен, игі жақсы, батыр-бағлан жиылар мәжілістен бәтуәлі бітім естіген. Хандары халқын тыңдаған, жұртының жүрегіндегі сөзге құлақ түрген. Тілек-пейілі бір жерден шыққан соң Ұлытаудан шуаққа толы, жан жылытар жылы хабар жеткен, айтылған аталы сөздер қазақтың көгіне шуақ боп, қуат боп тараған. Тығырыққа тірелсе, еңсесі езілсе, тағдыры талқан, басы дауда болса осында маңдай тіреген. Сондықтан да қазақ ежелден Ұлытауды киелі санаған, қастер тұтқан, оған тәу еткен.

Ұлт көшбасшысы алдымен, жастарды төл тарихымызды, өткен жолымызды білуге шақырды. Одан соң, еліміз үшін, жұртымыз үшін тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы ғана жеткізе алатынымызды айтып, «Қазақтың кейбір сөз орамдарын, Абайдың сөз өрнегін басқа тілге, мәселен орысшаға, ағылшыншаға аударып көрші. Ол мүмкін емес. Себебі тілдің өз қасиеті бар. Сондықтан тіл жоғалатын болса, сол қасиет те жоғалады» деп ана тіліміздің ғажайып қасиетін алға тартты.

Әңгіменің тағы бір орайы Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде өрбіді. Бұл мәселені Елбасы тәптештеп түсіндірді. Қазақстанның құрлықтың дәл ортасында екенін, теңіз жағалауынан қашықтықтың экономиканы алға бастыруға тиігізер кері әсері, қиындықтарына тоқталды.

«Біздің «теңізіміз» – Ресей территориясы. Біздің «теңізіміз» – Қытай территориясы. Осы екі мемлекетті теңіз деп санасақ, біз солардың жағасында тұрмыз. Енді біз солармен сауда-саттық жасамасақ, онда экономикамыз қалай өседі? 17 миллион халқымыз бар. 250 миллиардқа жақын өндіріс өніміміз бар. 17 миллион халықты қамтамасыз етіп болғаннан кейін ары қарай қалай өсеміз? Егер біздің шығарған тауарларымызды біреу сатып алмаса, ол қоймада тұрып қалады. Ол сатылмағаннан кейін зауыт тоқтайды. Зауытта істейтін жұмысшының бәрі жұмыстан босайды. Жалақысынан айырылады. Бала шағасын асырай алмай, босып кетеді», - деді Мемлекет басшысы.

      Елбасы ел басқару ісіндегі өзгерістердің де себебін сөз қылды.

«Жаңа министрліктердің басына келген басшылардың жасы 40 пен 50-дің аралығында. Көпшілігі ағылшын тілін меңгерген, өз саласының маманы. Олар Ресеймен де, басқа шет елдермен де еркін сөйлесіп, келіссөз жүргізе алады. «Болашақ» арқылы оқыған, өз елімізде тәрбиеленген сондай жастарымыз қаулап өсіп келе жатыр. Бәрі де мемлекет ісімен айналысуда. Қазақстанның ең үлкен патриоты да, елді алға сүйрейтін де солар. Менің арманым, ойым осы. Лайым солай болсын! Қазақстанның болашағы өте жарқын!», - деді Ұлт көшбасшысы.

Бұл пікір жан сүйсінпес пе?! Егеменді еліміздің жастары өсті, жетілді. Әлемдік деңгейдегі жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап, тәжірибе толықтырып, өз елдерінің әл-ауқатын артыруға білек сыбана кірісті! Жерде байлық, елде рухани қазына жетерлік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жұмақ мекенді, береке мен бірлікті, татулықты ғана көксеген кемеңгер халық бар. Осы ұстаным атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алдағы мақсат айқын, жүрер жол белгілі. Ол Елбасы сөзін қорытындылай келе айтқан мызғымас уәж – Мәңгілік Елдің жолы!

Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасиетті Ұлытау төрінен берген салиқалы сұхбаты осындай ұлағатымен есте қалды. Ел Ұлытауда айтылған сөзге ұйыды, жұрт Ұлытауда алға қойылған мақсатқа жұмылды.

Жаһанданудың жалына жармаспай жағада қалу, өркениеті өсіп, өрекпіген даму үрдістерін үйіріле үйренбей үрпие қарап, шетте тұрудың мүмкін еместігі айқын болып отыр. Адамзаттың ұлы көшінен қалуға болмайды. Тек сол ұлы көш легінде өз қалпың, өз ұстанымың, өз бедеріңді жоғалтпауың керек. Ата-баба аманат еткен ана тіліміз, берекелі дәстүрімізді сақтауымыз, ата-баба армандап, Алла бұйыртқан тәуелсіздігімізді баянды етуіміз қажет. Өз бетпердеміз, беделіміз, абыройымыз бен айбарымыз да болуы шарт.

Президент ортаға тастаған еңселі ұрандай «Мәңлік Ел» идеясының да көздегені осы.

«Сол Мәңгілік Елді жасау үшін күресуіміз керек. Мәңгілік Елдің экономикасы, тұғыры мықты, жастары сауатты болуы керек. Мемлекеттің қару-жарағы мықты болуы керек, көршілерімізбен жақсы болуымыз керек, дос табуымыз керек. Сөйтіп, мемелекетіміздің терезесін өзгелермен тең етіп, олардың алдына түсу үшін жұмыс істеуіміз керек. «Нұрлы жол», 2030 жылға дейінгі, 2050 жылға дейінгі бағдарламамыз, 30 елдің қатарына кіреміз деген мақсатымыздың барлығы – сол «Мәңгілік Елді» қалай жасау керек деген жолдағы әрекет. Сонда ғана біз өркендеген және бейбіт, азаматтарының жақсы тұрмысы үшін жағдай жасайтын «Мәңгілік Ел» боламыз деп айта аламыз», - дейді Елбасы бұл жөнінде.

Осы бір ауыз сөзбен ол тағы да барар бағдарымыз, қай іске жұмыларымыз, тер төгер мақсатымызды айшықтап, айқындап берді. Ұлан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған, ұрпағы мақтан тұтар ұлан асыр аталы сөздер, тебіреністі толғаулар, қадірі қымбат асыл дәстүрлер қалдырған ата-бабасын, олардың арман-мақсатын кім қастерлемес. Ұлт Көшбасшысы, Елбасының осынау бастамаларын кім қолдамас! Әрине, бірауызды берекелі жұрты ол көтерген көк тудың астынан табылады.

Елбасының тарау-тарау бағыттардағы батыл бастамаларының бірі, бүгінде өзінің жеке қолтаңбасындай, еккен талындай саналатын ел ордасы Астананың салынуы, Алматыдан сары арқа төсіне көшірілуі еді. Болашаққа нық қадам басқан, ертеңге еркін қол созған, ертегідей әсем Астана Тұңғыш Президентіміздің төл қаласы, оның алысты меңзеген арман-қиялының бір көрінісіндей, қолдан еккен талындай. Ешкім Қазақстанға басқа астана керек деп ойламаған. Талай жылдар орталық болған Алатаудың бөктеріндегі Алматы расында да әркімнің биік арманы, ізгі қиялына айналған ару қала болатын. Сөйтсек, жас мемлекеттің, жаңа қоғамның серпінді істерге серпіле кірісуі үшін жаңа астана керек екен ғой!.. Иә, дәл сол экономика аяғына жаңа тұрып, жаңа завод-фабрикалар, кәсіпорындар енді ғана етек-жеңін жиып жатқанда керек екен ғой!  Сөйтіп, жас мемлекеттің, тәуелсіздігін алған жұрттың жаңа үмітіндей үздігіп Астана тұсауын кесті! Елбасының батыл шешімі, ерекше тегеуріні арқасында арқа төсінде Қазақтан халқының бірауыздылығының, болашаққа нық сенімінің, үздіксіз алға басып, өсе берерінің айғағындай ертегідей Елорда өсіп шықты. Таңдай қақтырып, қанатын кеңге жайып, күннен күнге келбеттеніп, дамып келеді. Биыл дүйім елге есігін ашқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі оның келбетін бұранғыдан да жасандырып, танымалдылығын арттырып, айбарын асыра түсті. Елі алдында, ел бастаған ерек ойлы Елбасы, Астанадай айшықты елордасы бар қазақ елінің әлі талай асуларды аларына әрбір қазақстандық қалтқысыз сенеді. Ал, сенім бар жерде табыс пен жеңіс бар.

«Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы», – дей келіп: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», - деп ой түйіндеді Ұлт көшбасшысы.

Осы ойтүйіннің бізді жаңа жеңістерге жігерлендірері кәміл. Ата-бабамыз армандаған күнге біз жеттік, сол күнді біз көріп отырмыз, сол күнді көру бізге бұйырыпты. Бұл бақыт емес пе?! Сол бақытымызды баянды етуден кім күшін аяр? Бағыт-бағдары айқын, желкенін жел көтеріп, өмір толқындарын қақ жарып, тарихтың шалқар айдынында еркін жүзген алып кеменің үстінде келе жату жан тебірентерлік қуаныш емес пе?! Доллар бағамы ауытқыр, қаржы дағдарысы небір бұлтаңға салар, тағы басқа қиындықтар болмай қоймас. Мұның бәрі берік кеменің кеудесіне соғар асау толқындай әсер етер. Алайда ол кездейсоқ толқындар кемерден аса алмас, бағыттан тайдыра алмас. «Жүрген жетеді» деген емес пе? Демек, бағытымыздан айнымасақ мақсатқа да жақындай түсерміз.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости