Астана спортшылар мекені – жүзуші оқушылар су добы спорты туралы әңгімеледі 

5 Июля, 2018, 18:44 9701
Астана спортшылар мекені – жүзуші оқушылар су добы спорты туралы әңгімеледі  | Интервью | BNews.kz

Бүгінде "Астана-1" командасының құрамында ойнап жүрген Дінмұхаммед, Арухан және Әбілқайырдың мақтануға тұрарлық жетістіктері мол. Десе де, жасөспірімдер алар асуларымыз әлі алда деген пікірде. Олар болашақта Еуропада Қазақстан намысын қорғап, алтын кубокты ұстамақ ниетте. Жүзуші оқушылар су добы спорты мен алдағы жарыстарға деген дайындықтары туралы әңгімеледі.

 Бұл спорт түрімен неше жастарыңыздан бастап айналысып келесіздер? Неліктен дәл осы спорт түрін таңдадыңыздар?

Дінмұхаммед: Бұл спорт түрімен 7 жасымнан айналыса бастадым. Бастапқыда жәй жүзуге қатысқым келген болатын. Бірақ, анам мені бірден су добы спортына жазған екен. Ол кезде бала болған соң үндемей қатыса беріппін. (Күлді.) Өзіме ерекше ұнайды. Бірақ, отбасымда менен басқа ешкім бұл спорт түрімен айналыспайды.

Арухан: Мен бұл спорт түрімен 7 жасымнан бері айналысып келемін. Оны таңдауыма әкем себепші болды. Бірақ, әлі күнге дейін су добымен айналысып жүргеніме өкінген емеспін.

Әбілқайыр: Су добымен 9 жасымнан бері айналысып келемін. Жанымдағылардың көбісін ата-аналары әкелген екен. Бірақ мен өзім осы спорт түрін таңдадым.

 Сіздердің ойларыңызшы, бүгінгі жарыста қай команда үздік нәтиже көрсетіп жатыр?

Дінмұхаммед: Бүгін мен "Астана" командасының құрамында ойнадым. Біз 6:4 есебімен қарсылас команданы ұттық. "Көкшетау" командасы ең үздік ойын көрсетті деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін олардан бір мәрте жеңілгеніміз есімде. Ал өзіміз биылғы сайыста "Ақтөбе", "Орал" және "Өскемен" командаларымен ойнап, барлығында жеңіске жеттік.

Арухан: Меніңше, бүгінгі ойында біздің команда үздік ойын көрсетті. Біз осы уақытқа дейін өзге өңірлерде және Ресейде жарысқан болатынбыз. Яғни біздің тәжірибеміз мол. Бір аптаға созылған бұл жарыста біздің жеңетінімізге сенімдімін.

Әбілқайыр: Бүгінгі сайыста біздің команда бәрінен жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Десе де, босаңсып жатқан біз жоқ. Келесі қарсыластарымызбен кездесуге дайынбыз.

— Ал сіздер жаттықтырушыларыңыз алдыларыңызға қойған мақсатты орындай алдыңыздар ма? Бүгінгі жарысқа қанша уақыт дайындалдыңыздар?

Дінмұхаммед: Иә, алдыма қойылған мақсаттарды толықтай орындай алдым деп ойлаймын. Жарысқа әр жаттығу сайын дайындаламыз. Сол себепті, дайындыққа белгілі бір уақыт арнадық деп айта алмаймын. Ал дәл қазір 30 минуттай шынықтық. Суға кірмес бұрын әртүрлі жаттығулар жасап, бойымызға қан жүгірттік.

Арухан: Әрине, жаттықтырушысы жоқ команда ешқашан жақсы нәтиже көрсете алмайды. Біз әрдайым жаттықтырушымызды мұқият тыңдап, оның әр сөзін қалт жібермейміз. Ал дайындық мәселесіне келер болсақ, қарқынды түрде бір апта дайындалдық.

Әбілқайыр: Жеңіс бір күндік дайындықтың нәтижесі еместігін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол себепті, күнделікті жаттығу барысында жаттықтырушымыз берген тапсырмаларды қалдырмай орындап отырамыз. Сондай-ақ, жаттықтырушымыз бізге әрдайым бірлікте болыңдар деп үйретеді. Меніңше, біз алдымызға қойған мақсатымызға жеттік.

— Осы спорттағы жетістіктеріңіз туралы айтып беріңіздерші?

