Мадина Артурова: Үздік 100 спикерге енген қазақ қызы

2 Мая, 2018, 19:52 7035
Мадина Артурова: Үздік 100 спикерге енген қазақ қызы | Интервью | BNews.kz

Бұл сайысқа әлемнің 95 елінен 645 команда қатысқан.

31 наурыз бен 7 сәуір аралығында өткен халықаралық құқық саласындағы беделді сайыс Джессоп Кубогында Қазақстан намысын қорғаған ҚазМЗУ студенттері, болашақ заңгерлер әлемнің үздік 100 спикерінің қатарына енді. Осы орайда BNews.kz тілшісі сайыс туралы толық ақпарат алу үшін студенттердің бірі Мадина Артуровамен сұхбаттасуды жөн көрді.

Бұл сайысқа әлемнің 95 елінен 645 команда қатысқан. Нәтижесінде ҚазГЗУ универстиеті 3050 ұпаймен 49-орыннан көрінсе, университет командасы жазған меморандум 26-орынға ие болып, спикерлер Зарина Темірболатова мен Мадина Артурова әлемнің үздік 100 спикерінің қатарына кірді.

- Мамандық таңдауымызға өмірде белгілі бір нәрсенің әсер ететіні анық. Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?
- Заңгер болуыма өмірде белгілі бір жағдай әсер еткен жоқ. Бала кезден телевизордан көрсететін бағдарламалар мен сериалдардағы заңгерлер секілді болғым келді. Ал өмірде кездескен жайттар сол орындалған тілегімді одан сайын күшейтті десем болады. Оқуға түсер кезде халықаралық құқық мамандығын таңдадым. Себебі өзімді бірнеше бағытта дамытып, болашақтағы мүмкіндіктер көкжиегін кеңейткім келді.

- Осы саланы таңдағалы жүрген оқушыларға не айтар едіңіз? Бұл саланы таңдайтын адамның бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?
- ҚазГЗУ (КазГЮУ) университеті студенттерге дұрыс бағдар береді және бұл жерден жоғары деңгейде білім алып шығасыз. Егер жұмыс істеуге деген ынтаңыз бен талабыңыз болса, алдыңызға биік мақсаттар қоюға жән оған жету үшін еңбектенуге, одан әрі тоқтап қалмауға кеңес берер едім.

- Джессоп Кубогына қатысу барысында алған әсеріңізді бөліссеңіз. Қобалжыған сәттер болды ма? Сайысқа дайындалу үшін қанша уақыт кетті?
- Спикер ретінде бұл турнирге қатарынан екінші жыл қатысып отырмын, дегенмен бұл оқиға мен үшін өте маңызды және толқуға толы болды. Әрине, ойын алдында қатты толқыдым, бірақ процесс басталған кезде толқу басылып, өз клиентімнің әділдігін дәлелдеуге деген ынтам оянып шыға келді. Маған берілген бар-жоғы 21 минутты текке кетірмей пайдама жұмсауым керек болды. Осы аз ғана уақыт үшін біз қыркүйектен бастап 7 ай дайындалдық.

- Турнир және оның талаптары туралы айтып өтсеңіз. Іріктеу қалай жүрді, финал қалай өтті? Қандай кейс шештіңіздер. 
- Жарыс екі турдан тұрады: ұлттық және халықаралық. Екі тур да ұқсас принциптер бойынша бағаланады. Ең бірінші жазған меморандумымызды тексеріп бағалайды, содан соң оны ауызша қорғап шығамыз. Осы екеуін қосып, жалпы ұпай саны анықталады. Қазақстанда өтетін ұлттық кезеңде үнемі ҚазГЗУ жеңімпаз атанады. Финалда БҰҰ халықаралық сотының судьясы қазылық етеді. Финалдық раундқа қарағанда басқа кезеңдер динамикаға толы өтеді деп айта аламын. Биыл бізге ядролық қаруды қолдану мен төрелік шешімнің жарамсыздығы туралы кейс берілді. Соның ішінде клиентіміздің қаруланған күштермен жеке кемедегі 7 азаматтық тұлғаны өлтіру ісі заңды екенін және оның ақталып шығатынын дәлелдеу қиын болды.

- Қандай да бір сайыс алдында орындайтын ритуалдарыңыз бар ма? Бәлкім өзіңізбен бірге бойтұмар алып жүретін боларсыз? 
- Жеңіске жету үшін ең бастысы өзіңе сенімді болуың керек. Сол себепті риутал жасамаймын, бойтұмар алып жүрмеймін. Дегенмен маған жақындарым мен команда мүшелері үлкен қолдау білдіреді, маған сенеді және осы арқылы өз-өзіме деген сенімділік арта түседі.

- Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз? Сіздің ойыңызша must read кітап?
- Болашақта оқу үшін жақында ғана "MBA қалтада" атты кітапты алдым. Қазір Т. Харв Экердің "Миллионер сияқты ойла" кітабын оқып жатырмын. Мust read кітаптар оқырманнан оқырманға, кітапты таңдау мен оны оқудағы мақсатқа дейін деп бөлінеді. Жақын арада Наполеон Хиллдің кітабын оқуды жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда қаржы, бизнес, менеджмент саласына қатысы шамалы жаңа нәрселерді білгім келеді, өзім үшін жаңа нәрселерді ашқым келеді.

- Оқу барысында халықаралық құқық, заңгер мамандығына қатысты қандай сайттарды, ресурстарды жиі пайдаланасыз? 
- Сайысқа дайындалған кезде бізге Oxford Public International Law Library ресурсын қолдану мүмкіндігі берілген болатын, яғни қатысушылар үшін ашық болды. Заңды зерттеуде осы кітапхананың қызметін жиі пайдаланамыз.

- Идеалыңыз кім? 
- Идеалым бар-жоғын айта алмаймын. Міндетті түрде адамның идеалы болу керек деп, болмаса біреуге еліктеу керек деп санамаймын. Менің ойымша адам өзі таңданатын «идеалынан» қаншалықты оң қасиеттерді ала алады, сол маңызды. Әрдайым мықтылардан үлгі алып, өзім де мықты болғым келеді.

- 40 жасыңызға дейін қандай жетістіктерге жеткіңіз келеді?
- Мақсаттарым ұшан-теңіз, солардың бірі болашақта халықаралық төрелікте инвестициялық даулармен айналысқым келеді.

- Өзіңізді бақытты жандардың қатарына қосасыз ба? Неліктен?
- Өзімді толықтай бақыттымын деп санаймын, себебі жанымдағы туыстарым мен жақындарымның бәрі аман-есен және олар әрдайым менің жанымнан табылады.

- Джессоп Кубогына қатысқаннан кейін өміріңіз қалай өзгерді? Дүниетанымыңызға қалай әсер етті? Бойыңызда жаңа қасиеттер пайда болды ма?
- Джессоп Кубогына қатысқан соң өз күшіме деген сенімділігім арта түсті. Сайыс кез келген заңгердің бойынан табылуы тиіс қасиеттерді дамытуға мүмкіндік береді. Жеке өзім сайыстан соң істеген еңбегіңнің ақталатынына және өз жемісін беретініне тағы да куә болдым. Менің түсінігімде жақсылық пен жамандық түсінігі өзгермейтіні анық, себебі заңгер практикада көбінесе өзінің жеке көзқарастарын елемей клиенттің мүддесін алып шығады.

- Әңгімеңізге рахмет! Алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, халықаралық құқық саласында биік жетістіктерге жетуіңізге тілектеспін.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости