Қоғамдық көліктегі электрондық төлем жүйесінің артықшылықтары қандай

Қоғамдық көліктегі электрондық төлем жүйесінің артықшылықтары қандай

03 тамыз, 13:57 3122 Астана
Қоғамдық көліктегі электрондық төлем жүйесінің артықшылықтары қандай

Енді қоғамдық көліктегі жолақы төлем әдісіне тікелей байланысты.

Астанада қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау төлемдері электрондық жүйеге көшті. Бұдан былай қоғамдық көліктегі жолақы төлем әдісіне тікелей байланысты. Сараланған төлем жүйесі бойынша қандай өзгерістер мен басымдылықтар қарстырылған? Жолаушылар тасымалында орын алған соңғы өзгерістер жайлы "Астана LRT" ЖШС Басқарушы директоры – Төлем жүйелері департаментінің директоры Дәурен Нұрәлиев айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

 Жолаушылар тасымалы құнына қатысты өзгерістердің енгізілуіне не себепші болды?

– Астанада соңғы рет қоғамдық көліктің жолақысы 2014 жылы көтерілді. Содан бері өзгеріссіз 90 теңге болды. 2014 жылдан бері жанармай бағасы бір емес, бірнеше рет өсіп, 56 пайызға қымбаттаған, ал орташа жалақы деңгейі 20 пайызға артқан.

Бірақ қымбатшылыққа қарамай, осы уақытқа дейін бағаны "Астана LRT" ЖШС бағаны бір қалыпта ұстап келді. Сараланған тариф – жасырып қалу мен жымқыруды жоюға мүмкіндік береді. Онымен қоса, электронды төлем жүйесі арқылы барлық жұмысты таза жүргізуге жол ашады.

Электронды төлем жүйесінің басты артықшылықтарын айта кететін болсақ, ұқсас жүйелерге қарағанда, көлік құралының өзінде жүргізуші терминалы арқылы бір жолғы жол жүру құжатын (билет) алу үшін қолма қол ақшамен төлеу мүмкіндігі; көлік картасына бір мезгілде бірнеше тариф жүктеу мүмкіндігі; қосымша ақысыз басқа автобусқа ауысып отыру мүмкіндігі бар.

 Жалпы астаналықтардың қаншасы осы жол карталарын пайдаланады?

– Сараланған тариф енгізілгеннен бері 150 мыңға жуық көлік картасы сатылды. Осыдан бір-екі жұма бұрын жолаушылардың тек 36 пайызы жол жүру карталарын пайдаланса, бүгінде бұл көрсеткіш 89 пайызға жеткен.

Электронды жүйенің ақпараты бойынша 12 күн ішінде көліктік картаны қолданған жолаушылардың саны 361 мыңға жетіп отыр. Бұл сан, менің ойымша, күннен-күнге өседі деп ойлаймын.

 Ал өткен жылы қанша қала тұрғыны пайдаланды?

– 2017 жылы қолдану пайызы өте аз болатын. Жылдың басында шамамен 25 мың адам пайдаланған болса, 2017 жылдың соңында қолданушылардың саны 50 мың адамға ғана жеткен болатын.

 Оларды қай жерден сатып алуға болады? Олардың ақша алу жүйесі қалай жүргізіледі?

– Көлік карталарын мамандандырылған кассалардан, сату нүктелерінен, көлік карталарын сату мен толтыруға арналған автоматтардан (RTVM-автоматтардан), қалалық автобустарда сатып алуға болады.

 Картаны толтыру жолдары қандай?

– Картаны толтырудың бірнеше жолдары бар. Мысалы, kaspi.kz интернет-банкингі арқылы және "Астана LRT" ЖШС www.transcard.kz сайтында қашықтан толтыру мүмкіндігі бар.

 Ыңғайлылық үшін әртүрлі тарифтер бар екенін білеміз. Солар туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, жолаушылардың ыңғайлығы үшін тарифтердің бірнеше түрі қарастырылған. Қолданыстағы тарифтер реті мынадай:

• Көлік әмияны;

• Қалалық, бір айлық – 7 500 теңге (ересектер үшін), 1500 теңге (балалар үшін);

• Қалалық, 3 айлық – 20 000 теңге (ересектер үшін), 4000 теңге (балалар үшін);

• Қала+Аймақтық айлық – 9500 теңге (ересектер үшін), 2000 теңге (балалар үшін);

• Көлік билеті (толтырылмайтын жұмсақ карта), 10 сапарға арналған – 1000 теңге, тегін ауысып отыру мүмкіндігі бар.

Көлік әмияны – 100-ден 10000 теңгеге дейін сомаға толтыру мүмкіндігі бар икемді тариф. Тариф барлық бағдарларда: қалалық, экспресс және қала маңы бағдарларында жарамды.  "Көлік әмияны" арқылы төлеу кезіндегі жол жүру құны, кәдімгі қалалық бағдарларда – 90 теңге; (40 теңге балаларға); Экспресс-бағдарларда – 180 теңге; (90 теңге балаларға). Ал тамыздың 31-не дейін ақшалай төлеу кезінде балалар үшін жолақысы қалалық бағдарларда – 40 теңге,  экспресс бағдарларда – 90 теңге болып қалады.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде бір тегін ауысып отыру мүмкіндігі бар.

Көлік картасын пайдаланушы алғашқы валидация жасалған сәттен бастап 60 минут ішінде басқа автобусқа тегін ауысып отыра алады. Яғни, көлікке кірген кезде жолаушы картаны валидацияны өткізуі тиіс. Басқа автобусқа кіргенде, жолаушы "валидациядан" тағы  өтеді, алайда ол үшін ақы алынбайды. Валидация кезінде валидатор экранына "Пересадка" деген жазу шығады.

Қалалық бағдардан қалалыққа, экспрестен экспреске, экспрестен қалалыққа, қала маңы бағдарынан қалалық бағдарға ауысып отыруға болады.

–​​​​​​​ Сонда бұдан былай автобустарда кондукторлар болмай ма?

– Сараланған тариф енгізілгеннен бастап кондуктор лауазымы қысқартылған. Енді 21 шілдеден бастап барлық кондукторлар кеңесші лауазымына ауысты. Бүгінде  көліктік картаны қолданушылардың саны 89 пайызға жетіп отыр. Енді жолаушылардың 98 пайызы электронды төлем жүйесіне көшкенде, автобустарда кеңесшілер болмайды. Тек бақылаушы қызмет ғана болады.

–​​​​​​​ Автобустарда барлық жолаушылар көлікақы төлеуін кім қадағалайды?

– Қазіргі уақытта біздің көліктік бақылау департаментінің жұмысшылары (инспекторлары) жақсы жұмыс жасау үстінде. Қоғамдық көлікке қатысты барлық шараларды қадағалайтын осы инспекторларымыз.

 Егер автобуста валидатор істен шығып қалса онда не істеу қажет?

– Барлық автобус валидатор құрылғысымен қамтылған. Валидатор істен шықса, жолақысын төлемеуге болады. Біз ол туралы әр уақытта айтып жүрміз.

Астананың қоғамдық көлігімен байланысты, соның ішінде Электрондық төлем жүйесі мен жұмыс істеуіне қатысты барлық сұрақтар бойынша 574 – 777 телефоны арқылы сағат 7.00-ден 21.00-ге дейін демалыссыз, байланыс орталығына немесе "Астана LRT байланыс орталығы" telegram-чатына  хабарласа аласыз. Сондай-ақ қосымша ақпаратты біздің сайтымыздан оқи аласыздар.

 Балаларға да карта сатып алу қажет пе?

– Карта алғашқы рет тегін шығарылады. Мектеп картасы жоғалған кезде, оны қайта шығару 400 теңге болады.

7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар мектеп көлік картасын алуға мүмкіндігі бар. Балалардың атаулы көлік картасын ұстайтын 15 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін жол жүру құны – 40 теңге.

Картаны ресімдеу үшін оқушы туу туралы куәлігін көрсетіп, фотосуретін, мектептен анықтама  береді. (Мектептен анықтама болмаса, карта тегін берілмейді – 400 теңге болады).

Айта кететін жайт, мектеп көлік картасы атаулы болады және оны басқа адамға пайдалануға беруге болмайды. Оқушы көлік картасын өзі оқитын білім беру мекемесінен алады. Егер мектепте карта ресімдеуден бас тартса, онда оқушының ата-анасы немесе қамқоршысы  Қажымұқан көшесі, 14-үй мекенжайы бойынша өздері жолыға алады. Баланың туу туралы куәлігінің түпнұсқасы, ата-анасының біреуінің жеке куәлігі, баланың 3х4 фотосуретін (егер бала жаныңызда болмаса) ала келу керек.

Сондай-ақ, атаулы мектеп көлік картасын қала сыртындағы балалар да ала алады, ол үшін картаға 400 теңге төлеп, карта беру пунктіне ата-анасына немесе заңды өкілдеріне еріп келуі керек.

 Балалардың жолақысы қанша тұратын болады? Жүйе балалардың төлемақысын қалай есптейтін болады?

– Алдында айтып кеткенімдей, балалардың атаулы көлік картасын ұстайтын 15 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін жол жүру құны – 40 теңге. Сонымен қатар, 1-қыркүйекке дейін карта әлі алып үлгермеген балалар үшін қоғамдық көлікте қолма-қол төлеу картамен төлегендегі бағасымен теңестірілген. Сол себепті, міндетті түрде 1-қыркүйекке дейін атаулы көлік картасын үлгермей қалған балалар алуы тиіс.

–​​​​​​​ Ал қалаға бірнеше күнге ғана келген туристер үшін жолақыны қалай төлеген дұрыс?

– Қалаға қыдырып, не болмаса жұмыс бабымен келген адамдар үшін біздің терминалдар арқылы көліктік билетін алуға болады. Ол жұмсақ қағаз түрінде жасалған, оның үшінде қалалық автобустарына жұмсай алатын 10 сапар тіркелген.

 Жолаушылардың қандай категориясы жеңілдіктер мен ақысыз жүру құқына ие?

– Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі №167/21-VI шешімінің (бұдан әрі – Шешім) 1-тарауы 1-тармағына сәйкес Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық жолаушылар көлiгiнде жол жүруге төлем төлеуден босату түріндегі әлеуметтiк көмек (бұдан әрі – әлеуметтік көмек) Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.

Шешімнің 2-тарауы 5-тармағына сәйкес әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына беріледі:

1. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға;

2. жасы бойынша және еңбек сiңiрген жылдары бойынша зейнеткерлерге, сонымен қатар зейнеткерлік жасқа жеткен жасына байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға;

3. көп балалы аналарға;

4. көп балалы отбасыларға;

5. мүгедектерге;

6. он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балаларға, соның ішінде ата-анасының (заңды өкілдерінің) біреуіне.

Атаулы көлік карта иелері қала ішінде қатынайтын барлық маршруттарда тегін жүреді. Картаны да тегін алады.

Жеңілдігі бар көлік картасы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығында есепте тұрған азаматтарға ғана беріледі.

Есепте тұрсыз ба, жоқ па білу үшін, 574-777 нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласып, операторға өзіңіздің ЖСН айтыңыз.

Оператор сіздің деректеріңіздің орталықтың базасында бар-жоғын тексереді. Егер базада бар болса, сіз карта алу үшін екі тəсілмен өтінім бере аласыз.

Бірінші тәсілі, alrt.kz немесе transcard.kz сайттарында онлайн-өтінім қалдырасыз. 5 жұмыс күн ішінде сіздің электрондық поштаңызға хабарлама келеді. Содан кейін картаңызды Орталық кассадан алып кетуге болады.

Екінші тәсілі – тікелей Орталық кассаға барып, анкета толтырасыз. Өзіңізбен бірге жеке бас және зейнетақы куəліктеріңізді ала барасыз.

Орталық касса Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 14-үй мекен жайы бойынша орналасқан. Дүйсенбі мен жұма аралығы, таңғы 9.00-ден 18.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс жасайды (1-қыркүйекке дейін жұмыс уақыты кешкі сағат 20.00-ге дейін ұзартылған).

Маңызды және өте керекті ақпаратты айта кетейін. Жеңілдігі бар атаулы көлік картасы үшін сапарды міндетті түрде тіркеу қажет.

Жеңілдігі бар көлік картасы атаулы болып табылады және оны үшінші тұлғаларға пайдалануға беруге болмайды. Қалалық және экспресс-бағдарларда жол жүруге арналған жеңілдігі бар көлік карталарын толтырудың қажеті жоқ және ондағы сапарлар саны шектелмейді.

Жеңілдік санатындағы азаматтар жол ақысын төлемесе де, карталарында сапарлар болмаса да, олар автобус салонына кіргенде көлік картасын валидаторға түйістіру арқылы сапарларын тіркеулері тиіс.

–​​​​​​​ Сапарларды міндетті тіркеу не үшін қажет?

– Біріншіден ол субсидияларды дұрыс есептеу үшін қажет. Қала әкімдігі жеңілдік санатындағы азаматтар үшін тасымалдаушылардың (автопарктердің) шығыстарын ішінара өтейді. Электрондық төлем жүйесі мен валидаторлар арқасында қай автопарк қанша жолаушы тасымалдағанын дәл есептеуге болады. Бұл әкімдіктен автопарктерге ақша қаражатын аудару үшін сапарлардың дәл санын анықтауға мүмкіндік береді.

Екіншіден міндетті валидация жолаушылар ағынын талдауды дәл жүргізуге көмектеседі. Осындай талдау нәтижесінде бағдарлар желісі жақсарады: бағдарлар өзгереді, жаңа бағдарлар қосылады, сұранысқа ие бағдарлардың жүктелімін азайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

 Келесі жылы қоғамдық көлік бағасы қымбаттауы мүмкін бе?

– Қоғамдық көліктегі жол жүру құнына өзгерістер енгізу уәкілетті органдардың құзыретінде. Атқарушы органдарда қоғамдық көліктегі жол жүру құнын арттыру туралы мәселе көтеріліп жатса, оны қоғамдық қайраткерлер, қаланың белсенді азаматтары қатысатын тыңдалымда алдын ала талқылауы тиіс.

–​​​​​​​ Сұхбатыңызға рахмет! 

`

Серіктестер жаңалықтары