Дінмұхаммед: Иә, менде грамота көп. Ресейге жарысқа барып, сол жерде командамыз үшінші орын алды. Жарыс аяқталған соң маған мақтау қағазы берілді. Бұдан кейін Қазақстан Республикасының чемпионатында екінші орын алдық. "ЭКСПО" көрмесінің жабылуы кезінде сайысқа қатысып, жеті команда ішінде үшінші орын алдық. 4-5 медалім бар.

Арухан: 7 жасымда бір команданың мүшесіне айналдым. Сол уақыттан бері әртүрлі сайыстарға қатысып келеміз. Маңызды сайыстардың бірі Челябинск қаласында өткен еді. Онда біз жүлделі үшінші орынды иелендік.

Әбілқайыр: 9 жасымда "Астана-1" командасына қосылдым. Сол уақыттан бері әртүрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар алып келеміз. Солардың бірі Челябинск қаласында өтті. Біз жүлделі 3-орынды иелендік.

— Жарыс барысында спортшылардың су астында төбелесетіндері рас па?

Дінмұхаммед: Иә, бұл рас. Кейбір спортшылар қарсыласымды ұрсам, ешкім байқамайды деп ойлайды. Ал өзін ұрған адамға тиісті жауап болатыны да анық. Яғни мұндай жағдай жиі кездеседі.

Арухан: Әрине, спорт болған соң мұндай олқылықтар болып тұрады. Біздің команда арасында да болған. Ең бастысы, өзім ешкімге тиіспеймін және біреуге менің жеке шекарамды бұзуына мүмкіндік бермеймін.

Әбілқайыр: Кез келген спорт түрінен адам жарақат алуы мүмкін. Тек мұрнымыз сынып қоймай, басқа да ауыр жарақаттар алатын кезіміз болады.

— Су добы спортында адам қандай жарақат алуы мүмкін?

Дінмұхаммед: Жаңа айтып өткенімдей көп нәрсе артыңда жүзіп келе жатқан спортшыдан шығады. Ол байқатпай ұрып немесе теуіп жібергісі келіп тұрады. Тіпті, доп тиген кезде мұрын сынып кететін кездер де болады. Сондай-ақ, адамның салмақ тастайтыны рас. Меніңше, су добында емес, кез келген спортқа барған адам салмақ тастайды. Бірақ, бізде салмақ маңызды емес.

Арухан: Адам спорттың кез келген түрінен жарақат алады. Бізде әдетте мұрнымыз сынады.

Әбілқайыр: Бір қарағанда су добы қауіпсіз спорт түрі болып көрінуі мүмкін. Десе де, судың денені тіліп, доптың сүйекті сындыратын кездері болады.

— Су добы денсаулыққа несімен пайдалы?

Дінмұхаммед: Кез келген спортшы алдына Отанын танымал етуді мақсат тұтады деп ойлаймын. Ал мұндайда сенің ауырып немесе жалқаулануға құқығың жоқ. Тікелей физиологиялық денсаулыққа келер болсақ, бұл спорт түрі омыртқаға және тыныс алу жолдарына жақсы әсер етеді. Жалпы менің иығым кеңейіп, бойым өсті.

Арухан: Бұл спорт түрінің денсаулыққа пайдасы зор. Денеміз шымыр бола түседі. Одан бөлек спорт өміріңнің өзге салаларына әсер етеді. Ата-анам мені мақтан тұтады. Сайыстардан жүлделі орын алып келсем, жақындарым ерекше қуанады. Осының өзі бақыт сезімін сыйлайды емес пе?!

Әбілқайыр: Ал пайдасы туралы айтатын болсам, мұнда дененің барлық дене мүшесі жұмыс істейді.

— Ата-аналарға балалары үшін қай спорт түрін таңдауға кеңес беретін едіңіздер?

Дінмұхаммед: Бұл жерде көп нәрсе баланың икеміне байланысты. Бірақ, менің жағдайымды өзіңіз де білесіз. Мен бастапқыда, тіпті, су добы деген спорт түрінің бар екенін де білмеген едім. Бүгінде оны ерекше жақсы көремін. Сол себепті, ата-аналарға балаларыңызды белгілі бір спорт түріне беріңіздер деп айта алмаймын.

Арухан: Иә, әрине, кеңес беремін. Кез келген спорт түрінің мүмкіншіліктері мол. Әр адам бала күнінен спорттың кез келген түрімен айналысса, оған болашақта алып белестерді бағындыру оңай болады.

Әбілқайыр: Әрине, кеңес беремін. Десе де, бірінші баланың пікірін тыңдап, оның бойында бар икемділікті қарау керек шығар.

— Шетелде жанкүйерлер сүйікті командасы жеңіске жеткен кезде суға секіріп кетеді екен. Сіздер ойнаған кезде мұндай жағдай болды ма?

Дінмұхаммед: Біз ойнаған кезде мұндай болмады. Бірақ, есімде 2014 жылы досым Әліби қуаныштан заттарымен бірге суға секіріп кеткен болатын. Ал оны бұл әрекеті үшін жазалап, жазаламағанын білмеймін. Оның үстіне, шыны керек, біздің ойындарымызды тамашалауға тек ата-аналарымыз бен достарымыз келеді. Әзірге ерекше фанаттарымыз жоқ. Отбасымнан анам ойындарымды жібермей, маған қолдау көрсетіп отырады. Ал әкем көбінесе жұмыста болады.

Арухан: Жоқ, мұндай жағдайды өз көзіммен көрмедім. Расымен де, шетелде осындай жағдайлар болатынын жиі естимін. Және мұны сол халықтың мәдениетімен, тыныс-тіршілігімен байланыстырамын. Құдайға шүкір, біздің азаматтарымыз табиғатынан ұстамды. Десе де, әрбір жанкүйердің қолдауы біз үшін өте маңызды екенін айтып өткім келеді.

Әбілқайыр: Қазақстанды шетелмен салыстыруға келмейтін сияқты. Бізде адамдардың спортшыға жан-тәнімен жанкүйер болатын кезі сирек. Яғни мұндайды өз көзіммен көрген емеспін.

— Еліктейтін кумирлеріңіз бар ма?

Дінмұхаммед: Иә, ол – Филипп Филипович. Бұл – Сербиядағы ең үздік ойыншы әрі чемпион.

Арухан: Менің де кумирім – Сербия ойыншысы Филипп Филипович. Оның ойындарына ерекше тәнтімін. Одан бөлек оның қандай қиындықтардан өткені туралы оқып, су добы спортын ерекше жақсы көріп кеттім.

Әбілқайыр: Өмірлік кумирім – Сербия құрамасының ойыншысы Филипп Филипович. Бірнеше жылдан бері осы спортшыны жіті бақылап жүрмін. Әрбір жарысын жіберіп алмауға, өзіме сабақ алуға тырысамын.

— Болашақтарыңызды осы спортпен байланыстырасыздар ма әлде басқа саланы таңдау жоспарларыңызда бар ма?

Дінмұхаммед: Адамның жасы өскен сайын ойы да өзгеретіні анық. Сол себепті, болашағыма қатысты ешнәрсе айта алмаймын. Ал әзірге осы салада қалғым келеді. Бәлкім, 25-26 жасымда басқа салаға кететін шығармын.

Арухан: Әрине, алдағы мақсаттарымның бірі – дәл осы спорт түрінен биік шыңдарды бағындыру. Еуропада болып, қолыма алтын кубок ұстағым келеді. Ең бастысы, ата-анамның қуанышы мен мақтанышы болсам екен деймін. Осы үшін аянбай еңбектенетін боламын.

Әбілқайыр: Әрине, осы спорт түрінен көптеген жетістікке қол жеткізгім келеді. Ата-анамның маған артып отырған үмітін ақтағым келеді. Сол себепті, жоғары дәрежеге көтерілу үшін маған көп жаттығу қажет.

— Биыл 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Астанаға қандай тілектеріңіз бар?

Дінмұхаммед: Астана әрдайым осындай сұлу болып қала бергенін қалаймын. Шетелдіктер оны көруді армандайтындай дәрежеге жетсін. Жыл сайын тұрғындарының саны артсын. Астана - спортшылар мекені. Болашақта дені сау, позитивті құрдастардың көп болса екен.

Арухан: Қаламыздың 20 жылдық мерейтойын асыға күтудеміз. Біздің команданың атынан барша халықты осы мерекемен құттықтаймын. Ал біздің қандай сый әзірлеп жатқанымыз әзірге құпия болып қала берсін. Бастысы, жыл сайын ару қаламызда біз секілді спортшылардың саны арта берсін.

Әбілқайыр: Біздің команда елордамызды 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құтықтайды. Жылдан жылға көркейіп, өрістей берсін. Ал сыйлық мәселесін бізден гөрі жаттықтырушымыз жақсырақ біледі. Менің де басты тілегім - халқымыз аман, тұрғындардың дендері сау болсын.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости