Жаңа оқу жылында оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр?

14 тамыз, 2017, 09:28 13172
Жаңа оқу жылында оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Биыл бірінші сынып оқушылары «Әліппе» оқымайды, «Қазақ тілі» пәні ұлттық біріңғай тестілеуден алып тасталды. Ендеше, оқушыларды биыл қандай өзгерістер күтіп тұр? Салада тағы қандай жаңашылдықтар бар? Осы және өзге де маңызды сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің мәліметінше, биылғы жаңа білім беру стандарты бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше болмақ. Атап айтқанда, бұған дейін мектептерде оқушылардың академиялық білім алуына көп екпін берілсе, биылдан бастап баланың ойлау қабілетін дамытуға басымдық берілетін болады. Яғни, оқушының мектепте алған білімін өмірде пайдалануға үйретеміз дейді министрліктегілер. Мамандардың айтуынша, баланың мектеп кезінде-ақ өз пікірі қалыптасып, мәселеге сын көзбен қарай білуі керек екен.

Мектептегі жаңа технологиялар

 

Осы ретте айта кету керек, биылғы жаңа оқу стандарттарын Білім және ғылым министрлігі «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірлесе жасап шықты. Сондықтан да, мектеп оқушыларына қойылатын талаптар айтарлықтай күшейген. Мәселен, жаңа оқу стандарттарына сәйкес, бұдан былай шәкірттердің үлгерімі олардың ақпараттық байланыс технологияларын меңгеруімен бағаланатын болады.

Ал, енді осы ақпараттық байланыс технологияларын мектептерге ендіру үшін министрлік орта білім беру мекемелерінің бәрін заманауи компьютерлермен, интернет желісімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Алайда, осынау жоба өте көп қаражатты қажет ететіндіктен, бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады. Министр Сағадиевтің пайымдауынша, мұғалімдер мектепте оқу құралы ретінде видеоматериалдар мен слайдтық презентацияларды пайдалана білуі қажет. Ал, оқушылар болса компьютерде түрлі оқыту бағдарламаларын жетік меңгеріп, өз беттерімен білім алатын деңгейге жетуі тиіс.

Жалпы, ақпараттық байланыс технологияларын ендіру жұмыстары бұған дейін басталып кеткенімен, биылдан бастап министрлік бұл идеяның жүзеге асуына күш салатын болады.

 

Мектеп бағдарламасында жаңа пәндер пайда болады

 

Бұған дейін бірінші сыныптан «Әліппе» сабағы алынып тасталып, оның орнына «Сауат ашу» деген пәні енгізілген болатын. Қоғамда шу шығып, жұрт наразылығын білдірге бастағаннан кейін министр «Әліппені» мектепке қайта алып келді, бірақ бірінші сыныпқа емес, мектепке дейінгі дайындық топтарына.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, биыл оқу бағдарламасы тағы бірнеше жаңа пәнмен толығыпты. Атап айтар болсақ, бастауыш сынып оқушылары 1 қыркүйектен бастап «Көркем еңбек» пәнін өте бастайды. Ол бұрынғы «Бейнелеу өнері» мен «Еңбекке баулу» пәндерін бірікітірген. Сондай-ақ, үшінші және төртінші сынып оқушыларының оқу бағдарламасына «Ақпараттық байланыс технологиялары» деген пән енгізіліп отыр. Ал, ағылшын пәнінің сағаты көбейтіледі. Өйткені, оқушылар болашақта жоғарғы сыныптың бірнеше пәнін тек ағылшын тілінде оқымақ.

 

Бастауыш сыныптардағы бақылау жұмысы

Реформаларды ең бірінші болып сынақтан өткізетін пилоттық мектептер апробациядан өткеннен кейін аттестациялар саны екеуге дейін қысқарды, олар – формативті және суммативті бағалу.

Формативті бағалау – мұғалімдердің оқушылармен кері байланысын нығайту үшін және оқыту процесін түзету үшін қолданылатын сынақтың түрі. Тексерудің бұл түрі үшін мұғалім тапсырмаларды өзі әзірлейді немесе ұсынылған тапсырмалар топтамасын қолданады. Министрлік өкілдерінің пікірінше, формативті сынақ баланың оқу үлгерімін бақылауға, оның қандай қиындықтармен тап келгенін уақытылы анықтауға мүмкіндік береді екен. Сол қиындықтарды анықтау арқылы оқушыға дер кезінде қолдау көрсетіліп, оның пәнді толық игеріп кетуіне жағдай жасалатын болады.

Формативті бағалау сынағының нәтижелерін мұғалім ата-анаға тікелей баяндап отыратын болады (жазбаша немесе ауызша).

Суммативті бағалау – бір тарауды немесе оқу бағдарламасын немесе тоқсанды аяқтағаннан кейін оқушының үлгерімі туралы ақпаратты мұғалімге, оқушының өзі мен оның ата-анасына жеткізу үшін жүргізілетін жұмыс. Оқушы үлгерімі бағамен немесе балмен бағаланады.

Суммативті бағалау әр тоқсанда бір рет жүргізіледі.

 

Ұлттық біріңғай тестілеуіне тағы өзгерістер енеді

 

Ұлттық тестілеу орталығының берген мәліметтеріне сүйенсек, ҰБТ сұрақтары келесі жылы тағы жаңаратын болады. Яғни, осы оқу жылының барысында мамандар жаңа сұрақтарды талдаудан өткізіп, былтырғы қателіктерді қайталамауға уәде беріп отыр. Есте болса, кешегі ҰБТ басталмастан бұрын дайындық ретінде тест тапсырған түлектер сұрақтар ішінде Баян Есентаева мен Нұртас Адамбаев есімдері жүргенін айтқан болатын. Кейін бұл ақпарат расталды. Артынша, ҰБТ сұрақтарының ішінен алынып тасталды.

Жалпы, ұлттық біріңғай тестілеудің сұрақтары өзгергенімен, форматы өзгеріссіз қалады. Міндетті пәндер қатарында бұрынғыша «Қазақстан тарихы», «Математикалық сауаттылық» және «Оқу сауаттылығы» деген үш пән бар. Қалған екеуін түлек өзі таңдайды.

 

Оқулықтар әзірге электронды нұсқаға көшіп біткен жоқ

 

Естеріңізде болса, соңғы оқу жылы басталған сәтте бастауыш сыныптың ата-аналары балалардың оқулықтары тым үлкен, әрі ауыр деп шағымданған болатын. Сөздеріне дәлел ретінде портфельге әзер сыятын кітаптарды қинала көтеріп жүрген балалардың суреттерін әлеуметтік желілерге де жүктеген еді. Алайда, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері даурығудың қажеті жоқ екенін, кітаптардың салмағы барлық талаптарға сәйкес келетінін айтып, өздеріне мүлдем шаң жуытқан жоқ. Министр Сағадиев болса алдағы уақытта оқулықтардың бәрі электронды нұсқаға өтетінін мәлімдеді.

Бұл жұмыстар да ұзақ уақыт пен мол қаражатты талап ететіндіктен, кезең-кезеңмен жүзеге асатын болады.

Оқулықтар электронды форматқа өтпесе де түгелге жуығы жаңарады. 2016/2017 оқу жылының өзінде бірінші сыныптарға арналған барлық оқулықтар – 8 қазақша, 8 орысша және 1 ағылшын тілінің кітабы қайта өңделді, яғни тапсырмалары жаңарды.

Енді биылғы жаңа оқу жылында екінші сынып оқушыларында да жаңартылған оқулықтар пайда болады. Атап айтқанда, министрлік 9 қазақша, 9 орысша және 1 ағылшын тілінің кітаптарын бүгінде бекітіп қойған.

 

Жаңа оқу стандартына көшу 2019 жылы аяқталады

 

Ерлан Сағадиевтің жаңа оқу стандарты орта мектептерге 2016 жылдан бастап енгізіле бастаған болатын. Былтырғы оқу жылында тек бірінші сыныптың оқушылары ғана аталған стандартты қабылдағаны есте. Енді биылғы оқу жылында 2, 5 және 7 сыныптар жаңа бағдарламаға көшеді деп күтіліп отыр. Ал 2018 жылы 3, 6, 8 және 10 сыныптар, 2019 жылы қалған 4, 9 және 11 сыныптар толық жаңа оқу стандарттарын қабылдайтын болады.

 

 

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана

Читайте также

Похожие новости