Әр жарты жылда АИТВ-ға тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн – маман

27 қараша, 2018, 18:04 1983 Астана
Әр жарты жылда АИТВ-ға тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн – маман

Салтанат Мусинаның айтуынша, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады.

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні. Соған байланысты BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Астана қалалық ЖИТС-ке қарсы күрес және аурудың алдын алу орталығы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинадан адам иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) мен жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) туралы бірқатар сұраққа жауап алды.

– АИТВ (ВИЧ) жайлы әр адам білуі тиіс негізгі мағлұматтарға тоқтала кетсеңіз.

– ВИЧ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса, адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды.

Емделмеген ВИЧ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни ЖИТС-ке (СПИД) ұласып кетеді. Дәрігерлер оны ВИЧ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.

Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда ВИЧ жұқтырғандар саны 26 мың болатын. Сол жылы аталған вирусты тағы 2900 адам жұқтырып, тағы мың науқас СПИД-тен көз жұмған. 2010 жылдан бері ВИЧ тырнағына ілінгендер саны 39%, одан қайтыс болғандар саны 32% артқан.

– Оның белгілері жайлы не білеміз?

– Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да, көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен, әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады.

– Тәуекел тобына кімдер жатады?

– Жұртшылық арасында ВИЧ секс-индустрия қызметкерлері, гомосексуалистер немесе нашақорлардың ауруы деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Себебі, вирус адам ағзасына қан мен шәует арқылы, ана сүті арқылы да таралуы мүмкін. Ол бір шприцті пайдаланғанда, жыныстық қатынас кезінде немесе босанған кезде анадан балаға жұғады. Оны медицина құралдары дұрыс зарарсыздандырылмаған жағдайда ауруханаларда жұқтыру қаупі де жоқ емес. Бірақ ВИЧ жұқтырған науқаспен бір стақаннан су ішкеннен, бір сүлгі пайдаланғаннан немесе сүйіскен кезде ауру жұқпайды. Сондай-ақ, инфекция сілекей арқылы немесе ауа арқылы таралмайды. Егер сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін күмәнданған жағдайда контактіге дейінгі және контактіден кейінгі профилактика шараларын пайдалануға болады. Ретровирусқа қарсы препараттар – тенофовир және эмтрицитабин деп аталады.

Бұл әдіс вирус жұқтыру қаупін 90%-ға дейін төмендетеді және бұл көбіне тәуекел тобына жататын адамдарға арналған. Контактіден кейінгі профилактика ВИЧ жұқтыру қаупін төмендетіп, вирустың көбеюіне тосқауыл жасайды. Алайда, емді жыныстық қатынастан кейін алғашқы 72 сағат ішінде бастап, дәрілерді 28 күн қабылдау қажет.

– Оны емдеп жазуға бола ма?

– Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады, дейді мамандар. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы СПИД-ке айналмайды.

Вирус анықталған жағдайда ең алдымен СПИД орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. ВИЧ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. ВИЧ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адамыңыз осындай дертке душар болған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені, науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет. Мамандар ВИЧ жұқтырған науқастың отбасында әр адамның өзіне тиесілі маникюр құралдары, қырынатын ұстарасы мен жеке тіс щеткасы болуы тиіс екенін ескертеді.  

– Сұхбатыңызға рахмет!

`