Медициналық сақтандыру қоры: Жарна жұмыс берушінің өз есебінен төленеді 

06 тамыз, 2018, 16:11 3084 Астана
Медициналық сақтандыру қоры: Жарна жұмыс берушінің өз есебінен төленеді 

Сондай-ақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры аударымның жұмыскер жалақысынан төленбейтінін атап өтті.

Сіздің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы, оның халық үшін қаншалықты тиімділігі бар екені, сонымен қатар медициналық сақтандыру қорына жарна ретінде аударылған қаржы қайда және қалай жұмсалатыны жөнінде толықтай хабарыңыз бар ма? Міне, осы және басқа да сұрақтар бойынша ақпарат алу мақсатында BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-ның басқарушы директоры Забира Оразалиевамен сұхбаттасқан болатын.

 Забира Жандарқызы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халық үшін қаншалықты тиімді? Әңгімені осы сұраққа жауап беруден бастайықшы.

– Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Себебі, экономика қанша дамыса да бүкіл денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені, азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның жеке жауапкершілігіне тәуелді. Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал, медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, бұл жүйеде сақтандырылған азаматтар кез келген клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда медициналық сақтандыру қоры клиниканың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында қызмет көрсетуге кеткен шығындарын жауып береді.

Екіншіден, сақтандырылған азамат Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясындағы медициналық көмек үшін қосымша төлемдердің барлық түрлерінен босатылады.

Үшіншіден, медициналық сақтандыру қоры тарапынан фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйым ретінде таңдалған кез келген дәріханадан кеңейтілген тізім бойынша дәрі-дәрмек ала алады.

Төртіншіден, сақтандырылған азаматтың ай сайын өз атына аударылған жарналар мен медицина мекемелерінде көрсетілген көмек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар.

Бесіншіден, медициналық сақтандыру қоры болашақта медициналық қызмет сапасы төмен болып жатса немесе міндетті сақтандыру жүйесіне қатысушының құқығы бұзылған жағдайда, сақтандырылған азаматтардың құқығын қорғайтын болады. Және жүйенің ең басты артықшылығы – медицина саласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретінінде. 

– Тоқсаныншы жылдары құрылған Міндетті сақтандыру қорының жұмысы аяқсыз қалғаны белгілі. Жүйеге сенімнен гөрі қауіп басым боп тұрғаны жасырын емес... Сол жылдары Қор неліктен жұмысын тоқтатқаны туралы түсіндіріп берсеңіз.

– Дұрыс айтасыз. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстан үшін жаңалық емес. Алғаш рет 1996-1998 жылдары енгізілген жүйенің сәтсіздіктерге ұшырау себебі неде? Біріншіден, ол тұста елде экономикалық дағдарыстың күшейіп тұрған кезі болатын. Зейнетақының өзі дұрыс төленбеген сол жылдары қаржы тапшылығына байланысты көптеген мекемелер, тұтас бір облыстар жарна төлей алмады. Біраз қаржы денсаулық сақтау саласының мұқтаждықтарына жұмсалды. Салдарынан түсім мен шығын арасында үлкен айырма пайда болып, медициналық сақтандыру қоры төлем қабілетінен айырылды. Дегенмен, бұл тәжірибенің де пайдалы тұстары болды. Осы үш жылда нарықтық экономиканың негізгі принциптері медицина саласына аздап болса да енгізілді және саланы дамытуға ықпал етті. Әрине, ол кездегі жағдайды қазіргімен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жылдары денсаулық сақтау саласында тиісті инфрақұрылымдар болған жоқ. Ал, қазір экономикалық жағдай едәуір тұрақталды. Мемлекеттік емдеу мекемелерінің көбі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жеке меншік клиникалар көбейді. Елімізде жүрек, бүйрек, буын алмастыру сынды күрделі операциялар жасалатын болды.  

– Ал, енді жарна ретінде аударылған қаржы қайда және қалай жұмсалатыны жөнінде айтып берсеңіз. 

Жарналар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы Ұлттық банктегі есеп-шотқа түседі. Ақша қолға берілмейді. Емханалар мен клиникаларға көрсеткен медициналық қызмет ақысы сол шот арқылы тікелей төленеді. Онда да нақты көрсетілген қызмет бойынша берілген құжаттар, атқару актілері талап етіледі. Сондықтан ақшаның басқа мақсаттарға жұмсалуы мүмкін емес. Мұны қадағалайтын бақылау жүйесі бар. Және мұны қадағалауға азаматтардың да көмегі қажет. Жарна төлеген адам көрсетілген қызметтің сапасын тексеруге мүдделі болуы тиіс. Қызмет сапасы көңілінен шықпаған жағдайда азаматтар өз наразылықтарын Қорға хабарлап отыруы қажет. 

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ?

– Негізінен медициналық сақтандыру қоры тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарған болатын. 2018 жылы комитет жұмысын тоқтатты. Қор былтыр қыркүйек айында аталған бағдарлама аясында қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жасаған болатын. Мемлекеттік тапсырысты алуға бір мың алты жүзден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысты. Оның 45 пайыздан астамы – жеке меншік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда екі есе көп. Және бұл жеке меншік ұйымдардың Қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік танытқанын көрсетсе керек. Сонымен қатар, биыл тұңғыш рет бұл процеске еліміздегі ірі-ірі жеке меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді.

– Ал, жарна төлеу тәртібі өзгерді ме?

– Әлбетте. Қолданыстағы заң бойынша, былтыр шілденің бірінен бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар сақтандыру жарнасын аудара бастаған болатын. Заңға енгізілген соңғы өзгерістер бойынша, жұмыс берушілер өз қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды және олар аударатын аударым мөлшері де өзгермейді. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының – 1,5%-ы, 2020 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Осы жерде аударымның жұмыскер жалақысынан емес, жұмыс берушінің өз есебінен төленетінін де айта кеткеніміз жөн. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері де осы тәртіп бойынша аударым аударады. Ал, өзі үшін жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары жарна төлемейді. Бірақ олар жұмыс беруші ретінде аударымды тоқтатпайды.

– Жарнаны жеке тұлғалар қалай төлейді?

– Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылды. Бұл санаттағылар, яғни, жалданып жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін жарнаны 2020 жылдан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, медициналық сақтандыру қорына аударып отырады. Есіңізде болса, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін дау тудырған үлкен мәселенің бірі – азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар болатын. Қолданыстағы заңда азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететіндер табысының бес пайызын қорға аударуға міндеттелген еді. Ал бұл аталған санаттағылар тарапынан сынға ілікті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән берді. Нәтижесінде, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендеді. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылы табысының 1%-ын, ал 2021 жылдан бастап 2% аударады. Ал, 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылады.

– Енді дәл қазір қорға қанша ақша жиналды? Қаражатты қайда және қалай жұмсау көзделіп отыр? Және нақты қай уақыттан бастап?

– Былтыр шілденің бірі мен биылғы шілде айының 31-іне дейінгі аралықта түскен сақтандыру жарнасының көлемі 89 млрд теңгеге жуықтады. Өткен айда жинақталған жарна мөлшері 8,2 млрд теңгеден асып жығылды. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. Екі жылдан кейін қаржы медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оған дейін бұл резервтен бір тиын да шашау шықпайды.

Айта кеткен жөн, 2018 жылдың шілде айында шілде айында Медициналық сақтандыру қорына 8,2 млрд теңгеден астам жарна аударылды. 

Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2018 жылдың 31 шілдесі аралығында жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлеген жарналардың жалпы сомасы 88,9 млрд теңгеден асып жығылды.

Оның 80,3 млрд теңгесі (90,3% жуығы) жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлері үшін жасаған аударымдары болса, қалған 8,6 млрд теңге (9,7%) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан Алматы және Астана қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа тегін қызмет көрсететін медицина ұйымдарына қолдау көрсетеді ме?

– Әрине, Медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 444,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді. Бұл кепілдендірілген тегін медициналық көмек бойынша бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 63 пайызы. 

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерінің қаржылық операторы болып саналатын Қор емдеу мекемелерімен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакеті аясында халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. Бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы – 708,6 млрд теңге. Жұмыс кестеге сай, медициналық қызмет сапасын бақылаудың жаңа талаптарына сәйкес жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі таңда Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге ниет білдірген 1352 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. Оның 603-і – жеке меншік клиникалар. Биыл жеке клиникалар саны 2017 жылмен салыстырғанда 138-ге көбейген. Ал, олармен бекітілген келісімшарт сомасы өткен жылғыдан 2 есе артып, 102,4 млрд теңгені құрады.

– Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен жеке меншік клиникалардың саны қанша?

– Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің операторы ретінде қор өткен жылы елдегі медицина ұйымдарымен жұмыс істеуге кіріскен болатын. Медициналық сақтандыру қорының мақсаты – жеке меншік секторды осы пакет аясында қызмет көрсетуге көптеп тарту, сол арқылы бәсекелестікті күшейту. Себебі, бәсеке бар жерде сапа бар.     

Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшынып отырған жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр. Болашақта жеке меншік сектор міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де осылай белсенділік танытады деп үміттенеміз. Әлбетте, жеке меншік клиникалардың медицина саласындағы тарифтерге көңілі толмайды және алдағы уақытта бұл мәселе оңтайлы шешімін табады деп үміттенеді. Біз болашақта сенім үдесінен шығуға күш саламыз. Сонымен қатар, жеке меншік медицина ұйымдары да пациенттердің үмітін ақтап, ақылы қаралатын және мемлекеттік кепілдік негізінде қаралатын азаматтардың бәріне бірдей сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз. Ал, Мемлекеттік сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен емдеу мекемелерінің жалпы тізімін fms.kz сайтынан табуға болады.  

– Халықтың осындай ірі клиникаларға тіркелуге мүмкіндігі бар ма?

 Әлбетте. Жұртшылық емхана таңдау құқығын жылына бір рет пайдалана алады. Осы жерде "емханаға қандай жағдайда қайта тіркелуге болады?" деген сұрақтың басын ашып алсақ. Мысалы, басқа әкімшілік бірлік аумағына қоныс аударғанда, жұмысын немесе оқу орнын басқа жаққа ауыстырған жағдайда, жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына, әскери борышын өтеп болуына байланысты, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы жабылғанда немесе ондағы қызмет сапасына қанағаттанбаған жағдайда тіркелуге болады. Ал, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланғысы келетін азаматтар жыл сайын өткізілетін дәстүрлі науқан кезінде басқа емдеу ұйымына тіркеле алады. Жасы 18-ге толмаған тұлғаларды тіркеу үшін өзінің және заңды өкілінің жеке куәлігі талап етіледі. Ал, емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған азаматтар тәртіп бойынша автоматты түрде өзі тұратын жеріндегі денсаулық сақтау нысанына тіркеледі. Тұрғындар өзінің қай емханаға тіркелгенін e-gov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілерден анықтап біле алады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

`