Қазақстандықтардың спорт ойындарына қызығушылығы жоғары

20 Августа, 2018, 12:04 7590
Қазақстандықтардың спорт ойындарына қызығушылығы жоғары | Интервью | BNews.kz

Елімізде салауатты өмір салтын ұстанатындар қатары жыл санап өсіп келеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен 5 204 417 адам шұғылданады.

Мысалы, Стрит воркаут өзінің қолжетімділігінің нәтижесінде, Қазақстанмен қатар барлық әлемге танымалдығы артуда. Стрит воркаут сынды спорт түрлерін Қазақстан Республикасында көпшілікке тарату және дамыту мақсатында "Street Workout қазақстандық федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Жаппай спортқа деген қазақстандықтардың қызығушылығы туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тұғымбаева айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

 Елімізде қанша адам тұрақты түрде спортпен айналысады?

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен 5 204 417 адам шұғылданады, бұл елдегі халықтың 28,7% құрайды.

– Қазіргі кезде еліміз бойынша қанша спорт нысандары бар? 

– Ведомстволық статистикалық мәліметтерге сәйкес 2017 жылы елімізде 13 мыңнан астам спорттық нысандар қызмет етуде.

– Соңғы жылдары қанша спорт нысандары ашылды?

– Еліміздегі халық арасында спорттық және спорттық-сауықтыру қызметін ұлғайту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 70% және 30% арақатынасында қаржыландыру арқылы, сонымен қатар мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде сегіз өңірде (Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазастан Және ақтөбе облыстарында) жоспарланған 42 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің 18 құрылысы аяқталды.

Бұл ретте, 2017 жылы жергілікті атқарушы органдары жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 29 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын салып, қолданысқа берді (Ақмола облысы – 2, Алматы облысы – 2, Атырау облысы – 6, Жамбыл облысы – 1, БҚО – 2, Қостанай облысы – 2, Қызылорда облысы – 1, Маңғыстау облысы – 7, Павлодар облысы – 5 және СҚО – 1).

– Жаппай спортты дамытуда көмек көрсететін мамандар жеткілікті ме?

– Бүгінгі күні спорт түрлері бойынша жаттықтырушылар саны 11887 адамды құрады, олардың ішінде 3439 ауылдық жерлерде.

Дене шынықтыру қызметкерлерінің жалпы санының 50,5% – жалпы білім беру мектептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, 23,4% – спорт түрлері бойынша жаттықтырушы-оқытушылар, 7,1% – спорттан нұсқаушы-әдіскерлер, қалған 19% – ОМОО, ЖОО-лардың дене шынықтыру пәні мұғалімдері және дене шынықтыру және спорт саласындағы басқа да қызметкерлер.

Әкімдіктердің мәліметтерінен сәйкес республикада тұрғылықты жерлері бойынша 3626 спорт әдіскерлері жұмыс жасайды, оның ішінде ауылдық жерлерде 1775 әдіскер бар.

– Соңғы уақытта тұрғын үй алаңдарында стрит воркаутқа арналған алаңдар орнатылуда. Халық арасында бұл спорт түрі танымалдыққа ие болып жатыр ма?

– Стрит воркаут өзінің қолжетімділігінің нәтижесінде, Қазақстанмен қатар барлық әлемге танымалдығы артуда.

Стрит воркаут сынды спорт түрлерін Қазақстан Республикасында көпшілікке тарату және дамыту мақсатында "Street Workout қазақстандық федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды.

Қазіргі таңда, бірқатар аймақтарда аталған Федерациямен әкімдіктер бірлесіп аймақтарда бұқаралық және қолжетімді спорт түрін дамыту үшін жергілікті жерлерде мамандандырылған Street Workout алаңдармен қамтылу және ашу жұмыстары жүргізілуде.

– Астана қаласы бойынша стрит воркаутты орналастыру  реті қалай? Оны болашақта әр-бір тұрғын үй алдына орналастыру мүмкін бе?

– Халықтың денсаулығын нығайту, стрит воркаут құралдары арқылы салауатты өмір салтын бекіту және осы спорт түрін көпшілікке таныту және дамыту мақсатында бүгінгі күні республика бойынша 12 мамандандырылған стрит воркаут алаңдары орнатылды, оның ішінде Астана қаласында 4 алаң.

Сонымен қатар, мұндай алаңдарды Павлодар және Қостанай облыстарында ашу жоспарланған.

– Қазақстанда қазіргі таңда қай спорт түрі барынша танымалдыққа ие болып отыр?

– Қазіргі таңда Қазақстанда ойын спорт түрлері барынша танымалдыққа ие болып отыр.

– Еліміздің қай аймағы салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен көбірек айналысады. Мысалдар келтіре кетсеңіздер.

– Салауатты өмір салтын ұстанып дене шынықтыру және спортпен шұғылдану бойынша жоғарғы көрсеткіш Ақтөбе облысында (31%), Солтүстік Қазақстан облысында (30,8%) және Шығыс Қазақстан облысында (30,6%), ал ең төмеңгі көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында (26,3%) байқалады.

– Халық арасында әртүрлі жүгіру марафондарға қатысу белсенділігі де өсіп келеді. Нақты цифрлар келтіре аласыздар ма?

– Жыл сайын ағымдағы жылдың қыркүйек айында "Астаналық халықаралық марафонын" өткізу жоспарлануда. Онда 2000 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.

– Еліміз бойынша спортпен айналысатын балалар саны көп пе?

– Дене шынықтырумен және спортпен шұғылданумен мектеп жасындағы 1,5 млн. бала қамтылған, бұл жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданушылар санының 30,4 % құрайды. Сонымен бірге, ауылдық жерлердегі мектептерде секциялық сабақтармен 791 мыңнан астам бала немесе жалпы мектептегі оқушылар санының 26,4 % қамтылған.

– Өскелең ұрпақ үшін спортпен айналысуға қандай жағадайлар жасалған?

– Республикада 124 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтыған 537 балалар-жасөспірімдер клубтары, 96 балалар-жасөспірімдер дене дайындығы клубтары жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада 320 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтыған 459 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері және мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, 3674 балаларды қамтыған 13 облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттары, 2062 балаларды қамтыған 5 республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервінің мектеп-интернат-колледждері жұмыс жасайды.

– Балалар мен жасөспірімдер қай спорт түрін көбірек таңдайды? Неге деп ойлайсыз?

– Балалар мен жасөспірімдер спорт түрлерінің арасынан футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, күрес, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерімен көбірек айналысуда. Бұл спорт түрлері көпшілікке қолжетімді болғандықтан осы спорт түрлерін таңдайды деп ойлаймын. Жалпы өңірлердегі спорт түрлерінің даму динамикасы оңтайлы тенденцияға ие.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін спорт нысандары қолжетімді ме?

– Бүгін республикамызда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 12 спорттық клуб жұмыс істейді (Астана және Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстаноблыстарында) және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 2 мамандандырылған спорт мектебі (Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облысы), 1 ойын спорты түрлері және мүгедектер спорты бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі Павлодар облысында жұмыс істейді, сонымен қатар Қызылорда қаласындағы "Мұз айдыны" МКК-да мүгедектер спорты бойынша 1 бөлімше бар ондағы жалпы айналысатындардың саны 5129 адамды (оның ішінде балалар саны 3000) құрайды.

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ведомстволық бағынасты мекемелерінде, халық арасында "Сарыарқа" республикалық велотрегі РМКҚ-да, Б.Шолақ атындағы Спорт сарайында, сонымен қатар "Алатау" қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде дене шынықтыру және спорт сабақтары өтеді.

Бұл ұйымдарда 1 және 2-топтағы мүгедектерге қызметтер тегін, ал 3-топтағы мүгедектер үшін 50% пайыз жеңілдікпен ұсынылады.

– Осы жылы өткізілген қандай ауқымды спорттық шараларды ерекше атап өтер едіңіз?

– Осы жылдың мамыр айында Астана қаласында ММА аралас жекпе-жек спорт түрінен "Battle of Nomads-10" халықаралық мерейтойлық турнирі өтті.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың шілде айында Қарағанды қаласында балалар арасында Каратэ киокушинкайдан Әлем чемпионаты өткізілді. Сондай-ақ, осы жылы шілде айында Алакөлде дуатланнан жарыс өткізілді.

– Сіздердің басқарма алдына қойған қандай жоспарлар мен міндеттер бар? Жұмыстар қалай атқарылуда?

 Басқарманың басты міндеттерінің бірі бұқаралық спортты дамыту және еліміздің жоғары жетістіктер спортының бәсекелестікке қабілеттігің көтеру мен нығайту болып табылады.

Ең бастысы – 2020 жылға қарай елімізде отандастарымыздың 30 пайызын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын қамтамасыз ету.

Дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты, бұқаралық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылды іске асыру.

– Сұхбатыңызға рахмет!

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости