Біз құқықтық мемлекет болғандықтан, заңға бағынуға тиіспіз – имам

26 ақпан, 2018, 17:10 4879 Шығыс Қазақстан облысы
Біз құқықтық мемлекет болғандықтан, заңға бағынуға тиіспіз – имам

31 қаңтарда ҚР Парламентінің Мәжілісі "Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасын қабылдады. Аталған заң жобасы туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатайдың пікірін білген едік.

– Алғашқы сауалымызды төтесінен қойсақ, еліміздің дін туралы заңына не үшін өзгертулер енгізілмек? Мұндай қадамға баруға қандай қажеттіліктер себеп болды?

– Қазақстан Республикасы көпшілікке ортақ мәселелерде ашық саясат ұстанады. Біздің елімізде соттың шешімімен тиым салынған діни ұйымдардың ұстанымын айтпағанда, жалпы діни сенім бостандығына да шектеу қойылмаған. Кеңес өкіметінің атеистік құрсауынан босап шығып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан дін қатынастарын реттеуде зайырлы қағидаттарды басшылыққа алуды жөн деп тапты. Себебі, БҰҰ-ның құрамындағы 160-ға жуық мемлекет зайырлы ұстанымға конституциялық мәртебе берген. Осыдан-ақ ғаламда дін қатынастарын реттеуде зайырлылық ұстанымының озық үлгі екенін аңғаруға болады. Өркениет көшінен қалмау үшін тәуелсіз Қазақстан да 1992 жылы "Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы" Заң қабылдап, зайырлы мемлекет құруға бетбұрыс жасады.

Әйткенмен, сол заңның Қазақстан қоғамындағы ерекшеліктер ескерілмеген көптеген олқы тұстары болды. Мемлекет қайраткерлері және ұлт зиялыларының бастамасымен ол құжатқа 2001, 2005, 2008 жылдары өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соның өзінде діни ахуал толығымен реттелмеген соң, 2011 жылы жаңа "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заң қабылданды. Бұрын он адам бірлесіп алып діни бірлестік құра беруші еді. 2011 жылғы қабылданған заң бойынша діни бірлестік құру үш сатыға – жергілікті, өңірлік, республикалық болып бөлінді және діни бірлестік құрудың тәртібі біршама өзгертілді. Бұрынғыдай он адам бірігіп құрған діни бірлестіктің республикалық масштабта құлашын жазып емін-еркін миссионерлік жұмыс істеуіне жол берілмейтін болды. Әлбетте, бұл біздің үлкен жетістігіміз еді.

Десе де,  2011 жылы қабылданған заңда жекелеген діни миссионерлердің заңсыз әрекеттеріне тыйым салу жағы қарастырылған жоқ. заңның осындай осал тұстары сәләфилік бағыттағы діни уағызшыларға өте тиімді болды. Жекелеген пәтер, кеңсе, кафе және басқа да қоғамдық орындарда сәләфизм идеологиясы ашықтан ашық насихатталды. Сондай-ақ, олар ҚМДБ имамдарының уағыз-насихатына кедергі келтіріп, мешіттерде шу шығаратын. 2011 жылғы заңда осындай оспадар әрекеттерді тиятын нақты құқықтық нормалар жоқ-тын. Осы тақылеттес көптеген мәселелерді қайта қарап, дін қатынастарын реттеуді жетілдіру үшін "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізгелі жатыр. Бұл, сөз жоқ, уақыт талабы деп ойлаймын.

– Жаңа заңда елдегі деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетіне тыйым салына ма? Сондай-ақ, азаматтарымыздың өзге радикалды ағымда екендігін анықтайтын алғышарттар мен механизмдер қарастырылған ба?

– Заң жобаларында құптарлық көптеген оң өзгерістер байқалады. Мысалы, өзгертулер мен толықтырулар енетін заңдардың ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабының 5-тармағында дінді оқып-үйренуге белгіленген талаптар бұзылса, жеке тұлғаларға жүз, ал заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Осы күнге дейін елімізге сырттан келген миссионерлер діни ғибадат үйінде емес, пәтерлерде немесе өздеріне ыңғайлы кез келген көзден таса жерде діни білім беретін. Осы шалағайлық әкімшілік айыппұл салумен реттелмек.

Сондай-ақ, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабының 13-тармағында деструктивті идеологиялық ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда тұтынуға да айыппұл салу көзделген.

Негізінде, құқық қорғау органдары деструктивті діни ағым өкілдерін анықтауда ең алдымен олардың жүріс-тұрыстары мен сыртқы атрибуттарын қарайды. Күмән туған жағдайда, діни ұстанымды анықтауға көшеді. Одан кейін ақ-қарасы ажыратылып, қорытынды жасалынады. Әрине, сақал қойғанның, жабынғанның бәрін жауапқа тарта беруге болмайды. Сол үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін ақ пен қараны айыра алатындай дәрежеде осы салаға мамандандыру керек.

– Заң бойынша мешіттерден өзге жерлерде қиылған неке заңсыз болып есептелетін көрінеді. Осы тармақтың мән-жайын кеңірек ашып түсіндірсеңіз.

– "Неке және отбасы туралы" Заң бойынша заңдық күші бар неке АХАЖ-да ғана қиылады. ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде қиылатын некені діни рәсім деп қабылдауымыз керек. Яғни, бір қарағанда мешіттерде қиылған неке діни жолмен некесін қиғандар үшін мәнге ие. Десе де, діндар азаматтар мешітте дұғамен қиылған некені қасиетті санайды. Сол себепті, АХАЖ-да некесін қиғаннан кейін мешітке келіп діни некесін қидырады. Жалпы, мешіт қызметкерлері азаматтардың некесі алдымен АХАЖ-да қиылмаса, онда мешітте неке қимайды. Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет болғандықтан, біз мешіт қызметкерлері заңға бойұсынамыз. Заңның аясынан тыс ешнәрсе жасалмайды.

– Аталмыш заң күшіне енген жағдайда кәмелетке толмаған жасөспірімдер мешітке ата-анасынсыз кіре алмайды. Сонда жазғы лагерлерге де ата-аналары бірге еріп келе ме?

– Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте кәмелетке толмағандар ата-анасының келісімінсіз діни жоралар мен рәсімдерге қатысса, құлшылық үйінің қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұру немесе жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Әсілі, бұл құқықтық нормадан пәлендей қауіп көрініп тұрған жоқ. Бұл құқықтық норманы дұрыс түсінбеген адамдар "жасөспірім әрбір мешітке барған сайын ата-анасымен бірге баруға міндетті" деп қате ойлауы мүмкін. Бірақ, олай емес. Ата-анасының бір рет берген сенімхаты арқылы жасөспірімдер ҚМДБ-ға қарасты мешіттерге емін-еркін бара алады.

Жалпы, жасөспірімнің мешітке барғанына мүлде тосқауыл болмау керек. Бірақ, ата-аналар құлшылық үйлерінің діни қызметкерлерін танып барып, балаларын аманаттаса, одан қауіптенетіндей дәнеңе жоқ. Сол сияқты, жазғы лагерлерге де ата-анасының сенімхатымен бара алады.

– Мемлекеттік қызметкерлерге мешіттерге баруға тиым салына ма?

– "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына енетін өзгертулер мен толықтыруларда "мемлекеттік қызметші діни бірлестіктердің мүддесінде қызмет бабын және онымен байланысты мүмкіндіктерін пайдалануға, өзге тұлғаларды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлеуге, діни бірлестікті құруға бастамашы, сондай-ақ оның қатысушысы (мүшесі) болуға құқылы емес" деген құқықтық норма қарастырылған. Аталған өзгеріс мемлекет пен қоғамның зайырлылығын нығайтуды, мемлекеттік қызметкерлердің көзқарастарын жұмыс (қызметтік) уақытында және лауазымдық (қызметтік) міндеттерін атқару барысында таратуға шектеуді мақсат етеді. Бірақ, мемлекеттік қызметші жұмыстан бос уақытында мешітке келе алады. Жобада оған тиым жасалған норма көріп тұрғаным жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

`