Жаңғыру мен жаңару – кемел келешек кепілі

26 Декабря, 2017, 18:04 12350
Жаңғыру мен жаңару – кемел келешек кепілі | Обзоры | BNews.kz

Елбасы әр жылғы Жолдауларында ел болашағы жайында нақты да сенімді жоспарларын жасап, бұл құжаттар халықтың келер күнге сенімін арттырды. Ел дамуының өткенін саралап, болашаққа бағдар беретін Елбасының кезекті Жолдауы да жаһандық сын-қатерлер жан-жақтан қыспаққа алып, әлемдік дағдарыстар дамыл алмаған шақта жігеріңді жанып, жаңа жеңістерге жетелейтіні рас.

Бұл саяси құжат құр жұбату, аз-кем жетістікті желбірете жалаулату емес. Кемшілік, кедір-бұдырларымыз ашық айтылып, бүкпесіз көрсетіледі. Бөлінген қомақты қаражаттарды игермеу, тиімді пайдалана алмау, жақсы идеялар, тұсауын жаңа кескен бизнес құрылымдарын дер кезінде қолдамау, байыз таппаған жемқорлық, салынған құрылыстар сапасы, оқыту, медицина саласындағы мамандар тапшылығы, тағы басқа олқылықтар сияқты қапы тұстарымыз күнделікті алға тартылып та келеді емес пе?

Дегенмен, осындай жүре түзелер кемшіліктерімізге қарамастан тәуелсіз еліміз дамудың, ілгері басудың сара жолынан тайқыған емес. Әр жыл, әр ай сайын алға басуда. Ең бастысы әр ұлттан құралған Қазақстан халқы осы ортақ іске жұмылған. Бейбіт өмір, берекелі тірлікті ту етіп, Елбасы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін күресуде. Соның арқасында Президент өз Жолдауында айтқандай, 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды таптық. Сол жолмен жүре отырып, талай жеңістерге жеттік.Ол табыстарымыз тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойы үстінде қысқа да нұсқа тізіліп көрсетілген. Ширек ғасырда даму кезеңінен абыроймен өттік. Жолдаудан келтірілген осы бір сөйлемнің астарына үңіліңізші. Қазақстанның әлемдік аренадағы табыстарын, экономика мен саясаттағы, мәдениет пен спорттағы айшықты жеңістері бәрімізге белгілі.

«Тіпті, басқаны қойып, өз айналамызға көз тігейікші! Даму, жетілу көзге ұрмай ма?! Тұрып жатқан қалаларымыз сонау бір жылдары қандай күйде еді? Қазір қандай! Алдағы 5 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 50 млн шаршы метр үй тұрғызылмақ. Биыл елімізде аталған бағдарлама бойынша 99 мың пәтер беріледі. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің пәтерге сұраныстары түгел өтелді, жаңа үйленген жас отаулар пәтерлі болып мәре-сәре! Талай жыл «тұралап» қалған лифтердің дені іске қосылды, алда әлі де жөнделмек. Жол жөндеу, жарықтандыру, үйлердің сырт келбетін көріктендіру, абаттандыру, көп қабатты үйлер аулаларынан ойын және спорт алаңдарын ашу жөнінен жасалған жұмыстар көңіл қуантады. Демек, қалаларымыз бүгінгіден де жасанып, жаңғыра бермек! Бұл ел дамуының жарқын көрінісі емес пе?»,– дейді «Құрмет», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері Болат Сүлейменұлы.

Иә, тек бір ғана қала емес, ел жаңғырмақ! Жаңа жоспарлар орындалып, жаңа белестер бағындырылмақ!

«Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз», - деді Елбасы Жолдауында.

Ол атқарылар істерді, алдағы жоспардың ең негізгі бес басымдығын да атап көрсетті. Бірінші басымдылық - экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Екінші – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Үшінші - макроэкономикалық тұрақтылық. Төртінші - адами капитал сапасын жақсарту. Бесінші - институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Бұл мәселелердің  қай-қайсысы болмасын өзекті екені даусыз. Ал, бұлайша бағытты айқындап, айнымай, үздіксіз айналысар ісіңнің қазығын қағып, мызғымас межеңді біліп алудың тиімді екені де сөзсіз. Сонда ғана істен нәтиже шығады. Күшің, екпінің жайылмай мақсатты жұмсалады. Осы негізгі бағыттар сапалы жүзеге асқанда, өзге іске қозғау, мұрындық болады.

Үңіле түссеңіз «Үшінші Жаңғыру» деген сөздің мәнісін ашып, маңызын айқындай аласыз. Алға жаңа серпінді, екпінді, өзгеше міндеттер қойылған. Көңіл секемденетіндей, жасқанатындай... Алайда, оларды орындамай әлемдік дамудың көшіне ілесу, ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу мүмкін емес. Сондықтан, Елбасы өршіл міндеттер қойып отыр. Қиналармыз, ізденерміз, бірақ қалай болса да сол талаптар үдесінен шығуға тиіспіз. Шындығында екі жаңғыруды ескерген біздің елдің қолынан келмес шаруа емес. Әлемдік үдерістен қайтсек те қалмауымыз керек. Ол үшін Президент бүгін алға қойған тапсырмалар қатарында цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету, 3Д-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету. Бұл үшін Елбасы үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын құруды тапсырды. Демек, бұл бағыттағы дамуымыз жүйелі түрде қолға алынбақ.

Жолдаудағы «Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс» деген түйіндер өмірімізге шұғыл өзгерістерден хабар беріп тұр. Расында да, алға ұмтылған, жаңашыл, талапшыл ел ғана алдыңғы қатарлы елдер сапынан табылмақ. Қазба байлықтары мол, жайлауында мал өскен, алқабында егін жайқалған елімізде бүгінгі талапқа сай технология дамымаған болса, өркениетті елдер кәсіпкерлері де әріптес, істес болуға құлшынбайды. Қолайсыз көреді. Оның үстіне тұрғындар үшін де ғылым жетістіктері қолғабыс бере алмасы анық. Әйтеуір, әлмисақтан білім-ғылымға құштар, оқып-білуге ынтазар ұлтымыз күнделікті өмірімізге дендеп кірген технологиялық жаңалықтарды тез меңгеріп, жатсынбай жақын тартып кетті. Соның арқасында тұрмыс жеңілдеп, білім-білік те жетіле түсті. Көкжиек кеңейді. Жиырма жыл тұрмақ, өткен он жылмен салыстырсаңыз даму деңгейіміздің қаншалық қауырт өсіп келе жатқанын аңғарасыз.

   «Үкіметке «ЭКСПО-2017» көрмесі нысандарының бірінің базасында ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек», – дейді Ұлт Көшбасшысы.

Әлемдік көрмеге ел-елден, жер-жерден келетін іскерлер тізе қоса әрекет жасауға қолайлы деп табатындай ахуалға көз жеткізуі үшін, әрине, көп нәрсе қажет. Оған жаңағыдай заңды жағдайлар жасалса, мамандарымыз білімді, тұрғындардың көзі ашық, көкірегі ояу болса, ниет-мақсат биік болса, әрине, талай-талай екіжақты тиімді жұмыстардың бастау алары сөзсіз. Ұлы Жібек жолында жатқан, Европа мен Азияның бел ортасынан орын теуіп, көп ұлттан құралып, өзіндік жолымен, серпінді қарқынмен дамып келе жатқан Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілік танытарына, тағы бір жаңғырып, тағы да алға аттарына сенім мол.

С.Абайұлы

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости