Ересектер әр баланың құқықтарын құрметтеуі және қорғауы маңызды

03 қыркүйек, 2018, 17:02 2955 Астана
Ересектер әр баланың құқықтарын құрметтеуі және қорғауы маңызды

Мамандардың пікірінше, балаларға аса мұқият болу және оларды тыңдап қана қоймай, есту де қажет.

ЮНИСЕФ бала құқықтары бойынша түрлі бағыттарда зерттеулер, талдаудар, бағалаулар жүргізеді. Ұйымда ұсыныстар мен стратегиялар жасап шығару үшін және шешім шығару үшін сенімді ақпарат бере алатын жоғары сапалы зерттеулер жүргізу стандарттары бар. Осы туралы BNews.kz тілшісіне ЮНИСЕФ Балалар қорының Балалар құқықтарын мониторингтеу жөніндегі кеңесшісі Жанар Сағымбаева айтып берді.

Баланың зорлық-зомбылыққа ұшырауы, ата-ана қарауынсыз қалған балалардың жазатайым  өмірімен қоштасуы сияқты фактілер қатары соңғы уақытта жиілеп кетті. Сіздер осы деректерге қатысты жалпы зерттеу жүргізесіздер ме? Басты қауіп-қатер неден болады?

96 елде жиналатын мәліметтерге сәйкес тек 2016 жылы ғана 1 миллиард бала – ал бұл 2-17 жас аралығындағы барлық балалардың жартысынан көбі – эмоциялық, физикалық немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа душар болған.

"INSPIRE – балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың 7 стратегиясы" құжатында зорлық-зомбылық жасалуына септесетін қауіп-қатер факторлары көрсетілген. 

Мысалы, жеке тұлға деңгейінде осындай факторларға биологиялық параметрлер және биографиялық мәліметтер, яғни, адамның жынысы, жасы, білімі, кіріс деңгейі, мүгедектігі бар-жоғы, ақыл-ой және танымдық дамуында бөгеліс, психикалық бұзылыстар бар-жоғы, ішімдікті асыра пайдалану, есірткіге тәуелділік және бұрын бастан кешірген агрессия немесе қатыгездік жайттары жатады.

Адамның айналасындағы жақын адамдар деңгейіндегі қауіп-қатер факторларына эмоциялық тұрғыдан бауыр басудың жетіспеушілігі, ата-аналардың өз міндеттерін нашар атқаруы, отбасы тіршілігінің бұзылуы және оның ыдырауы, қоғамға жат мінез-құлық тән топтарға, соның ішінде, қатарластарға қосылу және бірқатар басқалары жатады.

Қоғам деңгейіндегі қауіп-қатер факторларына халықтың жоғары тығыздығы, әлсіз әлеуметтік ауызбіршілік, қауіпті орта, жоғары қылмыс деңгейі және жергілікті есірткі тарату желісінің болуы жатады.

Қоғам деңгейіндегі қауіп-қатер факторларына жалпы зорлық-зомбылыққа арандататын немесе осы құбылысты қалыпты деп танитын қоғамдық пікірді қалыптастарын құқықтық және әлеуметтік нормалардың болуы жатады. Мысалы, Қазақстанда сауалнамаға қатысқан ересектердің 75%-ы балаларды мәжбүрлі әдістерді қолданумен тәртіпке салуды құптайды. Мұндай әлеуметтік норма балаларға ең жақын адамдары – отбасы мүшелері тарапынан зорлық-зомбылық көру қаупін төндіреді.

Басқа елдермен салыстыратын болсақ, біздің еліміз балалардың қауіпсіздігі бойынша қай орында?

Балалардың қауіпсіздігі – балалардың аман-саулығының маңызды элементтерінің бірі. Балалардың аман-саулығы деңгейін өлшеу – сөзсіз, өте маңызды, бірақ, көп еңбекті, инвестицияларды, үздік тәжірибелерді енгізуді және жүйелілікті қажет ететін үдеріс. Балалардың аман-саулығына мониторинг жүргізу барлық – жергілікті, аудандық, обылстық, ұлттық, жаһандық деңгейлерде жұмыс жасауы тиіс. Бұл ретте, әртүрлі елдерді қандай да бір индекс бойынша салыстыру – екінші кезектегі мәселе.

Зорлық-зомбылық мәселелеріне келсек, 2010 және 2015 жылдардағы көп көрсеткіштер бойынша кластерлік зерттеу мәліметтерін өзара салыстырсақ, көптеген зерттеу көрсеткіштерінің арасында зорлық-зомбылық деңгейін өлшейтін индикатор бар, ол бес жыл ішінде шамалы ғана өзгерген.

Балалар құқын қорғайтын  халықаралық ұйым ретінде нақты оқиғаларға қатысты қандай жұмыс жасайсыздар?

ЮНИСЕФ миссиясы балалардың құқықтары мен мүдделерін ілгері бастыруға және әр бала үшін қолайлы орта жасауға бағытталған. Қазақстан Үкіметімен бірге біз денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау салаларын, сот және құқық қорғау тәжірибелерін жетілдіру бағдарламаларын жүзеге асырамыз. Балалардың мүдделері үшін үздік нәтижелерге жету үшін өз жұмысымызда заманауи технологиялар мен инновацияларды пайдаланамыз. Бұл ретте, халықаралық ұйым бола отырып, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мойнына ұлттық мемлекеттік органдардың міндеттерін ала алмайтынын түсіну маңызды. Дәл осы себепті ЮНИСЕФ жекелеген жағдайлармен айналыспайды, тергеу-тексеру жүргізбейді және жекелеген жағдайлар бойынша құқықтық қорытынды бермейді. Балалардың қатысуымен үлкен дау-дамай тудыратын оқиғалар орын алғанда біз жағдайды бақылап отырамыз және Қазақстанның өкілетті органдарымен байланыста боламыз. ЮНИСЕФ міндеті – балалар үшін ең жақсы жағдай жасалуы үшін елдегі жүйелік өзгерістермен жұмыс жасау.

Қазақстанда балалар тап  болатын қандай зорлық-зомбылық түрлері басымдыққа ие?

2015 жылғы көп көрсеткіштер бойынша кластерлік зерттеу нәтижелеріне сәйкес Қазақстанда 47% балалар психологиялық агрессияға, 26% - дене жазалауына, 1% - қатал дене жазалауына душар болған.

Зорлық-зомбылық әртүрлі болуы мүмкін: физикалық, психологиялық, сексуалдық, бала қажеттіліктеріне немқұрайды қарау немесе буллинг. Алайда, балалар мен ересектер зорлық-зомбылықты тек физикалық тұрғыда ғана түсінеді, бірақ басқа зорлық-зомбылық түрлері де балаға зиян келтіре алады.  

Кез-келген түрдегі зорлық-зомбылық депрессия, агрессия, ішімдікке және есірткіге тәуелділік, физикалық жарақаттар, семіздік немесе жүдеу сияқты жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін. Зорлық-зомбылық диабет, обыр, жүрек пен өкпе ауруларына шалдығуға  жанама түрде әсер етеді. Ерте балалық шақта бастан кешірген зорлық-зомбылық бас миының даму үдерісі бұзылуына және жүйке жүйесінің басқа бөлімдерінің зақымдалуына, сонымен қатар, эндокриндік, қан айналымы, тірек-қимыл, ұрпақ жаңғырту және иммундық жүйелердегі бұзылыстарға себепші болуы мүмкін, әрі оның салдары бүкіл өмір бойы әсерін сақтауы мүмкін.

Баланың бастан жағымсыз жайттарды кешіруі экономикаға да айтарлықтай қаржылай шығын келтіреді. Себебі, бұл – азаматтардың жоғалтып алған әлеуеті, денсаулық сақтауға, құқық қорғау қызметіне, әлеуметтік сүйемелдеуге кететін шығындар.  

Зерттеулерді қалайша жүргізесіздер?

ЮНИСЕФ түрлі бағыттарда зерттеулер, талдаудар, бағалаулар жүргізеді. Біздің ұйымда ұсыныстар мен стратегиялар жасап шығару үшін және шешім шығару үшін сенімді ақпарат бере алатын жоғары сапалы зерттеулер жүргізу стандарттары бар. Зерттеу әдістемесі көптеген факторларға тәуелді болып келеді. Зерттеу жүргізу үшін халықаралық және ұлттық сарапшылар қатыстырылады. Зерттеудің барлық сатыларында сапаны қамтамасыз ету тетіктері қолданылады. Барлық жүргізілетін зерттеулер өкілетті мемлекеттік органдармен өзара келісіледі.

Зорлық құрбанына арналған балалар болған оқиға туралы тіс жарып айта ма? Көбінесе жергелікті менталититке байланысты, көп жағдайлар жабулы қалады дейді кейбір зерттеушілер? Сол рас па?

Зорлық-зомбылық құрбанына айналған баланың мінез-құлқы көптеген факторларға тәуелді: жеке тұлғалық ерекшеліктері, жасы, ата-анасына, мұғалімдерге сенім білдіру деңгейі, қоғамдағы әлеуметтік өмір салты, қолданыстағы инфрақұрылым.

Балалар көбінесе бастан кешірген зорлық-зомбылық туралы тіс жармайды, сондықтан, ересектер және балалармен жұмыс жасайтын мамандар зорлық-зомбылық белгілерін танып, балалаға уақытылы көмектесуі маңызды.

ЮНИСЕФ зерттеулеріне сәйкес сауланамаға қатысқан балалардың тек 18%-ы ғана ата-анасы тарапынан көрсетілген зорлық-зомбылық туралы өкілетті органдарға хабарлау керек деп санайды. Сондай-ақ, ересектердің тек 34%-ы ғана балаға біреу қол көтеріп жатқанын көрсе, ресми шағым беретінін жеткізді.

Сіздердің берген мәлімет бойынша отбасындағы баланы тәрбиелеу барысында 4 ата-ананың 3-уі мәжбүрлеусіз тәрбиені қолданады? Мәжбүрлі(насильственные) әдістер деп нені меңзеп отырсыздар?

Зорлық-зомбылық болып физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалдық ықпал етудің барлық түрлері табылады.

Жеңіл шапалақ, қорқыту мен үркіту, тамақ бермеу, жабық жерге қамау, айғайлау, тіл тигізу, желкелеу, баланың қажеттіліктеріне немқұрайды қарау – осының барлығы зорлық-зомбылық болып табылады және ересек шақта жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін.

Сауалнама жүргізілген ересектердің 75 пайызы бала тәрбиелеуде дене жазалауы болғаны дұрыс деп есептейді. Мұндай жоғары көрсеткіштің себебі неде деп ойлайсыз? Өзге мемлекеттерде көрсеткіш қандай?

Біз балаларды тәртіпке салу мақсатында зорлық-зомбылық қолдануды 75% халық құптайтынын сөз еткенде, қоғамда түрлі себептермен орныққан тәрбиелеу нормасына меңзейміз – яғни, ата-анадан берілген мінез-құлық моделі, балаларды тәрбиелеудің басқа жолдарын білмеу және т.с.с. ЮНИСЕФ зерттеуіне сәйкес балалық шағында ата-анасы ешбір физикалық зорлық-зомбылық көрсетпегенін айтқан ересектермен (29,2%) салыстырғанда, балалық шағында ата-анасынан физикалық зорлық-зомбылық көргенін айтқан ересектер (45,6%) өз балаларын (немесе олардың үй шаруашылығында тұратын балаларды) тәртіпке салу және қадағалау үшін психологиялық та, физикалық та зорлық-зомбылықты қолдану ықтималдығы жоғары болады екен.

Шағын фокус-топта жүргізілген сауалнама көрсеткендей, ата-аналар баланы басқаша тәрбиелеу жолдарын білмегендіктен зорлықшыл тәрбиелеу әдістерін жиі қолданады, олардың пікірінше, балаларының игілігі үшін солай жасайды, қатты шаршайды және баланы тыныштандырудан гөрі ұрған әлдеқайда оңай деп санайды немесе мұндай тәрбие түрінің өз салдары болатынын білмейді.

Бұл деректер адамдардың зорлық-зомбылық салдары туралы және балалардың зорлық-зомбылықты қолданусыз тәрбиелеудің балама әдісттері бар екенінен хабары аз дегенді білдіреді. Сондықтан, халық арасында зорлық-зомбылықтың жағымсыз салдары туралы және балалардың тәрбиелеудің ұнамды әдістері туралы ақпараттық-ағарту жұмысын жүргізу маңызды.

Мамандардың 35 пайызы бала жазалауына қатысты куәгерлер тиісті мемлекеттік органдарға хабар беруді  міндеттейтін заң жобасы енгізілуі тиіс деген пікірде.  Неліктен тек 35 пайызы ғана осындай пікірде?

ҚР заңнамасына сәйкес барлық азаматтар, соның ішінде, мемлекеттік органдардың және ұйымдардың лауазымды тұлғалары, қоғам баланың өміріне немесе денсаулығына ықтимал немесе шынайы қауіп төнгені туралы, баланың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы ақпарат алған жағдайда осы туралы баланың нақты мекен-жайы бойынша орналасқан қамқорлық және қорғаншылық қызметтерін атқаратын органға хабарлауға міндетті. Мамандардың ойынша, осы норманы біршама тәптіштеу, оны балалардың қажеттіліктерін ескере отырып жаңарту қажет деп санайды. Сондай-ақ, осындай заңнаманың орындалу тетіктерін нығайту ерекше маңызды.

Бүгінде зорлық-зомбылық құрбандарына айналған балаларға қандай көмек көрсетіледі? Қазақстан бойынша оңалту орталықтары жеткілікті ме?

Басынан зорлық-зомбылықты кешірген балалар оңалтуға және көмекке мұқтаж. Әрі, зорлық-зомбылық көрсетушімен де жұмыс жасаудың маңызыды. Балаға әлеуметтік қызметкер, психолог, заңгер, туыстары мен жақындары тарапынан кешенді көмек көрсету қажет.

ЮНИСЕФ Маңғыстау облысының Әкімдігімен бірге жергілікті "Мейірім" қоғамдық ұйымында балаларға зорлық-зомбылық көрсету оқиғаларына қатысты шара қолдану жұмыстарын жүргізді. Осы жағдайда қызметтер зорлық-зомбылық құрбаны немесе куәгері атанған балаларды және олардың отбасыларын оңалтуға бағытталды. Біз жұмыс жасау жолын көрсеттік, ал енді орталық біздің қатысуымызсыз, өз бетінше жұмыс жасайды. Мұндай қызметтер барлық жерде көрсетілуі маңызды. Мұндай жұмыс жолы бүкіл елде кеңінен таратыла алады.  

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты түбімен жою үшін,  заңға өзгерістер енгізілуі тиіс пе?

Кешенді әдістеме керек. Ондай әдістеме жақында ДДСҰ, ЮНИСЕФ және басқа да серіктестер жариялаған "INSPIRE – балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың 7 стратегиясы" нұсқаулығында сипатталған.

Балаларға көрсетілетін барлық зорлық-зомбылық түрлерінің жолын кесу және түп-тамырымен жою мақсаттарына жету үшін бірқатар стратегияларды жүзеге асыру маңызды. Алдын алу деңгейінде балаларға кез-келген түрде зорлық-зомбылық көрсетуге, соның ішінде, дене жазалауын қолдануға тыйым салатын заңнаманың болуын қамтамасыз ету қажет. Мұндай шара Швецияда зорлық-зомбылықты 80%-ға азайтуға септесті.

Сондай-ақ, үйде қызмет көрсету және жақсы ата-ана болуға үйрету бағдарламалары (АҚШ-та және Түркияда жақсы мысалдар бар) сияқты қызметтер көрсету арқылы балаларды зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеудегі ата-аналардың машық-дағдыларын жетілдіру маңызды. Қазақстанда патронаж мейірбикелерінің балаларға үйде қызмет көрсету бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетті, патронаж мейірбикелері ата-аналарға балаларына күтім көрсету туралы ақпарат береді және, егер бала отбасында зорлық-зомбылыққа душар болатынын көрсе, шара қолданады.

Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сондай-ақ, қосымша білім беру мекемелерінде балаларға арналған арнайы бағдарламалар болуы тиіс.

Шара қолдану деңгейінде балаларға зорлық-зомбылық көрсету туралы өкілетті органдарға міндетті хабарлау жүйесін жасау маңызды. Ол үшін баланың құқықтарын қорғау жүйесіне оның тиімділігін арттыру үшін қосымша органдарды енгізу қажет.  

Өкілетті органдар арасында нақты үйлестіру және тиімді әрекеттестік тетіктерін орнату маңызды. Балаларға зорлық-зомбылық көрсетілгенін анықтау, тіркеу, өкілетті органға хабарлау және қарсы шара қолдану үшін ведомстволық және ведомствоаралық (білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау оргнадары) реттеу керек.  

Халықтың кірісін ұлғайту және экономикалық жағдайын жақсарту да бірінші кезектегі мәселе болып табылады.

Балалар ешбір қорқынышсыз бақытты өмір сүру үшін, ересектер өздерін қалай ұстауы қажет?

Ересектер әр баланың құқықтарын құрметтеуі және қорғауы маңызды. Балаларға аса мұқият болу және олар тыңдап қана қоймай, есту де қажет.

Сұхбатыңызға рахмет!

`